Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 1998 жылғы 7 қазандағы N 284-I

      I. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 4, 217-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1. 33-баптың 4-тармағында "Мемлекеттiк қызметшiнiң жасы алпыс жастан, ал ерекше жағдайларда алпыс бес жастан аспауға тиiс" сөздерi алынып тасталсын.
      2. 41-бапта:
      1-тармақта "бес" сөзi "жетi" сөзiмен алмастырылсын;
      2-тармақта "отыз бес" сөздерi "қырық" сөзiмен алмастырылып, "және алпыс бес жастан аспаған" сөздерi алынып тасталсын;
      4-тармақ алынып тасталсын;
      5-тармақта "Егер сайлаушылардың елу процентiнен астамы дауыс беруге қатысқан болса, сайлау өткiзiлдi деп есептеледi." сөздерi алынып тасталсын.
      3. 42-бапта:
      2-тармақта "Президент кезектен тыс сайлауда сайланған ретте ант беру сайлау нәтижелерi жарияланған күннен бастап бiр ай iшiнде өткiзiледi" сөздерi "Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған адам Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған күнiнен бастап бiр ай iшiнде ант бередi." сөздерiмен алмастырылсын;
      4-тармақ алынып тасталсын.
      4. 44-баптың 7) тармақшасы "Төрағасын" сөзiнен кейiн "және екi мүшесiн" сөздерiмен толықтырылсын.
      5. 48-бап мынадай редакцияда жазылсын:
                               "48-бап
 
      1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына көшедi; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттiк лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.".
      6. 49-баптың 2-тармағында "Парламенттiң өкiлеттiк мерзiмi - төрт жыл" сөздерi алынып тасталсын.
      7. 50-бапта:
      2-тармақта "Парламент өкiлеттiгi мерзiмiне" сөздерi "Сенат өкiлеттiгi мерзiмiне" сөздерiмен алмастырылсын;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Мәжiлiс жетпiс жетi депутаттан тұрады. Алпыс жетi депутат Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi ескерiле отырып құрылатын және шамамен сайлаушылардың саны тең бiр мандатты аумақтық сайлау округтерi бойынша сайланады. Он депутат бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланады.";
      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.".
      8. 51-бапта:
      2-тармақта "екi жыл" сөздерi "үш жыл" сөздерiмен алмастырылсын;
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Бiр мандатты аумақтық сайлау округi бойынша тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қала мен республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың немесе таңдаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Егер кандидаттардың бiрде-бiрi аталған дауыс санын ала алмаған жағдайда, қайтадан дауыс беру жүргiзiледi, оған неғұрлым көбiрек дауыс санын алған екi кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың немесе таңдаушылардың неғұрлым көбiрек дауыс санын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Мәжiлiске сайлаудың қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды партиялық тiзiмдер негiзiнде бөлуге дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемiнде жетi процентiнiң даусын алған саяси партиялар жiберiледi. Егер дауыс беруге таңдаушылардың елу процентiнен астамы қатысса, Сенатқа сайлау өткiзiлдi деп есептеледi. Республика Парламентi депутаттарын сайлау тәртiбi конституциялық заңда айқындалады.".
      9. 52-баптың 3-тармағында "Парламент депутатының өкiлеттiгi, тоқтатылған немесе мерзiмi аяқталған жағдайда оның бұрынғы жұмысын (қызметiн) сақтауға немесе нақ сондай жұмыс (қызмет) тауып беруге кепiлдiк берiлмейдi." сөздерi алынып тасталсын.
      10. 56-баптың 4) тармақшасында "және оның кезектен тыс сайлауын тағайындау" сөздерi алынып тасталсын.
      11. 57-бапта:
      1) тармақшада "екi" сөзi "үш" сөзiмен алмастырылсын;
      6) тармақша:
      "егер Республика Президентi мұндай өтiнiштi қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен алғашқы өтiнiш берiлген күннен бастап алты ай өткеннен кейiн Республика Президентiнiң алдында Үкiмет мүшесiн қызметiнен босату туралы мәселенi қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi Үкiмет мүшесiн қызметiнен босатады." сөздерiмен толықтырылсын.
      12. 66-бапта:
      2) тармақшада "әзiрлеп" сөзi алынып тасталсын.
      9) тармақша алынып тасталсын.
      13. 68-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдауда дербестiкке ие әрi өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң алдында жеке-дара жауап бередi. Үкiметтiң жүргiзiп отырған саясатымен келiспейтiн немесе оны жүргiзбейтiн Үкiмет мүшесi орнынан түсуге өтiнiш бередi не ол лауазымнан босатылуға тиiс.".
      14. 75-баптың 2-тармағы мынадай сөйлеммен толықтырылсын:
      "Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқа заседательдерiнiң қатысуымен жүзеге асырылады.".
      15. 82-баптың 4-тармағы "Президентi" сөзiнен кейiн "тағайындаған Төраға" сөздерiмен толықтырылсын.
      16. 87-баптың 4-тармағында "Өзге әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерiн олардан жоғары тұрған әкiмдер тағайындайды" сөздерi "Өзге әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi қызметке Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен тағайындалады немесе сайланады." сөздерiмен алмастырылсын.
      17. 91-баптың 1-тармағы "Егер Республика Президентi Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк даусымен Парламент осы өзгерiстер мен толықтыруларды Конституцияға енгiзу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлдi деп есептеледi. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар, егер олар үшiн дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi." сөздерiмен толықтырылсын.
      18. 94-баптың 1-тармағы "Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiмен Республика Президентi өкiлеттiгiнiң қазiргi мерзiмi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған Республика Парламентiнiң қаулысымен қысқартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда Парламент Мәжiлiсi бiр ай iшiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бiр ай iшiнде ант бередi және жетi жылдан кейiн желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiлуге тиiс кезектi Президент сайлауында сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскенге дейiн өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.".
      19. 95-бап мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:
      "2. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Мәжiлiсi депутаттарын партиялық тiзiмдер негiзiнде сайлау туралы ережелерi екiншi шақырылатын Парламент Мәжiлiсi депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады.".
      II. Осы Заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi. 

     Қазақстан Республикасының
           Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады