Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 6 қараша N 1173. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004.10.28. N 1113 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентiнің "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрі жетiлдiру шаралары туралы" 2002 жылғы 28 тамыздағы N 931  Жарлығын  iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi (бұдан әрi - Министрлiк) туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi;
      3) Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң мемлекеттiк мекемелерi-аумақтық органдарының тiзбесi бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Қоршаған ортаны қорғау комитетi таратылсын.

      3. Министрлiктiң үш, оның iшiнде бiр бiрiншi вице-министрi болуына рұқсат берiлсiн.

      4. Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң мемлекеттiк мекемелерi-аумақтық органдары Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң мемлекеттік мекемелерi-аумақтық органдары болып қайта ұйымдастырылсын.
      Министрлiк қаулының осы тармағын iске асыру жөнiнде өзге де шаралар қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген республикалық мемлекеттiк кәсіпорындардың тiзбесінде:
      "Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгi" деген бөлiмнің атауы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi";
      91-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: "Қоршаған ортаны қорғау ақпараттық-талдау орталық" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсіпорны";
      2) <*>
       Ескерту. 2)-тармақшаның күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.04.01. N 314   қаулысымен.

      6. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнің кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      7. Министрлік бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасы Үкiметiнің бұрын қабылданған шешiмдерiн осы қаулыға сәйкес келтiру туралы ұсыныстар енгiзсiн.

      8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң  
2002 жылғы 6 қарашадағы       
N 1173 қаулысымен          
бекiтілген              

  Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау
министрлігі туралы ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi (бұдан әрi - Министрлiк) қоршаған ортаны қорғау саласындағы басшылықты, салааралық үйлестiрудi және мемлекеттiк бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
      Министрлiктiң мемлекеттiк мекемелердiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы аумақтық органдары - облыстық, Астана және Алматы қалаларындағы қоршаған ортаны қорғау басқармалары және республикалық инспекциялық басқармасы болады.

      2. Министрлiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Yкiметiнiң кесімдерiне, өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Министрлiк мемлекеттік мекеменi ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы мемлекеттiк тілде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қаржы министрлiгiнiң қазынашылық органдарында және банктерде шоттары болады.
      Министрлiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түceдi.
      Министрлiктiң, егер заңнамаға сәйкес оған уәкiлеттік берiлген болса, мемлекеттiң атынан түсуге құқығы бар.

      4. Министрлiк қабылдайтын шешiмдер Министрдiң бұйрығымен ресiмделеді.

      5. Министрлiктiң ережесiн және штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      6. Министрлiктiң заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Жеңiс даңғылы, 31.

      7. Министрлiктiң толық атауы - "Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi" мемлекеттiк мекемесi.

      8. Осы Ереже Министрлiктiң құрылтай құжаты болып табылады.

      9. Министрлiктiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      Министрлiкке Министрлiктiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындауға кәсiпкерлiк субъектілермен шарт қатынасына түсуге тыйым салынады.
      Егер Министрлiкке заң актiлерiмен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыруға құқық берілген болса, онда осындай қызметтен алынған кiрiс мемлекеттiк бюджет кiрiсiне бағытталады.

  2. Министрлiктің негізгі мiндеттерi, функциялары
және құқықтары

      10. Министрлiктiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды және табиғатты қорғау заңнамасын, экологиялық талаптар нормативтерiн сақтауды қамтамасыз ету;
      2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік басқару және бақылау жүйесiн, өзiнің құзiретi шегiнде қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық әдiстерiн жетілдiру;
      3) қоршаған ортаны қорғау жүйесiн оңтайландыру және табиғатты пайдалану жүйесін оңтайландыруға қатысy;
      4) қолданыстағы заңнаманы жетiлдiру;
      5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және қатысу;
      6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпараттық тарату жүйесiн және ағартушылықты дамыту.

      11. Министрлiк заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) қоршаған ортаны қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзедi және мемлекеттiк экологиялық бағдарламалардың орындалуын ұйымдастырады;
      2) өз құзыретi шегiнде шаруашылық және де өзге қызметке экологиялық нормативтер мен экологиялық талаптарды бекiтедi немесе келiседi, ластағыш заттардың қоршаған ортаға шығарындылары мен төгінділеріне, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын орналастыруға лимиттер мен квоталар белгiлейдi;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен шаруашылық қызметтің экологиялық қауiптi түрлерiне, зиянды заттардың қоршаған ортаға шығарындылары мен төгiндiлерiне лицензия бередi;
      4) қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалануды басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органдардың қызметiн үйлестiредi;
      5) қоршаған ортаның мемлекеттiк мониторингі бойынша жұмыс жүргiзедi, сондай-ақ қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бiрыңғай жүйесiне басшылықты жүзеге асырады, үлгiлiк ережелердi бекiтедi және өндiрiстiк мониторинг бағдарламаларын келiседi;
      6) республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсiн білдiредi, сондай-ақ олардың орындалуын ұйымдастырады;
      7) қоршаған ортаның жай-күйін бағалауды қамтамасыз етедi және Қазақстан Республикасының Үкiметiне хабардар етедi;
      8) мемлекеттiк экологиялық сараптаманы ұйымдастырады және жүргiзедi және экологиялық сараптама қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
      9) қоршаған ортаға тигiзетiн әсердi бағалауды және оны жүргізу тәртiбiн қоса алғанда, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргiзу жөнiндегi нұсқамалық-әдістемелік құжаттарды белгiленген тәртіппен әзiрлейдi және бекiтедi;
      10) табиғатты қорғауды жобалауға, нормалауға және экологиялық сараптама саласындағы жұмыстарға белгiленген тәртiппен лицензиялар берудi жүзеге асырады;
      11) қоршаған ортаны қорғау саласындағы сараптама комиссияларының дербес құрамын анықтайды;
      12) гидрометеорологиялық жағдай мен онымен аралас салалардағы мониторингті және талдауды жүзеге асырады;
      13) қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми зерттеулер бағдарламасын әзiрлейдi және бекiтедi;
      14) қоршаған ортаны қорғау саласында ақпараттық-талдама жұмысты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      15) өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы, табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын, оның iшiнде:
      атмосфералық ауаға зиянды заттардың шығарындыларының белгiленген нормативтерiн, өндiрiстiк объектілердiң санитарлық-қорғау аймақтарының режимiн, атмосфералық ауаны қорғау стандарттарын, ережелерi мен өзге де талаптарды сақтауды;
      жерлердi техногендiк ластанудан қорғауды, топырақ құнарлылығын қорғауды, қалпына келтiру және арттыру жөнiндегi iс-шаралар кешенiн орындауды;
      табиғи ресурстарды пайдалану лицензияларында және мемлекеттiк сараптаманың қорытындыларында белгiленген шарттарды сақтауды, табиғатты пайдалануға арналған шарттарды (келісім-шарттарды) орындауды;
      су ресурстарын ұтымды пайдалануды, жер үстi суларын ластанудан, тозаңдану мен азудан қорғауды, суды пайдалану және су бөлу лимиттері (нормалары) мен ережелерiн, сондай-ақ суды пайдалану режимiн, сарқынды сулардың төгілу тәртiбi мен шарттарын сақтауды;
      радиациялық қауiпсiздiк талаптарын сақтауды;
      өнеркәсiптiк, тұрмыстық және де өзге қалдықтарды көму (қоймаға салу) кезiнде табиғатты қорғау шараларын орындауды;
      жер қойнауын пайдалану және минералдық шикiзатты қайта өңдеу кезiнде экологиялық нормалар мен ережелердi, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру мен пайдалану кезiндегi талаптарды сақтауды;
      пестицидтердi, минералдық тыңайтқыштарды, басқа да химиялық заттарды қолдану, сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату жөнiндегі нормалар мен ережелердi сақтауды;
      табиғатты қорғау мақсаттарына бағытталған күрделi салымдарды игерудi;
      жануарлар мен өсiмдiктер әлемiн қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптарды, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы табиғатты қорғау режимiн сақтау;
      жоғалып кету қаупi төнген жануарлар мен өсiмдiктердiң жабайы түрлерiн елге кiргiзу мен оның шегiнен шығару талаптарын орындауды мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      16) меншiк нысанына қарамастан, шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      17) қоршаған ортаны қорғау саласындағы талдау зертханаларының жұмысын бiрыңғай ғылыми-әдiстемелiк негiзде ұйымдастырады;
      18) заңнамаға сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды;
      19) Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген жағдайларда және тәртіппен тауарлардың экспорты мен импортына лицензиялар беру туралы шешімдерді келiседi;
      20) қоршаған ортаны қорғау саласындағы қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-әрекет етедi;
      21) қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысады;
      22) өзiне заңнамамен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      12. Министрлiк негiзгi мiндеттердi iске асыру және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшiн заңнамада белгiленген тәртiппен мыналарға құқылы:
      1) өз құзыретi шегiнде лицензиялауды жүзеге асыруға және лицензияларды келiсуге;
      2) өз құзыретi шегiнде табиғатты пайдалануға, оның iшiнде ластағыш заттардың қоршаған ортаға шығарындылары мен тастандыларына, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын көму мен сақтауға рұқсаттар беруге;
      3) меншiк нысанына қарамастан, ұйымдар мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қызметiне зертханалық-талдамалы бақылауды жүзеге асыруға;
      4) шаруашылық қызметтiң қауiптi түрлерiне, ластағыш заттардың қоршаған ортаға шығарындылары мен тастандыларына, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын орналастыруға байланысты табиғатты пайдалануға арналған шарттар (келiсiм-шарттар) жасасуға;
      5) өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаның сапа нормативтерiн және шаруашылық және өзге де қызмет бойынша экологиялық талаптарды, оның iшiнде:
      атмосфераға шығарындылардың, жер үстi және жер асты суларына тастандылардың шектi рұқсат етілген нормативтерiн қоса алғанда, қоршаған ортаға әсер ету нормативтерiн, зиянды заттардың рұқсат етiлген көмiлу көлемi мен қалдықтардың жергiлiктi жер рельефiнде және жер қойнауында орналастырылу нормативтерiн;
      қоршаған ортаны ластағаны үшiн, оның iшiнде атмосфераға шығарындылар, жер үстi және жер асты суларына тастандылар үшiн, зиянды заттардың көмiлуi мен қалдықтардың жергiлiктi жер рельефiнде және жер қойнауында орналастырылуы үшiн төлемдер нормативтерiн бекітуге және келiсуге;
      6) мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдар мен жеке тұлғалардан қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мемлекеттiк экологиялық сараптаманы, мемлекеттік бақылауды және мониторингті жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
      7) өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жаза қолдануға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұзу туралы iстер бойынша сот анықтауларында мемлекет атынан қуыну талаптарын қоюға және қуынушы болуға;
      8) табиғатты қорғау заңнамасын сақтау мәселесi бойынша тексерулер жүргiзуге және заңнамада белгiленген тәртiппен ұйымдардың құрылыстар мен объектiлердiң жұмысын шектеу және тоқтату, оларды пайдалану үшiн iске қосуға тыйым салу, экологиялық талаптарды бұзып жүзеге асырып жатқан шаруашылық және өзге де қызметтi шектеу немесе тоқтату туралы ұйғарым шығаруға немесе осы қызметтi тоқтату туралы ұсыныстар енгiзуге;
      9) белгiленген тәртiппен Министрлiк қызметiнiң мәселелерi бойынша халықаралық ұйымдармен өзара iс-әрекет етуге;
      10) заңнамада көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.

  3. Министрлiктiң мүлкі

      13. Министрлiктiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады. Министрлiктің мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен қалыптасады және негiзгі қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Министрлiктiң теңгерiмінде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады.

      14. Министрліккe бекiтiлiп берiлген мүлiк республикалық меншікке жатады.

      15. Министрлiктiң бекiтiлiп берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе оған өзге тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ. Министрлiкке заңнамада белгiленген жағдайларда және шектерде мүлікке билік ету құқығы берілуі мүмкін.

  4. Министрлiктiң қызметiн ұйымдастыру

      16. Министрлікті Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Министр басқарады. Министрдің, оның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары - вице-министрлерi болады.

      17. Министр Министрліктiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Министрлiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн жауап бередi.

      18. Министр осы мақсатта:
      1) өз орынбасарлары мен Министрлiктің құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының міндеттерi мен өкiлеттiктерiн айқындайды;
      2) заңнамаға сәйкес Министрлiк аппаратының қызметкерлерiн, аумақтық органдар мен ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк ұйымдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен штат санының лимитi шегiнде Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi мен оның аумақтық органдарының құрылымы мен штат санын айқындайды;
      4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы бас мемлекеттік экологиялық сарапшыларды және бас мемлекеттік инспекторларды тағайындайды;
      5) заңнамада белгiленген тәртiппен Министрлiктiң қызметкерлерiне, сондай-ақ Министрлiктiң аумақтық органдарының басшыларына тәртіптік жаза, сондай-ақ көтермелеу шараларын қолданады;
      6) Министрлiктің бұйрықтарына қол қояды;
      7) ведомстволары туралы ережелерден басқа, Министрліктiң аумақтық органдары және Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      8) басқа мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда Министрлiктi білдiредi;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      19. Министрлiктің Министрдiң жанындағы консультативтік-кеңесшi орган болып табылатын алқасы болады. Алқаның сандық және дербес құрамын Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының қатарынан Министр бекiтедi.
      Министрлiк жер қойнауын, қоршаған ортаны қорғаудың және табиғи ресурстарды пайдаланудың проблемалық мәселелерiн қарау мақсатында ғылыми-техникалық кеңес, мемлекеттiк экологиялық сараптама кеңесiн, басқа да кеңестер мен жұмыс топтарын құрады. Кеңестер туралы ережелер мен олардың дербес құрамын Министр бекiтеді.

  5. Министрліктi қайта ұйымдастыру және тарату

      20. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң  
2002 жылғы 6 қарашадағы       
N 1173 қаулысымен          
бекiтiлген            

  Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау
министрлiгiнiң қарамағындағы ұйымдардың
тiзбесi

       ЕСКЕРТУ. Тізбеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.05. N 1240  қаулысымен .

      "Қазгидромет" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорны.
      "Қазавиамет" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорны.
      "Қоршаған ортаны қорғау ақпараттық-талдау орталығы" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорны.
      Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.<*>

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң  
2002 жылғы 6 қарашадағы       
N 1173 қаулысымен          
бекiтiлген            

  Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң
мемлекеттiк мекемелерi - аумақтық органдарының тiзбесi

Ақмола облысы

      1. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Ақмола облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Ақтөбе облысы

      2. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Ақтөбе облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Алматы облысы

      3. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Алматы облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Атырау облысы

      4. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Атырау облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Шығыс Қазақстан облысы

      5. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Жамбыл облысы

      6. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Жамбыл облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Батыс Қазақстан облысы

      7. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Батыс Қазақстан облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Қарағанды облысы

      8. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Қарағанды облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Қостанай облысы

      9. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Қостанай облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Қызылорда облысы

      10. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Қызылорда облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Маңғыстау облысы

      11. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Маңғыстау облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Павлодар облысы

      12. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Павлодар облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Солтүстiк Қазақстан облысы

      13. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Солтүстiк Қазақстан облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Оңтүстiк Қазақстан облысы

      14. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Оңтүстiк Қазақстан облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Aстана қаласы

      15. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгінiң қалалық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

      16. Республикалық қоршаған ортаны қорғау инспекциялық басқармасы.

Алматы қаласы

      17. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгінiң қалалық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң  
2002 жылғы 6 қарашадағы        
N 1173 қаулысына           
қосымша               

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 12 қарашадағы N 1693  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 50, 489-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгінiң Орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитетi мен оның қарауындағы жекелеген ұйымдардың мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 10 ақпандағы N 198  қаулысының  9-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 5-6, 74-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қоршаған ортаны қорғау комитетiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 17 ақпандағы N 260  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 9-10, 100-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 2 наурыздағы N 347  қаулысының  6-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 13-14, 134-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 25 мамырдағы N 793  қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстердiң 2 және 4-тармақтары (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 24, 278-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 16 қаңтардағы N 51  қаулысының  1-тармағының 1) және 2) тармақшалары (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 1-2, 14-құжат).

      7. "Геология, экология және табиғи ресурстар ақпараттық-талдау орталығы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнын қайта ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 16 қаңтардағы N 55  қаулысының  7-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 1-2, 15-құжат).   

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады