Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыруды және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.
Ескерту. Тақырыбы мен кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Конституциялық 1999.05.06. № 377 Заңымен. I тарау.
Жалпы ережелер
1-бап. Республика Парламентiнiң мәртебесi
Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiк мерзiмi
1. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзiмi - бес жыл. Кезекті сайланған Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және келесі сайланған Парламенттің біріншi сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады. Бұл орайда Парламент сайланымының кезектiлігі Мәжіліс сайланымының кезектілігімен айқындалады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.
2. Парламенттiң және Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртіппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. № 377, 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.3-бап. Республика Парламентi қызметiнiң құқықтық негiздерi
Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Республика Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.
Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. № 377 Заңымен.4-бап. Республика Парламентiнiң құрамы мен құрылымы
1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жылда қайта сайланады.
3. Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.
4. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады.
Алпыс тоғыз депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша саяси партиялардан, жиырма тоғызы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде сайланады.
5. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
6. Сенат пен Мәжiлiс депутаттарын сайлау тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.
Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР Конституциялық 1999.05.06. № 377, 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен. II тарау.
Республика Парламентiнiң құзыретi және оны жүзеге асырудың ұйымдық нысандары
5-бап. Республика Парламентiнiң құзыретi
Парламенттiң Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен және бөлек отырыстарындағы құзыретiн, Палаталардың ерекше құзыретiн Республика Конституциясы белгiлейдi және Парламенттiң сессияларында, Парламент Палаталарының, оның органдары мен депутаттардың қызметiнде жүзеге асырылады.
6-бап. Республика Парламентiнiң сессиялары
1. Парламенттiң сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.
2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.
3. Парламенттiң бiрiншi сессиясында, Сенат Төрағасы мен Мәжiлiс Төрағасы сайланғанға дейiн, Сенат пен Мәжiлiс отырыстарында тиiсiнше Республика Президентi және Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етедi.
4. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап, маусымның соңғы жұмыс күнi бiткенше өткiзiледi.
Жұмыс күндері деп демалыс немесе мереке (ұлттық және мемлекеттік мерекелер) күндері болып табылмайтын күндерді түсіну керек.
5. Парламенттiң сессиясы Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттiң сессиясын, әдетте, Республика Президентi ашады, ал ол болмаған кезде Мәжiлiстiң Төрағасы ашады.
6. Парламенттiң сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкiн.
Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.7-бап. Республика Парламентiнiң сессияларындағы кворум
Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы болады.
8-бап. Республика Парламентi сессияларының жариялылығы
1. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн.
2. Республиканың Президентi, Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерi, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттiк кеңесші мен Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы кез келген, ашық, сондай-ақ жабық отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге хақылы.
3. Мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды тұлғалары, олардың сессияға қатысу қажеттiгi туралы Парламенттiң немесе оның Палаталарының шешiмi қабылданса, Парламентке келiп өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiнiктер беруге мiндеттi. Парламент пен оның Палаталарының Республика Президентiне қатысты осындай шешiмдер қабылдауға хақы жоқ.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.9-бап. Республика Парламентi Палаталарының Төрағалары
1. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжiлiс сайлаған Төрағалар басқарады.
2. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Республика Президентi ұсынады. Сенат қабылдамаған кандидатураның орнына жаңа кандидатура енгiзудi Республика Президентi жүзеге асырады.
3. Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
4. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.
5. Парламент Палаталарының төрағалары:
1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;
2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;
3) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;
5) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;
6) Палаталарға Конституциялық Соттың үш судьясының, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесінің, Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесінің қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;
7) өздерiне Парламент Регламентiмен жүктелетiн басқа да мiндеттердi атқарады.
6. Егер тиiстi палатада дауыс беру кезiнде депутаттардың дауыстары екiге тең бөлiнген жағдайда Палаталардың төрағалары шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
7. Мәжiлiс Төрағасы:
1) Парламент сессияларын ашады;
2) Палаталардың бiрлескен кезектi отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.
8. Сенат Төрағасы мен Мәжіліс Төрағасының Палата төрағасының ұсынуымен Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен тиiстi Палата сайлаған екі-екіден орынбасарлары болады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының уәкiлдiк беруiмен олардың жекелеген функцияларын атқарады, сондай-ақ төрағалар орнында болмаған немесе өз мiндеттерiн жүзеге асыруы мүмкiн емес жағдайда олардың міндетін атқарады. Палаталар төрағаларының орынбасарлары Палаталар төрағаларының ұсынысы бойынша, егер бұл үшiн тиiстi Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн.
9. Палаталардың төрағалары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.10-бап. Республика Парламентiнiң үйлестірушi органдары
1. Парламенттiң үйлестiрушi органдары Палаталар төрағаларының жанынан құрылатын Сенаттың Бюросы және Мәжiлiстiң Бюросы болып табылады.
2. Палаталар Бюроларының құрамына Палаталар төрағаларының орынбасарлары, Палаталардың тұрақты комитеттерiнiң төрағалары кiредi. Мәжіліс Бюросының құрамына Мәжілісте өкілдік ететін саяси партиялар фракцияларының жетекшілері де енеді.
3. Палаталардың Бюролары:
1) Палаталардың комитеттерi мен комиссияларының жұмысын үйлестiрудi жүзеге асырады;
2) Палаталар үшiн Парламент пен оның Палаталарының отырыстарында мәселелерді қараудың кезектiлiгi жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
3) бiрнеше комитеттердiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша комитеттердiң бiрлескен жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетедi;
4) Осы Конституциялық заңмен Парламенттiң басқа органдары мен лауазымды тұлғаларының құзыретiне жатқызылмаған Палаталар жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерiн шешедi.
4. Палаталар Бюроларының отырыстарын Палаталардың төрағалары қажетiне қарай шақырады және олар өз мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06. № 377, 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.11-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс органдары
1. Парламенттiң жұмыс органдары Сенат пен Мәжiлiстің тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен комиссиялары болып табылады.
2. Палаталардың тұрақты комитеттерi заң жобалары жұмысын жүргiзу, Палаталардың құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн құрылады. Тұрақты комитеттер құрылған кезде Палаталар олардың тiзбесi мен сандық құрамын белгiлейдi, содан кейiн тұрақты комитеттердiң мүшелерiн сайлайды. Сенат пен Мәжiлiс құратын тұрақты комитеттердiң саны әр Палатада жетiден аспауға тиiс.
3. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасында келiсу бойынша белгiленедi. Комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әр Палата өздiгiнен жүзеге асырады.
4. Парламент пен оның Палаталарының Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында, 57-бабының 5) және 6)-тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерiн жүзеге асыру мақсатында Парламент Палаталары арнаулы уақытша комиссиялар құрады.
5. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың отырыстары олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан ретте құқылы болады.
6. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
7. Тұрақты комитеттер мен комиссиялардың өкiлеттiктерi мен қызметiнiң тәртiбi заңмен белгiленедi.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. № 200 Заңымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).11-1-бап. Республика Парламенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар
1. Парламенттің және оның Палаталарының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстарды талдап жасау үшін Республика Парламенті мен оның Палаталарының жанынан шешімдері ұсынымдық сипатта болатын консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.
2. Консультативтік-кеңесші органдарды құру тәртібі Парламенттің және оның Палаталарының регламенттерімен айқындалады.
3. Парламент Палаталарының аппараттары Республика Парламенті мен оның Палаталары жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмыс органдары болып табылады.
Ескерту. 11-1-баппен толықтырылды – ҚР Конституциялық 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.12-бап. Парламенттiк тыңдаулар
1. Парламент Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Парламенттiк тыңдаулар өткiзедi.
2. Парламенттiк тыңдауларды Палаталар Бюроларының шешiмдерi бойынша Палаталардың тұрақты комитеттерi өткiзедi әрi олар ашық және жабық нысанда өткiзiлуi мүмкiн.
3. Палаталардың бiрлескен немесе бөлек пленарлық отырыстары болатын күндерi Парламенттiк тыңдаулар өткiзiлмейдi.
4. Парламенттік оппозиция Парламент Мәжілісінің Регламентінде көзделген тәртіппен бір сессия ішінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастама жасауға құқылы.
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.06.2020 № 339-VI Конституциялық заңымен (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).13-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң актiлерi
1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, соның iшiнде Конституциялық заңдар, Парламенттiң қаулылары түрiндегi заң актiлерiн қабылдайды. Сенат пен Мәжiлiс өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулыларды қабылдайды.
2. Парламент пен оның Палаталары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлiмдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актiлер қабылдауға хақылы. Оларды қабылдау Парламент пен оның Палаталарының регламенттерi белгiлеген шарттар мен талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Парламент Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырысында заңдар мен өзге актiлердi қабылдаған ретте дауыс беру Палаталар бойынша бөлек өткiзiледi.
4. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Республика Конституциясына қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
5. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртiбi арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. № 377, 2006.12.11. № 200 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.14-бап. Республика Парламентi мен оның Палаталарының Регламентi
1. Парламент Регламенті, оның Палаталарының регламенттері:
1) Сенат пен Мәжілістің бірлескен және бөлек отырыстарын өткізудің шарттары мен тәртібін;
2) Парламенттің және оның Палаталарының жұмыс органдарын құру тәртібін;
3) Парламенттің және оның Палаталарының, олардың жұмыс органдарының қызметін ұйымдастыруды;
4) Парламент депутаттарының және лауазымды адамдарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруының шарттары мен тәртібін белгілейді.
Мәжіліс Регламенті, осы тармақта көзделген ол реттейтін мәселелерден басқа, саяси партиялардың фракцияларын ұйымдастырудың және жұмыс тәртібінің ерекшеліктерін айқындайды.
2. Парламенттiң Регламентi, Сенат пен Мәжiлiстiң регламенттерi тиiсiнше Парламенттiң қаулысымен, оның Палаталарының қаулыларымен бекiтiледi.
3. Парламент депутаттарының оның конституциялық өкiлеттiгiн жүзеге асыруды мақсат етiп, регламенттермен белгiленген шарттар мен рәсiмдер сақталмай өткiзiлетiн кез келген отырысы заңсыз болып табылады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болып табылады.
Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. III тарау.
Республика Парламентiндегi заң шығару процесi
15-бап. Заң шығару бастамашылығы
1. Заң шығару бастамашылығы құқығы субъектiнiң Парламент қарауға мiндеттi заң жобасының және Парламенттiң өзге заң актiсiнiң мәтiнiн ресми енгiзуi заң шығару бастамашылығы болып табылады.
2. Заң шығару бастамашылығы құқығы тек Мәжiлiсте ғана жүзеге асырылады және ол:
1) заңнамалық актінің жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешімін арнайы жолдаумен ресімдейтін Республика Президентіне;
1-1) заңнамалық актінің жобасын Мәжіліске енгізу туралы шешімін тиісті ұсынумен ресімдейтін Парламент депутаттарына;
2) заң құжатының жобасын Мәжiлiске енгiзу туралы шешiмiн Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылдайтын Республика Үкiметiне берiледi.
3. Республика Президенті, депутаттар және Үкiмет енгiзген заңнамалық актiлердiң жобалары осы баптың 3-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Мәжiлiс қаулысымен Мәжiлiстiң тиiстi тұрақты комитеттерiне қарауға жiберiледi әрi бұлар жөнiнде Мәжiлiстiң тұрақты комитеттерiнiң тұжырымдары болған ретте ғана оның пленарлық отырысында қаралуы мүмкiн.
3-1. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында заң жобаларын қарау тәртібі Парламент Регламентінде айқындалады.
4. Мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты арттыруды көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң тұжырымы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
5. Заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асыру тәртiбiне байланысты өзге мәселелердi Мәжiлiс Регламентi шешедi.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.16-бап. Парламенттiң заңдар қабылдау жөнiндегi құзыретi
1. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне;
2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
3) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттiк және әскери қызметтiң негiздерiне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне;
7) бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
2. Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда, Республика Үкіметі осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді өз жауапкершілігімен қабылдауға құқылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданылады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.17-бап. Республика Парламентiнiң заң актiлерi жобаларын қарауының кезектiлiгi мен мерзiмiн белгiлеу
1. Заңдар мен Парламенттiң өзге актiлерiнiң жобаларын қараудың кезегiн Парламент, оның Палаталары, сондай-ақ Конституцияда белгiленген реттерде Республика Президентi белгiлейдi.
2. Республика Президентiнің Парламентке арнайы жолдауымен заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi.
Республика Президенті қаралуы басым деп белгілеген заң жобаларын Парламент Палаталарының қарау тәртібі Республиканың Конституциясында және Парламенттің және оның Палаталарының регламенттерінде айқындалады.
3. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.1. Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған заң Сенатқа беріледі, ол онда алпыс күннен асырмай қаралады.
Мәжіліс заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдамауға құқылы. Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.
Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер Сенат заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамаса, онда заң Мәжіліске қайтарылады. Бұл ретте Сенат Мәжіліске заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясын ұсынуға құқылы.
Егер Сенат алпыс күннің ішінде тиісті шешім қабылдамаса, заң Президенттің қол қоюына беріледі.
2. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мәжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған және Сенат мақұлдаған болып есептеледі және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.
Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына сол көпшілік дауыспен қарсылық білдірсе, сондай-ақ егер Сенат заңды тұтастай мақұлдамаса, Палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.
Заңның келісу комиссиясы тұжырымдаған редакциясы осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен Мәжілістің және Сенаттың қарауына жатады.
Мәжіліс келісу комиссиясы ұсынған редакциядағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мәжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бойынша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді.
Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растаса, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.
Егер заң Мәжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.
3. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм бiлдiру туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенiм бiлдiру туралы мәселе қойылған кезден бастап кемінде қырық сегiз сағаттан соң өткiзiледi. Егер сенiмсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс әр Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.
"Жыл" деген уақыт кезеңі деп осы тармаққа қатысты алғанда ағымдағы жылды (1 қаңтар – 31 желтоқсан аралығы) түсінген жөн.
4. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар, конституциялық заңдардың жобалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен енгізілген заңдардың жобалары Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында қаралады.
Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.19-бап. Республиканың заңдарын Республика Президентiне қол қоюға ұсыну
1. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
2. Парламент қабылдаған заңдар қабылданған күнiнен бастап он күннiң iшiнде Парламент Палаталарының әрқайсысы Төрағасының қолдарымен, сондай-ақ егер заң жобасын Үкiмет енгiзсе, Премьер-Министрдiң қолымен алдын ала бекемделiп, Республика Президентiнiң қол қоюына ұсынылады, ол Парламент ұсынған заңға бір ай iшiнде қол қояды, оны жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылау және дауысқа салу үшiн Парламентке қайтарады. Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін берілетін бір айлық мерзім Қазақстан Республикасының Президенті заңды алған күннен бастап есептеледі және келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мерзiмнiң iшiнде қайтарылмаған заң қол қойылды деп саналады.
4. Егер Парламент сессиясы заңды Президенттiң қайтаруы ықтимал мерзiм бiткенше жабылған болса, Президент заңды Парламенттiң кезектi сессиясының алғашқы күнi қайтарады.
Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.20-бап. Республика Парламентiнiң Республика Президентiнiң қарсылықтарын қарауы
1. Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қайта талқылау және дауысқа салу бір ай мерзім ішінде өткізіледі, бұл мерзім қарсылықтар жіберілген күннен басталады және келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады. Қазақстан Республикасы Конституциясы 59-бабының 4-тармағында және 61-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бір айлық мерзім, егер ол уақыты жағынан Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағында белгіленген Парламент жұмысының сессия өтетін кезеңімен сәйкес келмейтін болса, үзіледі.
Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді.
2. Республика Президентінің қарсылықтарымен қайтарылған заң немесе оның баптары Мәжілістің тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін Палатаның шешім қабылдауы үшін Мәжілістің жалпы отырысына шығарылады.
Егер Мәжіліс дауыс беру қорытындылары негізінде Президенттің қарсылығын еңсермесе, онда Президент қарсылықтарын Парламент Палаталарының одан әрі қарауы тоқтатылады және заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
Егер Мәжіліс Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, онда заң Президент қарсылықтарын қоса әрі қарай қарау үшін Сенатқа беріледі.
Сенаттың тиісті тұрақты комитеті қорытынды әзірлегеннен кейін заң немесе оның баптары Мемлекет басшысының қарсылықтарын қоса Сенаттың жалпы отырысына шығарылады. Егер Сенат дауыс беру қорытындылары негізінде Президенттің қарсылығын еңсермесе, онда заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
Егер Сенат Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, онда Президенттің заң бойынша қарсылығы еңсерілді деп есептеледі. Бұл жағдайда заң немесе тиісінше оның баптары Парламент бірінші рет қабылдаған редакциясында қабылданды деп есептеледі және Президент осы заңға ол қол қоюға ұсынылған кезден бастап бір ай ішінде қол қояды.
3. Қарсылықтарды Мәжілісте қарау барысында Республика Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, өзі қарсылықтарда ұсынған заңның тұтастай не оның тиісті жекелеген баптарының редакциясын өзгертуге құқылы.
4. Парламент Палаталарының отырыстарында заң немесе оның жекелеген баптары қайтадан талқыланған және дауысқа салынған кезде дауысқа салу, егер Президенттің қарсылықтары заңға тұтастай туындаған болса, - заң бойынша тұтас, не Республика Президентінің қарсылықтарын туғызған баптар бойынша өткізіледі.
5. Егер Республика Президентінің қарсылығы Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға енгізілген болса, онда Парламент қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде Палаталардың бірлескен отырысында Республика Президентінің қарсылығын туғызған конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның баптары бойынша қайта талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Парламент әр Палата депутаттары жалпы санының төрттен үш көпшілік даусымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен. IV тарау.
Парламент Палаталарының Президентке Республиканың лауазымды адамдарын қызметке тағайындауға келісім беру, қызметке сайлау, тағайындау және оларды қызметтен босату жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы, Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін кандидатуралар бойынша Парламент Мәжілісімен консультациялар өткізу
Ескерту. IV-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. IV-тарау жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
21-бап. Парламент Палаталарының келісімімен Президент қызметке тағайындайтын, Парламент Палаталары қызметке сайлайтын, тағайындайтын және қызметтен босататын лауазымды адамдар
Парламент Палаталарының келісімімен Республика Президенті қызметке тағайындайтын, Парламент Палаталары қызметке сайлайтын, тағайындайтын және қызметтен босататын Республика лауазымды адамдарының тізбесі Республика Конституциясында айқындалады.
22-бап. Парламент Палаталарының Республиканың лауазымды адамдарын қызметке тағайындау, қызметке сайлау және қызметтен босату жөнінде Республика Президентіне келісім беру тәртібі
1. Республика Президенті Премьер-Министрді қызметке тағайындауға Парламент Мәжілісінің келісімін, сондай-ақ Республиканың Конституциялық Соты Төрағасын, Ұлттық Банкі Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындауға Сенаттың келісімін алу үшін, Сенаттың Республика Жоғарғы Сотының Төрағасын, судьяларын және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қызметке сайлауы және қызметтен босатуы үшін Парламент Палаталарына тиісті жазбаша ұсынулар енгізеді, солардың негізінде тиісті мәселені Парламенттің тиісті Палатасының таяудағы отырысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.
2. Премьер-Министрді тағайындауға Парламент Мәжілісінің келісімі Палата отырысында беріледі.
2-1. Республика Президенті Республиканың Конституциялық Соты Төрағасын, Ұлттық Банкі Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауға Сенаттың келісімі алдын ала не кейінгі сипатта болады және Палата отырысында беріледі.
3. Сенаттың Жоғарғы Сот Төрағасын, судьяларын және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қызметке сайлауы мен қызметтен босатуы үшін ұсынылған кандидатуралар мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейін Сенат Бюросының шешімімен белгіленген Сенаттың тиісті комитетінің отырысында талқылануға тиіс. Кандидатураларды қараудың нәтижелері негізінде комитет әрбір талқыланған кандидатура бойынша Палата отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.
4. Тиісті Палата отырысында қызметке тағайындауға келісім беру туралы, қызметке сайлау және қызметтен босату туралы мәселе қаралған кезде қызметке кандидатураларды Республика Президенті немесе ол уәкілеттік берген Республиканың лауазымды адамы таныстырады.
5. Тиісті Палатаның отырысында:
1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
2) депутаттар ұсынылған кандидатты "жақтап" немесе "қарсы" пікірлер білдіруі мүмкін.
6. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.
7. Егер Парламенттің тиісті Палатасы Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындауға келісім беру туралы, қызметке сайлау туралы шешімдер қабылдамаған жағдайда, Президент тиісті Палатаға нақ осы адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынулар енгізеді.
8. Егер Сенат Жоғарғы Сот Төрағасын, судьяларын және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қызметтен босату туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Президент Сенатқа осы мәселе бойынша қайта ұсыну енгізуге хақылы.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.22-1. Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін кандидатуралар бойынша Парламент Мәжілісімен консультациялар өткізу
1. Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін Республика Президентіне ұсынылатын кандидатуралар бойынша Парламент Мәжілісімен оның тиісті бейінді тұрақты комитеттерінде консультациялар өткізіледі.
2. Тиісті комитеттің отырысында консультациялар өткізу кезінде қызметке кандидатураларды Республиканың Премьер-Министрі немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.
3. Консультациялардың қорытындысы бойынша тиісті комитет талқыланатын әрбір кандидатура бойынша консультативтік (ұсынымдық) сипатта болатын қорытынды шығарады.
Ескерту. IV-тарау 22-1-баппен толықтырылды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).23-бап. Парламент Палаталарының ұсынылған кандидатуралар бойынша шешімдер қабылдауы
1. Парламент Мәжілісі мен Сенаты қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға және қызметтен босатуға келісім беру туралы шешімдерді Парламенттің тиісті Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.
2. Егер тиісті Палата дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, шешімдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
3. Шешімдер тиісті Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресімделеді.
4. Қызметке тағайындауға, қызметке сайлауға және қызметтен босатуға келісім беру үшін Президент ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда тиісті Палатаның шешімінде қабылдамаудың толық дәлелдемесі болуға тиіс.
23-1-бап. Парламент Палаталарының Республика лауазымды адамдарын қызметке тағайындау тәртібі
1. Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз Конституциялық Соттың үш судьясын қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қызметке тағайындау Палатаның отырысында жүзеге асырылады. Палатаның қызметке тағайындауы үшін осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың ұсынылған кандидатуралары мәселе Палатаның отырысында қаралғанға дейін Палата Бюросының шешімімен белгіленген Палатаның тиісті комитетінің отырысында талқылануға тиіс.
Кандидатураларды қараудың нәтижелері негізінде комитет әрбір талқыланған кандидатура бойынша Палата отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.
3. Тиісті Палата отырысында қызметке тағайындау туралы мәселе қаралған кезде қызметке кандидатураларды тиісті Палатаның Төрағасы таныстырады.
4. Тиісті Палатаның отырысында:
1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;
2) депутаттар ұсынылған кандидатты "жақтап" немесе "қарсы" пікірлер білдіруі мүмкін.
5. Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкін.
6. Егер Парламенттің тиісті Палатасы ұсынылған кандидатуралар бойынша қызметке тағайындау туралы шешімдер қабылдамаған жағдайда, Төраға тиісті Палатаға нақ осы адамдарға немесе жаңа кандидатураларға жазбаша ұсынулар енгізеді.
7. Парламент Мәжілісі мен Сенаты осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды қызметке тағайындау туралы шешімдерді Парламенттің тиісті Палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылдайды.
8. Егер тиісті Палата дауыс берудің өзгеше тәртібін белгілемесе, шешімдер әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
9. Шешімдер тиісті Палатаның қаулыларымен әр кандидатура бойынша жеке ресімделеді.
10. Қызметке тағайындау үшін Палата Төрағасы ұсынған кандидатуралар қабылданбаған жағдайда тиісті Палатаның шешімінде қабылдамаудың толық дәлелдемесі болуға тиіс.
Ескерту. 23-1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.V тарау. Республика Парламентi депутаттарының мәртебесi
24-бап. Республика Парламентiнiң депутаты
1. Парламент депутатының өкілеттігі оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген кезден басталады. Депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант береді: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін". Ант қабылдауды Президент өзі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
2. Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге де жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы ереженің бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен осы Конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
4. Партиялық тізім бойынша сайланған Парламент Мәжілісі депутаты саяси партияның басшы органының шешімімен кері шақырылып алынған жағдайда, оның өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
5. Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық мәслихаттары атынан өкілдік ететін депутаттар болып табылатын таңдаушылардың бірлескен отырысында сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігі осы таңдаушылардың шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
6. Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
7. Парламент Мәжілісінің депутаты өз мандатынан:
1) конституциялық заңға сәйкес өзі партиялық тізім негізінде сайланған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сәйкес өзі партиялық тізім негізінде сайланған саяси партия қызметін тоқтатқан;
3) бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты сайлаушылар конституциялық заңда айқындалған тәртіппен кері шақырып алған кезде айырылады.
8. Парламент депутатының өкілеттігі осы баптың 3 және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутатының өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғатын негіздердің басталу фактісін көрсетіп қаулы қабылдайды және Парламенттің тиісті Палатасына Парламент депутатының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыну енгізу туралы шешім қабылдайды.
Орталық сайлау комиссиясының ұсынуы негізінде Парламент Палатасы тиісті Парламент депутатының өкілеттігін тоқтатады.
9. Парламент депутатының өкілеттігі осы баптың 4, 5 және 7-тармақтарында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде Орталық сайлау комиссиясы тиісті адамның Парламент депутатының өкілеттігін жоғалтқаны жөніндегі фактіні көрсетіп қаулы қабылдайды.
10. Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.25-бап. Республика Парламентi депутатының өкiлеттiгi
1. Депутат Парламент сессиясында және өзi құрамына кiретiн оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
2. Парламент депутаты:
1) Парламент пен оның Палаталарының үйлестiрушi және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
2) сессияның күн тәртiбi, талқыланатын мәселелердi қарау тәртiбi мен олардың мәнi жөнiнде ұсыныстар мен ескертпелер енгiзуге;
3) Парламент Палаталары сайлайтын немесе тағайындайтын не Парламент Палаталары тағайындауға келiсiм беретiн лауазымды тұлғалардың кандидатуралары жөнiнде өз пiкiрiн айтуға;
4) Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында қарау үшiн ұсынылатын мәселелер бойынша Палаталар Бюросына ұсыныстар енгiзуге, ал оның ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Палаталардың пленарлық отырыстарының қарауына енгiзуге;
5) Парламент пен оның Палаталары органдарының отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсынуға;
6) Парламент Палаталарына есептi лауазымды тұлғалардың есебiн немесе хабарламасын Парламент сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгiзуге;
7) заңда белгiленген тәртiппен депутаттық сұрау салуға;
8) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырысқа төрағалық етушiге сауалдар беруге;
9) дауысқа салу себептерi бойынша өзiнiң ұсыныстарын негiздеп сөйлеуге, анықтама беруге;
10) Парламент қабылдайтын заңдардың, қаулылардың, басқа да актiлердiң жобаларына түзетулер енгiзуге;
11) Парламент депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар үндеулерiмен таныстыруға;
12) Парламент отырыстарының стенограммалары мен хаттамаларындағы депутаттардың сөйлеген сөздерiнiң мәтiндерiмен танысуға;
13) осы Конституциялық заңға, Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiне сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға хақылы.
Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. № 377, 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.26-бап. Депутаттың Парламент сессияларына, оның Палаталарының отырыстарына қатысуы
1. Депутат Парламенттiң және өзi құрамына сайланған оның органдарының жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте дауыс берудi депутаттың жеке өзi ғана жүзеге асырады.
2. Палатаның Төрағасы, не тиiсiнше депутат мүшесi болып табылатын органның басшысы регламентпен белгiленген мерзiмде депутатқа сессиялардың, орган отырыстарының өткiзiлетiн уақыты мен орны туралы, сондай-ақ олардың қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутатқа хабарлайды, оған осы мәселелер бойынша қажеттi материалдарды бередi.
3. Депутат мәжiлiске келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда бұл туралы Палатаның Төрағасына не тиiсiнше Парламент органының немесе оның Палатасының басшысына күнiбұрын хабарлайды.
4. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға беруi депутатқа осы Конституциялық заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
5. Палаталар Бюроларының, олардың тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiретiн депутат кез келген мәселелер мен ұсыныстарды қарауға енгiзуге, мәселелердi қарауға әзiрлеуге, олар бойынша шешiмдердi талқылап, қабылдауға, сондай-ақ қабылданған шешiмдердiң жүзеге асырылуын ұйымдастыруға, олардың орындалуын бақылауға қатысуға хақылы.
6. Өзi құрамына кiретiн Парламент органының шешiмiмен келiспеген депутат Парламент сессиясында өз көзқарасын баяндауға немесе ол туралы төрағалық етушiге жазбаша түрде хабарлауға хақылы.
7. Палаталар Бюроларының, олардың тиiстi тұрақты комитеттерiнiң, Парламент комиссияларының және оның Палаталарының құрамына кiрмейтiн депутат аталған органдардың отырыстарына қатысып, ұсыныстар енгiзе алады, қаралатын мәселелердi талқылауға және кеңесшi дауыс құқығымен шешiмдердi қабылдауға қатыса алады. Депутат Палаталар Бюроларының, тұрақты комитетiнiң немесе комиссиясының шешiмiмен келiспеген жағдайда өз ұсыныстарын заң жобасына, қаулы жобасына түзетулер ретiнде енгiзе алады. Депутат енгiзген түзетулер Парламент сессиясында қаралады әрi оларды дауысқа салу өткiзiледi.
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. № 377 Заңымен.27-бап. Депутаттық сауалдар мен сұрақтар
Ескерту. 27-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 232-V Конституциялық заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Депутаттық сауалдар Парламент Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында депутаттың мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде Парламент сессиясында негiзделген түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы болып табылады.
2. Парламент депутатының Премьер-Министр мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банк Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорға, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасына, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы мен мүшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдеріне сауал жолдауға құқығы бар. Бұл ретте, Бас Прокурорға не құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жолданған сауал қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асырумен байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасына жолданған сауалдарды қарау Парламенттің немесе оның Палаталарының жабық отырыстарында жүргізіледі.
3. Сауал жазбаша түрде енгiзiлуi мүмкiн және Парламент сессиясында жария етiлуге тиiс.
4. Өздерiне сауал жолданған лауазымды тұлғалар Парламент сессиясында ол жөнiнде ауызша немесе жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi. Сауалға жазбаша жауап әрi кеткенде бiр ай мерзiмде табыс етiлiп, сессияда жария етiледi. Сауалға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткiзiлуi мүмкiн. Депутат сауалға қайтарылған жауапқа өз пiкiрiн бiлдiруге хақылы.
5. Қажет болған кезде сауалға берiлген жауап пен оны талқылау нәтижелерi бойынша Парламенттiң немесе оның тиiстi Палатасының қаулысы қабылданады. Сауал мен оған берiлген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкiн.
6. Депутаттар Палаталардың бiрлескен және бөлек отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкiметi мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы мен мүшелерiне ауызша сұрақтар қоюға хақылы. Сұраққа жауап осы отырыста, ал жауап беру үшiн қосымша даярлық қажет болған ретте үш күн мерзiм iшiнде қайтарылады.
Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 232-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.28-бап. Депутаттың лауазымды тұлғалармен кiдiрiссiз қабылдану құқығы
1. Депутаттық қызмет мәселелерi бойынша депутат мемлекеттiк органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекеттiк ұйымдарға бөгетсiз кiру құқығын, сондай-ақ олардың басшыларымен және басқа да лауазымды тұлғаларымен кiдiрiссiз қабылдану құқығын пайдаланады.
2. Қызметi мемлекеттiк құпияларға байланысты ұйымдарға депутаттың кiрiп-шығу тәртiбi заңмен белгiленедi.
29-бап. Депутаттардың қызметiн ақпараттық қамтамасыз ету
1. Республика Парламенті Палаталарының аппараттары депутатты Парламент қабылдаған құжаттармен, сондай-ақ Парламент пен оның органдарының, басқа да мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ресми таратылатын ақпараттық және анықтамалық материалдарымен қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды тұлғалары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мәселелер жөнiнде консультациялық көмек көрсетедi.
Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).30-бап. Депутаттардың қызметiн материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету
1. Парламент депутаттарына жалақы Республика Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртiппен белгiленедi.
2. Республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiгi мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттiк тұрғын-үй қорынан және заңдарда белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi.
3. Парламент депутатының өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Парламент қызметi туралы ұдайы хабардар етiп отыруы, Парламенттiң, оның Палаталары мен органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн әрбiр депутатқа:
1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;
2) сайлау округтерiне iссапарларға шығып тұру құқығы берiледi. Бұл ретте iссапар шығыстары Республика Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
4. Парламенттiң, оның Палаталары мен олардың органдарының тапсырмаларын орындау үшiн депутат iссапарларға жiберiлген жағдайда оған заңдарда белгiленген нормалар бойынша iссапар шығыстары төленедi.
5. Депутаттарға Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторийлік-курорттық қызмет көрсету Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
5-1. Парламенттің депутатына оның өкілеттік мерзімі аяқталған соң, сондай-ақ ол отставкаға кеткен немесе Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайда және ол жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлік жасқа жеткен кезге дейiн ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде, бiрақ өкілеттігі тоқтатылған немесе отставкаға кету туралы өтініш қанағаттандырылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт жәрдемақы төленедi.
Ескерту. 30-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.04.11. № 91-I, 1999.03.12. № 348-І, 1999.05.06. № 377, 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.31-бап. Депутаттың өкiлеттiгiн жүзеге асыруының кепiлдiктерi
1. Депутаттық қызметiн атқаруына бөгет жасау мақсатымен депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс.
32-бап. Депутатқа ешкiмнiң тиiспеуі
1. Қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа кезде, Парламент депутатын өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
2. Депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге немесе сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келiсiм алу үшiн Бас Прокурор Сенатқа не Мәжiлiске ұсыну енгiзедi, мұны Палаталар тиiстi Палатаның отырысында қарауға әзірлеу үшiн Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ұсыну күдіктінің іс-әрекеттерін саралау туралы қаулымен депутатты таныстырудың алдында, ұстап алудың, оны күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға санкция беру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінудің, күштеп әкелудің, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi сотқа жiберудiң алдында енгiзiледi.
Бас Прокурордың ұсынуы және Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы олар келiп түскен күннен бастап екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады және Палата тиiстi лауазымды адамдардан қосымша ақпарат беруді талап етуге құқылы. Палата уәждi шешiм қабылдайды және оны Республиканың Бас Прокурорына және анықтау мен алдын ала тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттiк органының басшысына үш жұмыс күні iшiнде жiбередi. Депутат өзiне ешкiмнiң тиiспеуі туралы мәселенi Палата қараған кезде қатысуға құқылы.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін. Парламент депутаты қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімін алғанға дейін, бірақ бір тәулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып, жалғастырылуы мүмкін. Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Бас Прокурор жүзеге асырады.
4. Орталық сайлау комиссиясы iс бойынша шешiм қабылдаған тиiстi соттан Парламент депутатын айыптау бойынша iстi қарау нәтижелерi туралы ақпаратты сұратып алады және оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, тиiстi Палатаға депутаттық мандаттан айыру туралы ұсыну енгiзедi.
Ескерту. 32-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2014 № 232-V Конституциялық заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).33-бап. Депутатқа қолданылуы мүмкiн жазалау шаралары
1. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспаған жағдайда оған қатыспаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады. Депутат Палаталар мен оның органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз бiр айдан артық қатыспаған жағдайда ол осы Конституциялық заңның 30-бабының 1, 3, 4, 5-тармақтарымен өзiне берiлген барлық материалдық, қаржылық және әлеуметтiк-тұрмыстық қамтамасыз ету жағдайларынан айырылады. Бұл жөнiндегi шешiмдi депутат Палата отырысына немесе Палаталардың бiрлескен отырысына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Төрағасы, ал Палата органдарының отырыстарына қатыспаған жағдайда тиiстi Палатаның Бюросы қабылдайды.
2. Депутат өзiнiң даусын басқа бiреуге берген жағдайда Палата Бюросының шешiмiмен оған дауысты басқа бiреуге беруге жол берiлген күн үшiн жалақы төлеуден, ал дауыс басқа бiреуге қайталап берiлген жағдайда айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.
3. Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен белгiленген депутаттық әдеп ережелерiн бұзған жағдайда тиiстi Палата Төрағасының шешiмiмен депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) парламенттiк мiнеу;
2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;
3) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының бойында сөз бермеу;
4) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысының бойында сөз бермеу;
5) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек бiр отырысының уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
6) Палаталардың бiрлескен немесе бөлек үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;
7) бiр күндiк еңбекақысынан айыру.
4. Депутатқа аталған шараларды қолдануға байланысты мәселелердi әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Депутаттардың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына келуiн, сондай-ақ депутаттың өз даусын басқа бiреуге беруiне жол берiлмеуiн бақылауды Орталық сайлау комиссиясының мүшелерi жүзеге асырады.
5. Мәжіліс депутаттарына осы бапта көзделген жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге Мәжілісте өкілдік ететін, құрамына депутаттар кіретін саяси партиялардың фракциялары бастамашы болуы мүмкін.
Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. № № 377, 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.34-бап. Республика Парламентiндегi депутаттық бiрлестiктер
1. Парламент депутаттары саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.
2. Саяси партияның фракциясы - заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиядан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол тиісті саяси партияның мүдделерін білдіру мақсатында Парламент Мәжілісінде құрылады. Саяси партия фракциясындағы ең аз адам саны Парламент Мәжілісінің Регламентімен айқындалады. Саяси партия фракциясының құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары кіре алады. Депутаттың бір ғана саяси партия фракциясының құрамында болуға құқығы бар.
2-1. Саяси партиялар фракцияларының басшыларына, ал олар болмаған жағдайда не олардың уәкілеттік беруі бойынша саяси партиялар фракцияларының өкілдеріне Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдау мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеу құқығына кепілдік беріледі.
3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында Парламенттің кемінде он бес депутаты болуға тиіс.
4. Саяси партиялардың фракцияларын тіркеу - Парламент Мәжілісінің Бюросында, депутаттық топтарды тіркеу Парламент Палаталарының Бюроларында жүзеге асырылады. Саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтарды тіркеу келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі.
5. Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың фракциялары мен Парламенттегі депутаттық топтардың өкілеттігі, ұйымдастырылуы мен қызметі, олардың жұмысын қамтамасыз ету Парламент пен оның палаталарының регламенттерінде айқындалады.
Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда – ҚР Конституциялық 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 02.06.2020 № 339-VI (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.34-1-бап. Парламенттік көпшілік және парламенттік оппозиция
1. Парламенттік көпшілік – Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттардың ең көп санын алған саяси партия.
2. Парламенттік оппозиция – Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін және парламенттік көпшілікке кірмейтін, әдетте, әлеуметтік-экономикалық және (немесе) қоғамдық-саяси мәселелер бойынша парламенттік көпшілікке қарағанда өзге позиция ұстанатын саяси партия немесе саяси партиялар.
Парламенттік оппозиция жекелеген мәселелер бойынша парламенттік көпшілік партиясын қолдауы мүмкін.
3. Парламенттік оппозиция осы Конституциялық заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес парламенттік тыңдау өткізуге бастама жасауға, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің Регламентінде көзделген тәртіппен бір сессия ішінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы.
Ескерту. V-тарау 34-1-баппен толықтырылды - ҚР 02.06.2020 № 339-VI Конституциялық заңымен (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).35-бап. Депутаттық куәлiк және депутаттың омырауға тағатын белгiсi
1. Депутаттың депутаттық куәлiгi және депутаттың омырауға тағатын белгiсi болады, бұларды оған сайланған депутат ретiнде тiркелгеннен кейiн Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бередi. Депутат депутаттық куәлiк пен омырауға тағатын белгiнi өз өкiлеттiк мерзiмi iшiнде пайдаланады.
2. Республика Парламентi депутатының куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi, олардың үлгiлерi мен сипаттамасы туралы ережелердi Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.
VI тарау.
Қорытынды ережелер
36-бап. Республика Парламентінің және Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату
1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.
Республика Президентінің Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн көрсетілген бір жылдық мерзімнің басталу кезі болып табылады. Бұл мерзім келесі жылдың тиісті айында және күн санында аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.
3. Мәжіліс таратылған жағдайда Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі қызметін уақытша, Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанға дейін Сенат атқарады.
Мұндай жағдайда Сенаттың конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау тәртібі Сенат Регламентінде айқындалады.
Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.37-бап. Республика Парламентiнiң жұмыс тiлдерi
Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
38-бап. Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру
Республика Парламентiнiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
39-бап. Республика Парламенті Палаталарының Аппараттары
1. Парламент қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз етуді Сенат пен Мәжілістің бөлек аппараттары жүзеге асырады.
2. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының құрылымы мен штат санын белгілеуді, оларды жасақтауды Парламент қызметін қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражаты шегінде Палаталардың Бюролары жүзеге асырады.
3. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметі Республиканың мемлекеттік қызмет туралы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Парламенттің немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты, Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған және оның депутаттары жаңа құрамының сайлануы жағдайында Сенат пен Мәжілістің аппараттарындағы мемлекеттік қызметшілердің жұмысы тоқтатылмайды.
5. Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметкерлері мәртебесі, жалақы мөлшері мен деңгейі, материалдық, қаржылық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етудің өзге де жағдайлары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының тиісті қызметкерлеріне теңестіріледі.
Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда – ҚР 2007.06.19. № 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 222-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.40-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгiзу тәртiбi
Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР Конституциялық 1999.05.06. № 377 Заңымен.
Қазақстан Республикасының Президенті |