1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 14 маусымдағы № 9-VIII ҚРЗ.

      2022 жылғы 14 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда жасалған 1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ,

      бұдан әрі "1998 жылғы Келісім" деп аталатын 1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімнің 14-бабын назарға ала отырып,

      жоғарыда аталған 1998 жылғы Келісімнің 2-бабын толық жүзеге асыруға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

      1. Осы Қосымша келісімнің мақсаттары үшін:

      a) "шетелден келген Католик Шіркеуінің мүшелері" ретінде әрбір архиепископ, епископ, апостолдық әкімші, дін қызметшісі, Монастырлық өмір институтының немесе Апостолдық өмір қоғамының мүшесі, 1998 жылғы Келісімнің 3 және 4-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген Католик Шіркеуі субъектілерінің қандай болмасын пасторлық, мәдени және қайырымдылық қызметінде ынтымақтастық жасайтын Қазақстан азаматтығы жоқ лайықты түрде өкілетті діншіл адам түсініледі;

      b) "Католик Шіркеуініц субъектілері" ретінде 1998 жылғы Келісімнің 3 және 4-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелген барлық заңды тұлғалар, олардан өзгелерін қоса алғанда: Архиепархиялар, Епархиялар, Прелатуралар, Экзархаттар, Апостолдық Әкімшілер, Префектуралар, Ерекше Миссиялар, приходтар, монастырлық қауымдастықтар (монастырлар), монастырлық өмір институттары, апостолдық өмір қоғамдары, қауымдастықтар, семинариялар, колледждер, мектептер және басқа да діни, білім беру, әлеуметтік-мәдени мекеме түсініледі;

      c) "Католик Шіркеуінің құзыретті органдары" ретінде Қазақстан Республикасының аумағында Католик Шіркеуінің субъектілерін басқаратын архиепископтар, епископтар, апостолдық әкімшілер, прелаттар, экзархаттар және оларға теңестірілген басқа да шіркеу қызметшілері түсініледі.

      2. Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Католик Шіркеуінің шетелден келген, Католик Шіркеуінің қандай да бір субъектісіне ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған мүшелеріне тұрақты тұруға рұқсат береді.

      3. Католик Шіркеуінің шетелден келген Католик Шіркеуінің қандай да бір субъектісіне ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған мүшелеріне тұрақты тұруға арналған рұқсат алу үшін Католик Шіркеуінің құзыретті органының жазбаша міндеттемелерімен ауыстырылатын төлем қабілеттілігін және тұрғылықты жерін растауды қоспағанда, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау қажет.

      4. Қазақстан Республикасындағы Католик Шіркеуінің құзыретті органдары Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдарын Католик Шіркеуінің шетелден келген мүшесінің Қазақстан Республикасында қызмет етуінің тоқтатылғаны туралы күнтізбелік он күн ішінде хабардар етеді. Мүндай хабарлама Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жою үшін негіз болады.

      5. Осы Қосымша келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол мерзім аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, ол автоматты түрде ұқсас кезеңдерге ұзартылады. Мұндай жағдайда осы Қосымша келісім тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты айдан кейін өз қолданысын тоқтатады. Егер Тараптар өзара келісуі бойынша өзгеше шешім қабылдамаса, бұл хабарлама ағымдағы рәсімдерді аяқтауға әсер етпейді.

      6. Айрықша жағдайларда ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы дипломатиялық арналармен Қасиетті Таққа жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Қосымша келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толықтай тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл жағдайда осы Қосымша келісімнің қолданысы осындай хабарламаны алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатыла тұрады.

      Осы Қосымша келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы тармақтың бірінші абзацына сәйкес Католик Шіркеуінің шетелден келген, ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған, тоқтата тұру кезінде Қазақстан Республикасының аумағындағы мүшелерінің құқықтарын қозғамайды.

      7. Осы Қосымша келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      8. Осы Қосымша келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2022 жылғы 14 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер дәлме-дәл тең түпнұсқалы болып табылады.

      Осы Қосымша келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Қасиетті Тақ үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады