"Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту және "Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 1400 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту және «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                        К. Мәсімов

"Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту және "Мемлекеттік
бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы
Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына
толықтыру енгізу туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
      2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында белгіленген мерзімде және тәртіппен Бағдарламаны мониторингтеу және бағалау нәтижелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынсын.
      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      4. «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 25-26, 185-құжат; 2011 ж., № 3-4, 39-құжат; 2012 ж., № 9, 171-құжат; № 47, 626-құжат; 2013 ж., № 11, 200-құжат; № 55, 768-құжат; 2014 ж., № 25, 189-құжат; № 49-50, 501-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік бағдарламалар тізбесі реттік нөмірі 12, мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«12.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

2014 жылғы 10 желтоқсан ға дейін

2015- 2019 жылдар

2014 жылғы 30 желтоқсанға дейін».

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің    
2014 жылғы "  " 
№ Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН     

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы

      1. Бағдарлама паспорты
      2. Кіріспе
      3. Ағымдағы жағдайды талдау
      4. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары және оны іске асырудың нәтижелер көрсеткіштері
      5. Негізгі бағыттар, қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар
      6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері
      7. Қажетті ресурстар

1. БАҒДАРЛАМА ПАСПОРТЫ

Бағдарламаның атауы

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Әзірлеу үшін негіздеме

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарының 4-тармағы

Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі

Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар

Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар

Бағдарламаның мақсаты

Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету мақсатында хаб қағидатында тиімді инфрақұрылым құру негізінде елдің макроөңірлерін ықпалдастыру арқылы бірыңғай экономикалық нарық қалыптастыру

Міндеттер

1. Шұғыла қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым құру.
2. Индустриялық инфрақұрылымды және туристік инфрақұрылымды дамыту.
3. Бірыңғай электр энергетикалық жүйе шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту.
4. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау мен су бұру желілерін жаңғырту.
5. Азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру.
6. Білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту.
7. Кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Іске асыру мерзімі

2015 – 2019 жылдар

Нысаналы индикаторлар

Мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу:
1) 2019 жылы 2014 жылға қарағанда ЖІӨ-нің 32,7 %-ға өсуін қамтамасыз ету;
2) 2015 – 2019 жылдары 402,6 мың адамға арналған жұмыс орындарын құру, оның ішінде:
тұрақты – 94 мың адам;
уақытша – 308,6 мың адам;
3) 2019 жылы базалық инфрақұрылым сапасы бойынша ДЭФ рейтингін 53-орынға дейін жоғарылату.

Қаржыландыру көздері мен көлемі

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен жалпы шығыстар:
2015 жылы – 621 млрд. теңге;
2016 жылы – 525 млрд. теңге;
2017 жылы – 3 млрд. АҚШ долларына дейінгі баламаны құрайды.
Халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен қоса қаржыландырудың индикативтік көлемі шамамен 8,97 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Ұлттық компаниялар мен даму институттарының меншікті қаражаты есебінен қаржыландыру 215,1 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде:
2015 жылы – 31,3 млрд. теңге;
2016 жылы – 30,6 млрд. теңге;
2017 жылы – 61,1 млрд. теңге;
2018 жылы – 72,1 млрд. теңге;
2019 жылы – 20 млрд. теңге.

2. Кіріспе

      Осы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.
      Бағдарлама хаб қағидаты бойынша елдің макроөңірлерін ықпалдастыру арқылы Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын қалыптастыруға бағытталған.
      Макроөңірлерді дамыту және ықпалдастыру көліктік, индустриялық, тұрғын үй, әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымдарды тиімді дамыту негізінде қамтамасыз етілетін болады.
      Осыған байланысты Бағдарламада инфрақұрылымды дамыту және іскерлік белсенділікті қолдау саласында айқын басым бағыттар мен нақты жобалар көзделген.
      Автожол, теміржол салаларында және энергетикада елдің ішкі нарығын кеңейтуге, транзиттік және экспорттық әлеуетті, туризмді ұлғайтуға, сондай-ақ ел макроөңірлерінің тұрақты, теңгерімді энергиямен қамтамасыз етілуін құруға бағытталған басым жобалар іске асырылатын болады.
      Көлік-коммуникациялық, энергетикалық, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық салаларды дамыту құрылыс материалдарына, өнеркәсіп өніміне және жабдықтарға айтарлықтай сұраныс туындатады, бұл дамыған индустриялық инфрақұрылымның жұмыс істеуін талап етеді.
      Макроөңірлерді қалыптастыру шеңберінде индустриялық инфрақұрылымды дамыту инвестициялардың өсуі мен экономиканы әртараптандыру, жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлік белсенділікті қамтамасыз ету үшін қосымша түрткі болады.
      Макроөңірлерде хабтарды қалыптастыру халықтың біршама көшіп-қонуымен ұласатын болады, бұл еңбек нарығына және қалалардың инфрақұрылымына, оның ішінде тұрғын үй қорына жүк түсіреді. Сондықтан тұрғын үй инфрақұрылымы нығайтылады, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту қамтамасыз етіледі.
      Макроөңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын (мектептер, балабақшалар, ЖОО) дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, өйткені адами капиталға инвестициялар экономика мен тұтас елдің орнықты дамуының түйінді факторы болып табылады.
      Осыған байланысты Бағдарлама білім беру саласындағы – авариялық мектептер, үш ауысымдық оқыту, балабақшалардың тапшылығы сияқты неғұрлым өткір проблемаларды, сондай-ақ ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасының проблемаларын шешуге бағытталған.
      Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында өңдеуші өнеркәсіп саласында шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлікті қаржыландырудың қолжетімділігін ұлғайту бойынша қолдау жалғастырылатын болады.
      Тұтастай алғанда, инфрақұрылым мен отандық бизнесті дамытуға мемлекеттік инвестицияларды ұлғайту арқылы Бағдарламаны іске асыру қысқа мерзімді перспективада ғана экономикалық өсуге ықпал етіп қоймай, ұзақ мерзімді перспективада орнықты өсу үшін алғышарт жасайды, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы конъюнктура нашарлаған жағдайда, қазіргі жұмыс орындарын сақтап, жаңаларын құруды қамтамасыз етеді.
      Инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудан кешенді, синергетикалық нәтиже алу үшін ілеспе іс-шаралар қолданыстағы бағдарламалық құжаттар (Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы, Индустриялық-инновациялық дамудың 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – ИИДМБ), Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасыБизнестің жол картасы – 2020Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы, Отын-энергетикалық кешен тұжырымдамасы, Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы) шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

3. Ағымдағы жағдайды талдау

      Әлемдік экономиканың өсу қарқынының баяулауына байланысты сыртқы тәуекелдер ұлғайған және әлемдік нарықтар конъюнктурасы нашарлаған жағдайларда Қазақстан экономикасының орта мерзімді кезеңде орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін ішкі резервтерді іздеу қажет.
      Инфрақұрылымды дамытуға негізделген жаңа экономикалық саясатты қабылдаудың өзектілігін халықаралық тәжірибе айғақтап отыр.
      Айталық, қазіргі уақытта әлемнің аса ірі, дамыған және дамушы экономикаларында жүргізіліп жатқан реформаларды талдау экономикалық саясаттың экономиканың және жұмыспен қамтудың өсуіне ең жоғары мультипликативті әсер ететін салаларды қолдауға қайта бағдарланғанын куәландырады. Бұл, ең алдымен, аса ірі инфрақұрылымдық жобалар.
      2014 жылғы 8 – 12 қазанда Вашингтонда (АҚШ) өткен ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы кездесуінде таяу арадағы жылдары іскерлік және экономикалық белсенділіктің негізгі бастау көзі ретінде инфрақұрылымның дамуын қолдау қажеттігі дамыған және дамушы елдерге негізгі ұсыным болды.
      Қазақстанның географиялық орналасуын тиімді пайдалану және өзінің транзиттік әлеуетін нығайту мақсатында да инфрақұрылымды дамыту қажет. Батыс пен шығысты және солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын маңызды көліктік-экономикалық күре жолға айналу есебінен Қазақстан өзінің артықшылығын нығайта алады.
      ЭЫДҰ бағалауы бойынша 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ екі есе артады, халықаралық сауда айналымы ұлғаяды, бұл көліктік көрсетілетін қызметтерге сұраныстың өсуіне алып келеді. Әуе тасымалдарының көлемі 2030 жылға дейін жылына 4,7 %-ға, жүк тасымалы – 5,9 %-ға, теңізде контейнермен тасымал – 6 %-ға артады. Бұл инфрақұрылымға (телекоммуникациялар мен электр желілерін қоса алғанда) 2030 жылға дейін жылына әлемдік ЖІӨ-нің 2,5 %-ына жуық инвестицияларды талап етеді.
      ДЭФ «The Global Competitiveness Report 2014 – 2015» есебінде «базалық инфрақұрылым сапасы» деген критерий бойынша Қазақстан әлемнің 144 елінің арасында 62-орынға ие.
      Осыған байланысты елде экономиканың тиімділігін арттыру және іскерлік белсенділікті өсіру мақсатында базалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажет.
      Транзиттік әлеуетті тиімді іске асыру индустриялық инфрақұрылымды дамытуға айтарлықтай әсер етеді: жаңа порттар, тауарларды сақтау және өңдеу кешендері талап етіледі.
      Қазақстандық автомобиль жолдары мен теміржолдардың басым бөлігі кеңес заманында жобаланып, салынған. Айталық, автомобиль жолдары мен теміржолдар жүйесі негізінен елдің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыруға бағытталған, бұл елдің басқа өңірлерімен көліктік коммуникациялардың нашар дамуына себеп болды.
      Бүгінгі таңда 33 %-ды құрайтын тозу деңгейінің жоғарылығы және өткізу қабілетінің төмен болуына байланысты қазақстандық дәліздердің танымал болмауы қазақстандық автомобиль жолдарының негізгі проблемалары болып табылады.
      Автомобильдер санының өсуіне байланысты елде жол жүрісі қауіпсіздігінің мәселесі өткір қойылып отыр. Елдің автомобиль жолдарында 2013 жылы ЖКО-да қайтыс болудың стандартталған коэффициенті 100 мың адамға шаққанда 17,5 адамды құрады, ал «жолдардың сапасы» индексі бойынша 90-шы позиция шегінде орналасқан ЭЫДҰ елдерінде бұл индикатордың көрсеткіштері 5,1 адамды құрайды.
      Логистикалық қуаттардың жетіспеуіне, кедендік-әкімшілік рәсімдердің және тасымалдаудың мультимодальдық жүйелерінің ұзақтығына байланысты елдің батысы мен оңтүстігінде негізгі көліктік-логистикалық тораптардың өткізу қабілетінің нашар болуы елдің транзиттік әлеуетіне келеңсіз әсерін тигізеді.
      2001 – 2012 жылдар аралығындағы кезеңде автожолдардың тозуын төмендету үшін жалпы пайдаланымдағы 45,2 мың км автожол жөнделді, оның ішінде 14,8 мың км толық қалпына келтірілді, бұл жалпы пайдаланымдағы автожолдар жай-күйінің 31 %-ға жақсаруына алып келді. Сондай-ақ осы кезеңде жергілікті желінің төрттен бірінен астамында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
      Астананың өңірлермен қатынасын жақсарту үшін республикалық трассалар салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айталық, «Орталық-Оңтүстік» бағыты бойынша 273 км автожолда жұмыстар жүргізіліп жатыр, «Орталық-Шығыс» жобасы бойынша 570 км жол реконструкциялаумен қамтылған, батыс бағытында Ақтау – Бейнеу жолында жұмыстар жүргізіліп жатыр, оны 2016 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
      Автожол саласының жобаларын халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын тарта отырып іске асыру жаңа технологиялар мен материалдарды (цемент-бетон, монолитті көпір салу, қиыршық тас-мастика асфальт-бетоны, ресайклинг және т.б.) енгізуге мүмкіндік берді, бұлар асфальт-бетон жолдардың қолданылу циклін 20 жылға дейін, ал цемент-бетон жолдардікін 25 жылға едәуір ұлғайтады. Құрылыс жобасын Халықаралық инженер-консультанттар федерациясының (International Federation of Consulting Engineers – FIDIC) қағидаттарында басқару әдістері тұңғыш пайдаланылды.
      Осы Бағдарлама шеңберінде басым автожол жобаларын іске асыру Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарының тұтас және тиімді инфрақұрылымын қалыптастыруға, қолданыстағы Көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын толықтыруға, ел макроөңірлерінің толық ықпалдасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Теміржол төсемінің бүкіл желісінің 60 %-ынан астамын құрайтын теміржолдардың басым бөлігі де «бір қатарлы» болуына байланысты өткізу қабілетінің төмендігімен, сондай-ақ теміржолдардың басым бөлігінде (шамамен 70 %) электрлендірілген желілерінің болмауымен сипатталады.
      Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында жалпы ұзындығы 1182 км «Ақсу – Дегелең», «Хромтау – Алтынсарин», «Шар – Өскемен», «Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» және «Жетіген – Қорғас» теміржол желілері салынды.
      Алайда, қолданыстағы теміржол инфрақұрылымы жүктерді тиімді және оңтайлы тасымалдануды қамтамасыз ете алмайды. Мысалы, Алматыдан Атырауға баратын жол бүкіл оңтүстік өңірлер арқылы өтеді және екі жарым тәуліктен астам уақыт алады. Астанадан Қызылордаға жету үшін артық 1000 км жүру қажет. Ағымдағы жылы ашылған Жезқазған – Бейнеу қатынасы алғаш рет елдің солтүстігі мен батысын байланыстырды.
      Осыған байланысты поездардың жолда «тұрып қалуын» болдырмау үшін қосымша теміржолдар қажет, шалғайдағы транзиттік тораптарды қамту үшін негізгі магистральдық темір жолдарға жекелеген тармақтар салу қажет.
      Көліктік инфрақұрылымды дамыту бизнес пен кәсіпорындардың көліктік көрсетілетін қызметтерге шығындарын төмендетуге, өнім экспорты үшін мүмкіндіктерді арттыруға және өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы экономикалық қашықтықты қысқартуға мүмкіндік береді.
      Индустриялық инфрақұрылымның дамуы арнайы экономикалық аймақтардың (бұдан әрі – АЭА), индустриялық аймақтардың және туристік кластерлердің өңірлердегі экономикалық өсу нүктелері ретіндегі тиімді қызметінің қажетті шарты болып табылады. Көптеген АЭА инфрақұрылымының аяқталмауы экономиканы әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына кері әсерін тигізеді.
      «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА (бұдан әрі – «ҰИМТ» АЭА) және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА сияқты АЭА-ларды дамыту транзиттік әлеуетті ұлғайтуға және мұнай химиясы саласын дамытуға тікелей әсер ете алады, олар көлік инфрақұрылымын индустриялық-инновациялық, дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының басым міндеттері болып табылады.
      Қазақстанда 10 АЭА қалыптастырылған. 2014 жылға дейін АЭА инфрақұрылымын дамытуға мемлекеттік бюджеттен 175,8 млрд. теңге бөлінді.
      Бұл ретте 3 АЭА ғана («Бурабай», «Сарыарқа», «Оңтүстік») инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
      Қалған 7 АЭА-да («ҰИМТ», «Қорғас – Шығыс қақпасы», «Павлодар», «Ақтау теңіз порты», «Инновациялық технологиялар паркі», «Астана – жаңа қала», «Тараз» химия паркі») инфрақұрылымның әзірлігі әртүрлі сатыларда.
      Қолданыстағы АЭА аумағында 115 өндіріс жұмыс істеп тұр және 73 жоба іске асырылу кезеңінде. АЭА қатысушылары 251 млрд. теңге көлемінде инвестицияларды жүзеге асырды. Өндірілген өнім көлемі 300 млрд. теңгеге жуық. Шамамен 6 мың жұмыс орны құрылды.
      Елдің заманауи мұнай-газ химиясы саласын дамыту мақсатында «ҰИМТ» АЭА алаңында бірінші мұнай-газ химиясы кешенін жеделдетіп қалыптастыру жүзеге асырылуда. «ҰИМТ» АЭА аумағында мұнай химиясы кластерін құру шеңберінде 4 негізгі жоба іске асырылуда: құрылысы 2019 жылы аяқталатын ықпалдастырылған газ химиясы кешенінің негізінде полипропилен (1-саты) және полиэтилен (2-саты) өндірісі, полимер өнімі өндірісі, сондай-ақ бутадиен өндірісі бойынша жобаны іске асыру басталды.
      «Жетіген – Қорғас» теміржолымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізімен технологиялық байланыстағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құру Еуропа мен Азияға ең қысқа жолды қамтамасыз ететін мықты индустриялық-логистикалық хабты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
      Индустриялық аймақтар шағын және орта бизнесті дамыту, өңірлер экономикасын әртараптандыру үшін өңірлік инфрақұрылым рөлін атқарады.
      Индустриялық аймақтарды дамыту индустриялық аймақтарды дамытудың қозғаушы күші ретінде ірі бизнесті мақсатты түрде тарту есебінен бизнестің күш-жігерін шоғырландыруға, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
      Қазақстанда 25 индустриялық аймақ құрылған. Оның ішінде 2014 жылдың басындағы жағдай бойынша 10 индустриялық аймақ жұмыс істейді: «Талдықорған», «Боралдай», «Арна», «Даму» (Алматы облысы); «Өндіріс», «Машина жасаушылар көшесінің бойында» (Шығыс Қазақстан облысы); «Оңтүстік», «Кентау», «Түркістан» (Оңтүстік Қазақстан облысы); «№ 1 индустриялық парк» (Астана қаласы).
      Елде бай туристік-рекреациялық әлеует бар, ол перспективалы туристік аймақтар инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуына байланысты пайдаланылмай жатыр.
      Туризм саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі (тамақтану мен тұру бойынша көрсетілетін қызметтер ғана есептеледі) шамамен 0,3 %-ды құрайды. 2012 жылы туристік қызметтен түскен кіріс көлемі 151,7 млрд. теңгені құрады, бұл 2008 жылға қарағанда 2 есе артық (77,6 млрд. теңге). Салада жұмыспен қамтылғандар саны 129 000 адамды құрады.
      Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейін тұжырымдамасына сәйкес 5 туристік кластер айқындалған: «Астана», «Алматы», «Шығыс Қазақстан», «Оңтүстік Қазақстан» және «Батыс Қазақстан».
      Толыққанды туристік кластерлерді құру үшін өңірлерде тиісті туристік инфрақұрылымды дамыту қажет.
      Қазақстан Республикасында энергия тұтынудың өсуі мен генерациялау қуаттарын дамыту, сондай-ақ энергиямен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыру энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамытуды талап етеді.
      Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі (бұдан әрі – БЭЖ) шартты түрде үш аймаққа бөлінген: солтүстік, оңтүстік, батыс.
      Электр энергиясының шамамен 78 %-ы солтүстік энергетикалық аймақта шығарылады, 66 %-ы сол индустриялық аймақта пайдаланылады. Бұл ретте 2013 жылы оңтүстік аймақтағы тұтыну өндіруден екі есе дерлік асып түсті.
      Алайда, «Солтүстік-Оңтүстік» 500 кВ екі электр беру желісінің қазіргі өткізу қабілеті солтүстік аймақтан оңтүстік энергетикалық аймақтағы ең жоғары жүктемелерді өтеуге жеткіліксіз.
      Оңтүстік өңірлерді электр энергиясымен қамтамасыз етудің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін солтүстіктегі энергия артықшылығын оңтүстік өңірлерге аудару үшін жаңа электр беру желілерін салу қажет. Бұл Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесін нығайтуға жәрдемдеседі.
      Тұрғын үй-коммуналдық сектордың желілері тозудың жоғары деңгейімен және шығындармен сипатталады.
      Ел бойынша жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 63 %-ды құрайды. Бұл ретте шамамен 40 %-ы немесе 9,6 мың км 100 % тозған. Жылу энергиясының жыл сайынғы шығындары орта есеппен 10,7 млн. Гкал құрайды.
      Республикада жылумен жабдықтау желілері жоғары авариялықпен (орта есеппен 100 км-ге 200 технологиялық бұзылу) сипатталады және жылудың ысырабы жоғары (шамамен 40 %, оның 20 %-ы магистральды және 80 %-ы таратушы жылу желілерінде).
      Жылу энергиясын шығару көздерінің, ең алдымен, қазандықтардың басым бөлігі қанағаттанғысыз жағдайда.
      Су құбыры және кәріз желілерінің де көпшілігі қанағаттанғысыз жағдайда. Өңірлердегі су құбыры желілерінің басым бөлігі күрделі жөндеуді немесе толық ауыстыруды талап етеді.
      Халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз етілуі бойынша Қазақстан Республикасы дамыған елдерден артта қалды, оларда сумен жабдықтаумен және су бұрумен қамтамасыз ету деңгейі 90-95 %-ды құрайды.
      2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу: қалалар бойынша – 85 %-ды, ауылдар бойынша – 47,7 %-ды; орталықтандырылған су бұруға қол жеткізу: қалалар бойынша – 78 %-ды, ауылдар бойынша – 10 %-ды құрайды.
      Су құбыры желілерінің ұзындығы 60,9 мың км құрайды, оның ішінде 13,4 мың км ауыстыруды талап етеді. Кәріз желілерінің ұзындығы 15 мың км құрайды, оның ішінде 5,3 мың км ауыстыруды талап етеді.
      Жылумен және сумен жабдықтау желілерін жаңғырту үшін инвестициялардың жалпы қажеттілігі бағалау бойынша 2 трлн. теңге құрайды.
      Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (бұдан әрі – ТКШ) инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту мәселелерін шешу үшін инвестицияларды тарту және саланы дамыту бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет.
      Мемлекет халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр. 2012 жылдан бастап 2014 жылдың қазаны аралығында жалпы ауданы 19,3 млн. ш. метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
      Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында тұрғын үй құрылысының негізгі бағыттары айқындалды.
      Сонымен қатар, халықтың көші-қоны, демографиялық жағдайдың жақсаруы, сондай-ақ халықтың көпшілігі үшін кредиттік ресурстарға шектеулі қолжетімділік сияқты факторлар тұрғын үйге сұранысты ұлғайтады.
      Қоныстанатын халықты бейімдеу, агломерацияларды және басқа қалаларды тиімді дамыту үшін оларды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселе болып отыр.
      Тұрғын үйге қолжетімділіктің тапшылығы проблемасын шешу үшін ең перспективалы және қолжетімді құрал ретінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту қажет.
      Мектепке дейінгі мекемелердің өткір тапшылығы, жалпы білім беретін мектептердің үш ауысымдылығы және экономикаға білікті кадрлар даярлау үшін ЖОО-ның (бұдан әрі – жоғары оқу орындары) материалдық-техникалық нашар жабдықталуы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі проблемалары болып табылады.
      Республикада 2014 – 2015 оқу жылында жалпы білім беретін 7233 мектеп жұмыс істейді. Атқарылып жатқан жұмысқа қарамастан, 2013 – 2014 оқу жылының басында 180 мектеп авариялық жағдайда болды, 104 мектепте оқыту үш ауысыммен жүргізілді. 2014 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 50 авариялық және 27 үш ауысымды мектептің проблемасы шешілді. 2014 жылдың соңына қарай тағы 12 мектепті іске қосу жоспарланып отыр.
      2014 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 8596 мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларға 734,4 мың бала барады. Мектепке дейінгі ұйымдардың ұсынылған желісі 1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың 52,1 %-ын және 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың 77,4 %-ын мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды қамтамасыз етеді.
      Қазіргі уақытта 127 ЖОО жұмыс істейді, оларда 500 мыңнан астам адам оқиды. Ағымдағы жылы ИИДМБ басымдықтарына сәйкес техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылып, бакалавриатта – 12 600, магистратурада – 2237, докторантурада – 200 грантты құрады.
      Сонымен қатар, ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасының нашар болуына байланысты оқудың практикадан алшақтығы байқалады. Нәтижесінде түлектердің практикалық құзыреттері жеткілікті болмайды.
      Осыған байланысты балаларды мектепке дейінгі біліммен көбірек қамту, жалпы білім беретін мектептердің үш ауысымдылығын жою және практикалық зертхана орталықтарын құру арқылы оқыту сатысында кадрлардың төмен біліктілігін жою бойынша мәселелерді шешу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет.
      Қазіргі уақытта Назарбаев Университеті (бұдан әрі – университет) жұмыс істейді, ол Қазақстанның білім беру жүйесінің көшбасшысы болып табылады және оның озық тәжірибесін отандық басқа ЖОО-лар табысты игеруде.
      Университетте ғылыми зерттеулер жүйесін дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 50-ден астам зертхананың базасында ғылыми жобаларды тәуелсіз іріктеу, қаржыландыру, техникалық қолдау тетіктері жұмыс істейді.
      Халықаралық тәжірибе негізінде мынадай элементтерден тұратын ғылыми жобаларды коммерцияландыру жүйесі құрылған: коммерцияландыру кеңсесі, инкубатор, пилоттық технопарк. Жүйе ғылыми идеядан патент, технология немесе тәжірибелік үлгі түріндегі өнімге көшуге мүмкіндік береді.
      Экономиканы дамытуда, ел халқын жұмыспен қамтуда шағын және орта бизнеске (бұдан әрі – ШОБ) негізгі рөл беріледі. Бүгінде мемлекеттік қолдау шараларымен бизнесті жүргізудің барлық дерлік салалары қамтылған.
      Соңғы үш жылда ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 20 %-дан сәл ғана аз деңгейде тұрақтады, ал дамыған елдерде ЖІӨ құрылымындағы ШОБ үлесі 60 %-ды құрайды. Экономиканың осы секторында белсенді жұмыс істейтін халықтың үлес салмағы 30 % деңгейінде, ал дамыған елдердегі осыған ұқсас көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. Осылайша, елдегі ШОБ экономиканың «қозғаушы күші» рөлін және халықты жұмыспен қамтуды арттыру жөніндегі функциясын әлі орындап отырған жоқ.
      Бизнестің қосылған құны жоғары өнім өндірісіне, инновациялық, тиімді және үнемді өндіріс тетіктерін енгізуге ұмтылысының болмауы, сондай-ақ ұзақ мерзімді кредит қаражатының төмен қолжетімділігі, сыртқы нарықтардағы жоғары бәсекелестік және т.б. ШОБ-тың дамуын тежейді.
      Нәтижесінде ШОБ құрылымында сауда қызметінде және жоғары біліктілікті талап етпейтін салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің дәстүрлі үстемдігі байқалады.
      2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – Ұлттық қор) қаражатынан өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікті кредит беруге 100 млрд. теңге бөлінді, оларды екінші деңгейдегі банктер 6 айдың ішінде толық көлемде игерді. Қайтарымды қаражаттың пайдаланылуын ескере отырып, барлығы 100 млрд. теңгеден астам сомаға 438 жоба қаржыландырылды, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 2014 жылдың соңына дейін бұл мақсатта 100 млрд. теңге мөлшерінде тағы бір траншты орналастыру жоспарланып отыр, ол ШОБ субъектілеріне кредит беруден бөлек, 50 млрд. теңге мөлшерінде ірі кәсіпкерлікті қаржыландыруды да көздейді.
      ШОБ секторының және ірі кәсіпкерліктің іскерлік белсенділігін қолдау үшін қаржыландыру көздеріне қолжетімділікті арттыру арқылы өңдеуші өнеркәсіптегі және өңдеуші өнеркәсіпке қатысты көрсетілетін қызметтер саласындағы бизнесті қолдауды жандандыру қажет.

4. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары
және оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері

      Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсуін қамтамасыз ету мақсатында хаб қағидатында тиімді инфрақұрылым құру негізінде елдің макроөңірлерін ықпалдастыру арқылы бірыңғай экономикалық нарықты қалыптастыру.
      Бұл мақсатқа қол жеткізу мынадай нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады:

Нысаналы индикаторлар

өлшем бірлігі

2014 (бағалау)

2015

2016

2017

2018

2019

ЖІӨ-нің болжанатын өсімін қамтамасыз ету

алдыңғы жылға %-бен

104,3

104,8

105,3

106,7

105,8

106,5

Жұмыс орындарын құру, оның ішінде:

мың адам

10,5

94,4

97,7

85,1

62,9

62,4

тұрақты

мың адам

4,6

24,5

26,3

19,8

11,6

11,7

уақытша

мың адам

5,9

69,9

71,4

65,3

51,3

50,7

Базалық инфрақұрылым сапасы бойынша ДЭФ рейтингін жоғарылату

әлемдегі орын

62

61

60

57

55

53

      Қойылған мақсатты шешу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
      1. Шұғыла қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым құру.
      Бұл міндетке қол жеткізу тікелей нәтижелердің мынадай көрсеткіштерімен өлшенетін болады:

Тікелей нәтижелер көрсеткіштері

өлшем бірлігі

2014 (бағалау)

2015

2016

2017

2018

2019

Теміржол

учаскелерін салу

км

-

14

-

-

124,5

-

Автожол магистралі жолдарының учаскелерін салу

км

280

100

265

926

1053

1512

Құрық және Ақтау порттарындағы жүк айналымының көлемі (жүктерді ауыстырып тиеу)

млн. тонна

18,0

18,3

18,7

19,0

19,5

20,0

      2. Индустриялық инфрақұрылымды және туристік инфрақұрылымды дамыту.
      Бұл міндетке қол жеткізу тікелей нәтижелердің мынадай көрсеткіштерімен өлшенетін болады:

Тікелей нәтижелер көрсеткіштері

өлшем бірлігі

2014 (бағалау)

2015

2016

2017

2018

2019

АЭА аумағында кәсіпкерлер салған инвестициялардың жалпы көлемі (өспелі қорытындылармен)

млрд. теңге

53,1

218,5

656,4

1098,3

1453

1837,9

АЭА аумағында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) өндіру көлемі (өспелі қорытындылармен)

млрд. теңге

-

10,9

24,2

44,7

122,8

465,8

      3. Қазақстан Республикасының БЭЖ дамыту шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту.
      Бұл міндетке қол жеткізу тікелей нәтижелердің мынадай көрсеткіштерімен өлшенетін болады:

Тікелей нәтижелер көрсеткіштері

өлшем бірлігі

2014 (бағалау)

2015

2016

2017

2018

2019

Жаңа 220-500 кВ электр беру желілерін салу және енгізу

км

-

-

-

700

1000

-

Солтүстік-Оңтүстік транзиті бойынша қалыпты шекті ағыс

МВт

1350

-

-

-

-

2100

      4. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту
      Бұл міндетке қол жеткізу тікелей нәтижелердің мынадай көрсеткіштерімен өлшенетін болады:

Көрсеткіштер

өлшем бірлігі

2014 (бағалау)

2015

2016

2017

2018

2019

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы

%

67

65

63

60

57

53

Жылумен жабдықтаудың жаңғыртылған желілерінің ұзындығы

км

-

160

177

180

182

185

Сумен жабдықтаудың және су бұрудың жаңғыртылған желілерінің ұзындығы

км

-

1066

1500

1505

1507

1510

      5. Азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру
      Бұл міндетке қол жеткізу мынадай көрсеткіштермен өлшенетін болады:

Тікелей нәтижелер көрсеткіштері

өлшем бірлігі

2014 (бағалау)

2015

2016

2017

2018

2019

Жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі

мың шаршы м.

6,0

487,0

428,0

232,0

153,0

183,0

      6. Білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту
      Бұл міндетке қол жеткізу тікелей нәтижелердің мынадай көрсеткіштерімен өлшенетін болады:

Көрсеткіштер

өлшем бірлігі

2014 (бағалау)

2015

2016

2017

2018

2019

Авариялық мектептердің, 3 ауысыммен оқытатын мектептердің жалпы санынан қысқартылғандарының үлесі

%

96

95

75

31

-

-

3-тен 6 жасқа дейінгі баларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту

%

53

84

134

71

-

-

ИИДМБ үшін базалық ретінде айқындалған ЖОО-лардың жанынан ашылған жабдықталған зертханалардың саны

бірлік

-

10

7

7

-

-

      7. Кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін олардың қаржыландыруға қолжетімділігін жақсарту арқылы жоғарылату
      Бұл міндетке қол жеткізу тікелей нәтижелердің мынадай көрсеткіштерімен өлшенетін болады:

Тікелей нәтижелер көрсеткіштері

өлшем бірлігі

2014 (бағалау)

2015

2016

2017

2018

2019

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолдау алған кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдерді шығаруы

млрд. теңге

-

246

549

651

717

761

5. Негізгі бағыттар, қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар

      Хаб қағидаты негізінде аумақтық даму бірыңғай нарықты және елдің макроөңірлері арасындағы өзара тығыз байланысты қалыптастыруға бағытталатын болады.
      Бұл еңбек және өндіріс ресурстарын бөлудегі теңгерімсіздік пен теңсіздік деңгейін төмендетеді, инфрақұрылымдық қолжетімділік пен макроөңірлердің өзара байланысын жоғарылатады, іскерлік және экономикалық белсенділіктің өсуіне маңызды әлеуетін береді.
      Әлемде 9-орын алатын Қазақстан аумағының көлеміне байланысты елдің бірыңғай экономикалық нарығын қалыптастыру үшін елдің макроөңірлерін инфрақұрылымдық ықпалдастыру арқылы хаб қағидаты бойынша аумақтық даму қамтамасыз етілетін болады.
      Астана қаласы солтүстік макроөңірдегі хаб болады. Өскемен қаласы орталық-шығыс макроөңірдің хабы болады. Ақтөбе қаласы батыс макроөңірдің, ал Шымкент пен Алматы қалалары оңтүстік макроөңірдің хабына айналады.
      Астанадан коммуникацияның барлық түрлері басқа макроөңірлердің хабтарына бағытталатын болады. Макроөңірдің басқа ірі қалалары екінші деңгейдегі қалалар ретінде дамытылатын болады, олар шұғыла қағидаты бойынша хабтармен тығыз байланысты болады.
      Хабтар капитал, ресурстар, озық өндірістер мен технологиялар шоғырланған орталықтарға айналып, макроөңір деңгейінде өсу генераторы қызметін атқарады. Олар өмір сүрудің және экологиялық стандарттардың деңгейі жоғары, индустриялық өсу орталықтарына айналмақ.
      Макроөңірлердің базалық инфрақұрылымын (жолдар, порттар, энергетикалық желілер) дамыту құрылыс материалдары, туризм, өңдеуші өнеркәсіп сияқты сабақтас салалар үшін оң әсер етеді, сондай-ақ тұтастай ел экономикасына маңызды мультипликативтік әсер етеді.
      Тасымалдау жылдамдығын және көлік бағыттарын ұлғайту, көлік шығыстарын төмендету және тиімді энергиямен қамтамасыз ету іскерлік белсенділіктің, өнімділіктің және елдің көлік әлеуетінің өсуіне оң әсер етеді.
      Индустриялық нфрақұрылымды және туризмді дамыту, ШОБ субъектілерін қолдау және тұрмыс жағдайын жақсарту макроөңірлердің экономикасын әртараптандыруға, жұмыспен қамтуды және халық табысының деңгейін жоғарылатуға, сондай-ақ олардың әл-ауқатын өсіруге ықпал ететін болады.
      Басым инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының тарапынан инвестициялар тарту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін алғышарт жасайды және өңірлік сәйкессіздіктерді төмендетуге ықпал ететін болады.
      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) Бағдарлама шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тетіктерінің бірі болмақ.
      Осы Бағдарлама мынадай бағыттар бойынша басым жобаларды іске асыруға бағытталған.

5.1. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту 1. Автомобиль жолдарын дамыту

      2015 – 2020 жылдар аралығындағы кезеңде «шұғыла» қағидаты бойынша Астананы өңірлермен байланыстыратын тиімді өңіраралық автожолдар желісін құру үшін 6,7 мың км астам 1 және 2-санаттағы автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жөнінде шаралар қабылданатын болады.
      «Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы» бағыты бойынша «Орталық-Оңтүстік» жобасы Астананы елдің оңтүстік макроөңірлерімен байланыстыруға мүмкіндік береді, шекара маңы аумағындағы құрғақ порттардың транзиттік әлеуетінің мүмкіндіктерін кеңейтуге, сыртқы нарықтарға экспортты ұлғайтуға, көліктік-логистикалық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға түрткі болады. Автомобиль жолы цементті және асфальтті-бетонды жабыны бар 1-техникалық санатқа ауыстырылады. Жоба 2019 жылы аяқталады.
      «Астана – Павлодар – Қалбатау – Өскемен» бағыты бойынша «Орталық-Шығыс» жобасы Астананы шығыс өңірлермен байланыстырады, бұл транзиттік жүктерді тартуға, отандық тауарлардың экспортына, туристік кластердің дамуына септігін тигізеді. Автомобиль жолы цементті және асфальтті-бетонды жабыны бар 1 және 2-техникалық санаттарға ауыстырылады. Жоба 2019 жылы аяқталады.
      «Орталық-Батыс» жобасы Астананы батыс өңірлермен байланыстырады, сол арқылы орталық және батыс өңірлер арасында жүк айналымын ұлғайтуға, олардың кооперациясына, автомобиль, теңіз және теміржол көлігі тасымалының ықпалдасуына жағдай жасайтын болады, отандық тауарлар үшін қазақстандық теңіз порттары арқылы жаңа нарықтарға жол ашады. Автомобиль жолы цементті және асфальтті-бетонды жабыны бар 1 және 2-техникалық санаттарға ауыстырылады. Жоба 2020 жылы аяқталады.
      «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталуымен қатар 2015 – 2017 жылдары мынадай автомагистральдарды салу және реконструкциялау бойынша жобалар іске асырылады: Қапшағай –Қалбатау, Астана – Петропавл – РФ шекарасы, Жезқазған – Петропавл, Қызылорда – Жезказған – Қарағанды, Үшарал – Достық, Орал – Каменка, Ақтөбе – Атырау – Астрахань, Астана қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы.
      «Орал – Каменка – РФ шекарасы», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автожолдарын реконструкциялау бойынша жобалар тұтас батыс макроөңірінің дамуына септігін тигізеді және қозғалыстың орташа жылдамдығы ұлғаятындықтан, жолға кететін уақыт қысқаратындықтан, өнімнің өзіндік құнындағы көлік шығындарын қысқарту арқылы Ресей нарықтарына отандық тауарлардың экспортын ынталандыратын болады.
      «Үшарал – Достық» автожолын реконструкциялау өңірдегі туризмді дамытуды ынталандырады, Қытаймен транзит көлемінің ұлғаюына, Алакөл көлі мен Алакөл табиғи қорығына туристердің келуіне септігін тигізеді.
      Сондай-ақ Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы, сонымен қатар автожол саласындағы МЖӘ жобалары шеңберінде, оның ішінде Алматы (ҮАААЖ), Шымкент қалаларының және транзиттік бағыттарда орналасқан басқа да ірі қалалардың айналма жолдарын салу кезінде автожол жобалары іске асырылады.
      Жобаларды іске асыру үздік халықаралық тәжірибені игеру, көрсетілетін қызметтер сапасын жақсырту және автожол құрылысы секторына қазіргі заманғы технологияларды тарту үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен (бұдан әрі – ХҚҰ) бірлесіп жүзеге асырылатын болады.
      Жобаларды іске асырудың әсеріне өнімнің өзіндік құнындағы көлік шығындарын қысқартудан, өңіраралық тасымалдардың жылдамдығын ұлғайтудан және тиісінше жолға кететін уақыт пен жолдарды пайдаланушылардың пайдалану шығындарын қысқартудан, сондай-ақ ЖКО санының азаюынан экономикалық пайда алу есебінен қол жеткізіледі. Жобалардың инвестициялық сатысы кезеңінде шамамен 200,0 мың жұмыс орны құрылатын болады.
      Осы Бағдарлама шеңберінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау макроөңірлерді автомобиль қатынастарының бірыңғай тұтас сапалы жүйесіне біріктіреді, бұл макроөңірлерді жақындатуға және өзара дамытуға, сондай-ақ еңбек көші-қонын жақсартуға және азаматтардың жүріп-тұруы үшін жайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

2. Теміржол секторын және логистиканы дамыту

      2016 жылы «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл магистральды пайдалануға беру Орталық Қазақстаннан Ақтау портына, Түркіменстанмен шекараға дейін және Парсы шығанағының елдеріне ең қысқа теміржол қатынасын қалыптастыруды қамтамасыз етеді және негізінен елдің теміржол қаңқасын қалыптастырады.
      Ел ішіндегі жүк тасымалын және Иран, Қытай, Ресей, ЕО елдері бағытында жүк айналымын ұлғайту бойынша қолайлы жағдай жасау үшін оңтүстікте поездардың қозғалысын ұйымдастыруда «тар» жерлерді жою және батыста транзиттік тораптарды қосу бойынша жобалар іске асырылады.
      Бұл мақсатта «Боржақты – Ерсай» теміржол желісінің, Құрық портындағы паром өткелінің құрылысы және «Шу – Алматы-1» учаскесін электрлендіре отырып, жалпақ рельсті екінші жолдардың құрылысы көзделген.
      2014 жылы Құрық портын теміржол магистралімен байланыстыратын «Боржақты – Ерсай» теміржол желісінің құрылысы басталды, ол 2015 жылы аяқталады.
      Теміржол инфрақұрылымын дамыту тұрақты жүк ағынын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Құрық портының ауданындағы кеме жасау және кеме жөндеу зауыты мен металл конструкцияларының зауыты сияқты дамып келе жатқан өндірістерге көліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
      «Боржақты – Ерсай» теміржол желісінің құрылысы алғашқы бес жылдың ішінде жылына 8 млн. тоннадан астам тасымалдау көлемін қамтамасыз ететін болады.
      Паромдық көлік жүйесінің көп функциялы болуы Каспий маңындағы көршілес мемлекеттермен (Иран, Әзербайжан) елдің батыс өңірі үшін қажетті: халық тұтынатын тауарлар, жабдықтар, құрылыс материалдары және т.б. сияқты қажетті жүктердің тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
      2016 жылы аяқталатын Құрық портындағы паромдық өткел жобасын іске асыруы қазақстандық жүк жөнелтушілердің мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттау бағыттарын әртараптандыра отырып, басты және құйылмалы жүктерді жөнелту порттары мен аттандыратын порттарда қайта тиеу бойынша шығыстарсыз теңіз арқылы тасымалдануды ұйымдастыру мүмкіндігін ашады.
      Нәтижесінде Қазақстанда толыққанды екі теңіз порты пайда болады. Каспий теңізінде порттар арқылы жүктерді қайта тиеудің жалпы көлемі 2020 жылға қарай шамамен 25 млн. тоннаны құрайтын болады, оның ішінде Құрық паромдық кешені жүктерді қайта тиеудің 4 млн. тоннаға дейінгі көлемін қамтамасыз етеді.
      Солтүстік-Оңтүстік бағыты бойынша тасымалдардың тиімділігін арттыру үшін Шу – Алматы-1 учаскесінде электрлендірілетін жалпақ рельсті екінші жолдардың құрылысы бойынша жоба іске асырылады, ол 2016 жылы аяқталды, бұл қозғалыс жылдамдығын арттыруға, поездардың жолда жүру уақытын қысқартуға, учаскенің өткізу және тасымалдау қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
      Осылайша, екінші жолдарды салу жүктерді жыл сайынғы алып өту қабілетін 30 млн. тоннадан 120 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы учаскеде поездардың жүру уақыты шамамен 2 есе қысқарады.
      Алдын ала есептеулер бойынша көрсетілген учаскедегі тасымалдаудың перспективалы көлемі 2020 жылға қарай 13,5 млн. тоннаны, 2027 жылға қарай 14,1 млн. тоннаны құрайтын болады.
      Тұтастай алғанда, теміржол секторы мен логистика жобалары бойынша құрылыс кезеңінде ашылған жұмыс орындарының саны шамамен 2 мың адамды, ал тұрақты пайдалану кезінде – 500 адамды құрайды.
      Бұдан басқа, Оңтүстік макроөңірдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында МЖӘ тетігін пайдалана отырып, Алматы станциясының теміржол торабын айналып өтетін теміржол желісін салу жоспарланып отыр.

5.2. Индустриялық инфрақұрылымды және туризм инфрақұрылымын дамыту

      Өңдеуші өнеркәсіптің секторларын инфрақұрылымдық қолдау ИИДМБ іске асырудың басты шарттарының бірі болып табылады. Бұл ретте, арнайы экономикалық аймақтар және индустриялық аймақтар индустрияландыруды инфрақұрылымдық қолдаудың түйінді элементтері болып табылады.
      «ҰИМТ» АЭА және «Қорғас – Шығыс қақпасы» инфрақұрылымының құрылысын аяқтау Бағдарлама шеңберіндегі басым міндет болып табылады.
      АЭА-ны басқаруға халықаралық деңгейдегі кәсіби компаниялар тартылады, бұл АЭА басқарудың тиімділігін арттыруға және оларды инвесторлар үшін тартымды етуге мүмкіндік береді.
      2015 – 2019 жылдар аралығындағы кезеңде «ҰИМТ» АЭА аумағында мынадай:
      1) ықпалдастырылған газ-химия кешені зауытының базасында қуаты жылына (1-кезең) 500 мың тонна полипропилен;
      2) ықпалдастырылған газ-химия кешені зауытының базасында қуаты жылына (2-кезең) 800 мың тонна полиэтилен;
      3) полимерлік өнім қуаты: биаксиальді-бағдарланған полипропилен үлдір – жылына 14 738 тонна, полиэтилен үлдір – жылына 4 125 тонна, полиэтилен қаптар - 48 млн. дана;
      4) қуаты жылына 250 мың тонна бутадиен өндірісі бойынша ірі мұнай-газ химиясы жобалары іске асырылатын болады.
      Қазіргі уақыта «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымының әзірлігі 6 %-ды құрайды. 2018 жылға қарай «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымының құрылысын аяқтау үшін жалпы зауыттық инфрақұрылымның алаң ішіндегі және алаң сыртындағы объектілерін, сондай-ақ бірыңғай газ турбиналық электр станциясы, су тазалау және су дайындау жөніндегі кешендер, техникалық газдарды өндірудің бірыңғай қондырғысы сияқты өндірістік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы бойынша жұмыстар орындалады.
      «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымын салу мұнай-газ химиясы саласына шамамен 1,8 триллион теңге көлемінде инвестициялар тартуға және пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың тұрақты жұмыс орнын, сондай-ақ құрылыс кезеңінде 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
      «Қорғас – Шығыс қақпасы» логистикалық аймағында «Құрғақ порт» салынатын болады, ол Қытайдан келетін жіңішке табанды теміржол составтарына және қазақстандық жалпақ табанды теміржол составтарына қызмет көрсететін болады. «Құрғақ порттың» ішіне және сыртына апаратын теміржол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін кесіп өтіп, аумақтан жол өтпесі арқылы шығатын болады.
      Қазіргі уақытта «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымының әзірлігі 10 %-ды құрайды.
      «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның меншікті қаражаты есебінен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымының алғашқы іске қосу кешені мен «Құрғақ портын» салу 2014 жылы аяқталады, бұл инфрақұрылымның әзірлігін 30 %-ға дейін жекізуге мүмкіндік береді.
      2015 жылы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымын салудың екінші кезеңін аяқтау үшін теміржол жүктерін терминалды өңдеу, логистикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымы, ғимараттар мен құрылыстар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары орындалатын болады.
      «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымын салу жүк тасымалдауды жылына 4 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға, 37 млрд. теңге көлемінде жекеше инвестицияларды тартуға және тұрақты жұмыспен қамтылған халық санын 6 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
      Басқа АЭА инфрақұрылымын салу шеңберінде 2015 – 2018 жылдар аралығындағы кезеңде «Павлодар» АЭА, «Ақтау теңіз порты» АЭА, «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА, «Астана – жаңа қала» АЭА инфрақұрылымдарының құрылысын аяқтау мәселесі пысықталатын болады.
      Бұл АЭА инфрақұрылымының құрылысын қаржыландыру жоспарлы түрде республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Қажет болған жағдайда, бұл АЭА инфрақұрылымдарының құрылысын Ұлттық қордан қоса қаржыландыру мәселесі осы Бағдарламаны 2017 жылға арналған қаржыландыру көлемін бөлу кезінде пысықталатын болады.
      Индустриялық аймақтарды дамыту саясаты өңірлік мамандануды, кластерлік даму қағидатын және жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін ескеретін болады.
      Жергілікті атқарушы органдар индустриялық аймақтарды құру үшін өңір экономикасының құрылымын ескере отырып техникалық-экономикалық негіздеме әзірлейді. Индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын құру үшін жергілікті атқарушы органдар оларды жергілікті бюджеттен қаржыландыру мәселесін пысықтайтын болады. Бұл ретте, индустриялық аймақтарды құрудың жекелеген жобалары конкурстық негізде республикалық бюджеттен қоса қаржыландырылуы мүмкін.
      Индустриялық аймақтарды тиімді басқару мақсатында жергілікті атқарушы органдар конкурстық негізде басқарушы компанияларды тартатын болады, оларға инвестицияларды тарту және индустриялық аймақтардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызмет тиімділігін бағалау критерийлері белгіленетін болады. Басқарушы компанияларды тарту үшін оларға жер учаскелерін сенімгерлік басқаруға беру мәселесі қаралатын болады.
      Туризм инфрақұрылымын дамыту туристік көрселетін қызметтерді өрістетуге ықпал етеді, жұмыспен қамтуды ұлғайту және ШОБ саласында өнім шығаруды арттыру үшін жағдай жасайды.
      Туристік кластерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін табиғаттың көрнекі жерлері мен тарихи-мәдени мұра объектілеріне апаратын автомобиль жолдарын жөндеу және реконструкциялау, қолданыстағы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, жұмыс істеп тұрған әуежайлары жаңғырту және жаңаларын салу, шағын авиацияны дамыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ туризм объектілері үшін сыртқы инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мәселелер пысықталатын болады.
      Туризмді дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру үшін туристік объектілердің көліктік қолжетімділігі мен инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету жоспары әзірленеді.
      Осы жоспардың шеңберінде туризм инфрақұрылымының жобаларын іске асыру тетіктері мен қаржыландыру көздері, оның ішінде республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру пысықталады.

5.3. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту

      Елдің бірыңғай энергиямен қамтамасыз ету жүйесін нығайтудың аса маңызды міндеті жүйе түзуші ұлттық электр желісін (ҰЭЖ) дамыту болып табылады.
      Шығыс Қазақстан және Алматы өңірлерін электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы транзитті күшейту мақсатында «КЕGOC» АҚ «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 Кв транзит құрылысы» жобасын іске асырады.
      Бұл елдің солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлерін энергиямен қамтамасыз етуді шеңберлеуге, сыртқы өнім берушілерге тәуелділікті төмендетуге және тапшылық жағдайында энергияны тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бұл электр құнына оң әсерін тигізеді, ал бұл өз кезегінде, экономикада тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер құнының төмендеуінен көрініс табады.
      Бұл жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады:
      1) 1-кезең – Екібастұз КС-дан бастап Семей КС арқылы Өскемен КС-ға дейін Шығыс Қазақстан бағытында қуаты 500 кВ электр беру желісін салу. Жобаны іске асыру орны – Қазақстан Республикасының Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары. Жобаны іске асыру мерзімі: 2001 – 2017 жылдар;
      2) 2-кезең – Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алма қуаты 500 кВ электр беру желісін салу. Жобаны іске асыру орны – Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары. Жобаны іске асыру мерзімі: 2012 – 2018 жылдар.
      Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВ транзиті қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы электр беру желілері арқылы рұқсат етілетін ток ағыны шамамен 2100 МВт (шамамен жылына 14 млрд. кВт*с) құрайтын болады.
      «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВ транзитін салу» жобасын іске асыру нәтижесінде:
      1) Қазақстанның солтүстік-оңтүстік бағытында ҰЭЖ транзиттік әлеуетінің ұлғаюы, шығыс аймағының Қазақстанның БЭЖ-мен байланысын нығайту;
      2) теміржол учаскелерін электрлендіру үшін жағдай жасау (Ақтоғай – Мойынты, Ақтоғай – Алматы, Ақтоғай – Достық);
      3) шекара маңындағы аумақтарды дамытуға жағдай жасау күтіледі.
      Жоғары вольтті жаңа желілерді салу Ақтоғай ТБК және өзге де өнеркәсіптік кәсіпорындардың перспективалы жүктемесін электрмен жабдықтау үшін жағдайды қамтамасыз етеді.
      «Екібастұз – Семей – Өскемен» жоғары вольтті желісін (бұдан әрі – ЖвЖ) салу кезеңінде 747 жұмыс орны, пайдалану кезінде – 32 жұмыс орны құрылады. «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» ЖвЖ салу кезеңінде – 1114 жұмыс орны, пайдалану кезінде – 65 жұмыс орны құрылады.

5.4. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту

      Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын төмендету бойынша проблемаларды шешу, сондай-ақ жылу шығаратын қуаттарды жөндеу және ауыстыру үшін тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту бойынша шаралар кешені қабылданады.
      Бұл үшін объектілерді орталықтандырылған технологиялық тексеру жүргізіледі, инвестициялардың негіздемесі әзірленеді және өңірлерде іріктеу критерийлері мен жобаларды іске асыру басымдықтары айқындалады.
      Ысырабы көп және авариялы жылумен жабдықтау желілерінің шамамен 1 мың км және сумен жабдықтау мен су бұру желілерінің 7 мыңға жуық км жаңғыртылады.
      Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жөніндегі жобаларды тиімді іске асыру мақсатында мынадай іс-шаралар жүзеге асырылатын болады:
      1) қалалар мен елді мекендерді жылумен жабдықтаудың тиімді схемаларын әзірлеу және бекіту;
      2) республикалық бюджет қаражаты есебінен жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық тұрғыдан күрделі объектілері бойынша жоба алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ үлгілік жобалар мен жобалық шешімдерді әзірлеуді қаржыландыру;
      3) орта мерзімді және ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламаларды іске асыруға инвестицияларды өтейтін пайдалану кәсіпорындарының рентабельді жұмысын қамтамасыз ететін тиімді тарифтерді енгізу.
      Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бірыңғай техникалық саясатты әзірлей отырып, оның ішінде қолданылатын материалдар, жабдықтар мен технологиялар бойынша, секторды институционалды дамытумен сүйемелденетін болады. Сондай-ақ, кәсіпорындарды бағалау үшін түйінді индикаторлар енгізілетін болады, тұтыну нормасы біріздендіріледі.
      Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту саласындағы жобаларды қаржыландыру бюджеттік кредит пен субсидиялар беру үшін Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферт қаражаты, ХҚҰ қарыздары және басқа көздер есебінен жүзеге асырылады.
      Жобаларға Ұлттық қордың қаражаты есебінен республикалық бюджеттен кредит беру бюджеттік кредит беру тетігі арқылы жүзеге асырылады, мұнда «ТКШ ҚазОрталық» АҚ тұлғасындағы бюджеттік кредит бойынша сенім білдірілген агент туралы мәселе пысықталады, ал жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) қарыз алушылар, соңғы қарыз алушылар – жобалардың орындаушылары ТКШ саласындағы кәсіпорындар болады.
      ХҚҰ-мен бірлесіп қаржыландыру ұсынылатын жобалар бойынша «ТКШ ҚазОрталық» АҚ ТКШ-дегі жобаларды дайындау, жобаларды қаржыландыру және іске асыру схемасын құрылымдау мәселелері бойынша ХҚҰ-мен үйлестіруді жүзеге асырады.
      Жобаларды қайтарымды қаржыландырылу тетігін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі пысықталатын болады. «ТКШ ҚазОрталық» АҚ қаржы агенттігі болып белгіленеді. Жобаларды қаржыландыру шарттарын, соңғы қарыз алушылардың сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу бойынша тәсілдерді және өзге де шарттарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын болады.
      Тарифтерді ұстап тұру және ХҚҰ-ның қосымша қарыз қаражатын тарту мүмкіндіктерін қолдау мақсатында мемлекет республикалық бюджеттен инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) беретін болады.
      Жобаларды ХҚҰ қаражатын тарта отырып іске асыратын ТМС инфрақұрылымдық грант алуға басым құқыққа ие болады.
      Инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) беру тетіктерін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі пысықталатын болады. «ТКШ ҚазОрталық» АҚ инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) беру бойынша оператор болып табылады.
      Осы шараларды іске асыру нәтижесінде 2020 жылға дейін:
      1) жылумен, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозуы 53 %-дан 67 %-ға дейін төмендейді және тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарады;
      2) шекті тарифтер қағидаттарын қолдану және нысаналы инвестициялық трансферттерді бюджеттік кредитпен және жекеше капиталмен алмастыру есебінен саланы коммерцияландыру процесі іске қосылады;
      3) саланы бірыңғай техникалық стандарттарға ауыстыру жүргізіледі.

5.5. Тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту

      Әлеуметтік тұрғын үй тапшылығы проблемасын шешу үшін неғұрлым перспективалы және қолжетімді құрал ретінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылады.
      Азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және тұрғын үй берудің тиімді шарттарын жасауға оларды кейіннен жалға беру (сатып алу мүмкіндігімен немесе сатып алу мүмкіндігінсіз) үшін тұрғын үй объектілерін салу және (немесе) сатып алу арқылы қол жеткізілетін болады.
      Халыққа оны сатып алудың түпкілікті бағасын төмендету мақсатында жалға берілетін тұрғын үйді ұсыну нарықтағы бағадан төмен және бастапқы жарнасыз тікелей жүзеге асырылатын болады.
      Тұрғын үйді салудың және (немесе) сатып алудың және одан әрі халық арасында жалға (сатып алу мүмкіндігімен немесе сатып алу мүмкіндігінсіз) берудің операторы ретінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы болып табылатын «Қазақстандық ипотекалық компания» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «ҚИК» ИҰ» АҚ) белгіленеді.
      «ҚИК» ИҰ» АҚ құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алу және (немесе) үшінші тұлғалардан тұрғын үй құрылыс объектілерін (салынып жатқан, аяқталмаған, салынған және пайдалануға енгізілмеген, салынған және пайдалануға енгізілген (дайын тұрғын үй) тұрғын үй объектілері) сатып алу (құнын өтеп алу) арқылы құрылысты ұйымдастыратын болады.
      «ҚИК» ИҰ» АҚ жалға берілетін тұрғын үйді салуды және (немесе) сатып алуды Ұлттық қор қаражаты, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде бөлінген республикалық бюджет қаражаты және өзге де қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырады.
      Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды (бұдан әрі – ИКИ) тартуды және (немесе) құнын өтеп алуды ЖАО Ұлттық қордан берілетін нысаналы тренсферттер есебінен жүзеге асыратын болады.
      Жалға берілетін тұрғын үйді беру тәртібі (сатып алу мүмкіндігімен немесе сатып алу мүмкіндігінсіз) Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында айқындалады.
      Нәтижесінде «ҚИК» ИҰ» АҚ қаржыландырудың барлық көздерін ескере отырып, 2020 жылға қарай шамамен 29 мың отбасына жалға берілетін тұрғын үй беру мақсатында 1,4 млн. шаршы метрге дейін тұрғын үй салады немесе сатып алады. Бұл ретте салынған немесе сатып алынған жалға берілетін тұрғын үйдің 60 %-ы – хаб қалаларда және 40 %-ы – облыс орталықтарында, моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде орналасатын болады.
      Жалға берілетін тұрғын үй құрылысының тетігін тиімді іске асыру мақсатында мүлік, жер салығы мен жер пайдаланғаны үшін төлемақы төлеу бөлігінде салық салу, жалға берілетін тұрғын үй салу үшін жер учаскелерімен өтеусіз негізде қамтамасыз ету, ипотекалық ұйымдардың қызмет түрлерін жүзеге асыру мүмкіндіктерін белгілеу, оның ішінде құрылысты ұйымдастыру, аяқталмаған құрылысты қоса қаржыландыру бойынша, жер учаскелеріне меншік/жер пайдалану құқығынсыз сатып алынатын аяқталмаған жалға берілетін тұрғын үй объектілерінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі, жалға берілетін тұрғын үйді салған және (немесе) сатып алған жағдайларда тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алу мүмкіндігі жөніндегі мәселелер пысықталатын болады.

5.6. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту

      Сапалы білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мектепте білім беру инфрақұрылымын, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды кеңейту, ЖОО-лардың ғылыми-техникалық базасын жаңғырту арқылы жүзеге асырылады.
      Орта білім беру жүйесінде Ұлттық қордың қаражаты есебінен авариялық мектептердің орнына және үш ауысымда оқытуды жою үшін мектептер пайдалануға енгізіледі.
      Тұтастай алғанда, Ұлттық қордың, республикалық бюджеттің және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен мектептер салуды ескере отырып, 2018 жылға қарай авариялық мектептер мен үш ауысымды оқыту жойылады.
      Кейіннен, ЖАО әлеуметтік инфрақұрылымды тұрақты негізде жаңарту жұмысын жүргізеді.
      Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту саласында үлгілік балабақшалар салу арқылы мектепке дейінгі ұйымдардың желісі кеңейтіледі, бұл Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларымен қатар, таяу арадағы үш жыл ішінде 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамтуды кемінде 81,3 %-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
      Бұл үшін Бағдарлама шеңберінде 2015 – 2017 жылдары Ұлттық қор қаражаты есебінен мектепке дейінгі ұйымдар ең тапшы өңірлерде балабақшалар пайдалануға беріледі.
      Жоғары білім беру саласында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін базалық деп айқындалған 10 ЖОО жанынан мынадай бағыттар бойынша 24 жаңа зертхана құрылады: құрылыс материалдарының өндірісі, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, технологиялық машиналар, энергетика, мұнай химиясы, химия өнеркәсібі. Барлық зертханалар әлемдік стандарттардың талаптарына сай келетін болады.
      Astana Business Campus ғылыми паркі құрылатын болады.
      Даму стратегиясына сәйкес жаңа инновациялық технологияларды әзірлеу және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін қазақстандық және халықаралық ірі компанияларды, жоғары технологиялы шағын және орта бизнесті, старт-аптарды, ғалымдарды, өнертапқыштар мен қаржыгерлерді шоғырландыру Ғылыми парктің негізгі міндеті болады.
      Ғылыми парктің түйінді рөлі ірі компаниялардың ғылыми-инженерлік бөлімшелерін тарту және орналастыру болып табылады. Astana Business Campus-тың бірінші «зәкірлі» жобасы геологиялық кластер болады. Кейіннен инфокоммуникациялық технологиялар кластері мен инжиниринг кластері болады. «Зәкірлі» жобалар инновациялық кластердің орнықтылығын және тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
      Осы зәкірлі жобалардың базасында Назарбаев Университеті мен Қазақстанның басқа да ғылыми ұйымдарының ғылыми және инновациялық жобаларын іске асыру жүзеге асырылатын болады.
      Ынтымақтастықтың осы моделі ғылым мен бизнестің өзара қарым-қатынасын орнатуға мүмкіндік береді, бұл ғылыми нәтижелер алу және ұлттық компаниялардың инновациялық-технологиялық әлеуетін дамыту үшін қажетті зерттеу инфрақұрылымын құруға әкеледі.
      2015 – 2017 жылдары Astana Business Campus ғылыми паркін салуға республикалық бюджет қаражаты, сондай-ақ отандық және шетелдік ірі әріптес компаниялардың инвестициялары тартылатын болады.

5.7. Кәсіпкерлік субъектілерін және іскерлік белсенділікті қолдау

      Кәсіпкерлікті қолдаудың басым бағыты ИИДМБ-да айқындалған өңдеуші өнеркәсіп секторлары болады.
      Сонымен қатар, Бағдарламада көзделген көлік-коммуникациялық, энергетикалық, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту өнеркәсіптік өнімге, ең алдымен, құрылыс материалдарына, машина мен жабдыққа, металл конструкциялары мен бұйымдарына едәуір сұраныс туындатады. Ішкі сұраныстың артуы іскерлік және экономикалық белсенділікті өсірудің қосымша көзіне айналады. Бұл жаңа өндірістер ашу, іскерлік байланыстарды және бизнес пен халық үшін жаңа мүмкіндіктерді ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
      Осыған байланысты бизнестің бастамалары мен жобаларын қолдау мақсатында Ұлттық қор мен ХҚҰ кредиттік желілерінің қайтарымды қаражаты есебінен ШОБ пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне ұзақ мерзімді жеңілдікті кредит беру арқылы кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру көзделген.
      ШОБ субъектілеріне жеңілдікті кредит беру инвестициялық мақсаттарды қаржыландыруға әрі өңдеуші өнеркәсіптегі және өңдеуші өнеркәсіпке қызмет көрсетуге жататын көрсетілетін қызметтер саласындағы жобаларды іске асыру шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға бағытталатын болады.
      Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікті кредит беру өңдеуші өнеркәсіптегі жобаларды іске асыру шеңберінде инвестициялық мақсаттарды қаржыландыруға бағытталатын болады.
      Соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 10 жылдан аспайтын кредит мерзімімен жылдық 6 %-дан аспайды.
      «Даму» КДҚ» АҚ және «Қазақстанның даму банкі» АҚ ШОБ пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қаржыландыруды ұсыну жөніндегі операторлар болады. ШОБ пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тікелей кредит беруді екінші деңгейдегі банктер жүзеге асыратын болады.
      Бұл мақсаттар үшін «Даму» КДҚ» АҚ мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ-ның банкаралық кредиттеу құралдары пайдаланылады.
      ШОБ пен ірі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары мен тетіктерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      ХҚҰ кредиттік желілерін тарту Дүниежүзілік банктің, Еуропа Қайта құру және Даму банкінің және Азия Даму банкінің пайдасына мемлекеттік кепілдікпен жүзеге асырылады. ХҚҰ қарыздарын «Даму» КДҚ» АҚ мен екінші деңгейдегі банктер инвестициялық мақсаттарды қаржыландыру үшін және ШОБ субъектілерінің жобаларын іске асыру шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға пайдаланады.
      ХҚҰ қарыздары бойынша ШОБ жобаларын қаржыландыру шарттары қарыздар туралы тиісті келісімдерде айқындалады.

5.8. Институционалдық даму

      Экономикада құрылымдық реформалар жүргізу ХҚҰ-мен (Дүниежүзілік банк тобы, Еуропа Қайта құру және Даму банкі, Азия Даму банкі, Ислам Даму банкі) ынтымақтастықта жүзеге асырылатын болады, олар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімдерге сәйкес Қазақстан Республикасына қаржылық және техникалық қолдау көрсетеді.
      Негіздемелік келісімдердің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының Үкіметіне экономиканы әртараптандыру және:
      1) қаржы секторын дамыту;
      2) жеке сектордың экономикадағы рөлін күшейту, шағын және орта бизнесті дамыту және іскерлік климатты жетілдіру;
      3) ғылым мен инновациялардың дамуын ынталандыру;
      4) адами капиталды дамыту, еңбек нарығын дамыту;
      5) экономикаға инвестициялар тарту және МЖӘ дамыту;
      6) өңірлерді орнықты экологиялық дамыту және энергия тиімділігін арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту;
      7) институционалдық реформалар жүргізуде қолдау көрсету;
      8) өңірлік даму мен ықпалдастыруда қолдау көрсету арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша реформаларды жүргізуге жәрдем көрсету болып табылады.
      Жоғарыда көрсетілген мақсатты іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі ХҚҰ-мен бірлесе отырып, 2015 – 2020 жылдары іске асыруға арналған жобалар тізбесін айқындады, олар ШОБ-ты, қаржы секторын, ТКШ мен көлік инфрақұрылымын, электр энергетикасын, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және энергия тиімділігін арттыруға, институционалдық реформаларды жүргізуге бағытталған.
      Қаржы секторында ХҚҰ-мен әріптестік «Basel III» стандарттарын енгізу, банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің IRB-тәсілі негізінде банктердің меншікті капиталының жеткілікті болуына қойылатын талаптар бөлігінде банк қызметін реттеуді жетілдіру, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы қызметті реттеуді жетілдіру және қор нарығының өтімділігін арттыру саласында техникалық көмек алуды білдіретін болады.
      Шағын және орта бизнесті дамыту саласында реформалар ШОБ субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға, ШОБ субъектілері үшін қаржыландыру қолжетімділігін жақсартуға, бизнесті жүргізу мәселелері бойынша ШОБ субъектілерінің құзыреттерін арттыруға, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тиімділігін жақсартуды әдістемелік қолдауға бағытталады.
      Адами капиталды дамыту, ғылым мен инновацияларды дамыту саласындағы реформалар Қазақстанда білім экономикасын құруға бағытталатын болады, ол экономиканы әртараптандырудың және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың қозғаушы күші болып табылатын.
      Бұл саладағы реформалардың негізгі міндеттері ғылыми әлеуетті, ұлттық инновациялық жүйенің және оның негізгі институттарының тиімділігін арттыру болып табылады.
      Еңбек нарығын дамыту саласында жүргізілетін реформалардың негізгі міндеттері жұмыс берушілердің тарапынан еңбек ресурстарына сұраныс пен еңбек нарығындағы ұсыныс арасындағы алшақтықты жою, еңбек ресурстарының сапасын арттыру болып табылады.
      Бұл үшін біліктіліктің жаңа жүйесі құрылады, еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына сай келетін кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламалары әзірленеді.
      Инвестицияларды және МЖӘ-ні ынталандыру саласындағы реформалар МЖӘ жобаларының тартымдылығын арттыруға және оларды кеңінен қолдануға бағытталады. Халықаралық институттармен ынтымақтастық институционалдық және нормативтік реформа бойынша ұсыныстар дайындау, сондай-ақ МЖӘ пилоттық жобаларын қаржыландыру мен іске асыру үшін техникалық көмек тартудан тұратын болады.
      Орнықты экологиялық даму, жасыл экономиканы дамыту және энергия тиімділігін арттыру саласындағы күш-жігер қоршаған ортаны қалпына келтіруге, қоршаған ортаға шығарындылар мен төгінділердің деңгейін төмендетуге, экологиялық таза технологияларды пайдалануды дамытуға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, олардың энергетикалық теңгерімдегі үлесін ұлғайтуға бағытталады.
      Осы бағыт бойынша жобаларды іске асырудың негізгі мақсаты орнықты экологиялық дамуға және қоршаған ортаға жүктемені барынша азайту арқылы Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуіне жәрдемдесу болып табылады.
      Институционалдық реформалар жүргізу шеңберінде ХҚҰ-мен ынтымақтастық мемлекеттік басқару практикасына бизнес-ортада пайдаланылатын тәсілдерді енгізу арқылы мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, оның ішінде клиентке бағытталуға, нәтижелер бойынша басқаруға және бюджеттеуге бағытталады.
      Өңірлік ынтымақтастық және ықпалдасу саласында халықаралық даму институттары Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша Қазақстан Республикасының осы ұйымның талаптарына сәйкестігі, отандық кәсіпкерлер, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өңдірушілер үшін ДСҰ-ға кірудің келеңсіз салдарын нивелирлеу және төмендету бөлігінде техникалық қолдау көрсетеді.
      Бірлескен жобаларды іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына және ХҚҰ талаптарына сәйкес жобалардың халықаралық стандарттарға, сапаны бақылау стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету және жобаларды іске асыру үшін бөлінетін қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын болады.

6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері

      Бағдарламаны іске асыру 2015 – 2019 жылдар аралығындағы кезеңде бес жылға есептелген, оның ішінде:
      I кезең – 2015 – 2017 жылдары көліктік-логистикалық секторда жобаларды іске асыру жалғасады, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылым салу, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту мен ауыстыру, жалға берілетін тұрғын үй салу және пайдалануға беру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады.
      Білім беру инфрақұрылымы кеңейтіледі және ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасы қалыптастырылады.
      Назарбаев Унивеситетінің Astana Business Campus ғылыми паркі жұмыс істейтін болады.
      ШОБ пен ірі кәсіпкерлікке кредит беруге бөлінген қаражат толық игеріледі. Институционалдық даму жөніндегі жобаларды дайындау және оларды іске асыру бойынша ХҚҰ-мен келісімдерге қол қою жүзеге асырылады.
      II кезең – 2018 – 2019 жылдары көлік, энергетика және индустрия секторларындағы инфрақұрылымдық жобаларды толық аяқтау үшін іс-шаралар жүргізіледі.
      Жалға берілетін тұрғын үйдің жоспарланған көлемінің құрылысы аяқталады.
      Индустриялық инфрақұрылым құру жалғасады.
      Экономиканың басым салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлау жүзеге асырылады.
      ХҚҰ-мен бірлесіп, институционалдық жобаларды іске асыру жалғасады.

7. Қажетті ресурстар

      Бағдарламаның іс-шаралары мен инвестициялық жобалары негізінен Ұлттық қордың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
      Бағдарламаны іске асыру үшін тартылатын Ұлттық қор қаражатының жалпы көлемі 2015 – 2017 жылдардағы кезеңде 9 млрд. АҚШ долларына балама соманы немесе жыл сайын 3 млрд. АҚШ долларын құрайды.
      Ұлттық қордың қаражаты республикалық бюджетке нысаналы трансферттер түрінде де, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне облигациялық қарыз түрінде де тартылатын болады
      Бұдан басқа, Бағдарламаны іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, ХҚҰ-дан үкіметтік сыртқы қарыздар, мемлекеттік емес және мемлекет кепілдік берген ХҚҰ қарыздары, ұлттық компаниялардың, даму институттарының меншікті қаражаты, сондай-ақ капитал нарығында тартылатын өзге де қаражат тартылатын болады.
      Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландыру қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға көзделген қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
      Халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен қоса қаржыландырудың индикативтік көлемі шамамен 8,97 млрд. АҚШ долларын құрайды.
      Жобаларды қаржыландыру үшін тартылатын ХҚҰ қарыздарының көлемі қарыздарды дайындау және қол қою барысында нақтыланады.
      Жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қор қаражатынан  2015–2017 жылдары мынадай жобаларға қаражат бөлінеді:
      Автожол жобалары
      Автожол саласындағы жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 316,7 миллиард теңге сомасына қаражат бөлінеді, оның ішінде:
      1) Орталық-Оңтүстік (Астана – Қарағанды – Балқаш – Күрті – Қапшағай – Алматы) автомобиль магистралін салу және реконструкциялау – 97 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 57 млрд. теңге, 2016 жылы – 40 млрд. теңге;
      2) Орталық-Шығыс (Астана – Павлодар – Қалбатау – Өскемен) автомобиль магистралін салу және реконструкциялау – 127 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 77 млрд. теңге, 2016 жылы – 50 млрд. теңге;
      3) Орталық-Батыс автомобиль магистралін салу және реконструкциялау – 8,4 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 2 млрд. теңге жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, 2016 жылы – 6,4 млрд. теңге;
      4) республикалық маңызы бар басқа жолдарды реконструкциялау – 84,3 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 42 млрд. теңге, 2016 жылы – 42,3 млрд. теңге.
      Халықаралық қаржы ұйымдары қатысатын автожол жобалары
      2016 жылдан бастап Батыс Еуропа – Батыс Қытай және Бейнеу – Ақтау жобалары бойынша қарыздарды игеру кезінде үнемдеу есебінен қалыптасқан қарыз қаражатын – 763 млн. АҚШ долларын Ұлттық қордан 4,6 млрд. теңге сомасында қоса қаржыландыру арқылы Күрті – Бурылбайтал, Ұзынағаш – Отар, Ақтөбе – Мақат, Жетібай – Жаңаөзен автожол жобаларын іске асыруға қайта бөлу жүзеге асырылады.
      2015 – 2016 жылдары Бағдарламада көзделген жобаларды іске асыру үшін жалпы индикативтік сома 5 583,5 млн. АҚШ долларына, оның ішінде Еуропа Қайта құру және Даму банкі – 942,5 млн. АҚШ долларына, Дүниежүзілік банк – 3 183 млн. АҚШ долларына, Азия Даму банкі – 550 млн. АҚШ долларына, Ислам Даму банкі – 908 млн. АҚШ долларына жаңа қарыздарға қол қойылады.
      Теміржол жобалары
      Теміржол саласы мен көліктік логистиканың жобаларын іске асыруға кейіннен «ҚТЖ» ҰК» АҚ капиталдандыра отырып, Ұлттық қордан республикалық бюджетке нысаналы трансферттер арқылы мынадай жобаларға 46,3 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінеді:
      1) Шу – Алматы-1 учаскесінде екінші жолдарды салу – 27,7 млрд. теңге, оның ішінде, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның қаражаты есебінен 11,9 млрд. теңге сомасына қоса қаржыландырумен 2015 жылы – 8,3 млрд. теңге, 2016 жылы – 19,4 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 3,5 млрд. теңге, 2016 жылы – 8,3 млрд. теңге;
      2) Боржақы – Ерсай т/ж желісінің құрылысын аяқтау – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның қаражаты есебінен 2,8 млрд. теңге сомасына қоса қаржыландырумен 2015 жылы 6,7 млрд. теңге, оның ішінде 2014 жылы – 0,3 млрд. теңге, 2015 жылы – 2,5 млрд. теңге;
      3) Құрық портында паромдық өткел салу, ол мынадай құрылым бойынша қаржыландырылады: құрылыстың жалпы құны – 16,4 млрд. теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 2015 жылы – 4,8 млрд. теңге, 2016 жылы – 7,0 млрд. теңге, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның меншікті қаражаты – 2015 жылы –  2,1 млрд. теңге, 2016 жылы – 2,5 млрд. теңге.
      Индустриялық инфрақұрылым жобалары
      «Ұлттық индустриялық мұнай химия технопаркі» АЭА дамыту
      Инфрақұрылым салуды қаржыландыру мақсатында 2015 жылы Ұлттық қордан 68,5 млрд. теңге бөлінеді.
      «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА дамыту
      2015 жылы «құрғақ» порттың 2-ші кезегін салуға және АЭА инфрақұрылымын аяқтауға Ұлттық қордың қаражатынан 12,5 млрд. теңге бөлінеді. Бұл ретте «ҚТЖ» ҰК» АҚ қаражаты есебінен қоса қаржыландыру 2015 жылы 10,7 млрд. теңгені құрайды.
      Энергетикалық инфрақұрылым жобалары
      «Екібастұз – Шүлбі ГЭС – Өскемен 500 кВ желісін салу» 1-ші кезеңін қаржыландыру «КЕGOС» АҚ-ның меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Құрылыс құны 43,3 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде жылдар бойынша 2011 жылы – 0,242 млрд. теңге, 2012 жылы – 0,163 млрд. теңге, 2013 жылы – 0,325 млрд. теңге, 2014 жылы – 9 млрд. теңге, 2015 жылы – 12,4 млрд. теңге, 2016 жылы – 11,9 млрд. теңге, 2017 жылы – 9,3 млрд. теңге.
      «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» 500 кВ желісін салу» 2-ші кезеңін қаржыландыруды «КЕGOС» АҚ-ның меншікті қаражаты есебінен, сондай-ақ ХҚҰ қарыз қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылады. Құрылыс құны 76,8 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде жылдар бойынша 2012 жылы – 0,164 млрд. теңге, 2013 жылы – 0,311 млрд. теңге, 2014 жылы – 0,327 млрд. теңге, 2015 жылы – 0,024 млрд. теңге, 2016 жылы – 7,9 млрд. теңге, 2017 жылы – 23,8 млрд. теңге, 2018 жылы – 44,3 млрд. теңге.
      Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жобалары.
      ТКШ, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 160 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінеді, оның ішінде:
      2015 жылы – 60 млрд. теңге;
      2016 жылы – 100 млрд. теңге.
      Жобаларды қаржыландыру үшін тартылатын ХҚҰ қарыздарының көлемі қарыздарды дайындау және қол қою барысында нақтыланатын болады.
      Тұрғын үй инфрақұрылымының жобалары
      Тұрғын үй объектілерін салуды және (немесе) сатып алуды барлық көздерден қаржыландырудың жалпы көлемі 250,0 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде:
      1) «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның жалға берілетін тұрғын үйін салуға арналған Ұлттық қордың қаражаты – 145,0 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 92,5 млрд. теңге, 2016 жылы – 52,5 млрд. теңге;
      2) «ҚИК» ИҰ» АҚ тұрғын үй салу аудандарында ИКИ жобалауға, салуға және (немесе) сатып алуға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне нысаналы трансферттер түрінде республикалық бюджетке Ұлттық қордан берілетін қаражат – 35,0 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 17,5 млрд. теңге, 2016 жылы – 17,5 млрд. теңге;
      3) 2017 – 2019 жылдары облигацияларды орналастырудан тартылған, «ҚИК» ИҰ» АҚ меншікті қаражаты – 50,0 млрд. теңге;
      4) 2013 – 2014 жылдары «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде бөлінген «ҚИК» ИҰ» АҚ меншікті қаражаты – 29,2 млрд. теңге;
      5) 2017 – 2019 жылдары қаражатты қайта пайдалану арқылы «ҚИК» ИҰ» АҚ меншікті қаражаты – 25,8 млрд. теңге.
      Әлеуметтік инфрақұрылым жобалары
      Орта білім беру жүйесінде авариялық мектептердің орнына және үш ауысымды оқытуды жою үшін мектептер құрылысы 47 млрд. теңге сомасына қаржыландырылады.
      Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту саласында Бағдарламаны іске асыру кезеңінде экономикалық өсу орталықтарында, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа елді мекендерде жобалар 13 млрд. теңге сомасына қаржыландырылады.
      Жоғары білім беру саласында ИИДМБ-ның базалық 10 ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын дамытуға 6 млрд. теңге жұмсалады.
      Айталық, жылдар бойынша қаржыландыру:
      1) 2015 жылы – мектептерге 23,5 млрд. теңге, балабақшаларға – 6,5 млрд. теңге, жоғары оқу орындарына – 3 млрд. теңге;
      2) 2016 жылы – мектептерге 23,5 млрд. теңге, балабақшаларға – 6,5 млрд. теңге, жоғары оқу орындарына – 3 млрд. теңге;
      3) 2017 жылы – мектептерге – 23 млрд. теңге, балабақшаларға –  7 млрд. теңге құрайды.
      Кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары
      Кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға барлық көздерден қаржыландырудың жалпы көлемі 355 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде:
      1) ШОБ және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына 50 млрд. теңгеден тең үлестермен қаражат орналастыру арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікті кредит беруге Ұлттық қордан бөлінетін қаражат – 200 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 100 млрд. теңге, 2016 жылы – 100 млрд. теңге;
      7 млрд. теңге құрайды.
      Кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары
      Кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға барлық көздерден қаржыландырудың жалпы көлемі 355 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде:
      1) ШОБ және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына 50 млрд. теңгеден тең үлестермен қаражат орналастыру арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікті кредит беруге Ұлттық қордан бөлінетін қаражат – 200 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 100 млрд. теңге, 2016 жылы – 100 млрд. теңге;
      2) халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты:
      Дүниежүзілік банк – 2016 – 2017 жылдары 37 млрд. теңге;
      Азия Даму банкі – 2015 – 2017 жылдары 81 млрд. теңге;
      Еуропа Қайта құру және Даму банкі – 2015 – 2016 жылдары 37 млрд. теңге.
      ШОБ жобаларын қаржыландыру үшін тартылатын ХҚҰ қарыздарының көлемі қарыздарды дайындау және қол қою барысында нақтыланады.
      Халықаралық қаржы ұйымдарымен жобаларды қоса қаржыландыру
      ХҚҰ-мен жобаларды республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру мақсаттары үшін мынадай мөлшерде қаражат бөлінеді:
      2015 жылы – 39,2 млрд. теңге;
      2016 жылы – 52,3 млрд. теңге;
      2017 жылы – 64,1 млрд. теңге.

      Аббревиатуралардың толық жазылуы:

«ҚТЖ» ҰК» АҚ

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы

«KEGOC» АҚ

«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» акционерлік қоғамы

«ҚИК» ИҰ» АҚ

«Қазақстан ипотекалық компания» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы

«ТКШ ҚазОрталық» АҚ

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы

АКҚ

автокөлік құралдары

ҮАААЖ

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы

ЖІӨ

ішкі жалпы өнім

ЖЭК

жаңартылатын энергия көздері

ЖвЖ

жоғары вольтті желі

ЖӨӨ

жалпы өңірлік өнім

ДЭФ

Дүниежүзілік экономикалық форум

ЖОО

жоғары оқу орны

ДСҰ

Дүниежүзілік сауда ұйымы

ИИДМБ

Индустриялық-инновациялық дамудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

МЖӘ

мемлекеттік-жекешелік әріптестік

ЖКО

жол-көлік оқиғасы

БЭЖ

бірыңғай электр энергетикасы жүйесі

ТКШ

тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

ИКИ

инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым

ПӘК

пайдалы әсер коэффициенті

ХВҚ

Халықаралық валюта қоры

ЖАО

жергілікті атқарушы орган

ШОБ

шағын және орта бизнес

ХҚҰ

халықаралық қаржы ұйымдары

ЭЫДҰ

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы

КС

кіші станция

АЭА

арнайы экономикалық аймақтар

ҚР

Қазақстан Республикасы

FIDIC

Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады