"Қазақстан Республикасының кейбiр заң актілерiне экологиялық аудит мәселелерi бойынша толықтырулар мен өзгерiстер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 желтоқсандағы N 1285 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне экологиялық аудит мәселелерi бойынша толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба  

Экологиялық аудит мәселелерi бойынша кейбiр заңнама
актілеріне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы
Қазақстан Республикасының Заңы

       1-бап. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілсiн:

      1. "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегi  Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 17-18, 213-құжат; 1998 ж., N 24, 443-құжат; 1999 ж., N 11, 357-құжат; N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 13-14, 171-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2004 ж., N 10, 57-құжат):
      1) 1-бап мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      "экологиялық аудит - экологиялық қатерлердi анықтау мен бағалауға, олардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормалар мен ережелердi, экологиялық талаптарды, табиғи ресурстарды пайдалану мен молайту жөніндегі есептілiкті жасаудың, белгіленген стандарттармен қоршаған ортаны басқару және олардың қызметiнің экологиялық қауiпсiздiгiнiң деңгейін арттыру жөнiндегi нұсқамаларды әзiрлеу жүйесiнің сәйкестiгiн жасаудың дұрыстығын қоса, сақтауды белгілеуге бағытталған қоршаған ортаға әсерiн көрсететiн аудиттелетiн субъектілердiң (жеке және заңды тұлғалар) шаруашылық және өзге де қызметін тәуелсіз тексеру;
      экологиялық менеджмент жүйесi (қоршаған ортаны басқару жүйесi) - экологиялық саясатты әзірлеу, енгiзу, iске асыру, талдау және қолдау үшiн қажеттi ұйымдастырушылық құрылымын, жоспарлауды, жауапкершілiктi, әдiстердi, рәсiмдi, процестер мен ресурстарды қамтитын әкiмшiлiк басқарудың жалпы жүйесінiң бөлiгi;
      экологиялық аудиторларды аттестациялау - экологиялық аудитті жүргiзу үшін оған қажеттi жеке тұлғада бiлiм алуының, жұмыс тәжiрибесiнiң, арнайы дайындықтың, білiмдерiнiң, дағдылары мен жеке қасиеттерiнің өз еркiмен болуын растау;
      экологиялық аудитке тапсырыс берушi - мүдделi заңды және жеке тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, қаржы салушылар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік органдар.";
      2) 8-баптың екiншi бөлiмiн мынадай мазмұндағы он бiрiншi және он екiншi абзацтармен толықтырылсын:
      "экологиялық аудиторларды аттестациялау және арнайы біліктілiк комиссиясын құру ережесiн бекітедi;
      экологиялық аудитті өткiзу қажеттілігi туралы қорытынды нысанын бекiтедi;";
      3) 16-баптада "жыл сайын" деген сөз алынып тасталсын;
      4) 20-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы сегiзiншi абзацпен толықтырылсын:
      "экологиялық менеджмент жүйесiн өндiрiске енгізуге (қоршаған ортаны басқару жүйесiне);";
      5) 81, 82, 83-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "81-бап. Экологиялық аудит

      Экологиялық аудит қоршаған ортаға әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыратын аудиттелетін субъектiлердің экологиялық есептiлiгін талдау, өндiрiстiк-технологиялық процестің, персоналдың біліктілiгi мен дайындылығын, қоршаған ортаны ластауға аудиттелетін субъектінiң нақты үлесін белгiлеу үшін арнайы зерттеулер мен зертханалық өлшеулер өткiзудi, қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормалар мен ережелердi, экологиялық талаптарды, табиғи ресурстарды пайдалану және молайту жөнiндегi есептілікті жасаудың дұрыстығын, стандарттарға белгiленген ұйымда қабылданған қоршаған ортаны басқару жүйесінің сәйкестігін қоса, сақтауды белгілеудi бағалау жолымен жүргiзіледi.

      82-бап. Экологиялық аудиторлық қызмет

      Экологиялық аудиторлық қызмет - экологиялық аудитті жүргiзу жөнiндегi экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдардың лицензияланатын кәсiпкерлiк қызметi.

      83-бап. Экологиялық аудиттi жүзеге асыру тәртiбi

      1. Мiндеттi экологиялық аудит және бастамашылық экологиялық аудит экологиялық аудиттің түрлерi болып табылады.
      2. Жеке және заңды тұлғалардың мiндеттi экологиялық аудитін жүргiзу үшін мыналар негiз болып табылады:
      1) стратегиялық трансшекті және экологиялық қауiпті объектілердi құру;
      2) құжатты түрде расталған жеке және заңды тұлғалардың қызметiмен келтiрiлген қоршаған ортаға зиян;
      3) табиғат қорғау мәселелерiне жататын жеке және заңды тұлғалардың eceптік құжаттамасына, қоршаған ортаға әсер етудiң нақты деңгейiне жүйелiк сәйкессiздiктердi табу;
      4) заңды тұлғаларды - табиғат пайдаланушыларды қайта ұйымдастыру;
      5) стратегиялық және трансшектi объектілердiң иелерi болып табылатын, сондай-ақ қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың банкроттығы.
      3. Міндеттi экологиялық аудиттi жүргiзу туралы шешiмдi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi орган қабылдайды және экологиялық аудитті жүргiзудiң қажеттілігі туралы қорытынды түрiнде ресiмделедi.
      4. Міндетті экологиялық аудиттің нәтижелерi табиғат қорғауды жоспарлау, бақылау және сараптау саласындағы шешімдердi қарау және қабылдау үшін қоршаған ортаны қорғау саласында уәкілетті органына беріледi. Экологиялық аудиторлық қорытынды, сондай-ақ облыс, аудан аумағында - облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiкті атқарушы органдарына, сақтандыру ұйымдарына берілуi және аталған органдардың бiреуiнiң не аудиттелетiн объектінің өзара келiсiмi бойынша жариялануы мүмкін.
      5. Бастамашылық экологиялық аудит экологиялық аудитті жүргiзуге арналған шартпен қаралған мiндеттердi ескере отырып, аудиттелетін субъектінің бастамашылығы бойынша жүргiзіледi. Бастамашылық экологиялық аудиттiң нәтижесi құпия болып табылады. Экологиялық аудитерлiк қорытынды аудиттелетін субъектiнің шешiмi бойынша жариялануы, ұсынылуы облыс, аудан аумағында - облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiктi атқарушы органдарына, сақтандыру ұйымдарына, инвесторларға, сондай-ақ танысу үшiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға берiлуi мүмкiн.
      6. Экологиялық аудитті өткiзу тәртiбi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайды.
      7. Экологиялық аудит экологиялық аудитермен құралады және аудиттелетiн субъекті не тапсырыс берушiмен келiсiле отырып, экологиялық аудит өткiзетiн жоспармен сәйкес өткiзіледi. Экологиялық аудит өткiзетiн жоспардың үлгілiк нысаны экологиялық аудиторлар палатасы бекiтедi де ұсынымдық сипатта болады.".
      6) мынадай мазмұндағы 83-1, 83-2, 83-3, 83-4, 83-5, 83-6, 83-7, 83-8, 83-9, 83-10, 83-11, 83-12, 83-13, 83-14, 83-15, 83-16 және 83-17-баптарымен толықтырылсын:

      "83-1-бап. Экологиялық менеджмент жүйелерінiң (қоршаған
                 ортаны басқармалары жүйесінiң) аудитi

      1. Экологиялық менеджмент жүйелерiнiң аудитi (қоршаған ортаны басқармалары жүйесiнiң) бастамашылық болып табылады.
      2. Аудиттелетін кәсiпорындар экологиялық аудит стандарттарына қоршаған ортаны басқарудың қабылданған жүйесiне сәйкестігiне сертификат алуы мүмкiн.
      Сертификатты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган келiсiмi бойынша аккредиттелген орган бередi.

      83-2-бап. Экологиялық аудитор

      1. Экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыруға аттестацияны өткен және лицензия берiлген жеке тұлға экологиялық аудитор болып табылады.
      2. Экологиялық аудитор жеке кәсiпкер ретiнде немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметкерi ретiнде экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқылы.

      83-3-бап. Экологиялық аудиторлық ұйым

      1. Экологиялық аудиторлық ұйым - өндiрiстiк кооперативтi және мемлекеттік кәсiпорындарды қамтымағанда, кез келген ұйымдастырушылық-құқықтық нысандағы экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшiн құрылған коммерциялық ұйым.
      2. Шетелдiк экологиялық аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында экологиялық аудитті тиiсті экологиялық аудиторлық ұйымдарды - Қазақстан Республикасының резиденттерiн құрған жағдайда ғана жүзеге асыра алады.
      3. Экологиялық аудиторлық ұйымның құрамындағы экологиялық аудиторлардың саны кемiнде екi адамнан тұруы тиiс.

      83-4-бап. Экологиялық аудиторлар палатасы

      1. Экологиялық аудиторлар палатасы заңды құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру үшін құрылған коммерциялық емес, тәуелсiз, кәсiби және өздігінен басқарылатын ұйым болып табылады.
      2. Экологиялық аудиторлар палатасы заңды тұлға болып табылады және оның мүшелерi жалпы жиналыста қабылдаған жарғы негiзiнде жұмыс iстейдi.
      3. Экологиялық аудиторлар палатасы ерiктi негiзде экологиялық аудиторларды, экологиялық аудиторлық ұйымдарды бiрiктiредi және мүшелiк жарна әрi Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қаржыландырылады.
      4. Экологиялық аудиторлар палатасының құрылымы мен жұмыс органдары оның жарғысымен айқындалады.
      5. Экологиялық аудиторлар палатасы:
      1) жалпы басшылықты жүзеге асырады және өз мүшелерiнің қызметiн үйлестіредi;
      2) экологиялық аудит өткiзетiн Жоспардың үлгілiк нысанын бекiтедi;
      3) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда өз мүшелерінiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды, экологиялық аудиторлық қызметтi дамытуда оларға көмек көрсетедi және жәрдем жасайды;
      4) лицензиарды өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндетті сақтандыру шартын жасаудан экологиялық аудиторлардың жалтаруы және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де талаптарын бұзуы жағдайында хабарландырады;
      5) экологиялық аудиторларды тағылымдамадан өткiзудi және оқытуды ұйымдастырады;
      6) экологиялық аудиторлардың заңсыз қызметiне жеке мен заңды тұлғалардың шағымдары мен өтiнiштерiн қарайды.
      6. Экологиялық аудиторлар палатасы Қазақстан Республикасының қоғамдық ұйымдар туралы заңнамасына сәйкес өз қызметiн жүзеге асырады.

      83-5-бап. Лицензиялар беру

      Экологиялық аудиторларға және экологиялық аудиторлық ұйымдарға лицензияны Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi орган бередi.

      83-6-бап. Экологиялық аудит жүргiзуге шарт

      Экологиялық аудиторлар, экологиялық аудиторлық ұйымда және аудиттелетiн субъектілер арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарт негізiнде құрылады.

      83-7-бап. Экологиялық аудиторлық есеп

      1. Жүргiзiлген экологиялық аудит нәтижелерi бойынша экологиялық аудит стандарттарына сәйкес келуi тиiс экологиялық аудиторлық есеп жасалады.
      2. Жеке кәсiпкер болып табылатын экологиялық аудитор жасаған экологиялық аудиторлық есепке ол қол қояды және оның жеке мөрiмен куәландырылады. Экологиялық аудит жүргiзуге тартылған, экологиялық аудиторлық есеп жүргiзген экологиялық аудиторлар тобындағы әр экологиялық аудитор қол қояды және жеке мөрiмен куәландырылады.
      Экологиялық аудиторлық есепте сондай-ақ экологиялық аудитордың лицензияны беру нөмiрi мен күнi көрсетiледi.
      3. Экологиялық аудиторлық ұйымның экологиялық аудиторлық есебiн орындаушы экологиялық аудитор қол қояды, оның жеке мөрiмен куәландырылады, экологиялық аудиторлық ұйымның жетекшiсi бекiтедi және оның мөрiмен куәландырылады.
      Экологиялық аудиторлық есепте, сондай-ақ экологиялық аудиторға лицензия берген күнi және нөмiрi қойылады.

      83-8-бап. Экологиялық аудит стандарттары

      1. Экологиялық аудит стандарттары деп экологиялық аудитке бiрыңғай талаптар белгілейтiн нормативтiк құжаттар түсініледi.
      2. Экологиялық аудит стандарттары стандарттау саласындағы заңнама актiлерiмен белгiленген тәртiппен бекiтiледi.

      83-9-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                аудиторлық ұйымдардың құқықтары

      1. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар құқылы:
      1) экологиялық аудитті жүргiзудiң орнын өздігінен айқындауға;
      2) шарт қағидаттарын орындау үшін қажетті шаруашылық құжаттамасын алуға және тексеруге;
      3) осы Заңның 83-14-бабында аталған тұлғалардан басқа, шарт негiзiнде экологиялық аудиттi жүргізуге қатысуға әртүрлi бейiндегi мамандарды тартуға;
      4) экологиялық аудитті жүргізуге шарт қағидаттарын аудиттелетiн субъектінің бұзуы жағдайында экологиялық аудиттi жүргiзуден немесе экологиялық аудиторлық есептi беруден бас тартуға құқылы.
      2. Экологиялық аудиторлар және экологиялық аудиттелетiн ұйымдардың қызметiне аудиттелетiн субъектілер, мемлекеттiк органдардың және үшінші тұлғалардың заңсыз араласуына жол берiлмейдi.

      83-10-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                 аудиторлық ұйымдардың мiндеттерi

      Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар міндетті:
      1) аудиттелетін объекті қызметiнің экологиялық аспектілерiне және оны орналастыру аймағының нақты экологиялық жағдайына жататын барлық қажетті ақпаратты жинауды қамтамасыз етуге;
      2) кәсiпорындағы жағдаймен тiкелей сол жерде танысуға, негізгi және қосымша бөлiмшелерге баруға, персоналмен әңгiмелесу жүргiзуге;
      3) оны өзара салыстыру, өндiрiстiк өлшемдердiң сәйкестiгiн, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган немесе жергілiктi басқару органы берген бағалау жолымен кемiнде екi жыл кезеңi үшiн аудиттелетiн субъектілердiң экологиялық есептілiгін тексеруге;
      4) өндiрiстік және аймақтық мониторингтің деректерiн растау үшін кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының шекарасында қажетті зертханалық өлшеулердi ұйымдастыруға;
      5) өндiрiсті қосу мен тоқтату, апатты және басқа да жағдайларды қоса аудиттелетін объектінiң қызметiмен туындаған қоршаған орта мен халықтың жай-күйiне қолайсыз өзгерiстердің мүмкiндiгiн айқындау жолымен экологиялық қатерлердi бағалауды орындауға мiндетті;
      6) осы Заңның 83-14-бабында көрсетілген жағдай салдарынан экологиялық аудиттi жүргiзудiң мүмкін еместігін хабарлауға;
      7) тексерiс тұжырымдамалары бойынша ұсынымдар әзiрлеуге;
      8) аудиттелетiн субъектiден алынған, экологиялық аудит процесiнде жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
      9) заңнамаға анықталған құжаттардың сәйкессiздiгi туралы аудиттелетін субъектiге хабарлауға;
      10) экологиялық аудит нәтижелерiнің құпиялығын, сондай-ақ экологиялық аудитті жүргiзу кезiнде алынған және коммерциялық немесе өзге заңмен қорғалатын құпияның мәнiн құрайтын мәлiметтердi сақтауға;
      11) Қазақстан Республикасының заңнама кесімдеріне сәйкес ден қою шараларын қолдану үшiн мiндетті экологиялық аудит нәтижесiнде анықталған қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманың анықталған бұзылулары туралы уәкілетті мемлекеттік органға хабарлауға;
      12) экологиялық аудит туралы шарт бойынша мiндеттемеден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.

      83-11-бап. Экологиялық аудиторлық қызметті сақтандыру

      1. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар экологиялық аудиттi жүзеге асыру кезiнде туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілiкті сақтандыру шартын жасауға мiндеттi.
      2. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру Қазақстан Республикасының заңнама кесiмдерiмен айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.

      83-12-бап. Экологиялық аудиторларды аттестациялау

      Экологиялық аудиторларды аттестациялауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы және стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы уәкілетті органдар мамандарының санынан құрылатын, Yкімет айқындайтын тәртіппен арнайы білiктілiк комиссиясы өткiзедi.

      83-13-бап. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық
                 аудиторлық ұйымдардың жауапкершілігі

      Экологиялық аудиторлық қызмет туралы заңнаманы, сондай-ақ шарт жағдайын бұзғаны үшін экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жауапкершілікте болады.

      83-14-бап. Экологиялық аудит жүргiзуге құқықты шектеу

      Экологиялық аудиторлық қызметтi жүзеге асыру кезiнде:
      1) Оның құрылтайшылары, қатысушылары, кредиторлары болып табылатын экологиялық аудитті жүргiзушiлердiң тапсырысшыларының немесе құрылтайшысы, қатысушысы, кредиторы осы экологиялық аудиторлық ұйым болып табылатын экологиялық аудиттi жүргiзудiң тапсырысшыларының экологиялық аудиторлық ұйымдарының;
      2) аудиттелетін субъектi жетекшiсiнiң, сондай-ақ аудиттелетiн субъектi жарғылық капиталының он проценттен астамы бар құрылтайшының немесе қатысушының жақын туысқандары немесе жақындары (ата-аналары, жұбайлары, бауырлары, апа-қарындастары, балалары, сондай-ақ жұбайларының бауырлары, апа-қарындастары, ата-аналары мен балалары) болып табылатын экологиялық аудиторлардың;
      3) онда жеке мүліктік мүдделері бар аудиттелетiн субъектi қызметкерлерінiң, қатысушыларының, лауазымды тұлғаларының санынан экологиялық аудиторлардың;
      4) баланстың активтер сомасы орташа алғанда жылына алғанда 40 000 еселiк айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнен асатын немесе олар үшiн экологиялық аудит мiндетті экологиялық аудит шаруашылық жүргiзушi субъектілердiң жеке кәсiпкерлер санынан экологиялық аудиторлардың экологиялық аудиттi жүргізуiне тыйым салынады.

      83-15-бап. Аудиттелетін субъектінiң құқықтары

      Аудиттелетін субъект құқылы:
      1) тендер немесе өзге iшкi рәсiм негiзiнде экологиялық аудиторлық ұйымдар не экологиялық аудиторды таңдау туралы өздігінен шешiм қабылдауға;
      2) экологиялық аудит жүргiзуге қатысты заңнама талаптары туралы жеткілiкті ақпаратты экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан алуға;
      3) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйымның ескертулерi және қорытындылары негiзделетiн нормативтiк құқықтық актілермен танысуға;
      4) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан анықталған экологиялық есептілiк пен өзге де құжаттардың заңнамаға сәйкессiздiгi туралы нұсқамалар, ақпарат алуға;
      5) олардың шарт жағдайын бұзуы жағдайында экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызмет көрсетуiнен бас тартуға құқылы.

      83-16-бап. Аудиттелетін субъектінің міндеттілігі

      1. Аудиттелетін субъект мiндетті:
      1) экологиялық аудитті уақтылы және сапалы жүргiзу үшiн экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның жағдайын жасауға, қажетті ақпаратты беруге, ауызша және жазбаша түрде түсініктер мен түсiндiрулердi бepугe;
      2) егер, өзге шартпен көзделмесе, экологиялық аудитке жататын мәселелердiң шеңберiн шектеу мақсатымен экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметiне қол сұқпауға;
      3) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның талап етуi бойынша өз атынан қажеттi ақпаратты алу үшiн үшіншi тұлғалардың мекен-жайына жазбаша өтініштi жiберуге;
      4) экологиялық аудиторлар не экологиялық аудиторлық ұйымдардың көрсетілген қызметтерiне төлемақыны қамтамасыз етуге;
      5) экологиялық аудит туралы шарт бойынша мiндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға мiндетті.

      83-17-бап. Аудиттелетін субъектінің жауапкершілігі

      1. Аудиттелетін субъект экологиялық аудитті жүргiзу үшiн экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға берілген құжаттардың және басқа да ақпараттың толықтығы мен растығы үшiн жауапкершілiкте болады.
      2. Аудиттелетiн субъект жалтаратын немесе оны жүргiзуге кедергi келтiретiн субъектiлерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілiкте болады.
      3. Экологиялық аудитті жүргiзу аудиттелетiн субъектіні берiлетiн экологиялық есептіліктiң және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкессiздiгi үшiн жауапкершіліктен босатпайды.".

       2. "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы  Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 1-2, 7-құжат; N 13-14, 205-құжат; 1998 ж., N 14, 198-құжат; N 17-18, 225-құжат; 2000 ж., N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 17-18, 240-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 4, 26-құжат; N 11, 67-құжат):
      2-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Стратегиялық және трансшекаралық объектiлердiң иелерi болып табылатын, заңды тұлғалардың банкроттығы кезiнде мiндетті тәртiппен олардың қызметіне экологиялық аудит жүргiзiледi. Банкрот кәсiпорынның экологиялық аудитті жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.".

      3. "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 наурыздағы  Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 5, 54-құжат):
      1) 6-баптағы 9) тармақша алынып тасталсын;
      2) 11-баптағы 4 және 6-тармақтар алынып тасталсын;
      3) 13-баптың 6-тармағындағы "Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен" деген сөздер алынып тасталсын;
      4) 15-баптың 4-тармағындағы "Қазақстан Республикасының Үкіметi белгiлеген тәртіппен" деген сөздер алынып тасталсын.

       2-бап. Осы Заң ресми 1-баптың 1 тармағы жарияланғаннан кейiн он күн өткен соң, қолданысқа енетінiн қамтымағанда, жарияланған күнiнен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады