Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 7 қарашадағы № 38-VIII ҚРЗ

      2022 жылғы 20 қазанда Ереванда жасалған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми ayдарма

Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы

      Тараптардың экономикалық өсуіне жәрдемдесу мен өзара және сыртқы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар арасындағы өзара сауда, инвестициялар көлемін ұлғайтуға, экономикалық интеграцияны дамытуға жәрдемдесуге, экспорттық кредиттерді (экспортты қолдаудың барлық қаржы құралдарын қоса алғанда) қайта сақтандыру, экспортқа бағдарланған қаржыландыру және Тараптар мен үшінші елдердегі кәсіпкерлік және (немесе) саяси тәуекелдерден инвестициялар саласындағы қызметті жүзеге асыру арқылы инвестициялық тартымдылықты арттыруға және Тараптардың үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге арналған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы (ЕҚСК) (бұдан әрі - Компания) құрылсын.

      Компания халықаралық қаржы-экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде Тараптардың экспорттық кредиттік агенттіктерін, халықаралық қаржы және банк ұйымдары мен одақтарын нығайтуға жәрдемдеседі.

      2. Компания өз қызметінде осы Келісімді, осы Келісімге қосымшаға сәйкес оның ажырамас бөлігі болып табылатын Компанияның Жарғысын, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа алады.

2-бап

      1. Компания халықаралық қаржы ұйымы - халықаралық құқық субъектісі болып табылады, халықаралық құқық қабілеттілігіне ие және оның өз құзыреті шегінде халықаралық шарттар жасасуға құқығы бар.

      2. Компания Жарғысында айқындалған тәртіппен мемлекеттер мен халықаралық қаржы ұйымдары Компанияның қатысушылары бола алады.

      3. Компанияның жарғылық капиталы оның қатысушылары үлестерінің номиналды құнынан тұрады. Компанияның жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне ақы төлеу Компанияның Жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Тараптар заңнамасының ұйымдардың қызметін құру, лицензиялау, реттеу және қадағалау, сондай-ақ қызметін тоқтату тәртібін белгілейтін ережелері Компанияға қолданылмайды.

      5. Компания өз функцияларының орындалуын қамтамасыз ету үшін Тараптардың үкіметтерімен, оның ішінде олардың аумақтарында Компанияның болу шарттары туралы, сондай-ақ Тараптардың өзге де уәкілетті органдарымен олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық шарттар жасасуы мүмкін.

3-бап

      Осы Келісім Компанияның Жарғысында көзделген талаптар мен рәсімдерді орындау шартымен оған басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.

      Осы Келісім оған қосылатын мемлекет үшін депозитарий осы Келісімге қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.

4-бап

      1. Кез келген Тарап осы Келісімнің депозитарийіне дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Келісімнен шығу ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламаны жіберген Тарап Компания Жарғысының 25 және 26-баптарына сәйкес Компаниямен қатынастарды реттеу процесін бастайды.

      Бұл Тарапқа қатысты осы Келісімнің қолданылуы депозитарий Компания Жарғысының 25-бабының 5-тармағында көзделген хабарламаны алғаннан кейін күнтізбелік 30 күннен соң тоқтатылады.

      3. Компанияның басқа қатысушыларының Компания құрамынан шығуы Компания Жарғысының V бөліміне сәйкес жүзеге асырылады.

5-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Келісімге ескертпелерге жол берілмейді.

7-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге байланысты келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

      Келісімді қолдануға байланысты және Компанияның қызметі барысында туындайтын даулар Компанияның Жарғысына сәйкес шешіледі.

8-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2022 жылғы "20" қазанда Ереван қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінде сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін


  Еуразиялық қайта сақтандыру
компаниясын құру туралы
келісімге ҚОСЫМІІІА

Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының ЖАРҒЫСЫ

      Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы (ЕҚСК) (бұдан әрі - Компания) 20 жылғы Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) сәйкес құрылды және өз қызметін соған және осы Жарғыға сәйкес жүзеге асырады.

      Осы Жарғы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және Компанияның халықаралық ұйым ретіндегі міндеттерін, функцияларын, құқықтық мәртебесі мен қаржылық қамтамасыз етілу ерекшеліктерін айқындайды.

I бөлім
Жалпы ережелер

1-бап
Компанияның мақсаттары

      Компания Компанияға қатысушы мемлекеттер (бұдан әрі - қатысушы мемлекеттер) арасындағы өзара сауда және инвестициялар көлемін ұлғайтуға, экономикалық интеграцияны дамытуға, Келісімге және осы Жарғыға сәйкес қызметті жүзеге асыру арқылы инвестициялық тартымдылықты арттыруға және қатысушы мемлекеттердің үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге ықпал етуге бағытталған.

      Компания оған жаңа қатысушылардың кіруі үшін ашықтық қағидатына сәйкес халықаралық қаржы-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қызметті жүзеге асырады.

2-бап
Компанияның функциялары

      Компания өз мақсаттарына қол жеткізу үшін мынадай функцияларды орындайды:

      қайта сақтандыруды (ретроцессияны және қайта сақтандырудың өзге де нысандарын қоса алғанда) және экспорттық кредиттерді (экспортты қолдаудың барлық қаржы құралдарын қоса алғанда), экспортқа бағдарланған қаржыландыруды және қатысушы мемлекеттердің өзара саудасы мен инвестициялары, олардың бірлесіп өндірілген өнімдерін үшінші елдерге экспорттау, үшінші елдерден инвестициялар тарту кезінде және экспортқа жәрдемдесу мақсатында қатысушы мемлекеттердің үшінші елдерге бірлескен инвестицияларына қатысты кәсіпкерлік және (немесе) саяси тәуекелдерден инвестицияларды қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Қайта сақтандыруға тәуекелдерді қабылдаған кезде Компания қызметтің белгіленген көрсеткіштеріне қол жеткізу, Компанияның қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету мақсаттарын басшылыққа алады, бұл ретте Компанияның жарғылық капиталына өздерінің қатысу үлестеріне сәйкес Компанияға қатысушылар (бұдан әрі - қатысушылар) мүддесінің теңгерімділігі ескеріледі;

      экспорттық кредиттерді (экспортты қолдаудың барлық құралдарын қоса аяғанда), экспортқа бағдарланған қаржыландыру мен инвестицияларды қайта сақтандыру және қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды іске асыру мақсатында қатысушы мемлекеттер мен үшінші елдердің экспорттық кредиттік агенттіктерімен, сақтандырушыларымен және қайта сақтандырушыларымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      қатысушы мемлекеттерде тәуекелдерді қайта сақтандыру кезінде тәуекелдерге бағалау жүргізуге, тәуекелдерді барынша азайтуға және залалдарды реттеуге жәрдемдеседі;

      Компанияның қызметін қамтамасыз ету үшін жекеменшік, мемлекеттік және халықаралық ұйымдармен, даму банктерімен, қаржылық және өзге де ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      Компанияның директорлар кеңесі (бұдан әрі - директорлар кеңесі) бекітетін тәртіпке сәйкес меншікті бағалы қағаздарды шығаруды, орналастыруды, олардың айналысын, өтеуді және сатып алуды жүзеге асырады;

      қатысушы мемлекеттерде және олардың шегінен тыс жерлерде қаражатты (сақтандыру резервтерінің қаражатын, меншікті қаражатты, сондай-ақ өзге де уақытша бос қаражатты) инвестициялауды жүзеге асырады;

      қайта сақтандыру саласында маркетингтік зерттеулерді, консультациялық, зерттеушілік және ағартушылық қызметті жүргізеді;

      Компанияның қатысушы мемлекеттермен жасасқан екіжақты келісімдеріне, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес Компанияның мақсаттарына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады.

3-бап
Компанияның мәртебесі және орналасқан жері

      1. Компания қатысушы мемлекеттерде заңды тұлға құқықтарын пайдаланады және оның ішінде мынадай өкілеттіктерді де жүзеге асырады:

      а) осы Жарғыға қайшы келмейтін мәмілелер жасайды;

      б) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жалға алады, сатып алады және иеліктен шығарады, сондай-ақ көрсетілген мүлікке өзге де тәсілмен билік етеді;

      в) қатысушы мемлекеттердің сот және төрелік органдарында сөз сөйлейді. Бұл ретте қатысушы мемлекеттердің заңнамасымен заңды тұлғаларға бекітілген өз мүдделерін қорғауға арналған процестік құқықтар да Компанияға тиесілі деп танылады;

      г) осы Жарғыға сәйкес Компанияның мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған басқа да әрекеттер жасайды.

      2. Компания қатысушылардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал қатысушылар Компанияның міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Қатысушылар Компания қызметіне байланысты залалдар тәуекелін өздеріне тиесілі үлестердің құны шегінде көтереді.

      3. Компанияның орналасқан жері - Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы.

      4. Компанияның қатысушы мемлекеттер аумақтарындағы қызметі Келісімге, осы Жарғыға, Компанияның қатысушы мемлекеттердің үкіметтерімен (оның ішінде Компанияның олардың аумақтарында болу шарттары туралы) және қатысушы мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарымен олардың құзыреті шегінде жасасқан келісімдеріне сәйкес, ал көрсетілген құжаттар болмаған жағдайда не өздері реттемеген бөлігінде аумағында осындай қызмет жүзеге асырылатын қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Компанияның басқарушылар кеңесінің (бұдан әрі - басқарушылар кеңесі) шешімі бойынша Компания қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес және Компанияның халықаралық қаржы ұйымы ретіндегі мәртебесінің ерекшеліктерін ескере отырып, филиалдар мен өкілдіктер ашуға, сондай-ақ еншілес компаниялар мен ұйымдар құруға құқылы.

4-бап
Компанияның құрылтайшылары мен қатысушылары

      1. Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы өз үкіметтері атынан Компанияның құрылтайшылары болып табылады.

      2. Компания құрылтайшылары осы Жарғының 6-бабына сәйкес өзінің Компанияға қатысу үлесін төлегеннен кейін оның қатысушылары болады.

      3. Осы Жарғыға сәйкес басқарушылар кеңесі жаңа мемлекет Келісімге қосылғаннан кейін және ол басқарушылар кеңесі белгілеген тәртіппен Компанияға қатысу үлесін төлегеннен соң оның Компанияға кіруі туралы шешім қабылдайды.

      4. Халықаралық қаржы ұйымының Компанияға кіруі туралы шешімді басқарушылар кеңесі осы Жарғыға сәйкес басқарушылар кеңесі белгілеген тәртіппен осындай халықаралық қаржы ұйымы Компанияға қатысу үлесін төлегеннен кейін қабылдайды.

      5. Компания құрылтайшылары болып табылатын мемлекеттер және осы баптың 3-тармағына сәйкес Компанияға кірген мемлекеттер қатысушы мемлекеттер деп түсініледі.

      6. Қатысушы мемлекеттер, сондай-ақ осы баптың 4-тармағына сәйкес Компанияға кірген халықаралық қаржы ұйымдары қатысушылар деп түсініледі.

II бөлім
Компанияның капиталы

5-бап
Жарғылық капитал

      Компанияның жарғылық капиталы оның қатысушылары үлестерінің номиналды құнынан тұрады және 15 миллиард Ресей рублін құрайды.

      Компания құрылтайшыларының Компанияның жарғылық капиталына қатысу үлестері осы Жарғының ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада келтірілген және Компанияның тиісті үлесі мен жарғылық капиталының номиналды құнының арақатынасына сәйкес келеді.

6-бап
Жарғылық капиталға қатысу үлестерін төлеу

      1. Компанияның әрбір құрылтайшысы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей, осы Жарғыға қосымшаға сәйкес осы құрылтайшы үшін айқындалған қатысу үлесінің кемінде 25 пайызы мөлшерінде өзінің Компанияның жарғылық капиталына қатысу үлесін бастапқы төлеуді жүзеге асырады.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес Компанияның жарғылық капиталына қатысу үлесін бастапқы төлеу Келісімге қол қойылған күннен бастап мерзімінен бұрын жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте Компанияның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін төлем басқарушылар кеңесі айқындайтын кредиттік ұйымның шотына есепке жатқызылады.

      3. Компанияның жарғылық капиталына қатысу үлестерінің қалған бөлігін құрылтайшылар жыл сайын, 2 жыл ішінде тең үлестермен. өтейді, олардың біріншісі осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалған төлемнен кейін 12 айдан кешіктірілмей төленуге жатады.

      4. Компанияның жарғылық капиталына қатысу үлестерін төлеуді Компания құрылтайшылары мерзімінен бұрын жүргізуі мүмкін.

      5. Компанияны құрған кезде және оның жарғылық капиталы ұлғайтылған кезде Компанияның жарғылық капиталына қатысу үлесін төлеу номиналды құн бойынша жүзеге асырылады.

      6. Қатысу үлесін төлеуді мемлекеттік орган немесе қатысушы мемлекеттің үкіметі уәкілеттік берген ұйым Ресей рублімен жүргізеді.

      7. Егер Компанияның құрылтайшысы осы баптың 1 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдер ішінде осы Жарғыға қосымшада көзделгенмен салыстырғанда, жарғылық капиталға өзінің қатысу үлесін аз төлегені туралы мәлімдесе немесе төлесе, басқарушылар кеңесі Компанияның басқа құрылтайшыларына жарғылық капиталға өзінің қатысу үлесін ұлғайту құқығын пайдалануды дереу ұсынуға міндетті. Мұндай құқық көрсетілген ұсыныс алынған күннен бастап 6 ай ішінде іске асырылуға тиіс. Мұндай құқықтан бас тартылған жағдайда, басқарушылар кеңесі көрсетілген үлесті төлеуді қайтадан ұсынуға шешім қабылдайды.

      8. Компания құрылтайшыларының үлестерді төлеуінен түскен қаражат басқарушылар кеңесі айқындайтын кредиттік ұйымдағы Компанияның шотына есепке жатқызылады.

7-бап
Жарғылық капиталдың өзгеруі

      1. Компанияның жарғылық капиталы осы Жарғыға сәйкес басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша және басқарушылар кеңесі белгілеген тәртіппен ұлғайтылуы немесе азайтылуы мүмкін.

      2. Қатысушылардың жарғылық капиталды ұлғайту туралы шешім қабылданғанға дейін оны ұлғайту кезінде жарғылық капиталдағы өздеріне тиесілі үлеске пропорционалды мөлшерде үлестерді сатып алуға басым құқығы болады. Олардың қайсыбірі көрсетілген құқықтан толық немесе ішінара бас тартқан жағдайда, жарғылық капиталды ұлғайту кезінде үлестерді сатып алу тәртібін басқарушылар кеңесі белгілейді.

8-бап
Компанияның резервтік қоры және өзге де қорлары

      1. Компанияда Компанияның жарғылық капиталының 15 пайызы мөлшерінде резервтік қор құрылады.

      2. Компанияның резервтік қоры осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерге жеткенге дейін таза пайданың кемінде 10 пайызы мөлшерінде жыл сайынғы міндетті аударымдар арқылы қалыптастырылады.

      3. Компанияның резервтік қоры оның залалдарын өтеуге, сондай-ақ Компанияның облигацияларын өтеуге және өзге қаражаттар болмаған жағдайда, Компанияның үлестерін сатып алуға арналған. Резервтік қор өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.

      4. Компания резервтік қордан бөлек басқа да қорлар құруға құқылы.

      5. Басқа да қорларға аударымдар директорлар кеңесі белгілейтін мөлшерде және тәртіппен жүзеге асырылады.

9-бап
Қаржылық орнықтылыққа қойылатын талаптар

      Компания директорлар кеңесі белгілеген Компанияның қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, оның ішінде қайта сақтандыру шарттары жөнінде қабылданған міндеттемелер бойынша жауаптылықтың жиынтық лимиті бөлігіндегі талаптарды сақтауға міндетті.

10-бап
Компанияның дивидендтері

      1. Есепті жылдың нәтижелері бойынша және сыртқы аудитор растаған жылдық есеп бекітілгеннен кейін басқарушылар кеңесі Компанияның қызметін кеңейту мақсатында пайданы Компанияның жарғылық капиталын ұлғайтуға, сондай-ақ Компанияның резервтік және өзге де қорларын толықтыруға бағыттау туралы шешім қабылдайды (жариялайды).

      Компанияның жарғылық капиталы Компанияның пайдасы есебінен ұлғайтылған жағдайда, қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлесі пайда алынған қаржы жылының соңындағы жағдай бойынша өздері төлеген үлестердің санына пропорционалды түрде ұлғайтылуға жатады.

      2. Егер орынды болмауына байланысты басқарушылар кеңесі пайданы Компанияның жарғылық капиталын ұлғайтуға, сондай-ақ Компанияның резервтік және өзге де қорларын толықтыруға бағыттау туралы шешім қабылдамаған жағдайда, басқарушылар кеңесі қатысушыларға өздерінің Компанияның жарғылық капиталына қатысу үлестеріне сәйкес дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдауы (жариялауы) мүмкін.

      3. Қатысушыларға дивидендтер төлеу туралы шешім (хабарландыру) резервтік қор осы Жарғының 8-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерге жеткеннен кейін ғана қабылдануы мүмкін.

      4. Есепті жылдың нәтижелері бойынша қатысушыларға дивидендтер төлеу (жариялау) туралы шешім есепті жыл аяқталғаннан кейін 6 ай ішінде қабылдануы мүмкін. Компания жарияланған дивидендтерді төлеуге міндетті.

      5. Компанияның таза пайдасы Компанияның қаржылық (бухгалтерлік) есептілігінің деректеріне сәйкес айқындалады.

      6. Дивидендтер төлеу туралы шешімді (хабарландыруды) басқарушылар кеңесі қабылдайды. Көрсетілген шешімде үлестер бойынша дивидендтердің мөлшері, оларды төлеу нысаны және төлеу күні айқындалуға тиіс.

      7. Дивидендтерді ақшалай нысанда төлеуді Компания қолма-қол ақшасыз тәртіппен жүзеге асырады.

      8. Қатысушыларға Компанияның дивидендтерін төлеу (жариялау) пайда алынған қаржы жылының соңындағы жағдай бойынша өздері төлеген үлестердің санына пропорционалды түрде жүргізіледі.

III бөлім
Компанияны басқару

      Компанияны басқаруды:

      басқарушылар кеңесі;

      директорлар кеңесі;

      Компанияның басқармасы (бұдан әрі - басқарма);

      басқарма төрағасы жүзеге асырады.

11-бап
Басқарушылар кеңесі

      1. Басқарушылар кеңесі Компанияның жоғары басқару органы болып табылады.

      2. Әрбір қатысушы мемлекет басқарушылар кеңесіне үкімет басшысының орынбасары деңгейінде 1 мүшеден тағайындайды және Бұл туралы басқа қатысушылар мен Компанияға ресми тәртіппен хабар береді.

      Компанияға жаңа қатысушы халықаралық қаржы ұйымы кірген жағдайда, мұндай қатысушы басқарушылар кеңесіне аталған ұйымның жоғары басқару органының басшылары арасынан 1 мүше тағайындайды.

      3. Басқарушылар кеңесінде төрағалық етуді күнтізбелік 1 жыл ішінде ұзарту құқығынсыз 1 қатысушы орыс әліпбиі тәртібінде ротациялық негізде жүзеге асырады.

      4. Басқарушылар кеңесіндегі міндеттерді орындағаны үшін басқарушылар кеңесінің төрағасына және мүшелеріне сыйақы төленбейді. Олардың өз міндеттерін орындау кезеңінде отырыстарға қатысуға байланысты шығыстар Компанияның қаржылық мүмкіндігі негізінде белгіленген мөлшерде өтелуі мүмкін.

12-бап
Басқарушылар кеңесінің құзыреті

      Басқарушылар кеңесінің құзыретіне мынадай мәселелер жатады:

      а) Компанияның 5 жылға арналған даму стратегиясын бекіту және оны орындау (іске асыру) нәтижелері туралы баяндаманы қарау, Компанияның халықаралық ынтымақтастық саласындағы басымдықтарын айқындау және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу туралы шешімдер қабылдау;

      б) Компания құрамына жаңа қатысушыларды қабылдау шарттарын айқындау және қабылдау, жекелеген қатысушының Компанияға қатысуын тоқтата тұру және (немесе) тоқтату;

      в) Компанияның жарғылық капиталын қатысушылардың салымдары, оның ішінде жарғылық капиталды олардың арасында қайта бөлу және (немесе) қаржыландырудың өзге де көздері есебінен ұлғайту;

      г) директорлар кеңесіне Компанияның қайта сақтандыру, қаражатты инвестициялау және Компанияның қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің тәртібін регламенттеу жөнінде жалпы нұсқаулар беру;

      д) пайданы жарғылық капиталды ұлғайтуға, Компанияның резервтік және өзге де қорларын толықтыруға, есепті жылдың нәтижелері бойынша дивидендтер төлеуге (жариялауға) бағыттау;

      е) Компанияның жекелеген функцияларын іске асыру үшін оның өзге де қорларын құруды келісу;

      ж) Компанияның жарғылық капиталын өзгерту (ұлғайту немесе азайту) тәртібін бекіту;

      з) Компанияның таза активтерін қатысушылар арасында бөлу мерзімдері мен шарттарын айқындауды қоса алғанда, Компанияның қызметін тоқтата тұру, оны тарату, Компанияның филиалдары мен өкілдіктерін ашу (жабу);

      и) осы Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі мәселелерді шешу;

      к) директорлар кеңесінің құрамын бекіту, директорлар кеңесінің мүшелерін тағайындау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;

      л) басқарушылар кеңесінің жұмыс регламентін бекіту;

      м) шешілуі осы Жарғыға және Келісімге сәйкес басқарушылар кеңесіне жүктелетін кез келген басқа да мәселелер.

13-бап
Басқарушылар кеңесінде дауыс беру

      1. Дауыс беру кезінде басқарушылар кеңесінің әрбір мүшесі 1 дауысқа ие болады.

      2. Басқарушылар кеңесі отырыстарды қажеттігіне қарай, бірақ жылына кемінде 1 рет өткізеді.

      Басқарушылар кеңесінің кез келген мүшесі басқарушылар кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізуге бастамашылық жасай алады, сондай-ақ отырыстың күн тәртібіне ұсыныстар енгізе алады.

      3. Басқарушылар кеңесінің отырысы, егер оған Басқарушылар кеңесінің барлық мүшелері қатысатын болса, заңды болып табылады.

      4. Басқарушылар кеңесі барлық мәселелер бойынша шешімдерді консенсуспен қабылдайды.

      5. Басқарушылар кеңесі Компанияға қатысушылардың қайсыбірінің оған қатысуын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешім қабылдағанда дауыс беру нәтижелерін айқындаған кезде бұл қатысушының қарсылығын ескермейді.

      6. Басқарушылар кеңесі дауыс беруді басқарушылар кеңесінің мүшелеріне сырттай жазбаша сауалнама жүргізу арқылы өткізуге құқылы. Мұндай шешімдер басқарушылар кеңесі отырысының хаттамасымен ресімделеді, ол сауалнама жүргізілгеннен кейін 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей, басқарушылар кеңесінің мүшелеріне жіберіледі.

      7. Басқарушылар кеңесі отырыстарының хаттамалары Компанияның архивінде сақталады.

      8. Басқарушылар кеңесінің төрағасы:

      а) басқарушылар кеңесінің кезекті отырысында қарау үшін енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      б) күн тәртібін айқындайды;

      в) басқарушылар кеңесінің отырыстарын ашады, жүргізеді және жабады.

      9. Басқарушылар кеңесі мүшелерінің Компанияның қызметі туралы ақпарат алуға және оның бухгалтерлік (қаржылық) есептілігімен және Компанияның өзге де құжаттарымен танысуға құқығы бар.

      10. Басқарушылар кеңесі өз қызметін қамтамасыз ету үшін Компанияның басқару органдары болып табылмайтын қосалқы және (немесе) консультативтік-кеңесші орган дар құруға құқылы.

14-бап
Директорлар кеңесі

      1. Директорлар кеңесі Компанияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын басқару органы болып табылады.

      2. Директорлар кеңесіне әрбір қатысушы мемлекеттің үкіметінен министр (министрдің орынбасары) деңгейінде немесе халықаралық қаржы ұйымынан осы ұйымның жоғары басқару органының басшылары арасынан бір-бір өкілден кіреді.

      Директорлар кеңесінің мүшесін тағайындау және оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімдерді басқарушылар кеңесі тиісті қатысушы тағайындаған басқарушылар кеңесі мүшесінің ұсынуы бойынша қабылдайды.

      Директорлар кеңесінің мүшелерін тағайындау кезінде және олардың өз міндеттерін орындауы кезеңінде мүдделер қақтығысының болмауы қағидаты қамтамасыз етілуге тиіс.

      3. Директорлар кеңесінде төрағалық етуді күнтізбелік 1 жыл ішінде ұзарту құқығынсыз 1 қатысушы орыс әліпбиі тәртібінде ротациялық негізде жүзеге асырады.

      4. Директорлар кеңесіндегі міндеттерді орындағаны үшін директорлар кеңесінің төрағасына және мүшелеріне сыйақы төленбейді. Олардың өз міндеттерін орындауы кезеңінде отырыстарға қатысуына байланысты шығыстар өтелуі мүмкін. Мұндай өтемақылардың мөлшері Компанияның қаржылық мүмкіндігі ескеріле отырып белгіленеді.

15-бап
Директорлар кеңесінің құзыреті

      1. Директорлар кеңесінің құзыретіне мынадай мәселелер жатады:

      а) Компанияның 5 жылға арналған даму стратегиясына сәйкес Компания қызметінің негізгі бағыттарын (басымдықтарын) жәке қаржы жылы мен орта мерзімді кезеңге арналған тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін айқындау;

      б) осы Жарғының 2-бабына сәйкес Компанияның қайта сақтандыруды жүзеге асыру (ретроцессияны және қайта сақтандырудың өзге де нысандарын қоса алғанда) және экспорттық кредиттерді, экспортқа бағдарланған қаржыландыруды және кәсіпкерлік және (немесе) саяси тәуекелдерден инвестицияларды қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің тәртібін (қызметі туралы ережені) бекіту, оның ішінде резервтерді қалыптастыру туралы ережені және сақтандыру тәуекелдерін бағалау және Компанияның сақтандыру тәуекелдерін басқару туралы ережені бекіту;

      в) басқарманың сандық құрамын және ұйымдық құрылымын бекіту, басқарма төрағасын, басқарма төрағасының орынбасарлары (олар болған кезде) мен басқарма мүшелерін тағайындау, оның ішінде Компанияның 5 жылға арналған даму стратегиясын орындау (іске асыру) нәтижелерін ескере отырып, олармен еңбек қатынастарын ұзарту, қызметінен шеттету, босату;

      г) басқарма төрағасына, басқарма төрағасының орынбасарларына (олар болған кезде) және басқарма мүшелеріне келісімшарттардың талаптарын және сыйақылар мөлшерін айқындау;

      д) Компанияның жарғылық капиталына қатысу үлесін негізге ала отырып, қатысушы мемлекеттердің өкілдік ету қағидатын ескеріп, басқарма функцияларын айқындау және Компания қызметкерлерінің штат санын бекіту;

      е) аудиторлық қорытындыны ескере отырып, Компанияның жылдық есептерін бекіту;

      ж) Компанияның кезекті қаржы жылына арналған бюджетін бекіту;

      з) Компанияның бюджетін қалыптастыру және оның орындалуын бақылау туралы ережені бекіту;

      и) осы тармақтың "а" тармақшасына сәйкес бекітілген тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін ескере отырып, басқарма төрағасына, басқарма төрағасының орынбасарларына (олар болған кезде), басқарма мүшелеріне сыйақылар төлеу туралы шешімдерді жыл сайын қабылдау;

      к) Компанияның сыртқы аудиторын, Компанияның сыртқы аудиторының кандидатурасын таңдау тәртібін, Компанияның ішкі аудит қызметі жұмысының тәртібін және оның дербес құрамын, Компанияның тексеру комиссиясы қызметінің тәртібін және оның дербес құрамын бекіту;

      л) Компанияның резервтік қорын және жекелеген функцияларын іске асыру үшін басқарушылар кеңесінің келісуі бойынша оның өзге де қорларын құру және мөлшерлерін айқындау;

      м) қайта сақтандыру бойынша белгіленген лимиттен асатын мәмілелерді немесе оларды кейіннен мақұлдау туралы шешімдерді жасауға келісім беру туралы шешімдерді қарау және қабылдау;

      н) Компанияны тарату рәсімін айқындау;

      о) директорлар кеңесі мен басқарманың жұмыс регламентін бекіту;

      п) Компанияның қаржылық тұрақтылығына, оның ішінде кайта сақтандыру шарттары жөнінде қабылданған міндеттемелер бойынша жауаптылықтың жиынтық лимиті бөлігінде қойылатын талаптарды бекіту;

      р) қатысушы мемлекеттерде және олардың шегінен тыс жерлерде қаражатты (сақтандыру резервтерінің қаражатын, өз қаражатын, сондай-ақ өзге де уақытша бос қаражатты) инвестициялау тәртібін бекіту;

      с) тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін есептеу әдістемесін бекіту;

      т) Компанияның басқарушылық есептілігі туралы ережені бекіту;

      у) Компанияның сатып алу туралы ережесін бекіту;

      ф) Компания қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу туралы ережені бекіту;

      х) Компанияның меншікті бағалы қағаздарын шығару, орналастыру, олардың айналысын, өтеу және сатып алу тәртібін бекіту;

      ц) басқарушылар кеңесіне оның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау және енгізу;

      ч) басқарушылар кеңесінің құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, шешілуі Келісімге және осы Жарғыға сәйкес директорлар кеңесіне жүктелетін өзге де мәселелер.

      2. Басқарушылар кеңесінің осы Жарғының 12-бабының "г" тармақшасында көзделген жалпы нұсқаулары директорлар кеңесінің осы баптың 1-тармағының "б", "п" және "р" тармақшаларында көзделген өз құзыреті шеңберіндегі қызметін жүзеге асыруы кезінде өздері есепке алуы үшін міндетті.

      3. Басқарма төрағасымен келісімшартқа директорлар кеңесінің төрағасы немесе оның жазбаша тапсырмасы бойынша директорлар кеңесінің мүшесі қол қояды.

16-бап
Директорлар кеңесінде дауыс беру

      1. Директорлар кеңесінің әрбір мүшесінің дауыс беру кезінде Компанияның жарғылық капиталындағы өзі ұсынатын қатысушының үлесіне пропорционал дауыс саны болады.

      2. Директорлар кеңесі отырыстарды қажеттігіне қарай, бірақ жылына кемінде 2 рет өткізеді.

      Директорлар кеңесінің кезектен тыс отырыстарын директорлар кеңесінің төрағасы өз бастамасы бойынша, директорлар кеңесі мүшесінің, Компанияның ревизиялық комиссиясының, Компанияның ішкі аудитін ұйымдастыруға және жүзеге асыруға жауапты лауазымды адамның немесе аудитордың (аудиторлық ұйымның), басқарманың немесе оның төрағасының, сондай-ақ Компанияның төленген жарғылық капиталындағы үлестің кемінде 10 пайызы тиесілі қатысушының (қатысушылардың) талабы бойынша шақырады.

      3. Осы Жарғының 15-бабы 1-тармағының "а" - "в", "д" - "з", "м", "п" - "ц" тармақшаларында көзделген мәселелер бойынша директорлар кеңесі дауыстардың жалпы санының кемінде үштен екісіне ие өз мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.

      Директорлар кеңесі Компания қызметінің қалған мәселелері бойынша жалпы дауыс санының жай көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.

      Дауыстар саны тең болған жағдайда директорлар кеңесі төрағасының шешуші дауыс құқығы бар.

      5. Директорлар кеңесі дауыс беруді директорлар кеңесінің мүшелеріне сырттай жазбаша сауалнама жүргізу арқылы жүргізуге құқылы. Мұндай шешімдер директорлар кеңесі отырысының хаттамасымен ресімделеді, ол директорлар кеңесінің мүшелеріне отырыс өткізілгеннен кейін 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      6. Директорлар кеңесі отырыстарының хаттамалары Компанияның архивінде сақталады.

      7. Директорлар кеңесінің төрағасы:

      а) директорлар кеңесінің кезекті отырысында қарау үшін енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      б) күн тәртібін айқындайды;

      в) директорлар кеңесінің отырыстарын ашады, жүргізеді және жабады;

      г) директорлар кеңесі мүшелерінің арасынан директорлар кеңесі төрағасының міндетін уақытша атқарушыны тағайындайды.

      8. Директорлар кеңесі мүшелерінің Компанияның қызметі туралы ақпарат алуға және оның бухгалтерлік (қаржылық) есептілігімен және Компанияның өзге де құжаттарымен танысуға құқығы бар.

      9. Директорлар кеңесі өз қызметін қамтамасыз ету үшін Компанияның басқару органдары болып табылмайтын қосымша және (немесе) консультативтік-кеңесші органдарды құруға құқылы.

17-бап
Басқарма

      1. Басқарма Компанияның ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асыратын Компанияның тұрақты жұмыс істейтін алқалы атқарушы органы болып табылады.

      Директорлар кеңесі басқарманы, әдетте, 5 жыл мерзімге тағайындайды. Басқарма мүшелерінің өкілеттік мерзімі Компанияның даму стратегиясында белгіленген көрсеткіштердің орындалуы ескеріле отырып, 5 жылға ұзартылуы мүмкін.

      Басқарма өз қызметін жүзеге асыру кезінде Келісімді, осы Жарғыны, басқарушылар кеңесі мен директорлар кеңесінің шешімдерін басшылыққа алады.

      Басқарма басқарушылар кеңесіне және директорлар кеңесіне есеп береді.

      Басқарма мүшелері өз қызметін Компания мүддесі үшін жүзеге асырады.

      Басқармаға тағайындау Компанияның барлық құрылтайшысының болуы қамтамасыз етілген кезде кәсіби негізде (кандидаттардың кәсіби даярлығын, олардың іскерлік беделін, жүктелген міндеттерді тиісінше орындау үшін қажетті білімі мен біліктілігі негізге алына отырып) жүзеге асырылады.

      Басқарма мүшесін тағайындау, оның өкілеттіктерін ұзарту және мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімдерді директорлар кеңесі қабылдайды.

      2. Басқарманың құзыретіне мынадай мәселелер жатады:

      а) басқарушылар кеңесінің қарауына Компанияның 5 жылға арналған даму стратегиясының жобасын, оның ішінде оны орындау (іске асыру) нәтижесі туралы баяндаманы, сондай-ақ Компанияның халықаралық ынтымақтастық саласындағы басымдығын және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу туралы ұсыныстарды дайындау және енгізу;

      б) қаржы жылына және орта мерзімді кезеңге арналған Компания қызметінің негізгі бағыттары (басымдықтары) туралы ұсыныстарды дайындау және директорлар кеңесіне бекітуге ұсыну;

      в) Компанияның қаржылық тұрақтылығына қойылатын талаптар, оның ішінде қайта сақтандыру шарттары жөнінде қабылданған міндеттемелер бойынша жауаптылықтың жиынтық лимиті бөлігіндегі талаптар туралы ұсыныстарды дайындау және директорлар кеңесіне бекітуге шығару;

      г) осы Жарғының 2-бабына сәйкес директорлар кеңесі бекітетін тәртіпке сәйкес Компанияның қайта сақтандыру жөніндегі қызметті (регроцессияны және қайта сақтандырудың өзге де нысандарын қоса алғанда) жүзеге асыруына және экспорттық кредиттерді, экспортқа бағдарланған қаржыландыру мен инвестицияларды кәсіпкерлік және (немесе) саяси тәуекелдерден қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер қабылдау;

      д) басқарушылар кеңесі мен директорлар кеңесінің отырыстарын дайындау және ұйымдастыруды қамтамасыз ету;

      е) қаржы жылы үшін есептілікті, Компанияның әрбір қаржы жылына арналған бюджет жобаларын (кірістер және шығыстар жоспарын) дайындау және директорлар кеңесіне бекітуге ұсыну;

      ж) Компания қызметкерлеріне еңбегіне ақы төлеу туралы ережені дайындау және директорлар кеңесіне бекітуге ұсыну;

      з) қаражатты орналастыру мен тартуға қатысты шешімдер қабылдау, Компанияның активтері мен пассивтерінің өтімділігін қолдау және пайда алу мақсатында олардың ұтымды құрылымын айқындау, тәуекелдер мен өтімділікті бақылауды қамтамасыз ету;

      и) басқарманың құзыретіне жатқызылған ішкі құжаттарды (Компанияның тәртіптерін, ережелерін, қағидаларын, регламенттерін, нұсқаулықтарын, талаптарын, рәсімдерін және өзге де ішкі құжаттарын қоса алғанда) бекіту;

      к) басқарманың бастамасы бойынша директорлар кеңесінің қарауына бекітілуі директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылған ішкі нормативтік құжаттарды шығару туралы шешімдерді дайындау, алдын ала қарау және қабылдау;

      л) бекітілуі директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылған өзге де құжаттардың жобаларын дайындау және директорлар кеңесінің қарауына шығару;

      м) Компанияның ұйымдық құрылымын және штат кестесін бекіту;

      н) болатын елдің заңнамасына сәйкес Компания қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру, бағалау (аттестаттау), оқыту шарттарын айқындау;

      о) маркетингтік зерттеулер жүргізу, қайта сақтандыру саласында консультациялық, зерттеушілік және ағартушылық қызметті жүзеге асыру;

      п) Компания қызметінің басқарма төрағасының шешімі бойынша басқарманың қарауына енгізілетін және басқарушылар кеңесі мен директорлар кеңесінің құзыретіне жатпайтын басқа да мәселелерін қарау.

      3. Басқарманың сандық құрамын директорлар кеңесі айқындайды. Басқарма мүшелерін директорлар кеңесі лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады. Басқарма мүшелері бір мезгілде басқарушылар кеңесінің мүшесі және (немесе) директорлар кеңесінің мүшесі бола алмайды.

      Басқарма мүшелерін тағайындау кезінде және олардың өз міндеттерін орындау кезеңінде мүдделер қақтығысының болмауы қағидаты қамтамасыз етілуге тиіс.

      Басқарма төрағасының ұсынысы бойынша директорлар кеңесі басқарма құрамына Компанияның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын енгізу туралы шешім қабылдайды. Басқарма мүшелерінің арасында міндеттерді бөлуді оның төрағасы жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда директорлар кеңесі басқарма құрамын және оның мүшелерінің санын қайта қарай алады.

      4. Басқарманың отырыстары қажеттігіне қарай, бірақ 2 айда кемінде 1 рет өткізіледі. Егер отырысқа басқарма мүшелерінің жалпы санының кемінде 2/3-і қатысатын болса, оның күші бар деп саналады.

      Басқарма отырысында шешімдер жай көпшілік дауыспен қабылданады. Шешім қабылдау кезінде басқарманың әрбір мүшесі 1 дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда басқарма төрағасының даусы шешуші болып табылады. Басқарма қабылдаған шешімдер орындау үшін міндетті болып табылады.

      Басқарма мүшелері басқарма отырыстарының хаттамаларына өз ескертулері мен ұсыныстарын енгізуге құқылы. Басқарма отырысының хаттамасына басқарма төрағасы қол қояды.

18-бап
Басқарма төрағасы

      1. Басқарма төрағасы Компания мен басқарманың қызметін осы Жарғыда және басқарушылар кеңесі мен директорлар кеңесінің шешімдерінде айқындалған өз құзыреті мен өкілеттіктері шеңберінде басқарады.

      2. Басқарма төрағасын директорлар кеңесі 5 жылдан аспайтын мерзімге тағайындайды.

      Басқарма төрағасы:

      кеңесші дауыс беру құқығымен директорлар кеңесінің отырыстарына;

      дауыс беру құқығынсыз басқарушылар кеңесінің отырыстарына қатысады.

      Басқарма төрағасы бір мезгілде басқарушылар кеңесінің мүшесі және (немесе) директорлар кеңесінің мүшесі бола алмайды.

      3. Басқарма төрағасы Компанияның ресми өкілі болып табылады және оған мынадай өкілеттіктер берілген:

      а) басқарушылар кеңесінің, директорлар кеңесінің және басқарманың шешімдеріне сәйкес Компанияның ағымдағы қызметін басқару;

      б) Компания атынан (сенімхатсыз) операциялар мен мәмілелер жасау, мемлекеттермен, халықаралық қаржы және басқа да ұйымдармен қатынастарда Компанияның мүдделерін білдіру;

      в) Компания қызметкерлерін жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату, олардың лауазымдық міндеттерін айқындау, директорлар кеңесі бекіткен бюджет шеңберінде Компания қызметкерлеріне еңбегіне ақы төлеу, сыйлықақы беру және өзге де көтермелеулер мөлшерін белгілеу;

      г) ішкі аудит қызметінің дербес құрамы бойынша ұсыныстар енгізу;

      д) Компанияның барлық қызметкері орындауға міндетті бұйрықтар шығару және тапсырмалар беру, сондай-ақ сенімхаттар ресімдеу;

      е) Компания қатысушыларының тізімін жүргізу.

      4. Басқарма торағасы басқарушылар кеңесі мен директорлар кеңесінің алдында олардың шешімдерінің орындалуы, Компанияның жұмысын ұйымдастыру және оның қызметінің нәтижесі үшін жауапты болады.

      5. Басқарма төрағасы болмаған кезде немесе оның өз міндеттерін орындауы мүмкін болмаған жағдайда оның функциялары мен өкілеттіктерін оның орынбасарларының бірі (олар болған кезде) немесе басқарма мүшелері жүзеге асырады.

IV бөлім
Компания қызметінің жекелеген аспектілері

19-бап
Компанияның халықаралық ұйым ретіндегі мәртебесі, саяси қызметке тыйым салу

      1. Компания, басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасарлары (олар болған кезде), басқарма мүшелері мен Компания қызметкерлері өз шешімдерінде осы Жарғыда көзделген Компанияның мүдделерін, оның мақсаттары мен функцияларын ғана басшылыққа алады.

      Басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасарлары (олар болған кезде), басқарма мүшелері мен Компания қызметкерлері өз міндеттерін орындау кезінде тек Компанияның мүддесі үшін әрекет етеді.

      Қатысушылар өз міндеттерін орындау кезінде аталған адамдардың біреуіне қысым көрсетудің кез келген әрекетінен тартынады.

      2. Компания өзінің мақсаттарына немесе функцияларына қандай да бір түрде залал келтіруі, оларды шектеуі, олардан ауытқуға әкелуі немесе өзгеше түрде оларды өзгертуі мүмкін ресурстарды тартуға, көмек алуға немесе өзге де жәрдемдесу түріне қатыспайды.

      3. Компания, басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасарлары (олар болған кезде), басқарма мүшелері мен Компания қызметкерлері қатысушы мемлекеттердің кез келгенінде болып жатқан саяси оқиғаларға араласпауға тиіс. Компанияның басқару органдарының шешімдері қатысушылардың саяси қысымымен қабылданбауға тиіс.

      Шешім қабылдау кезінде Компанияның басқару органдары осы Жарғының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған пайымдауды ғана басшылыққа алуға тиіс.

20-бап
Байланыс арналары

      Әрбір қатысушы өзінің ресми органын немесе өкілін айқындайды, онымен Компания осы Жарғы шеңберінде туындайтын мәселелерді шешеді.

21-бап
Компанияның жұмыс және ресми тілі

      Компанияның жұмыс және ресми тілі орыс тілі болып табылады.

22-бап
Компанияның қаржы жылы

      Компанияның қаржы жылы 1 қаңтарда басталып, 31 желтоқсанда аяқталады.

23-бап
Компанияның аудиті және есептерді жариялау

      1. Компанияның қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыру үшін оның құрылымында дербес құрамын директорлар кеңесі оны ұзарту мүмкіндігімен 1 жыл мерзімге бекітетін ішкі аудит қызметі құрылады. Ішкі аудит қызметі директорлар кеңесіне есеп береді.

      2. Компанияның жылдық қаржылық есептілігінің дұрыстығын тексеру және растау үшін жыл сайын Компанияның тәуелсіз сыртқы аудиті жүргізіледі.

      Аудит жүргізуге лицензиясы бар және Компаниямен немесе оның қатысушыларымен мүліктік мүдделермен байланысты емес тәуелсіз халықаралық кәсіби аудиторлық ұйымды іріктеу тәртібін директорлар кеңесі айқындайды.

      Директорлар кеңесі жыл сайын іріктеу нәтижесі бойынша үздік деп танылған тәуелсіз халықаралық кәсіби аудиторлық ұйымды бекітеді және онымен келісімшарт жасасу құқығын басқарма төрағасына береді.

      3. Компания қатысушыларға жылдық есепті және қаржылық есептілік туралы аудиторлық қорытындыны есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанының соңғы күнінен кешіктірмей жібереді.

      Компания өзінің қаржылық есептерін және жариялануы сақтандыру қызметінің жалпыға бірдей қабылданған қағидаттарын негізге ала отырып, өз мақсаттарына қол жеткізу және өз функцияларын орындау үшін орынды болып көрінетін өзге де есептерін жариялайды.

24-бап
Компания қызметіне ревизия жасау

      1. Компанияның қызметіне ревизия жасауды директорлар кеңесі 4 жыл мерзімге бекітетін Компанияның ревизиялық комиссиясы жүзеге асырады. Компанияның ревизиялық комиссиясының құрамына ревизиялық комиссиясының төрағасы және оның мүшелері кіреді.

      2. Компанияның ревизиялық комиссиясының төрағасы мен мүшелері Компанияда ешқандай лауазымдарды атқара алмайды.

      3. Ревизияларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін директорлар кеңесі айқындайды.

      4. Басқарма төрағасы ревизия жасауды жүзеге асыру үшін қажетті барлық материалдарды Компанияның ревизиялық комиссиясына иелікке береді.

      5. Компанияның ревизиялық комиссиясының есептері директорлар кеңесіне жылына кемінде 1 рет ұсынылады.

V бөлім
Компания құрамнан шығу, Компания қызметін тоқтата тұру,
Компанияны тарату

25-бап
Қатысушылардың Компания құрамнан шығуы

      1. Кез келген қатысушы басқарушылар кеңесін өзінің ниеті туралы жазбаша хабардар ете отырып, өз қалауы бойынша Компания құрамнан шығуға құқылы.

      Басқарушылар кеңесі көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап:

      а) Компанияның құрамынан шығу құқығын қоспағанда, Келісімге және (немесе) осы Жарғыға сәйкес осы қатысушыға берілген барлық құқықтар тоқтатыла тұрады;

      б) бұл қатысушының басқарушылар кеңесі не директорлар кеңесі қандай да бір шешімдер қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы жоқ. Бұл ретте Компания құрамынан шыққанға дейін оның Компания алдындағы барлық тікелей және жанама міндеттемелері сақталады;

      в) Бұл қатысушының Компания құрамнан шығу ниеті туралы хабарламаны алғаннан кейін қайта сақтандыру шарттарын жасасу кезінде ол Компания қабылдаған тәуекелдер бойынша міндеттемелерді көтермейді, сондай-ақ Компанияның кірісі мен шығысын бөлуге қатыспайды.

      2. Басқарушылар кеңесі қатысушыдан оның Компания құрамнан шығу ниеті туралы хабарлама алған күннен бастап 6 ай ішінде Компания мен осы қатысушы арасындағы қатынастарды реттеу мерзімі мен тәртібі туралы келісім жасалуға тиіс.

      3. Басқарушылар кеңесі қатысушыдан оның Компания құрамнан шығу ниеті туралы хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткенге дейін не Компания мен қатысушы арасындағы қатынастарды реттеу мерзімі мен тәртібі туралы келісім жасасқан күнге дейін Бұл қатысушы басқарушылар кеңесін көрсетілген хабарламаның күшін жою туралы жазбаша түрде хабардар ете алады.

      4. Басқарушылар кеңесін Компания құрамынан шығу ниеті туралы хабардар еткен қатысушы өзі мен Компания арасындағы қатынастарды реттеу мерзімі мен тәртібі туралы келісім жасалған күннен бастап, бірақ басқарушылар кеңесі жазбаша хабарлама алған күннен бастап 6 айдан кешіктірмей өзінің Компания қызметіне қатысуын тоқтатады.

      5. Қатысушы мемлекеттің Компания қызметіне қатысуы тоқтатылған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей осы баптың 4-тармағына сәйкес Компания Келісімнің депозитарийіне осындай мемлекеттің Компания құрамынан шығуы туралы хабарлама жібереді.

26-бап
Бұрынғы қатысушылармен есеп айырысуды реттеу

      1. Компания қызметіне қатысу тоқтатылған күнге дейін Компания мен қатысушы Компанияның жарғылық капиталындағы осы қатысушының үлесін өзара тиімді шарттармен сатып алу туралы уағдаластыққа қол жеткізе алады.

      2. Егер Компания қатысушыдан Компания құрамнан шығу ниеті туралы оның жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 6 ай өткеннен кейін жарғылық капиталдағы оның үлесін сатып алу туралы уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Компания Бұл үлесті сатып алуды мынадай шарттарда жүзеге асырады:

      а) сатып алу бағасы Компания қатысушыдан Компания құрамынан шығу ниеті туралы оның хабарламасын алған күнгі Компанияның таза активтерінің құнына және Компанияның жарғылық капиталындағы осы қатысушының төленген үлесінің көлеміне қарай айқындалады;

      б) үлесті төлеу Компанияның қаржылық жай-күйін ескере отырып, басқарушылар кеңесі айқындайтын мөлшерде және мерзімде бірнеше кезеңде жүргізіледі;

      в) төлемдер сатып алу бағасы ретіндегі тиесілі соманың осы Жарғының 25-бабы 1-тармағының "б" тармақшасында көзделген Компания алдындағы міндеттемелердің жалпы сомасынан асуы шегінде бірнеше кезеңмен жүргізілуі мүмкін;

      г) қатысушы үлесін сатып алғаны үшін өзіне тиесілі сома басқарушылар кеңесінің қалауы бойынша қатысушы үлесін сатып алғаны үшін өзіне тиесілі соманың есебіне жатқызылуы мүмкін қандай да бір соманы төлеу бойынша Компания алдындағы қаржылық міндеттемелерді қатысушы немесе оның кез келген құрылымы реттеген сәтке дейін ұсталады;

      д) егер Компания қатысушының Компания құрамнан шығу күніне осы Жарғыға сәйкес қабылданған қайта сақтандыру бойынша өзінде бар тәуекелдер бойынша таза залалға ұшыраса және осындай залалдың сомасы осы операциялар бойынша берілген резервтердің сомасынан асып кетсе, мұндай қатысушы Компанияның талабы бойынша, егер мұндай залал сатып алу бағасын айқындау кезінде есепке алынған болса, оның үлесін сатып алу бағасы кемитіндей соманы өтейді;

      е) қатысушы үлесін сатып алғаны үшін өзіне тиесілі соманың ешқайсысы да Компания қатысушыдан оның Компания құрамнан шығу ниеті туралы хабарламасын алған күннен бастап 6 айдан бұрын төленбейді. Егер қатысушы Компания құрамынан шыққан күннен бастап 6 ай ішінде басқарушылар кеңесі осы Жарғының 12-бабының "ж" тармақшасында көзделген Компанияны таратуға бастамашылық жасау туралы шешім қабылдаса, Компания мен осындай қатысушы арасындағы барлық құқықтық қатынастар осы Жарғының 29-бабының 4-тармағында көзделген ережелермен реттеледі.

      3. Бұрынғы қатысушымен есеп айырысуды реттеу нәтижесі бойынша оның Компанияның жарғылық капиталындағы Компания сатып алған үлесі басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша басқа қатысушыларға ұсынылуы мүмкін.

27-бап
Компанияға қатысуды тоқтата тұру

      1. Егер қатысушы Компания алдындағы өз міндеттемелерін орындамаса, басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша оның Компанияға қатысуы тоқтатыла тұруы мүмкін.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қатысушының Компанияға қатысуын тоқтата түру кезеңіндегі қызметі осы Жарғының 25-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен айқындалады.

      3. Егер қатысушының Компанияға қатысуын тоқтата тұру туралы шешім қабылданған күннен бастап 1 жыл өткен соң басқарушылар кеңесі оның құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдамаса, Бұл қатысушы Компания құрамынан шығарылды деп есептеледі. Оның Компаниямен одан арғы өзара құқықтық қатынастары осы Жарғының 25 және 26-баптарына сәйкес реттелетін болады.

28-бап
Компания қызметін уақытша тоқтата тұру

      Басқарма төтенше жағдайда басқарушылар кеңесі қабылдайтын шешім бойынша басқарушылар кеңесі қалыптасқан жағдайды қарағанға дейін және бұрын жасалған келісімдер бойынша барлық міндеттемелерді сақтап және орындап, өзі қажетті шаралар қабылдағанға дейін Компанияның қайта сақтандыру жөніндегі қызметін уақытша тоқтата алады.

29-бап
Компанияның қызметін тоқтату және оны тарату

      1. Компанияны таратуға бастамашылық жасау туралы шешімді, сондай-ақ тарату туралы шешімді басқарушылар кеңесі қабылдайды.

      2. Басқарушылар кеңесі Компанияны таратуға бастамашылық жасау туралы шешім қабылдаған кезде өз активтерін сақтау және қаржылық міндеттемелерді реттеу жөніндегі қызметті қоспағанда, Компания өз қызметін дереу тоқтатады.

      Міндеттемелерді түпкілікті реттегенге және активтерді бөлгенге дейін Компания мен оның қатысушыларының барлық өзара құқықтары мен міндеттемелері сақталады.

      3. Кредиторларға төлем Компания активтерінің есебінен жүргізіледі. Кредиторларға төлемді жүзеге асыру алдында басқарма төлемдердің талаптарды ұстаушылар арасында пропорционалды түрде бөлінуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.

      4. Компания активтерін бөлу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      а) Компанияның кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелері өтелгеннен кейін немесе оларды өтеу үшін резерв құрылғаннан кейін активтер қатысушылар арасында бөлінеді;

      б) Компания активтерін бөлу әрбір қатысушы енгізген жарғылық капиталдағы үлесінің мөлшеріне пропорционалды түрде жүргізіледі және директорлар кеңесі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады. Қатысушылар арасында бөлінетін активтер ақшалай және ақшалай емес нысанда көрсетілуі мүмкін. Қатысушының Компания алдындағы қаржылық міндеттемелерді орындағанға дейін бөлінген активтерден өз үлесін алуға құқығы жоқ;

      в) осы тармаққа сәйкес бөлінетін активтерді алатын қатысушы осы активтерге қатысты олар бөлінгенге дейін Компания осы активтерге қатысты пайдаланған ұқсас құқықтарды пайдаланады.

VI бөлім
Компанияның иммунитеттері, артықшылықтары мен жеңілдіктері

30-бап
Компанияның иммунитеттері мен артықшылықтары

      1. Өз мақсаттарына қол жеткізу және өз функцияларын орындау үшін Компанияға әрбір қатысушы мемлекеттің аумағында осы бөлімде көзделген және Компания мен қатысушы мемлекеттер арасында жасалған келісімдерге сәйкес белгіленген иммунитеттер, артықшылықтар мен жеңілдіктер беріледі.

      2. Компания өз өкілеттіктерін жүзеге асырудың салдары болып табылмайтын немесе осы өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты емес жағдайларды қоспағанда, сот қудалауының кез келген нысанынан иммунитетке ие болады. Компания мен қатысушы арасында осы Жарғының 34-бабының қолданылу аясына жататын дауларды қоспағанда, Компанияға қарсы талап қоюлар Компания орналасқан не филиалы, өкілдігі немесе еншілес компаниясы бар не соттың шақыру қағазын немесе процесс туралы хабарламаны қабылдау мақсатында агентті тағайындаған не бағалы қағаздар шығарған немесе оларға кепілдік берген мемлекет аумағындағы құзыретті сотқа ғана берілуі мүмкін.

      3. Осы баптың 2-тармағының ережелеріне қарамастан, Компанияға қарсы ешқандай іс-қимыл жасалмайды және осындай қатысушының атынан әрекет ететін немесе талап қоятын кез келген қатысушы немесе өзге тұлға, орган мен мекеме тарапынан талап қоюлар берілмейді. Қатысушылар осы Жарғыда, Компанияның ережелері мен регламенттерінде, сондай-ақ Компанияның қатысушы мемлекеттердің үкіметтері және халықаралық қаржы ұйымдары арасында жасалған келісімдерінде көзделген дауларды шешу үшін арнаулы рәсімдерді пайдалана алады.

      4. Қатысушы мемлекеттердің аумағындағы Компанияның мүлкі мен активтері Компанияға қатысты түпкілікті сот шешімі шығарылғанға дейін тінтуден, реквизициялаудан, тыйым салудан, тәркілеуден, экспроприациялаудан немесе алып қоюдың не иеліктен шығарудың өзге де нысанынан иммунитеттерге ие болады.

      5. Компанияның барлық мүлкі мен активтері, олардың орналасқан жеріне қарамастан, кез келген шектеуден, нұсқамалардан және мораторийлерден босатылған.

      6. Қатысушы мемлекеттердің аумағындағы Компанияға тиесілі не ол иесі болып табылатын архивке, мүлікке, құжаттарға, сондай-ақ кез келген ақпаратқа қол сұғылмайды.

      7. Қатысушы мемлекеттер Компанияға оның ресми байланысы үшін осы қатысушы мемлекеттердің үкіметтері кез келген басқа мемлекетке, оның дипломатиялық өкілдіктерін қоса алғанда, пошта жөнелтілімдеріне, каблограммаларға, жеделхаттарға, радиограммаларға, телефонды және басқа да байланыс құралдарын пайдалануға қатысты басымдыққа, тарифтер мен мөлшерлемелерге, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары үшін мәліметтер беру мақсатында төмендетілген мөлшерлемелерді қолдануға қатысты беретін шарттардан кем емес қолайлы жағдай жасайды. Көрсетілген қызметтерді төлеуге байланысты барлық шығыстар Компания қаражаты есебінен жүргізіледі.

      8. Басқарушылар кеңесінің төрағасы және басқарушылар кеңесінің мүшелері, директорлар кеңесінің төрағасы және директорлар кеңесінің мүшелері, басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасарлары (олар болған кезде), басқарма мүшелері мен Компания қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жасаған іс-әрекеттеріне қатысты сот және әкімшілік қудалаудан кез келген нысанда иммунитеттерге ие болады. Осы тармақтың ережелері жоғарыда көрсетілген адамдардың іс-әрекеттерінен, оның ішінде жол-көлік оқиғаларының салдарынан туындаған азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген кезде, азаматтық-құқықтық жауаптылық басталған жағдайда қолданылмайды.

31-бап
Салықтық жеңілдіктер

      1. Компания, оның кірісі, мүлкі және басқа да активтері, сондай-ақ Келісімге және осы Жарғыға сәйкес қатысушы мемлекеттердің аумағында Компания жүзеге асыратын операциялар мен мәмілелер, қызмет көрсетудің нақты түрлері үшін төлемақыны білдіретіндерді қоспағанда, салықтардан, алымдардан, баждардан және басқа да төлемдерден босатылады.

      2. Басқарма төрағасының, басқарма төрағасы орынбасарларының (олар болған кезде), басқарма мүшелері мен Компания қызметкерлерінің жалақысы мен сыйақысы салық салудан босатылады.

      Әрбір қатысушы мемлекет осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген босатуды өз азаматтарына және өз аумағында тұрақты тұратын адамдарға қатысты қолданбауға құқылы.

      3. Компания шығарған міндеттемелердің немесе бағалы қағаздардың ешқайсысына да олардың ұстаушысы кім екеніне қарамастан, сондай-ақ олар бойынша дивидендтерге немесе пайыздарға қатысушы мемлекеттерде мынадай жағдайларда:

      а) егер мұндай салықтар осындай міндеттемелерге немесе бағалы қағаздарға қатысты оларды Компания шығарғандықтан ғана кемсітілетін салықтар болып табылса;

      б) егер мұндай салық салудың жалғыз негізі көрсетілген міндеттемелерді немесе бағалы қағаздарды шығару орны не олар шығарылған валюта болса, төленуге тиіс немесе төленеді, не Компанияға тиесілі қандай да бір мекеменің немесе қызмет орнының орналасқан жері болса, ешқандай салық салынбайды.

32-бап
Иммунитеттер мен артықшылықтардан бас тарту

      Компания осы Жарғыда көзделген, оның пікірінше, Компанияның мүдделеріне сай келмейтін кез келген иммунитеттерден, артықшылықтардан немесе жеңілдіктерден бас тарта алады.

      Басқарма төрағасын, басқарма төрағасының орынбасарларын (олар болған кезде) және басқарма мүшелерін қоспағанда, басқарма төрағасының пікірінше, мұндай иммунитет, артықшылық немесе жеңілдік сот төрелігін жүзеге асыруды қиындатқан және олардан бас тарту Компанияның мүдделеріне нұқсан келтірмеген болса, ол Компанияның кез келген қызметкеріне қатысты кез келген иммунитеттен, артықшылықтан немесе жеңілдіктен бас тартуға міндетті. Осыған ұқсас жағдайларда басқарушылар кеңесі мен директорлар кеңесі басқарма төрағасына, басқарма төрағасының орынбасарларына (олар болған кезде) және басқарма мүшелеріне қатысты кез келген иммунитеттен, артықшылықтан немесе жеңілдіктен бас тартуға міндетті.

VII бөлім
Қорытынды ережелер

33-бап
Осы Жарғыға өзгерістер енгізу

      1. Қатысушылардың өзара келісуі бойынша осы Жарғыға Келісімнің 5-бабына сәйкес жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      2. Қатысушыдан келіп түсетін, осы Жарғыға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс басқарушылар кеңесі төрағасының назарына жеткізіледі, ол оны басқарушылар кеңесінің қарауына ұсынады.

34-бап
Осы Жарғыны қолдануға байланысты және Компания қызметін жүзеге асыру
барысында туындайтын дауларды шешу

      1. Осы Жарғыны қолдануға байланысты және Компания мен қатысушы арасында, не Компания мен бұрынғы қатысушы арасында, не Компания мен Компанияның қызметі тоқтатыла тұрған (тоқтатылған) кездегі қатысушы арасындағы Компанияның қызметін жүзеге асыру барысында туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді дау тараптары келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.

      2. Егер мұндай даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар арқылы шешілмеген жағдайда оларды дау тараптарының кез келгені белгіленген тәртіппен басқарушылар кеңесіне шешуге береді.

      3. Дау тараптарының кез келгені, біреуін Компания, екіншісін тиісті қатысушы тағайындайтын, ал үшіншісі тағайындалған төрешілердің келісуі бойынша тағайындалатын, үш төрешіден тұратын аралық соттың қарауына дауды бере отырып, басқарушылар кеңесінің шешіміне дау айтуға құқылы. Егер тараптар келісімге келмесе, үшінші төрешіні басқарушылар кеңесі бекітетін тізбеге енгізілген орган тағайындайды. Көрсетілген тізбедегі нақты орган өз құзыреттілігі мен бейтараптылығы қағидаттары негізге алына отырып, басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша айқындалады.

      4. Шешімді төрешілер көпшілік дауыспен қабылдайды әрі түпкілікті және орындауға міндетті болып табылады.

  Еуразиялық қайта сақтандыру
компаниясының жарғысына
ҚОСЫМША

      Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының жарғылық капиталындағы құрылтайшылардың қатысу үлесі

      Армения Республикасы - 450 000 000 (төрт жүз елу миллион) Ресей рублі - жарғылық капиталдың 3 (үш) пайызы

      Беларусь Республикасы - 4 500 000 000 (торт миллиард бес жүз миллион) Ресей рублі - жарғылық капиталдың 30 (отыз) пайызы

      Қазақстан Республикасы - 3 000 000 000 (үш миллиард) Ресей рублі - жарғылық капиталдың 20 (жиырма) пайызы

      Қырғыз Республикасы - 300 000 000 (үш жүз миллион) Ресей рублі - жарғылық капиталдың 2 (екі) пайызы

      Ресей Федерациясы - 6 750 000 000 (алты миллиард жеті жүз елу миллион) Ресей рублі - жарғылық капиталдың 45 (қырық бес) пайызы.

      Осы мәтін 2022 жылғы 20 қазанда Ереван қаласында қол қойылған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімнің орыс тіліндегі түпнұсқа данасы болып табылатынын куәландырамын.

      Келісімге қол қойылды:

      Армения Республикасынан - Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.В.Пашинян;

      Беларусь Республикасынан – Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Р.А.Головченко;

      Қырғыз Республикасынан - Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы - Президент Әкімшілігінің Басшысы А. У. Жапаров;

      Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.А.Смайылов;

      Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы М.В. Мишустин.

      Келісімнің түпнұсқа данасы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінде сақталады.

      Ресей Федерациясы
Сыртқы істер министрлігінің
Құқықтық департаменті
директорының орынбасары
И. Коткова

      2022 жылы "11" қараша

      Осымен қоса беріліп отырған мәтін Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімнің мемлекеттік тілдегі дәлме-дәл көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция вице-министрі
      Қ. Төребаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады