Байланыс формасы

Мемлекет меншiгiндегi геологиялық ақпарат және оны оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдалану тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 7 қарашадағы N 1357 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 11 қаңтардағы № 251 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.03.11 № 251 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 27 қаңтардағы N 2828 Жарлығын 
iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi: Z100291 қараңыз
      Мемлекет меншiгiндегi геологиялық ақпарат және оны оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдалану тәртiбi
туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы    
Үкiметiнiң          
1996 жылғы 7 қарашадағы    
N 1357 қаулысымен       
Бекiтiлген          

        Мемлекет меншiгiндегi геологиялық ақпарат және
           оны оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де
              мақсаттарда пайдалану тәртiбi туралы
                             ЕРЕЖЕ

                        Жалпы ережелер

      1. Бұл Ереже үшiн - Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары, Қазақстан Республикасының аумағында жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыратын барлық заңды және жеке тұлғалар үшiн - орындауға мiндеттi болып табылады.
      ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен.
      2. Жер қойнауының геологиялық құрылысы, ондағы пайдалы қазбалар, кен орындарының геологиялық параметрлерi, қорлардың ауқымы, игеру шарттары, сондай-ақ геологиялық есептердегi, карталардағы және өзге де материалдардағы Жер қойнауының кез келген ерекшелiктерi туралы ақпарат, егер ол республиканың бюджет қаржысы есебiнен алынса, мемлекеттiк меншiкте болады және егер ол Жер қойнауын пайдаланушының өз қаражаты есебiнен алынса, Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнде болады.
      ЕСКЕРТУ. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен.
      3. Жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпарат қаржыландыру көзiне қарамастан мiндеттi түрде белгіленген стандарт бойынша сақтауға, жүйелеуге және қорытуға жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органға өтеусiз берiледi. <*>
      ЕСКЕРТУ. 3-тармақ өзгертiлдi - ҚРҮ-нiң 1998.06.22. N 578 қаулысымен.
      ЕСКЕРТУ. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен.
      4. Келiсiм-шарттың қолданылуы тоқтатылған кезде бүкiл геологиялық ақпарат мемлекет меншiгiне көшедi. Жер қойнауын пайдаланушы барлық құжаттар мен геологиялық ақпараттың өзге де материалдық тасымалдаушыларын жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) өтеусiз беруге мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен.
      5. Жер қойнауы туралы мемлекет меншiгiндегi ақпарат жекешелендiруге жатпайды.
      6. Осы Ереженiң 7-тармағында көрсетiлген ақпаратты қоспағанда, жер қойнауы туралы ақпаратты жинаудың және сақтаудың тәртiбiн Қазақстан Республикасында жер қойнауы туралы ақпаратты сақтаушы болып табылатын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      7. Жер қойнауы туралы мемлекеттiк және коммерциялық құпиясы бар ақпаратты жинаудың, сақтаудың және берудiң тәртiбi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес айқындалады.
      Бұл Ереже жер қойнауы туралы мемлекеттiк құпиясы бар ақпаратқа қолданылмайды.
      8. Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебiнен алынған және ол осы Ереженiң 3-тармағына сәйкес уәкілеттi органға берген ақпаратты оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдаланудың тәртiбi ақпаратты меншiктенушi мен уәкілеттi орган арасындағы келiсiмде айқындалады.
      Сондай-ақ бүкіл геологиялық ақпараттың немесе оның бiр бөлiгiнiң құпиялылық мерзiмi, сондай-ақ Келiсiм-шарттың қолданылуы кезеңiнде геологиялық ақпаратты Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнен Қазақстан Республикасының меншiгiне беру мүмкiндiгi мен оның шарттары да осы келiсiмде айқындалады. <*>
      ЕСКЕРТУ. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен

             Жер қойнауы туралы ақпараттың түрлерi
                       мен деңгейлерi

      9. Жер қойнауы туралы ақпараттың негiзгi екi түрi бар: бастапқы және екiншi.
      Жер қойнауы туралы бастапқы ақпаратқа:
      бұрғылау ұңғымаларының бағанасы, мұнай, су, газ сынамалары, тас материалдардың үлгiлерi, әртүрлi мақсаттағы коллекциялар, шлифтар және т.б. арқылы бiлдiрiлген табиғи таратушылардағы ақпарат (заттай ақпарат);
      далалық байқау журналдары және басқа құжаттамалар, оның iшiнде сынап көру журналдарымен, сынамаларды саралау нәтижелерi, геофизикалық байқау жазбалары және т.б. арқылы бiлдiрiлген жасанды таратушылардағы (қағаз, магнит таспасы және т.б.) ақпарат жатады.
      Жер қойнауы туралы екiншi ақпаратқа бiрiншi ақпаратты өңдеу, мағынасын ашу, талдау және қорыту нәтижесiнде алынған ақпарат жатады.
      10. Жер қойнауын пайдаланушыларға берiлетiн жер қойнауы туралы барлық ақпарат өзiнiң көлемi мен тағайындалған мақсатына қарай үш деңгейге бөлiнедi:
      бiрiншi деңгейдегi жер қойнауы туралы ақпарат - жалпы геологиялық сипаттаманы, техникалық-экономикалық көрсеткiштердi қамтыған ғылыми, коммерциялық және басқа да мақсаттарда пайдалануға арналған жалпы (таныстыру) ақпарат (проспектiлер);
      екiншi деңгейдегi жер қойнауы туралы ақпарат (конкурстық пакеттер) - конкурстық ұсыныс (бизнес-жоспар) дайындауға арналған алдын-ала геологиялық ақпарат;
      үшiншi деңгейдегi жер қойнауы туралы ақпарат - жер қойнауын пайдалану құқығын алған жер қойнауын пайдаланушыға арналған контрактiлiк аумақ бойынша жер қойнауы туралы ақпараттың толық пакетi.
      ЕСКЕРТУ. 10-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен.

            Жер қойнауы туралы ақпаратты пайдалануға
                        беру шарттары

      11. Жер қойнауы туралы ақпарат Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес қазақстандық және шетелдiк жер қойнауын пайдаланушыларға, сондай-ақ басқа да тұлғаларға оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдалануға берiлуi мүмкiн.
      12. Жер қойнауы туралы ақпарат (бастапқы да, екiншi де) пайдалануға толығымен немесе iшiнара:
      оның мазмұнымен қысқаша танысу (алып қою және көшiрмесiн алу құқығынсыз);
      ақпарат көшiрмесiн беру;
      екiншi данасы болған кезде табиғи таратушылардағы ақпаратты ұсыну арқылы берiлуi мүмкiн.
      13. Екiншi даналары жоқ тас материалдар, коллекциялар, сынамалар және т.с.с. пайдалануға берiлмейдi. Бұл Ақпараттың Тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      14. Жер қойнауы туралы мемлекет меншiгiндегi ақпарат заңды және жеке тұлғалардың пайдалануына;
      жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурсқа қатысушыларға - конкурстық пакет түрiнде;
      жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстың жеңiмпазына - жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстың шарттарында айтылған жер қойнауы учаскесi бойынша - келiсiм-шарт аумағы бойынша толық пакет түрiнде;
     республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк геологиялық зерделеуге немесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзуге уәкiлеттi органмен контракт жасағандарға;
      өзге тұлғаларға - осы Ережемен көзделген шарттар бойынша уәкiлеттi органның шешiмiмен берiледi.
      ЕСКЕРТУ. 14-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен.
      15. Жер қойнауы туралы мемлекет меншiгiндегi ақпарат тұрақты немесе уақытша пайдалануға берiлуi мүмкiн. Жер қойнауы туралы ақпарат уақытша пайдалануға тек әкiмшiлiк акт және/немесе уәкiлеттi органмен жасалған контракт негiзiнде мемлекет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын жер қойнауына мемлекеттiк геологиялық зерделеу жүргiзiп отырған ұйымдарға ғана берiледi. Барлық басқа жағдайларда жер қойнауы туралы ақпарат тұрақты пайдалануға берiледi.
      16. Жер қойнауы туралы мемлекет меншiгiндегi ақпаратты пайдалануға беру қайтарымды (сату) және қайтарусыз негiзде жүзеге асырылады.
      Қайтарусыз негiзде жер қойнауы туралы ақпарат:
      бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерделеудi орындайтын ұйымдарға және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарды жасасу және орындау жөнiндегi құзыретті органы;
      осы тармақта көрсетiлген жағдайларда жер қойнауы туралы ақпарат қайтарымды негiзде берiледi, ал оны сатудан түскен кiрiс республикалық бюджетке есептеледi.
     ЕСКЕРТУ. 16-тармақ өзгертiлдi және 4 абзацы алынып тасталды -
ҚРҮ-нiң 1998.06.22. N 578 қаулысымен.
     ЕСКЕРТУ. 16-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен.
     17. Жер қойнауы туралы мемлекет меншiгiндегi ақпарат пайдалануға оны үшiншi тұлғаларға беру, сылау және қайталап сату құқығынсыз берiледi.
     18. Жер қойнауы туралы ақпаратты өз бетiнше меншiктенген (уәкiлеттi органды айнала өтiп), жасырып қалған және бүлдiрген жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкте болады. 

         Жер қойнауы туралы ақпаратты берудiң және оның
                    құнын белгiлеу тәртiбi

      19. Жер қойнауы туралы мемлекет меншiгiндегi бiрiншi деңгейдегi ақпаратты берудiң тәртiбi мен құнын (ол қайтарымды негiзде берiлген жағдайда) уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      20. Жер қойнауы туралы мемлекет меншiгiндегi екiншi деңгейдегi ақпаратты (конкурстық пакеттердi) берудiң шарттары мен тәртiбiн Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын беру ережесiне сәйкес конкурстық комиссия белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 20-тармақ өзгертiлдi - ҚРҮ-нiң 1998.06.22. N 578
қаулысымен.
      ЕСКЕРТУ. 20-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінiң 2003.08.04. N 779 қаулысымен.
      21. Жер қойнауы туралы мемлекет меншiгiндегi үшiншi деңгейдегi ақпараттың (толық пакеттiң) бағасын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      22. Иесi жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын жер қойнауы туралы ақпарат оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдалануға контрактi күшiнде болған кезде уәкiлеттi органмен келiсе отырып берiледi.
      Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебiнен алынған және уәкiлеттi органға берiлген жер қойнауы туралы ақпаратты пайдалану басқа тұлғаларға ақпарат берудiң тәртiбi мен оның құпиялылық мерзiмi көзделген уәкiлеттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасындағы келiсiмге сәйкес жүзеге асырылады.
      23. Жер қойнауы туралы ақпараттың пайдалануға берiлген фактiсiн және оны мақсатқа сай пайдалану шарттарын растайтын құжат шарт болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады