"Ақпаратты Қазақстан - 2020" мемлекеттік бағдарламасы және "Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 464 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 681 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.

      "Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған "Ақпаратты Қазақстан - 2020" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;

      2) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен Бағдарламаның орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ақпарат ұсынсын.

      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.

      4. "Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 25-26, 185-құжат; 2011 ж., № 3-4, 39-құжат; 2012 ж., № 9, 171-құжат; № 47, 626-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік бағдарламалар тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 6-жолмен толықтырылсын:

"6.

"Ақпаратты Қазақстан - 2020" мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі

2012 жылғы 1 қарашаға дейін

2013-2020 жылдар

2012 жылғы 1 желтоқсанға дейін".


      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 8 қаңтардағы
№ 464 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Ақпаратты Қазақстан - 2020"
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
I. Бағдарламаның паспорты

      Бағдарламаның атауы "Ақпаратты Қазақстан - 2020" мемлекеттік

      бағдарламасы

      Әзірлеу үшін негіз "Қазақстан Республикасының 2020 жылға

      дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы"

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010

      жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы

      Бағдарламаны Қазақстан Республикасы Көлік және

      әзірлеу үшін жауапты коммуникация министрлігі

      мемлекеттік орган

      Бағдарламаны іске Орталық және жергілікті мемлекеттік

      асыруға жауапты органдар, жергілікті өзін-өзі басқару

      мемлекеттік органдар органдары

      Бағдарламаның мақсаты Ақпаратты қоғамға көшу үшін жағдайлар жасау

      Міндеттері 1) Мемлекеттік басқару жүйесінің

      тиімділігін қамтамасыз ету.

      2) Ақпараттық-коммуникациялық

      инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз

      ету.

      3) Қоғамның әлеуметтік-экономикалық және

      мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құру.

      4) Отандық ақпараттық кеңістікті дамыту.

      Іске асыру мерзімі 1-кезең: 2013 - 2017 жылдар

      2-кезең: 2018 - 2020 жылдар

      Нысаналы индикаторлар 1) 2020 жылы Қазақстан Дүниежүзілік Банктің

      "Doing Business" рейтингінде алғашқы 35

      елдің тізімінде болуға тиіс;

      2) "электрондық үкімет" индексі (БҰҰ-ның

      әдістемесі бойынша) 2020 жылы алғашқы 25

      елдің қатарында болуға тиіс;

      3) Қазақстан Республикасы үй

      шаруашылықтарындағы

      ақпараттық-коммуникациялық

      инфрақұрылымның қолжетімділігі - 100 %;

      4) 2020 жылы Интернет желісін

      пайдаланушылар саны - 75 %;

      5) Қазақстан тұрғындарын эфирлік цифрлық

      телерадио хабарларын таратумен қамту — 95%;

      6) елдің ЖІӨ-не ақпараттық коммуникациялық

      технологиялар (бұдан әрі - АКТ) секторының

      үлесі - 4 %;

      7) денсаулық сақтаудың бірыңғай желісіне

      қосылған денсаулық сақтау ұйымдарының

      үлесі - 100%;

      8) бірыңғай ұлттық ғылыми-білім беру

      желісіне қосылған ғылыми-білім беру

      мекемелерінің үлесі - 100 %;

      9) компьютерлік сауаттылық деңгейі - 80 %;

      10) Қазақстанда тіркелген бұқаралық

      ақпарат құралдардың (бұдан әрі - БАҚ) жалпы

      санындағы электрондық БАҚ-тың үлесі - 100%;

      11) электрондық түрде ақы төленетін

      тауарлар мен қызметтердің жалпы

      айналымындағы қазақстандық

      интернет-дүкендер айналымының үлесі - 40 %;

      12) электрондық форматта ұсынылатын

      мемлекеттік қызметтердің үлесі - 50 %;

      13) дәстүрлі түрде алынған қызметтердің

      жалпы санына қарағанда көрсетілген

      электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі

      - 80 %.

      Қаржыландыру көлемі Мемлекет қатысатын ұлттық компаниялар мен

      мен көздері ұйымдардың қаражатын қоса алғанда,

      мемлекеттік бюджет және кәсіпорындардың,

      ұйымдардың қаражаты.

      Республикалық және жергілікті бюджеттерден

      қаржыландыру көлемі жоспарланатын кезеңге

      арналған тиісті бюджетті қалыптастыру

      кезінде нақтыланады.

II. Кіріспе

      Адамзат өркениетінің қазіргі заманғы дамуы ғылыми-техникалық төңкерістің кезекті кезеңі - АКТ-ларды өмірдің барлық салаларына енгізумен сипатталады, бұл технологиялар адам өмірінің салтын өзгертіп, ақпараттық қоғамға, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жоғары қоғамға көшу үшін іргетас әрі материалдық база болады.

      Әлемде жаппай мынадай үрдістер байқалуда:

      1) АКТ-ның ықпалымен барлық қоғамдық институттар мен адамның қызмет ету салаларының өзгеруі;

      2) қазіргі заманғы технологияларды әзірлеудің, өндірудің және енгізудің барлық салаларының ілгерілеуі;

      3) елді әлеуметтік-экономикалық дамытудың міндеттеріне барабар дамыған ақпараттық орта қалыптастыруға ұмтылу;

      4) тұрғындардың ақпараттық ресурстарға тең құқылы кепілдендірілген қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      5) азаматтарды, қоғамдық институттарды, бизнес пен барлық деңгейдегі мемлекеттік билік органдарын ақпараттық қоғам жағдайында өмір сүруге дайындау.

      Канада, Корея, Малайзия, Сингапур, АҚШ сынды әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің көпшілігінде тұтас қоғамда да, қызметтің жекелеген салаларында да ақпараттық даму стратегиялары немесе кешенді бағдарламалары әзірленген және іске асырылуда.

      Бұрынғы кеңестік кеңістікте құрылған мемлекеттер де осы қатарда. Мысалы, Ресей Федерациясының мемлекеттік ақпараттық саясаты мен Беларусь Республикасының ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатының ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаты дамудың жаңа кезеңіне - ақпаратты қоғамды құруға және әлемдік ақпаратты қоғамдастыққа кіруге көшу болып табылады.

      Жоғарыда аталған стратегиялар мен бағдарламаларды талдау ақпараттық дамудың ұлттық стратегиясын қалыптастырудағы, ақпараттық және инновациялық дамудың алға қойылған мақсаттарына қол жеткізу үшін қоғамның барлық топтарын шоғырландырудағы, ұлттық стратегияны іске асыру бойынша бизнесті, барлық қоғамдық институттар мен азаматтарды үйлестірудегі жетекші рөл мемлекетке берілгенін көрсетті.

      Біздің елімізде ақпаратты қоғамның құрамдас бөліктерінің біреуіне ғана - "электрондық үкіметті" қалыптастыру мен дамытуға баса назар аударылып, сәтті іске асырылды, халықаралық рейтингтердің жоғары болуы осының айғағы. Алайда ақпаратты қоғамды қалыптастыру міндеті тек "электрондық үкімет" пен телекоммуникация саласын дамытуға қарағанда ауқымды екені сөзсіз.

      Сондықтан, ақпаратты қоғамға көшуге ықпал ететін барлық қажетті жағдайларды жасау үшін және "Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам" атты 2012 жылғы 10 шілдедегі мақалада берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін "Ақпаратты Қазақстан - 2020" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) әзірленді.

      Бағдарламаны әзірлеу кезінде Жаһандық ақпаратты қоғамның Окинава хартиясының (Окинава қ., Жапония, 2000 жыл), Ақпаратты қоғам құру қағидаттары декларациясының (Женева қ., Швейцария, 2003 жыл), Тунис міндеттемесі іс-қимыл жоспарының (Тунис қ., Тунис Республикасы, 2005 жыл), басқа да халықаралық құжаттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі ережелері ескерілді.

      Ақпаратты қоғам құрудың халықаралық тәжірибесіне және жоғарыда аталған құжаттардың ережелеріне сүйене отырып, Бағдарламада төрт түйінді бағыт айқындалған:

      1) мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету;

      2) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      3) қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құру;

      4) отандық ақпараттық кеңістікті дамыту.

      Осы бағыттардың шеңберінде АКТ-ны жаппай енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіру, ашық және "ұтқыр үкімет" құру, ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін дамыту жөніндегі міндеттер шешіледі. Ақпаратты қоғамды дамыту адами ресурстарды дамытумен сүйемелденуге тиіс екенін ескере отырып, Бағдарламада азаматтарға электрондық білім алу арқылы ақпараттық технологияларды игеруге және олармен жұмыс істеу дағдыларын алуға, өмір бойы оқуға және дайындалуға, қашықтан жұмыс істеуге, қолжетімді электрондық денсаулық сақтау қызметтерін алуға мүмкіндік беру үшін жағдайлар көзделген. Сондай-ақ, еліміздің неғұрлым ашық, қолжетімді және бәсекеге қабілетті экономикасын құру үшін Бағдарламада экономиканың негіз қалаушы салаларына зияткерлік жүйелерді барынша енгізу көзделген.

      Ақпаратты қоғамға көшу саясатының тиімділігі АКТ кеңінен қолдану және электрондық қызметтер көрсету бойынша бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін шоғырландыруға байланысты болады.

      "Ақпаратты Қазақстан - 2030" мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның ақпараттық қоғамға көшуін іске асырудың қорытындылаушы кезеңіне айналады деп болжанады.

III. Ағымдағы жағдайды талдау

      Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында АКТ-ны қарқынды дамыту және бейімдеу экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, адамдардың өмір сүру салтына да әсерін тигізіп, қоғамды жаңғыртудың маңызды факторына айнала бастағаны атап өтілген, бұл қазіргі заманғы Қазақстанның экономикасы мен азаматтарының өмірі үшін АКТ-ны дамытудың маңызды екенін сипаттайды.

      Соңғы жылдары Қазақстанның АКТ секторында маңызды жетістіктер байқалады.

      2012 жылғы наурыздың басында жарияланған БҰҰ E-Government Survey-2012 "Электрондық үкімет адамдар үшін" рейтингінде Қазақстан 2010 жылмен салыстырғанда 8 тұғырға көтеріліп, 38-орынды иеленді. Е-қатысу индексі бойынша Қазақстан Сингапурмен 2-орынды бөлісті.

      Дүниежүзілік экономикалық форумның 2012 - 2013 жылдардағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік бойынша есебінде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік рейтингі 21 тұғырға көтеріліп, 51-орынға жетті.

      Халықаралық электр байланысы одағының рейтингінде Қазақстан соңғы жылы АКТ дамыту индексі бойынша 72-орыннан 68-орынға көтерілді.

      Пошта байланысы саласында ұлттық оператор болып табылатын "Қазпошта" акционерлік қоғамы қызметтер нарығының негізгі жеткізушісі болып қалады. Қызмет көрсетуді еліміздің бүкіл аумағын қамтитын 3000 астам өндірістік объектілер жүзеге асырады. Бұдан басқа, пошталық, курьерлік қызметтерді "DHL International Kazakhstan" ЖШС, "ЯНЦЕН-ЭКСПРЕСС" ЖШС және басқалары да көрсетеді.

      Телекоммуникация саласының негізгі үрдістері жоғары жылдамдықты оптикалық және сымсыз технологияларға негізделген инфрақұрылымды дамыту, тұрғындар мен ұйымдарға мультимедиялық қызметтер көрсету, телерадио хабарларын таратудың цифрлық технологияларын енгізу және дамыту, сондай-ақ жергілікті телефон байланысын цифрландыру деңгейін көтеру болып табылады.

      Интернет желісіне қолжетімдікті қамтамасыз ету бойынша байланыс желілерін дамыту озыңқы қарқынмен жүруде. Қазақстан халқының 53,5 %-ы Интернет желісін пайдаланушылар болып табылады (Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің 2012 жылғы 2 тоқсандағы жедел деректеріне сәйкес).

      Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 4G технологиясы енгізілуде, Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділік (бұдан әрі - КЖҚ) жүйесін дамыту ADSL, CDMA/EVDO, 3G, FTTH сияқты технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

      ADSL технологиясы.

      ADSL технологиясы (Asymmetric Digital Subscriber Line) - асимметриялық цифрлық абоненттік желі - интерактивті бейнеқызметтерге (сұраныс бойынша бейне, бейнеойындар және т.б.) және деректерді жылдам жіберуге жоғары жылдамдықты қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін (Интернетке қол жеткізу, жоғары вольтты байланыс желілерімен басқа желілерге қашықтан қол жеткізу) үшін әзірленген.

      ADSL технологиясы Интернет желісіне қол жеткізу жылдамдығына жоғары талап қоймайтын абоненттерге КЖҚ қызметтерін көрсетудің неғұрлым бұқаралық және арзан тәсілі болып табылады. Қол жеткізудің мыс желісі пайдаланылатын байланыс желісінің кез келген дерлік учаскесінде ADSL технологиясы бойынша КЖҚ желісін ерістетуге болады.

      Абонентке қарай ақпарат беру жылдамдығы 7 Мбит/с дейін (ADSL2+ үшін 24 Мбит/с дейін) құрайды, ал абоненттен - 1 Мбит/с дейін. Қол жеткізу жылдамдығы тарату желісінің мыс кәбілінің жағдайына, АТС-тан абонентке дейінгі қашықтыққа, кәбілдегі абоненттер санына және т.б. тәуелді.

      Бүгінгі күні ADSL технологиясын пайдаланатын абоненттер саны - 1 017 486 адамды құрайды.

      FTTH технологиясы.

      FTTH (Fiber To The Home) - үйге (жеке/жеке меншік үй, пәтер деп түсініледі) орнатылатын оптикалық-талшықты кәбіл.

      Жоғары жылдамдықты КЖҚ қызметтеріне деген ұлғайып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру және көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейту мақсатында 2011 жылы (FTTH) Fiber to the Home әмбебап талшықты-оптикалық қол жеткізу желісінің құрылысы басталды. Жоба Астана, Алматы қалаларындағы және Қазақстан Республикасының барлық облыстық орталықтарындағы көппәтерлі үйлерді және коттедждік құрылыстарды 100 % қамтуды көздейді.

      Жобаның 1-кезеңін іске асыру нәтижесінде 2011 жылы Астана, Алматы, Семей, Жаңаөзен қалаларындағы және облыс орталықтарындағы 146 объектіде көппәтерлі 3 718 үйді, 2 755 коттедждік құрылысты қамтитын талшықты-оптикалық абоненттік қол жеткізу желілері салынды. Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларында 170 962 абоненттік портқа есептелген гигабитті пассивті оптикалық желіні монтаждау аяқталып, пайдалануға қабылданды.

      CDMA/EVDO технологиясы.

      CDMA/EVDO (Evolution Data Optimized) - CDMA стандартындағы ұтқыр байланыс желілерінде пайдаланылатын деректерді жоғары жылдамдықпен беру технологиясы.

      Бүгінгі күні перспективалы және электр энергиясымен қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендердің бірі жеке және/немесе ұжымдық қолжетімділік арқылы 100 % телефондандырылған.

      2011 жылдан бастап CDMA 450 стандартындағы ауылдық байланыс CDMA 450 технологиясының EVDO платаларымен жете жабдықталуы арқылы EVDO технологиясы пайдаланыла отырып дамуда, бұл Қазақстан Республикасының ауыл тұрғындарына Интернет жүйесіне КЖҚ қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді.

      CDMA 450/EVDO технологиясы абоненттердің орналасқан жеріне қарамастан, желінің әрекет ету шегінде, сондай-ақ қозғалыс кезінде деректерді жоғары жылдамдықта пакетпен беру қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      Ауылдық жерде CDMA 450/EVDO технологиясы бойынша деректерді берудің жоғары жылдамдығына цифрлық деректерді тығыздаудың жаңа алгоритмін қолдану есебінен қол жеткізіледі, бұл CDMA 450 желісі қамтитын аймақтың кез келген нүктесінде Интернетке жоғары жылдамдықты қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының ауылдық елді мекендері тұрғындарының Интернет желісіне сымсыз КЖҚ алу мүмкіндігі бар.

      Бүгінгі күні CDMA/EVDO технологиясын пайдаланатын абоненттер саны - 7 737 құрайды.

      3G технологиясы - бұл үшінші буынның ұтқыр байланысы. Оның басты артықшылығы - деректерді берудің, Интернетке қол жеткізудің жоғары жылдамдығы.

      3G үшінші буынының желілері бейнетелефондық байланысты ұйымдастыруға, ұтқыр телефонда ағынды бейнені көруге және т.б. мүмкіндік береді.

      2011 жылы ұялы байланыс операторлары Астана, Алматы қалаларында және Қазақстан Республикасының барлық облыс орталықтарында (3G) үшінші буын желілерін пайдалануға енгізді.

      4G (LTE) технологиясы (Long Term Evolution) - деректерді 300 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен (базалық станциядан пайдаланушыға) және 75 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен (пайдаланушыдан базалық станцияға) пакеттік беру үшін оңтайландырылған, жоғары жылдамдықты ұтқыр байланыс жүйелерін құру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, деректер берудің ұтқыр хаттамасы.

      4G технологиясы қол жеткізу қызметтерінің Интернет жүйесіне енуін дамытуға, оның ішінде ілеспе қызметтер спектрін кеңейтуге (ұтқыр ТВ, сұраныс бойынша бейне және т.б.), сапа деңгейін арттыруға және тарифтерді төмендетуге мүмкіндік береді.

      2012 жылдан бастап телекоммуникациялар желілерінде төртінші буынның (4G стандарттағы) желілерін салу жөніндегі жобаны іске асыру басталды.

      Цифрлық телерадио хабарларын тарату.

      Бүгінде Қазақстан Республикасының алдында тұрған өзекті міндет цифрлық технологияларға көшу жолымен телерадио хабарларын таратудың барлық ұлттық желілерін жаңғырту болып табылады.

      Қазақстан Республикасы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасында АКТ-ларды дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаны орындау үшін қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында цифрлық эфирлік хабар таратуды енгізу және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

      Жоғарыда көрсетілген Бағдарламаларға сәйкес 2015 жылға қарай эфирлік цифрлық телевизиямен халықтың 95%-ын қамтуды қамтамасыз ету қажет.

      Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу бойынша мынадай жұмыстар жүргізілді:

      1) жиілік-аумақтық жоспар бекітілді;

      2) хабар таратудың - DVB Т2 стандарты қабылданды;

      3) 2012 жылғы 3 шілдеде Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Жаңаөзен қалаларында телехабар таратудың цифрлық эфирлік желісі тестілік режимде пайдалануға енгізілді.

      Бұдан басқа, Интернеттің қазақстандық сегментін дамыту үшін КЖҚ қызметтерін көрсету үшін телекоммуникация желілерінің дайындығы, дата-орталықтарды құру, "электрондық үкімет" порталы арқылы көрсетілетін электрондық мемлекеттік қызметтердің санын ұлғайту, мемлекеттік органдардың порталдарын дамыту, әлеуметтік маңызы бар интернет-ресурстар құру және электрондық коммерция бойынша жобалардың санын ұлғайту қажет.

      Халыққа және бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының (бұдан әрі - ХҚКО) қызметін жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қажетті нормативтік құқықтық база құрылды, халыққа және бизнеске қызмет көрсету рәсімдері оңайлатылды, сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуінің оң үрдісі байқалады.

      Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары, виртуалды қабылдау бөлмелері, интернет-конференциялар арқылы мемлекеттің халықпен және бизнеспен диалогы мен кері байланысының тетіктері іске асырылды.

      Қазақстан Республикасының "электрондық үкіметі" құрылды.

      "Электрондық үкімет" инфрақұрылымы арқылы азаматтарға, бизнеске және мемлекеттік органдарға ақпарат пен қызметтерді ұсыну міндеттері ойдағыдай шешілді.

      Ақпараттық технологияларды қолдану және электрондық мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жыл сайын бағалау жүргізіледі.

      Ғылымды, технологиялардың трансфертін, бизнес пен университеттер ынтымақтастығын қарқынды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге инвестицияның көлемі артуда, ғылымды көп қажет ететін АКТ өндіріске енгізілуде.

      "Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті" акционерлік қоғамы инфокоммуникация саласында білім беруді дамыту бойынша АҚШ-тың Carnegie Mellon университетімен тығыз ынтымақтастық жүргізуде.

      2011 жылы "еркін бағдарламалық қамтамасыз ету (opensource)" және "ақпараттық технологиялар" бағыттары бойынша екі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық зертхана құрылды.

      АКТ салалық ғылыми-зерттеу институты құрылды.

      Алматы қаласында орналасқан "Ақпараттық технологиялар паркі" аумағында оқу-зерттеу кешенін, бизнес орталығын, дата орталығын, бизнес-инкубациялау функциялары бар егіз қорын және АКТ-кластерінің жұмыс істеуі үшін қажетті басқа да даму институттарын салуды көздейтін АКТ-кластерді құру жобасына бастама жасалды.

      БАҚ саласындағы процестерді жетілдіру және ойын-сауық және ақпараттық контент өндірісінің отандық индустриясын дамыту бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

      Осылайша, ағымдағы ахуалды талдау Қазақстанның ақпараттық дамуының және мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудың ірі көлемді және кешенді мемлекеттік стратегияларын іске асыруға дайын екенін айғақтайды.

IV. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсаттары, міндеттері, нысаналы
индикаторлары және нәтижелі көрсеткіштері

      Бағдарламаның негізгі мақсаты: ақпаратты қоғамға көшу үшін жағдайлар жасау.

      Бағдарламалық міндеттері:

      1) мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету;

      2) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      3) қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құру;

      4) отандық ақпаратты кеңістікті дамыту.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) 2020 жылы Қазақстан Дүниежүзілік Банктің "Doing Business" рейтингінде алғашқы 35 елдің тізімінде болуға тиіс;

      2) "электрондық үкімет" индексі (БҰҰ-ның әдістемесі бойынша) 2020 жылы алғашқы 25 елдің қатарында болуға тиіс;

      3) Қазақстан Республикасы үй шаруашылықтарындағы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігі - 100 %;

      4) 2020 жылы Интернет желісін пайдаланушылар саны - 75 %;

      5) Қазақстан тұрғындарын эфирлік цифрлық телерадио хабарларын таратумен қамту - 95 %;

      6) елдің ЖІӨ-не ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі - АКТ) секторының үлесі - 4 %;

      7) денсаулық сақтаудың бірыңғай желісіне қосылған денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі - 100 %;

      8) бірыңғай ұлттық ғылыми-білім беру желісіне қосылған ғылыми-білім беру мекемелерінің үлесі - 100 %;

      9) компьютерлік сауаттылық деңгейі - 80 %;

      10) Қазақстанда тіркелген бұқаралық ақпарат құралдардың (бұдан әрі - БАҚ) жалпы санындағы электрондық БАҚ-тың үлесі - 100 %;

      11) электрондық түрде ақы төленетін тауарлар мен қызметтердің жалпы айналымындағы қазақстандық интернет-дүкендер айналымының үлесі - 40 %;

      12) электрондық форматта ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің үлесі - 50 %;

      13) дәстүрлі түрде алынған қызметтердің жалпы санына қарағанда көрсетілген электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі - 80 %.

V. Бағдарламаның негізгі бағыттары, алға қойылған мақсаттарына
қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар

      1. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету

      1) Мемлекеттік басқару жүйесін ақпараттандыру арқылы оңтайландыру

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Қазіргі уақытта рұқсат беру жүйесін және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін жетілдіру бойынша шаралар іске асырылуда, рұқсат беру құжаттарын беру процесі автоматтандырылуда, рұқсат беру рәсімдерін оңайлату жөніндегі нормалар заң жүзінде бекітілді, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде тексерулердің кезеңділігін белгілеуге мүмкіндік беретін тетік енгізілді.

      Осы шаралардың бәрі мынадай көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған:

      1) уақыт жұмсауды және бизнестің шығындарын қысқарту;

      2) әкімшілік кедергілерді азайту;

      3) мемлекеттік органның бақылау қызметін реттеу;

      4) халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін арттыру.

      Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процестерін автоматтандыруға және оңтайландыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар іске асырылуда.

      Мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудың негізгі жолдарының бірі ретінде әкімшілік реформалардың катализаторы және құралы ретінде қаралуы тиіс ақпараттық технологиялар айқындалды. Ақпараттық технологияларды мемлекеттік органдардың барлық деңгейінде қолдану бақылау мәселелерінде реттілікті қамтамасыз етеді, бизнес-процестер мен деректердің қайталануын болдырмайды, бұл нәтижесінде бюджет қаражатының шығыстарын қысқартуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

      Міндет: мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін архитектуралық тәсілді енгізу.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) Қазақстан Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингінде 2017 жылы тізімдегі алғашқы 38 елдің, 2020 жылы - 35 елдің қатарында;

      2) мемлекеттік қызмет көрсетудің ең көп уақыты 2017 жылы - 5 жұмыс күнінен, 2020 жылы - 3 жұмыс күнінен аспайды;

      3) мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын автоматтандыру 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %.

      Қол жеткізу жолдары

      Көптеген әкімшілік өзгерістердің қозғаушы күші мемлекеттік органдардың "электрондық үкімет" инфрақұрылымын пайдалануы болып табылады.

      Мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру архитектуралық тәсілді қолдану арқылы жүзеге асырылады, бұл әрбір мемлекеттік орган үшін уәкілетті органмен келісілген архитектура құру арқылы мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыруды көздейді.

      Мемлекеттік органның архитектурасы мемлекеттік органның ағымдағы және жоспарланатын жағдайының егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтитын құжаттардың, үлгілердің, матрицалар мен диаграммалардың, сондай-ақ мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруды қамтамасыз етуге арналған функциялардың, бизнес-процестердің, деректердің, ақпараттық жүйелердің және техникалық инфрақұрылымның құрамдас бөліктерінің өзара тәуелділігі мен өзара байланысын оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының (бұдан әрі - инфрақұрылым жоспары) жиынтығы болады. Архитектура мынадай өзара байланысты қабаттардан тұратын үлгі негізінде құрылатын болады:

      1) қызмет архитектурасы;

      2) деректер архитектурасы;

      3) қосымшалар архитектурасы;

      4) технологиялық архитектура;

      5) ақпараттық қауіпсіздік архитектурасы.

      Жергілікті атқарушы органдардың архитектурасы құрылады, ол бірыңғай бизнес-процестерді, құжаттардың, стандарттардың және үлгі шешімдердің бірыңғай қалыптарын пайдалану есебінен өңірлердегі мемлекеттік органдардың қызметін біріздендіруге мүмкіндік береді.

      "Электрондық әкімдіктің" осы архитектурасы үш деңгейден тұрады: облыс, қала, аудан.

      Пысықталған архитектураның негізінде мемлекеттік органда орындалатын бизнес-процестерді регламенттейтін нақты құжаттар әзірленеді.

      Бюджеттерді және республикалық деңгейдегі АКТ-жобалардың көпшілігін іске асыруды АКТ басқару процесін орталықтандыру жүзеге асырылатын болады.

      Уәкілетті орган мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көрсетілген ақпараттандыру жөніндегі іс-шаралардың толықтығын, қарама-қайшы болмауын және мемлекеттік органдардың оңтайландырылған архитектурасын енгізуге бағытталғандығын тексереді.

      Ақпараттандыру жоспарларын толық орындау мақсатында әрбір мемлекеттік органда оны ақпараттандыру үшін жауапты ұйымдық бірлік құру мүмкіндігі қаралатын болады. Мұндай ұйымдық бірліктің мақсаттары мен міндеттері ел көлемінде біріздендірілетін болады.

      АКТ және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік техникалық саясат әзірленетін болады.

      2) Мемлекеттік органдардың ашықтығы

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Қазіргі уақытта мемлекеттің тұрғындармен және бизнеспен диалогының және кері байланысының тетігі құрылған. Мемлекеттік органдардың көпшілігі азаматтар мен бизнеске арналған ақпаратты қамтитын интернет-ресурстар құрды.

      Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына мүгедектер үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар заңнамалық тұрғыда бекітілді.

      Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы ақпараттың толықтығы мен сапасына бағалау жүргізілуде.

      "Электрондық үкімет" порталында "Виртуалдық қабылдау бөлмесі" қызметі іске асырылған, онда азаматтар мемлекеттік органдарға тікелей жүгінеді.

      Бұдан басқа, мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірінші басшыларының блогтары жүргізіледі, онда әрбір ниет білдіруші өзінің пікірін білдіре алады және өзін қызықтыратын сұрақтарын қоя алады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсында "Бизнесті президенттік қорғау" деген арнайы бөлім құрылды.

      Сондай-ақ "электрондық үкімет" порталында Үкімет мүшелерінің және билік органдары өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде интернет-конференциялар өткізіледі. Осындай конференциялар кезінде азаматтар интерактивті режимде өздерінің сұрақтарына жауап алады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі өткізген он-лайн отырыстардың саны 2011 жылы 37, он-лайн конференциялар саны 40 болды.

      Міндет: азаматтардың, бизнестің және қоғамның ақпараттағы құқықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыру үшін мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыру.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) Бағдарламаны іске асыру мерзімі ішінде Қазақстан Республикасының е-қатысу индексі (БҰҰ әдістемесі бойынша) алғашқы 5 елдің қатарында болуға тиіс;

      2) "ашық деректер" сервистерінде орналасқан белсенді пайдаланылатын қосымшалардың саны 2017 жылы - кемінде 3, 2020 жылы - 10 құрады.

      Қол жеткізу жолдары

      Деректерді жинақтауды жүйелендіру және мемлекеттік органдардың ақпаратын құрылымдау мақсатында мынадай іс-шаралар іске асырылатын болады:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі және мемлекеттік органдар "Электрондық үкімет" порталы арқылы азаматтар мен бизнеске беретін жария ақпарат тізбесін кеңейту;

      2) оларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында оларды жария түрде тарату не мемлекеттік органдардың беруінің міндетті сипаты белгіленген электрондық ақпараттық ресурстарды уақтылы беру объективтілігі, толықтығы және дұрыстығы мақсатында ағымдағы заңнамаға өзгерістер енгізу;

      3) тұрғындармен диалог, көрсетілетін қызметтердің сапасын талқылау үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын жоспарлау және нақты игеруі жөніндегі деректерді шоғырландыратын "ашық деректер" алаңы ретінде қызмет ететін "электрондық үкімет" порталды дамыту. "Ашық деректер" алаңы - бұл бұдан әрі өңдеуге және талдауға пайда болатын форматтарда ашық ақпаратты орналастыру үшін арналған алаң. Осындай көзқарас ашық мемлекеттік деректер базаларын бизнестің, БАҚ-тың және азаматтық қоғамның кең пайдаланылуына мүмкіндік береді;

      4) мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына тұрақты қоғамдық мониторинг жүргізу процесіне азаматтар, үкіметтік емес және басқа да мемлекеттік емес ұйымдар кеңінен тарту;

      5) мемлекеттік органдардың және халықтың әлеуметтік проблемаларды кеңінен талқылауы үшін Интернет желісінде әлеуметтік алаңдар қолданылатын болады, мемлекетті реформалау және жақсарту процесіне азаматтарды тарту тетігін әзірлеу және іске қосу;

      6) мемлекеттік мекемелердің интернет-ресурстарын бірегейлендіру және бірыңғай тұғырнамаға көшіру;

      7) азаматтардың барлық деңгейдегі әкімдерді және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қоса алғанда, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін электрондық бағалау тетігін іске асыру.

      3) "Электрондық үкіметті" дамыту

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      2008 жылдан бергі кезеңде Қазақстанның "электрондық үкіметі" БҰҰ рейтингінде 43 позицияға көтерілді. 2012 жылғы наурыздың басында жарияланған БҰҰ E-Government Survey-2012 рейтінгінде Қазақстан 38-орынды иеленді. Он-лайн-қызметтерінің индексі 10 позицияға артты. Е-қатысу индексі бойынша Қазақстан Сингапурмен бірге 2-орынды бөлісті.

      Азаматтар мен ұйымдарға ақпаратты және қызметтерді ұсыну міндеттерін шешуде "электрондық үкіметтің" базалық құрамдас бөліктері ойдағыдай іске асырылып, инфрақұрылымы және мынадай: электрондық лицензияларды беру, ХҚКО, салықтар мен айыппұлдарды электрондық төлеу, электрондық нотариат, электрондық кеден, электрондық мемлекеттік қызметтер, "электрондық үкіметтің" Саll-орталығы сияқты жобалар құрылды.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиімділігін арттыру мақсатында электрондық құжат айналымы, электрондық мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік органдардың порталдары сияқты жобалар іске асырылды, Қазақстанның барлық емдеу мекемелерін және медицинаны басқарудың бүкіл жүйесін қамтитын е-денсаулық сақтау жобасы енгізілуде.

      "Е-Қаржымині" және "Е-Статистика" жобаларын іске асыру аяқталуда.

      Мемлекеттік органдар "электрондық үкімет" инфрақұрылымы арқылы тұрғындарға және бизнеске 236 интерактивтік және транзакциялық қызмет ұсынады, оның 108 "электрондық лицензиялау" порталында және 128 "электрондық үкімет" порталында көрсетіледі.

      "Электрондық үкімет" порталын күн сайын 25 000-нан астам азамат пайдаланады. 13,3 млн-нан астам е-анықтамалар, оның ішінде 2012 жылғы 1 жартыжылдықта 4 млн-нан астам электрондық анықтама берілді.

      "Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысымен жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізілімі бекітілген. 2013 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.

      Электрондық мемлекеттік қызметтерді алу үшін тұрғындарға және бизнеске 1 млн-нан астам электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) берілді.

      "Е-лицензиялау" ақпараттық жүйесі лицензиар мемлекеттік органдардың бәрінде, 79 аумақтық лицензиарда, 16 жергілікті атқарушы органның 8-інде енгізілді.

      2012 жылғы 1 сәуірден бастап орталық мемлекеттік органдардың барлық лицензиялары электрондық нысанда жасалады, 2012 жылғы 9 айда 13 мыңнан астам электрондық лицензиялар жасалды.

      92 лицензияны оңтайландыру, 80 рұқсат беру құжатын автоматтандыру және оңтайландыру жөніндегі жоспарлар бекітілді.

      13 сала үшін өнімділіктің, қызметтің, қосымшалардың, деректердің, технологиялар мен стандарттардың эталондық модельдері құрылды, сондай-ақ оларды толтыру және одан әрі сүйемелдеу үшін әдістемелер әзірленді.

      Орталық мемлекеттік органдарды сақтау мерзімі 10 жылға дейінгі құжаттарды қағаз тасығышта қайталамай, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық нысанда ғана электрондық құжат айналымына көшіру қамтамасыз етілді.

      Электрондық әкімдіктерді дамыту шеңберінде 20 мемлекеттік қызметті автоматтандыру мүмкіндігі бар "е-әкімдік" өңірлік шлюзі" жобасы іске асырылды.

      Міндеті: мемлекетті ақпараттандыру құралы ретінде "электрондық үкіметті" дамыту.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) "электрондық үкімет" индексі (БҰҰ әдістемесі бойынша) 2017 жылы алғашқы 30, ал 2020 жылы - алғашқы 25 елдің қатарында болуға тиіс;

      2) тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді ұсыну сапасына қанағаттану индексі 2017 жылы 5 балдың 4,5 балын, 2020 жылы - 4,7 балды құрауға тиіс;

      3) мемлекеттік қызметтерді көрсетудің төрешілдену индексі 2017 жылы - 3, 2020 жылға қарай — 1 болуы тиіс;

      4) дәстүрлі түрде алынған қызметтердің жалпы санына қарағанда көрсетілген электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі 2017 жылы - 50 %, 2020 жылы - 80 % құрауы тиіс;

      5) электрондық қызметтердің жалпы көлемінде ұтқыр электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі 2017 жылы - 36 %, 2020 жылы - 40 % құрауы тиіс;

      6) мемлекеттік органдардың автоматтандырылған функцияларының үлесі әлеуетті автоматтандырылатындардың санынан 2017 жылы кемінде 80 % және 2020 жылы кемінде 100 % құрауы тиіс.

      Қолжетімділіктің қазіргі заманғы телекоммуникациялық желісі және Қазақстанның "электрондық үкіметі" ақпаратты қоғам құрудың инфрақұрылымы болады. "Электрондық үкіметті" бұдан әрі дамыту үшін мынадай міндеттер шешілетін болады:

      1) АКТ-жобаларының өмірлік циклі қысқа адымдар және нақты нәтижелерге жылдам жетуге бағдарланған, модульдік тәсілдемені енгізу жағына қарай қайта қарау;

      2) шағын АТ-компаниялардың мемлекеттік АКТ-жобаларына қатысу үшін "кіру шегін" жою мақсатында іс-шаралар жүргізу;

      3) мемлекеттік басқару реформаларының барлық түрлерін келісіп жүргізудің негізгі құралы болатын мемлекеттік органдардың Бірыңғай ақпараттық-талдамалық ортасын әзірлеу;

      4) мемлекеттің әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымының бәрін (инженерлік желілер, тұрғын үй қоры, жолдар және т.б.) тексеру және паспорттау жүргізу, жаңа мемлекеттік дерекқорды құру;

      5) мемлекеттік дерекқорды есепке алу объектілерімен ықпалдастырылған, мемлекеттік органдарға қазіргі заманғы, сапалы және толық геоақпараттық материалға қолжетімділік беретін бірыңғай ұлттық геоақпараттық ортамен қамтамасыз ету;

      6) мемлекеттік дерекқор, мұрағаттар және ведомстволық ақпараттық жүйелер үшін тарихи мәліметтерді жинау және электрондық түрге ауыстыру міндетін мемлекеттік деңгейде жүйелі шешу;

      7) мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызмет процестерін талдау негізінде үлгілік ақпараттық жүйелердің тізбесін айқындау. Үлгілік ақпараттық жүйелерді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда "бұлтты сервистер" түрінде ақпараттандырудың жаңа моделінің аясында енгізу;

      8) мемлекеттік қызметтерді ұсыну және оларды автоматтандыру жөніндегі бизнес-процестерді қысқарту және оңайлату жұмысын жалғастыру;

      9) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын автоматтандыру;

      10) әкімшілік құжаттарды нөмірлеудің және кодтаудың бірыңғай жүйесін көздеу;

      11) мобильдік құрылғылар арқылы азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтердің нәтижелерін жедел ұсынуға арналған "электрондық үкімет" бағыттарының бірі - "ұтқыр үкіметті" қарқынды дамыту;

      12) мемлекеттік органдардың арасында олардың жұмыстарының регламенттерін жетілдіру және Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін (бұдан әрі - ЭҚАБЖ) енгізу жолымен құжат айналымын айтарлықтай қысқарту жөніндегі жұмысты жалғастыру. ЭҚАБЖ жүйесінің өзі "бұлтты сервистер" және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын пайдалана отырып, ұтқыр құрылғыларда жұмыс жасау жағына қарай дамыту;

      13) коммерциялық және мемлекеттік жүйелер мен сервистерді ықпалдастыру жөніндегі шараларды қабылдау;

      14) бағдарламалық қамтамасыз етуді лицензиялық және еркін пайдалану мәселелерін регламенттеу;

      15) "электрондық үкіметтің" Call-орталығы базасында мемлекеттік қызметтерді көрсету, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасына шағымдарды қабылдау және мемлекеттік қызметтердің мәртебелері мен әзірлігі туралы хабарлау мәселелері жөніндегі Бірыңғай Саll-орталықты дамыту;

      16) мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтер көрсету мәселелері бойынша заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік органдармен және ұйымдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына, дербес деректерді пайдалануға арналған, мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара іс-қимылының бірыңғай нүктесі болатын, Азаматтың бірыңғай жеке кабинетін құру және енгізу;

      17) тұрғындардың арасында ЭЦҚ кеңінен пайдалануға бағытталған жаңа үлгідегі жеке куәліктерге ЭЦҚ жазудың инфрақұрылымын дамыту;

      18) электрондық қызметтерге қоғамдық қолжетімділік пункттерінің саны едәуір арту, сондай-ақ қолданыстағы пункттердің жабдықтарын жаңарту.

      4) Мемлекеттік органдарды ақпараттандырудың жаңа моделін енгізу

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Мемлекеттік органдарда ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігін арттыру тетіктерінің бірі "бұлтты есептеу", АКТ-аутсорсингі және тапсырыстарды шоғырландыруды пайдалануға көшуге негізделген ақпараттандырудың жаңа моделін енгізу болып табылады.

      Қазіргі уақытта әлемдік тәжірибеде деректерді өңдеу орталықтарының базасында серверлерді виртуалдау және "бұлтты есептеу" модельдерінің технологиялары кеңінен қолданылады.

      Осы технологияны енгізудің нәтижесі бюджет қаражатын шоғырландыру және үнемдеу, мемлекеттік органдардың бизнес процестерінің тиімділігі болып табылады.

      Бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттік секторда серверлерді "виртуалдау" және "бұлтты есептеулер" технологияларын енгізу басталды.

      2010 жылы мемлекеттік органдардың серверлік орталығы пайдалануға берілді, оның негізінде 2011 жылдан бастап collocation (серверлік жабдықтар үшін бағана-орынды жалға алу) қызметтері ұсынылады, есептеуіш ресурстарды орталықтанған түрде ұсыну үшін виртуалдау технологиясын пайдалана отырып шоғырландырылған есептеу алаңы ашылды.

      "Бұлтты" есептеудің негізінде "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай пошталық жүйесі" жобасын іске асыру және Павлодар қаласындағы Деректерді өңдеу орталығын құру басталды.

      Міндеті: мемлекеттік органдарда ақпараттық технологияларды қолдану шығыстарын оңтайландыру.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) мемлекеттік органдардың меншікті дата-орталықтарының, серверлік бөлмелерінің, серверлік құрал-жабдықтарының саны 2017 жылы 2012 жылмен салыстырғанда 80 %, 2020 жылы - 50 % қысқаруы тиіс;

      2) меншікті лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді, меншікті ақпараттық жүйелерді құру және қызмет көрсету қызметтерін сатып алуға мемлекеттік органдардың шығындарын қысқарту 2017 жылы 2012 жылмен салыстырғанда 40 %, 2020 жылы - 50 % құрауы тиіс.

      Қол жеткізу жолдары

      Мемлекеттік органдардың АКТ-инфрақұрылымын қалыптастыру және басқару АКТ-өнімдерін сатып алудан ақпараттандырудың жаңа моделін құру және енгізу арқылы АКТ-сервистеріне тапсырыс беру және тұтынуға жоспарланған кезең-кезеңімен көшу арқылы келесі жолымен жүзеге асырылатын болады:

      1) АКТ-аутсорсингке берілетін тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін анықтау;

      2) мемлекеттік органдардың АКТ-тапсырысын шоғырландыру механизмін әзірлеу;

      3) мемлекеттік органдардың бірыңғай "бұлтты тұғырнамасын" (бұдан әрі - G-Cloud) қолдануға негізделген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын ақпараттандырудың аутсорсингтік моделін іске асыру;

      4) G-Cloud инфрақұрылымын дамытуға және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін G-Cloud-қа көшіруге жауапты, ақпараттандыру саласындағы операторды анықтау;

      5) мемлекеттік органдарда бар ақпараттық жүйелер мен серверлік жабдықтардың тексеруін жүргізу және оларды кәдеге жарату және/немесе G-Cloud-қа ауыстыру тәртібін айқындау;

      6) жалпы сервистерді алумен G-Cloud-ты жинақтау жүргізу, мемлекеттік органдар оларды жалға ала отырып, АКТ-инфрақұрылымын қалыптастыру және басқару жөніндегі өзіне тән емес қосалқы функцияларын қысқарту.

      G-Cloud инфрақұрылымына жауапты ақпараттандыру саласындағы оператор даму жоспарларын үйлестіреді және шоғырландырады және оператордың жұмысы үшін қажетті байланыс арналарына, қауіпсіздікке және басқа бағыттарға жауап беретін органдардың жұмысын біріктіреді.

      5) Құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті, техногендік авариялар

      мен дүлей апаттар қатерін төмендетуді қамтамасыз етуге арналған АКТ

      Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басты міндет табиғи және техногендік сипаттағы шұғыл жағдайлар мен дүлей апаттар кезінде құқықтық тәртіп органдары мен шұғыл қызметтердің алдын алу, болдырмау және Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдауы бойынша жылдам өзара іс-қимылға әзірлігінің жоғары болуы болып табылады.

      Құқықтық тәртіп органдары мен шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылы бірінші кезекте тұрғындардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіп төндіретін жағдайлар кезінде олардың барлық құрылымдарының ақпарат алмасуын және ұйымдастырылған жұмысын қамтиды. Мұндай жағдайларда деректерді жедел алмасуға және ықтимал қауіптер мен қатерлер туралы тұрғындарды уақтылы ақпараттандыруға және хабарландыруға мүмкіндік беретін АКТ-ның маңызды рөлін атап өту қажет.

      Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау

      Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың саны (бұдан әрі - ТЖ) 2012 жылғы 8 айда 10328 жағдайды құрады (ТЖ жалпы санынан 81,7 % ), оның ішінде 94,4 % (9751) - тұрмыстық және өндірістік өрттер. 2011 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда техногендік төтенше жағдайлардың саны 1127 жағдайға немесе 12,2 % артты. Зардап шеккендердің саны 1413 адамды құрады (2011 жылғы осындай кезеңнен 13,1 % көп).

      Құқықтық тәртіп органдары қоғамдық тәртіпті сақтау және көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жөнінде барлық қажетті шараларды қолдануда.

      Қылмыстарға шұғыл ден қою мақсатында нақты нарядтың орналасқан жерін қадағалау ауданының картасында нақты уақыт режимінде және жақын арадағы полиция нарядына оқиға болған жерге жөнелтуге мүмкіндік беретін "GPS" навигациясы жүйесі патрульдік машиналарға енгізілді және жұмыс істейді, осы жүйемен жаяу жүретін патрульдік нарядтарды жабдықтау мәселесі пысықталуда.

      Қазіргі уақытта барлық өңірлерде жедел басқару орталықтары (бұдан әрі - ЖБО) жұмыс істейді, олар қылмысқа ден қою жеделдігін арттыруға, сондай-ақ облыс орталықтарының неғұрлым криминогендік аудандарын бейнебақылаумен қамтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ахуалдық орталығы пайдалануға енгізілді, ол облыстық ЖБО-ны бірыңғай жүйеге біріктіреді, өңірлерде жедел жағдайларды бақылауға және олармен селекторлық бейнебайланысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      Бүгінгі күні ел бойынша жалпы 606 қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдері және 153 тікелей учаскелік пунктке ЖБО қосылған 1300 аса бейнебақылау құрылғылары пайдаланылады, олардың көмегімен 570 қылмыс ашылды және 110 мыңнан аса құқық бұзушылықтар анықталды.

      Міндет: АКТ кеңінен енгізу жолымен қоғамдық қауіпсіздік деңгейі мен құқықтық тәртіп және шұғыл қызмет органдары жұмыстарының тиімділігін арттыру.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) шұғыл қызметтер қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылығының деңгейі 2017 жылы - 100 %;

      2) ТЖ ден қою уақытын қысқарту 2017 жылы - 10,75 %, 2020 жылы - 31 %;

      3) ТЖ туралы халықты жаппай хабарландырудың қазіргі заманғы жүйелерімен жабдықталған елді мекендердің үлесі 2017 жылы - 95 %.

      Қол жеткізу жолдары

      АКТ енгізу жолымен қоғамдық қауіпсіздік деңгейі мен құқықтық тәртіп және шұғыл қызметтер органдары жұмыстарының тиімділігі бойынша міндеттерді іске асыру мынадай шараларды қабылдау жолымен шешілетін болады:

      1) шұғыл қызметтердің операциялық және өндірістік қызметін автоматтандыру;

      2) геоақпараттық жүйелерді пайдалана отырып оқыс оқиғалар туралы, оның ішінде оқыс оқиғалар болған жерлер туралы деректерді ұсына отырып, шұғыл қызметке хабарлау бойынша міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының ТЖМ 112 бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметін құру;

      3) қылмыстарға шұғыл ден қоюды қамтамасыз ету мақсатында елдің барлық өңірлерінде күдік туғызатын адамдарды, оқиғаларды, жол-көлік және өзге де оқиғаларды анықтау тұрғысынан көшелерге және азаматтар жаппай жиналатын жерлерге тұрақты мониторинг үшін шұғыл басқару орталықтарын дамыту;

      4) ұтқыр құрылғыларды қоса алғанда, барлық байланыс құралдары арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың жеделдігін жоғарылату үшін уақтылы хабарлау жүйелерін одан әрі дамыту.

      2. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін

      қамтамасыз ету

      1) Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтарында

      ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігі

      Бүгінгі күні ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылым экономикалық дамудың аса маңызды элементі болып табылады. Қазіргі заманғы қолжетімді телекоммуникациялық инфрақұрылымсыз Қазақстанның әлемдік экономикалық және ақпараттық кеңістікке енуі мүмкін емес. АКТ қолжетімділігі ақпаратты қоғам құруға арналған тұғырнама болып табылады.

      Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау

      2012 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасында тұтынушылық сұраныстың өсуі экономиканың өсуіне оң ықпалын тигізді, оны көтерме және бөлшек сауданың (14,3 %), көлік қызметінің (7,2 %), байланыс қызметінің (12,8 %) өсуі дәлелдейді.

      Телекоммуникация қызметтерін дамыту мынадай индикаторлармен сипатталады:

      1) жергілікті телекоммуникация желілерін цифрландыру деңгейі (95,6 %);

      2) Интернет желісін пайдаланушылардың саны 8,8 миллион адамға жетті (53,5 %);

      3) тіркелген телефон байланысы абоненттерінің саны 4,2 миллионнан астам абонентті құрады (26 %);

      4) ұялы байланыс абоненттерінің саны 26,2 млн. құрады (158,3 %).

      Ұялы байланыс қызметтері Қазақстан тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие, ол абоненттер санының тұрақты артуына байланысты.

      Сондай-ақ 2011 - 2012 жылдары Интернет және ұялы байланыс қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша іс-шаралар жүргізілді. Ұялы байланыс операторларының желі ішінде қоңырау шалуға жұмсалатын ең төменгі құны 30 %, ұтқыр Интернетке ең жоғарғы тариф 50 % дейін төмендеді.

      Интернет желісіне белгіленген кең жолақты қолжетімділік тарифтер бойынша жарияланған IT 2012 әлемдік есебіне сәйкес Қазақстан әлемде 13-орынды иеленді (2009 жылғы қорытындылар бойынша 19-орын).

      Міндет: Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтарында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының қолжетімділігі.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) Интернет желісіне қолжетімді үй шаруашылықтарының үлесі 2017 жылы - 65 %, 2020 жылы - 80 %;

      2) тіркелген телефон байланысы бар үй шаруашылықтарының үлесі 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %;

      3) ұтқыр телефоны бар үй шаруашылықтарының үлесі 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %.

      Қол жеткізу жолдары

      Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті дамыту мынадай бағыттар бойынша қамтамасыз етіледі:

      1) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту;

      2) Қазақстан Республикасы өңірлеріндегі "цифрлық теңсіздікті" қысқарту (ірі қалалар, моноқалалар, ауылдар).

      2013 жылы CDMA 450/EVDO технологиялары бойынша Интернет желісіне КЖҚ қызметтерімен тұрғындар саны 50 және одан да көп елді мекендердің тұрғындары қамтамасыз етіледі.

      FTTH технологиясы бойынша Интернет желісіне КЖҚ барлық қалалар мен облыс орталықтарында 2015 жылға дейін аяқталатын болады.

      3G үшінші буынның ұтқыр байланысымен 2013 жылдың басында тұрғындар саны 50 мың және одан да көп адамды құрайтын елді мекендердің тұрғындарын, ал 2015 жылдың басына дейін тұрғындар саны 10 мың және одан да көп адамды құрайтын аудан орталықтары мен елді мекендердің тұрғындарын қамтамасыз ету жоспарланады.

      2013 жылдың басына 4G төртінші буын стандарты Астана, Алматы қалаларында, 2014 жылдың басына - республиканың барлық облыс орталықтарында, 2015 жылдың басында - тұрғындар саны 50 мың және одан да көп адамды құрайтын барлық елді мекендерде, ал 2018 жылдың басында - Қазақстан Республикасының бүкіл аудан орталықтарында енгізілетін болады.

      Ұялы байланыс қызметтері тарифтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін (сондай-ақ, мобильді Интернет) ұялы байланыстың басым операторларының трафигіне қосылу және оларды жіберу қызметтерінің тарифтерін төмендету іске асырылады (2015 жылға дейін жыл сайын кемінде 10 %).

      Бүкіл Қазақстан бойынша тұрғындарды 95 % эфирлік хабар таратумен және 100 % спутниктік хабар таратумен қамтуды қамтамасыз ететін эфирлік цифрлық желі құрылады.

      2) АКТ-нарығын ынталандыру

      АКТ саласы әлемдік экономиканы дамытудың қозғаушы күші болып табылады. Ақпарат дәуірінде АКТ және ақпараттық инфрақұрылым жаңа бизнес-үлгілерді, тауарлар мен қызметтерді, жаңалықтар мен өнертабыстарды жасауға ықпал жасайды, жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, бизнес-модельдерді ұйымдастыруды іргелі түрде қайта құрудың ғылыми-технологиялық кілті болып табылады.

      АКТ-ны кеңінен қолдану, бірінші кезекте жылдан жылға артып келе жатқан аталған саладағы инновацияларды дамытудың өсіңкі трендімен байланысты. Бүгінгі күні Интернет, "бұлтты есептеулер", ұтқыр және мультимедиялық технологиялар, RFID, NFC, роботтар, виртуалды шындық және басқалары "ақылды" экономикасы бар елдердің міндетті атрибутына айналып отыр.

      Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті ірі мемлекеттердің қатарына кіруіне қатысты батыл мақсаттары мемлекеттің білімге негізделген жаңа экономиканы қалыптастыру бойынша зор күш жұмсауын талап етеді, қазіргі заманда оған тек АКТ-ны дамыту және енгізу арқылы қол жеткізуге болады.

      Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау

      Дүниежүзілік банк мәліметтері бойынша әлемде АКТ нарығының жалпы көлемі 2011 жылы 3 280 миллиард АҚШ долларын құрады және жыл сайын 4 % артуда. Қазақстанда аталған көрсеткіш 2011 жылы 840 миллиард теңгені құрады, яғни Қазақстан ЖІӨ-нің 3,02 %.

      IDC бағалауы бойынша, барлық ІТ-нарығының көлемі 2011 жылы 207 миллиард теңгені құрады. 2010 жылмен салыстырғанда өсім - 19,2 %. Бұл ретте нарықтың 88,6 % жабдықтарға, 5,2 % БҚ-ға, 6,2 % ІТ-қызметтерге тиесілі. Бағдарламалық қамтамасыз ету және ІТ-қызметтер нарығының төмен көрсеткіштері ең алдымен АКТ саласындағы кәсіпорындарда инновациялық қызметтердің дамымағандығын көрсетеді және ол, ең алдымен, ғылыми-зерттеу қызметі тәуекелдерінің артуынан және елдегі АКТ компаниялар, ЖОО-лар, АКТ саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының инновациялық әлеуетінің әлсіздігіне байланысты.

      Сонымен бірге осы саладағы негізгі проблемалар АКТ құралдарының отандық өндірісі деңгейінің төмендігі және оның импортқа тәуелділігі, сондай-ақ, ІТ-білім берудің халықаралық стандарттары мен жаңа білім беру технологияларының трансферті мақсатында отандық ЖОО-лардың шетелдік университеттермен ынтымақтастығын дамытудың төмен деңгейі болып табылады.

      Міндеті: ақпараттық-коммуникациялық және инновациялық инфрақұрылым мен ғылыми-зерттеу қызметін дамыту арқылы бәсекеге қабілетті отандық АКТ нарығын құру.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) ЖІӨ-дегі АКТ секторының үлесі 2017 жылы - 3,8 %, 2020 жылы - 4 %;

      2) АКТ саласындағы инновацияларға жұмсалатын шығындардың үлесі 2017 жылы - ЖІӨ 0,5 %, 2020 жылы - ЖІӨ 0,9 %;

      3) елдегі АКТ саласындағы кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 2017 жылы - 7 %, 2020 жылы - 10 %;

      4) МЖӘ схемасы бойынша ортақ қолданыстағы зерттеу зертханаларының саны 2017 жылы - 4, 2020 жылы - 8.

      Қол жеткізу жолдары

      Қазақстанның АКТ нарығын дамытудың мемлекеттік саясаты мынадай шараларды қабылдап, отандық АКТ кәсіпорындарды қолдауға және АКТ саласындағы инновациялық және ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыруға бағытталады:

      1) өңірлік AT және технопарктері бар инновациялық зерттеу орталығы ретінде "Инновациялық технологиялар паркі" АЭА аумағында АКТ-кластерін құру;

      2) бизнес инкубациялау тетігі бар шағын инновациялық және стартап компанияларды егістік және венчурлік қаржыландыру құралдарын дамыту;

      3) өзекті бағыттар бойынша салалық кәсіпорындарға арналған инновациялық шешімдерді әзірлеу үшін қажетті инфрақұрылымы бар ортақ пайдаланымдағы ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларды құру: робот жасау, ұтқыр технологиялар, "бұлтты" және Grid есептеулер, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеу жүйелері, ақпаратты қорғау және оның қауіпсіздігі, мультимедиа технологиялары және басқалары;

      4) АКТ қызметтерді коммерцияландыру орталықтарын құру;

      5) ноу-хау технологиялық және зияткерлік трансфертін қамтамасыз ету мақсатында білімнің ғаламдық банкін пайдалану үшін шетелдік зерттеу және көп ұлтты корпорациялармен ынтымақтастық жасау;

      6) өндірістік кәсіпорындардың технологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін білім мекемелері мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын қолданбалы зерттеу қызметіне белсенді түрде тарту арқылы ғылым—білім-индустриясының тығыз ынтымақтастығын орнату;

      7) өзіндік әзірлемелерін ілгерілету бойынша университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарында маркетингтік және коммерциялық қызмет машықтарын дамыту;

      8) АКТ саласындағы отандық кәсіпорындарды әлемдік нарыққа шығаруға көмек көрсету;

      9) еркін әрі ашық бағдарламалық қамтамасыз етуді кеңінен қолдана отырып, бағдарламалық қамтамасыз ету мен АТ-қызметтер нарығын дамыту;

      10) мемлекеттік органдардың, жер қойнауын пайдаланушылардың, концессионерлердің, жүйе түзуші ұйымдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялар мен акцияларының елу және одан астам пайызы (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы кезінде тұрақты негізде АКТ саласындағы жергілікті қамтуды дамытуды мониторингтеу және талдау жүргізу.

      3. Қоғамды әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамытуға арналған

      ақпаратты орта құру

      1) Адами капиталды дамыту

      АКТ саласындағы мамандардың компьютерлік сауаттылығы мен білім

      деңгейін арттыру

      Бүгінгі күні АКТ-ны енгізу көп жағдайда ғылым, білім, экономикалық және әлеуметтік саланы дамытуды белгілейді, еңбек өнімділігі, өндірілетін тауарлар, қызметтердің сапасын, мемлекеттік билік органдарының жұмысының тиімділігін және олардың қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын арттыруға ықпал етеді. Алайда жұмысында бағдарламалық қамтамасыз етуді, ресурстарды, жаңа технологияларды пайдаланатын қандай да бір саланың қызметкерлері білімінің жоғары деңгейінсіз, енгізілетін АКТ-ны дұрыс әрі тиімді пайдалануға және тиісінше олар ұсынатын қызметтер мен орындалатын функцияларының сапасын арттыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, ақпаратты қоғамды құру кезіндегі негізгі мәселе тұрғындардың жалпы компьютерлік сауаттылығын арттырумен қатар, экономиканың барлық салаларындағы қызметкерлердің, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлердің, шағын және орта бизнес өкілдерінің бейінді бағыттар бойынша компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыруға болады.

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      2006 жылы Ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі 2007 - 2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Көрсетілген бағдарлама, сондай-ақ АКТ таралуының жоғары деңгейі және Интернеттің экономикаға, мемлекеттік басқаруға, азаматтардың күнделікті өмірі мен кәсіби қызметіне енуі өз нәтижесін берді және компьютерлік сауаттылық деңгейі 2008 жылғы деректер бойынша 18,7 %, ал 2011 жылғы деректер бойынша 47,4 % дейін өсті. Алайда арнайы мамандандырылған компьютерлік сауаттылыққа қатысты проблема орын алып отыр, дәрігерлер медицинада қолданылатын технологияларды жеткілікті деңгейде білмейді және біліктілікті арттырусыз телемедицинаға кеше алмайды, көптеген оқытушылар электрондық оқыту жүйесін пайдалануды бастау үшін арнайы дайындықты қажет етеді және т.с.с.

      АТ-мамандарын даярлаудың келеңсіз факторлары даму деңгейі төмен АКТ әдістеме, оларды даярлауға арналған білім беру мазмұнын іріктеу қағидаттары болып табылады. Халықаралық стандарттарға сай келетін кәсіби стандарттарды әзірлеу және бейімдеу, қазіргі заманғы АТ-мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын жетілдіру жүйелері жеткілікті деңгейде дамымаған, бұл мамандарды даярлау мазмұнының индустрияның қажеттіліктеріне барабарлығына қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.

      Қашықтан жұмыспен қамту нысандарын дамыту үшін 2012 жылы еңбек заңнамасына қашықтан жұмыспен қамту нысанын заңнамалық бекіту бөлігінде түзетулер енгізілді. Алайда жұмыстың аталған нысанын кеңінен қолдану үшін нақты жағдай жасалған жоқ, дегенмен қашықтықта жұмыс істейтіндер көптеген көрсеткіштерге әсер етеді, мысалы, жол кептелістерінің азаюы, экологияға келтірілетін зиянды төмендету, мәселенің әлеуметтік жағы (мысалы, мүгедектердің немесе жас балалары бар әйелдердің жұмыс істеуі), халықтың әл-ауқатын арттыру және т.с.с.

      Міндеті: Қазақстанда ақпаратты қоғамды қалыптастырудың басты факторы ретінде адами капиталдың дамуына жағдайлар жасау.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) адами капиталды дамыту индексі 2017 жылы - 0,764, 2020 жылы - 0,781;

      2) электрондық білім беру ресурстарының үлесі 2017 жылы — 60 %, 2020 жылы - 100 %;

      3) халықтың компьютерлік сауаттылық деңгейі 2017 жылы - 65 %, 2020 жылы - 80 %;

      4) қашықтықтан жұмыс істейтіндер саны 100 тұрғынға 2017 жылы - 7 адам, 2020 жылы - 20 адам.

      Қол жеткізу жолдары

      Қазақстанда ақпаратты қоғамды қалыптастырудың басты факторы ретінде адами капиталды дамыту үшін аталған бағдарламаның шеңберінде мынадай шаралар іске асырылатын болады:

      1) қандай да бір саладағы қызметкерлердің компьютерлік сауаттылығын оның жұмысында қолданылатын АКТ біліктілікті арттырудың мамандандырылған курстарды ашу;

      2) қашықтықтан жұмыспен қамту нарығын дамыту мәселесін өңдеу;

      3) компьютерлік сауаттылықтың негізгі машықтары мен шағын және орта бизнес кәсіпкерлері, жұмыссыз және/немесе ішінара жұмыспен қамтылған жастар, сонымен қатар денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдар, қарттар мен халықтың әлеуметтік қорғалмаған бөлігінің өзге де санаттарына жататын адамдар үшін электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді пайдалану бойынша курстарды өткізу.

      Жаңа технологиялардың жоғары өсімін ескере отырып, АКТ саласындағы мамандардың біліктілік деңгейін арттыру үшін мынадай жағдайлар жасалады:

      1) АКТ мамандықтары бойынша біліктіліктің салалық шеңберін әзірлеу;

      2) АКТ мамандықтары бойынша кәсіби стандарттарды жасау;

      3) АКТ саласындағы кәсіптік стандарттарға сәйкес білім беру бағдарламаларын әзірлеу.

      Білімді беру мен ғылымдағы АКТ

      Қазіргі заманғы АКТ дамуы білім беруді дамытудың қарқыны мен бағытын белгілейді: әдістемелер вариабельді, ғимараттар өндірістік тәжірибеге жақын болуы керек, ал оқытушылар жоғары білікті болуымен өздерінің әдістемелік және өндірістік біліктілігін үздіксіз арттырып отыруға міндетті болуға тиіс. Кері жағдайда АКТ-ның адами капиталды қалыптастыруға жасайтын ықпалы теріс болып шығады.

      Болашақтағы білім - бұл аралас білім, яғни білім беру процесіне күндізгі және желілік оқу нысандарының тартылу дәрежесі әртүрлі симбиозы. Қазіргі уақытта әлемде аралас (дәстүрлі және электрондық) оқыту тәжірибеге енгізілген. Болашақта аралас оқу нысаны орта білім беруде басымдыққа ие болмақ.

      Білім беру саласында АКТ-ны дамытудың барлық жаңа процестерін есепке алу және оларды білім беру процестерінде пайдалану елдегі білім беруді жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі.

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Орта білім саласына АКТ мүмкіндіктерін ғаламдық енгізу мақсатында 2011 жылы мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беруге (бұдан әрі - ТжКБ) электрондық оқытудың ақпараттық жүйесін (e-Learning) енгізу жобасы басталды. Алайда, бұл жоба цифрлық білім беру контентін стандарттау, білім беру ұйымдарын тегін немесе жеңілдікті КЖҚ қамтамасыз ету, оқушылар мен оқытушыларды жеңілдікті Интернетпен қамтамасыз ету сияқты бірқатар ілеспе міндеттерді шешуді талап етеді.

      Міндеті: АКТ енгізу арқылы Қазақстанның білім беру және ғылым салаларының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) ғылыми білім берудің бірыңғай ұлттық желісіне қосылған ғылыми білім беру мекемелердің үлесі 2017 жылы - 50 %, 2020 жылы - 100 %;

      2) ерекше қажеттіліктері бар (инклюзивті білім беру) балалар үшін АКТ көмегімен сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 50 %;

      3) мектептер мен ТжКБ үшін ашық қолжетімділіктегі электрондық контенттің көлемі 2017 жылы - 60 %, 2020 жылы - 90 %.

      Қол жеткізу жолдары

      Білім беру саласына АКТ-ны толық ауқымда енгізу және АКТ көмегімен сапалы білімнің қолжетімділігін арттыру үшін мынадай шаралар іске асырылды:

      1) мультимедиа-технологияны қолдана отырып, цифрлық ғылым және білім ресурстарын жүйелі түрде дамыту жөнінде ұсыныстарды әзірлеу;

      2) білім беру саласындағы стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру;

      3) мектепке дейінгі білім берудегі ақпараттық мәдениетті қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеу;

      4) мектеп жасына дейінгі балалардың тыныс-тіршілігін мониторингтеу және басқару бойынша ресурстарды құру жөнінде ұсыныстарды әзірлеу.

      Орта білім беру мекемелерінің білім беру процесіне АКТ-ны енгізу мыналарды көздейді:

      1) электрондық оқыту жүйесінің жұмыс істеуі үшін оқытушыларды және электрондық оқыту жүйесінің әкімшілерін даярлау және біліктілігін арттыру;

      2) мүгедек балаларды жабдықтармен және бағдарламалық қамтамасыз ету.

      Жоғары оқу орындарының оқу процесіне АКТ-ны енгізу мыналарды көздейді:

      1) ЖОО-лар жанында студенттердің өздерінің ғылыми жұмыстарын іске асыруы үшін қажетті құралдармен жабдықталған зертханалар құру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;

      2) білім беру процестерін электрондық форматқа көшіру: материалдарды тарату, жаңалықтарды жариялау, студенттердің өзара араласуы, оқу орындарының бәрінде (мектепке дейінгі және жоғары) оқушылар мен оқытушылардың арасында жеке қарым-қатынас жасау;

      3) білім беру процесіне мамандану бойынша нақты кәсіптік қызметке арналған жаңа бағдарламалық шешімдер мен қосымшаларды тәжірибелік пайдалану курстарын оқуды (мысалы, экономика факультеттерінің студенттеріне - экономика саласындағы қазіргі заманғы бағдарламалық шешімдер) енгізу.

      2) Электрондық денсаулық сақтауды дамыту

      АКТ-ны денсаулық сақтау саласына енгізу медициналық көмек көрсетудің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. АКТ дәрігерлік-санитарлық көмек көрсетуде және қамтамасыз етуде өмірлік маңызды рөлге ие болады. Электрондық денсаулық сақтау технологиялары емделушілерге қашықтықтан мониторинг жүргізуге, емделушілер арасында ақпарат таратуды жақсартуға, медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділікті, әсіресе шалғайдағы аудандарда, мүгедектер мен егде жастағы адамдар үшін жақсартуға мүмкіндік береді.

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру саласында бірқатар жобалар іске асырылды. 2011 жылы Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық денсаулық сақтау жүйесін (бұдан әрі - ДСБАЖ) құру шеңберінде ДСБАЖ пилоттық аймағын ұйымдастыру бойынша жұмыстар аяқталды. ДСБАЖ іске асыруды ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында "Ауруханаға жатқызу бюросы", "Бекітілген тұрғындардың тізілімі", "Есеп-тізілімдерді қалыптастыру" ("Стационарлық емделушілердің электрондық тіркелімі"), "Дәрігерлік-санитарлық көмектің ынталандырушы құраушысы" порталдары жұмыс істейді.

      Алайда шектен тыс төрешілдік проблемасы сақталып отыр, бұл өз кезегінде емделушілерге қызмет көрсетудің сапасына әсер етеді. Жылдан-жылға емделушілердің дәрігердің кабинетіне кезегінің артуы байқалады, емделушілердің дәрігерді таңдауы кезінде балама көп емес, сондай-ақ оған бару уақытын жедел жоспарлай алмайды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі аталған проблемаларды АКТ-ны кеңінен енгізу, "электрондық денсаулық сақтауға" көшу арқылы жоюға болады, бұл медициналық қызметтердің халыққа қолжетімділігін арттыруға, емделушілерді диагностикалау және емдеудің жеделдігі мен дәлдігін қамтамасыз етуге, қағаздарды толтыруға кететін уақытты қысқартуға және тиісінше оны тікелей емделушіге қызмет көрсетуге жұмсауға мүмкіндік береді.

      Міндеті: АКТ-ны барынша пайдалану арқылы халыққа медициналық қызметтерді көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) бірыңғай денсаулық сақтау желісіне қосылған денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі 2017 жылы - 60 %, 2020 жылы - 100 %;

      2) "Электрондық медициналық карталармен" қамтамасыз етілген тұрғындардың үлесі 2017 жылы - 60 %, 2020 жылы - 100 %;

      3) денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық жүйелерін бірыңғай ықпалдастық тұғырнамасымен ықпалдастыру 2017 жылы - 40 %, 2020 жылы - 100 %;

      4) 100 медициналық қызметкерге есептегенде компьютерлер саны 2017 жылы - 60, 2020 жылы - 100.

      Қол жеткізу жолдары

      АКТ-ны денсаулық сақтау саласына енгізу арқылы халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мынадай іс-шараларды іске асыруды көздейді:

      1) ақпарат алмасу және ақпаратқа қолжетімділігі үшін елдің барлық медициналық мекемелерін ДСБАЖ-ға қосу;

      2) барлық бастапқы қағаз түріндегі медициналық құжаттаманы электрондық форматқа көшіру (бұл ретте барлық медициналық құжат үшін бірыңғай формат қамтамасыз етіледі);

      3) қажет болған жағдайларда телекөпірлерді, консилиумдарды және саланың жетекші мамандарымен консультацияларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудың қорғалған бірыңғай желісін құру;

      4) мекемелердің қызметі, мамандар, науқастарды қабылдау кестесі туралы барлық қажетті ақпаратты қамтитын бірыңғай ықпалдастырылған тұғырнаманы әзірлеу, енгізу және оған медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау ұйымдарының барлық ақпараттық жүйелерін және деректер қорын қосу, тұрғындардың Интернет желісі немесе ұтқыр телефония арқылы медициналық деректер қорына қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Интернет арқылы жедел қолжетімділік мүмкіндігімен дәрігерге бару, ауруханаға жату, диагностикалық зерттеулер, амбулаториялық және стационарлы емдеулер туралы ақпаратты қамтитын, емделушінің қорғалған электрондық (ұтқыр) картасы арқылы нақты уақыт режимінде деректерді емделушінің электрондық картасына және емдеуші дәрігеріне жіберетін емделушінің денсаулық жағдайын мониторингтеу құрылғыларын енгізу;

      5) эпидемиялар мен ауру ошақтары, аурулар, олардың алдын алу және емдеу туралы мәліметтер, жарияланымдар, есептер, зерттеулерді қоса алғанда, ғылыми және медициналық ақпараттың деректер қорын құру;

      6) Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік препараттардың және олардың дәріханалар желісінде болуының жалпыға қолжетімді бірыңғай деректер қорын құру;

      7) емделушілердің тағайындау мұрағатына қолжетімділікті жедел алуға мүмкіндік беретін электрондық медициналық тағайындаулар мен рецепттердің жүйесін құру;

      8) егде тартқан және жалғызілікті азаматтардың (60 жастан асқан) денсаулық жағдайын мониторингтеудің телемедициналық білезігін енгізу;

      9) жедел жәрдем қызметін автоматтандыру;

      10) АКТ және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша денсаулық сақтау қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және даярлау жүйесін құру.

      3) Электрондық коммерцияны дамыту

      Электрондық коммерция - бұл біз үшін салыстырмалы түрде жаңа, ал Батыста және Оңтүстік Шығыс Азияда жақсы дамыған экономика сегменті, ол компьютерлік желілердің көмегімен барлық қаржылық және сауда транзакцияларын, осындай транзакцияларды жүргізуге байланысты бизнес-процестерді қамтиды. Электрондық коммерция нарығы біздің елімізде соңғы екі жылда неғұрлым қарқынды дами бастады, бұл интернет-пайдаланушылар санының артуымен, әлеуметтік желілер ықпалының артуымен, электрондық төлемдер саласындағы монополияның артуын жоюмен және жетекші веб-парақшалардың Web 1.0 технологиялық тұғырнамасынан Web 2.0 тұғырнамасына көшуімен түсіндіріледі.

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Бүгінгі күні Қазақстан электрондық коммерцияны дамыту бойынша әлемнің индустриялық елдерінен айтарлықтай артта қалуда (электрондық сауда көлемі 2011 жылы 260 миллион АҚШ доллар немесе тауарлар мен қызметтердің жалпы нарығының 0,4 % құрайды, бұл Ресеймен салыстырғанда он есе кем, олардың аталған көрсеткіші 4 %). Бұл Интернет желісінің қазақстандық сегментінде пайдаланушылардың шекті салмағының айтарлықтай кеш пайда болуымен түсіндіріледі. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, электрондық коммерция Интернет пайдаланушылардың саны халықтың жалпы санының 20 %-ынан артық болған кезде және онда кемінде 2-3 жыл болғанда (он-лайн төлеу қорқынышы кедергісін жою үшін жеткілікті уақыт) индустрияға айналады.

      Проблеманың екінші бөлігі - төлем карточкалары бойынша төлеу мәдениетінің жетіспеушілігі және e-commerce карточкалары бойынша төлеу кезінде бас тартудың аса жоғары деңгейі. Қазіргі кезде барлық транзакциялардың тек 21 %-ы - төлем карталарын пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлемдер, ал қалғаны банкомат арқылы төлем карточкасынан ақша алу (мысалы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2012 жылғы тамыздағы деректері бойынша елімізде 11 млн. төлем карточкасына қолма-қол ақшаны алу бойынша 12,5 млн. транзакция және картадан 3,4 млн. қолма-қол төлемсіз төлем транзакциялары) сәйкес келеді. Интернетте төлем карточкасы бойынша төлеу туралы айтатын болсақ, жағдай бас тартулардың көптігімен тереңдей түседі (нарықтың түрлі ойыншыларының төлем карточкалары бойынша төлеу кезінде бас тарту деңгейі 37-ден 48 %-ға дейін құрайды).

      Міндеті: электрондық коммерцияның отандық нарығының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) тауарлар мен қызметтердің жалпы нарығындағы электрондық коммерция үлесі 2017 жылы - 7 %, 2020 жылы - 10 %;

      2) электрондық түрде ақы төленетін тауарлар мен қызметтердің жалпы айналымындағы қазақстандық интернет-дүкендердің айналым үлесі 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 40 %.

      Қол жеткізу жолдары

      Электрондық коммерцияны дамыту үшін мынадай шаралар қабылданады:

      1) салалық сауда алаңдарын құру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      2) Интернет-дүкендерде жасалатын транзакциялар (саны және көлемі) бойынша есептілікті қалыптастыру туралы мәселені қарау;

      3) электрондық коммерция саласындағы заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру;

      4) жалпы интернет-ортаны және негізінен интернет-бизнесті дамыту тақырыбына конференцияларды, семинарларды, дөңгелек үстелдерді қолдау және интернетте электрондық төлем құралдарын пайдалану бойынша ақпараттық-ойын-сауық жұмыстарын қолдану.

      4) Электрондық экономиканы қалыптастыру

      Өнеркәсіп саласындағы АКТ

      Ақпараттық технологиялар өндірістің икемділігі мен шешім қабылдаудың жеделдігін арттырады, жаһандық нарықтарға шығу мен кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін негіз жасайды. Алайда отандық өнеркәсіпті ақпараттандырудың айтарлықтай төмен деңгейі жағдайында оларға деген сұраныс тұрақты және қарқынды өсуді көрсетпей отыр. Кәсіпорынның экономикалық базалары АКТ-ны қарқынды тұтынуға әлі дайын емес. Ал жоғары технологиялар кіріс қалыптастыруға қатыспайтын салалар бұл салаға біржолғы шығындарды ғана жұмсауды қалайды.

      Қазіргі заманғы ақпараттық және жоғары технологиялық дәуірде отандық өнеркәсіптік кәсіпорындар өзінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін АКТ-ны өндірістік және әкімшілік-шаруашылық қызметте пайдалануға қатысты өзінің көзқарасын қайта қарауы және барлық ішкі процестерді автоматтандыруға тиісті назар аударуы қажет.

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік өндірісінің 2012 жылғы қаңтар-тамыз аралығындағы жалпы көлемі 10 687 879 млн. теңгені құрады және өткен жылмен салыстырғанда 0,7 %-ға артты.

      Бүгінгі күні ірі және орташа өнеркәсіп кәсіпорындары мен өндірістердің саны 1 848 құрайды.

      Өнеркәсіп көрсеткіштерінің оң серпініне қарамастан, өнеркәсіп кәсіпорындарының өзінің өндірістік қызметінде жоғары технологияларды игеруінің деңгейі төмен екенін атап өту қажет.

      Өнеркәсіп кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін АКТ-ны енгізу және өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерін АКТ саласындағы арнайы біліктілікке оқыту арқылы өндірістік процестерді тұрақты жетілдіру талап етіледі. Сол себепті кәсіпорындардың аталған аспектіге назар аударғаны және өндірістік қызметкерлер арасында инновациялық қызметті дамытуды ынталандыруы аса маңызды.

      Міндеті: қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығаруды қамтамасыз ететін өнеркәсіп кәсіпорындарында қазіргі заманғы жоғары технологиялық өндіріс құру үшін жағдай жасау.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыруға оқудан өткен өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерінің үлесі 2017 жылы - 70 %, 2020 жылы - 100 %;

      2) өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірген өнімі көлемінде АКТ-ға жұмсалатын шығындардың ұлғаюы 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 50 % (2012 жылға қатысты);

      3) кәсіпорынның үлестік АКТ-бюджетін арттыру 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 50 % (2012 жылға қатысты);

      4) инновациялық-белсенді кәсіпорындардың үлесі 2017 жылы - 15 %, 2020 жылы - 10 %;

      5) өнеркәсіп кәсіпорындарының жөнелтілген өнім көлеміндегі инновациялық өнімнің үлесі 2017 жылы — 10 %, 2020 жылы - 20 %.

      Қол жеткізу жолдары

      Қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығаруды қамтамасыз ететін өнеркәсіп кәсіпорындарында қазіргі заманғы жоғары технологиялық өндірісті құру үшін міндетті іске асыруға жағдай жасау жөніндегі мынадай шараларды қабылдау арқылы жүзеге асырылады:

      1) өнеркәсіптік кәсіпорындардың АКТ инфрақұрылымын дамыту;

      2) адам өміріне және денсаулығына қауіп деңгейі жоғары өндірістік процестердің барлығын роботтандыру;

      3) өнеркәсіп кәсіпорындарында технологиялық және ішкі процестерді басқару жүйелерін автоматтандыруды енгізу;

      4) отандық ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және жоғары оқу орындарымен тығыз өзара іс-қимыл жасау арқылы өнеркәсіп кәсіпорындарының инновациялық қызметін дамыту;

      5) "Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы мен салық және жер заңнамасын жетілдіру шеңберінде қолдау құралдарын пайдалану арқылы өндірістік процесте энергия, ресурстарды үнемдеу, "жасыл" және АКТ-ны енгізуге өнеркәсіптік кәсіпорындарда ынталандыру;

      6) жаңа өткізу нарығын ашу үшін өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірістік өнімдерін Интернет арқылы сатудың жаңа схемаларын дамыту және енгізу;

      7) қойма қорларын есепке алу процесін оңтайландыру, радиожиілікті сәйкестендіру (RFID) технологияларын, геоақпараттық жүйелерді және ERP жүйелерін пайдалану арқылы жүктерді орналастыруды бақылау үшін өзінің логистикалық және қойма инфрақұрылымын дамыту;

      8) өнеркәсіп кәсіпорындары нысандарының агрегаттары мен тораптарының жағдайын мониторингтеу үшін геоақпараттық жүйелерді және телеметрикалық тетіктерді пайдалану.

      Көлік жүйесіндегі АКТ

      Қазақстанның көлік саласының тиімділігі мен тартымдылығын арттыру міндетін шешудің негізгі құралы зияткерлік көлік жүйесін (бұдан әрі - ЗКЖ) - көліктің барлық түрлерінің (жеке, қоғамдық, жүк) жұмысын мониторингтеу және басқару, жол жүрісін басқару, өңірдің, елдің аумағында көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастыру туралы азаматтар мен кәсіпорындарды ақпараттандыру міндеттерін шешетін өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешенін енгізу болуы тиіс. ЗКЖ үш негізгі мәселені шешуге бағытталады: қауіпсіздік, ұтқырлық, қоршаған ортаны қорғау.

      ЗКЖ-ны құрудың маңызды элементі жаһандық навигациялық жерсеріктік жүйесі (бұдан әрі - НЖЖ) болып табылады. Аталған жүйенің негізіндегі шешімдер жер үстіндегі көлік кешені жұмысының тиімділігін арттырумен қатар, авиация, флот, теміржол саласында белсенді қолданылады, жіберу және тасымалдау желілерін синхрондау үшін қызмет етеді, деректерді жіберуді синхрондау үшін байланыста қолданылады және т.б.

      ЗКЖ қалыптастыру және енгізу тасымалдауды басқарудың тиімділігін арттырады, жүктерді, жолаушыларды тасымалдауға жұмсалатын өндірістік емес шығындарды қысқартады, көлік-коммуникациялық құрылымды дамытуды жылдамдатады, қолданыстағы навигациялық спутниктік жүйелердің негізінде сервистерді енгізу үшін қолайлы жағдай жасалды.

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Әлемдік сауда соңғы жиырма жылдың ішінде жоғары қарқынмен дамуда. Еуропа мен Азия арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы қазіргі кезде шамамен 400 миллиард АҚШ долларды құрайды, 2015 жылға қарай 1 триллион АҚШ долларға жетуі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстанның тиімді географиялық орналасуын Европа мен Азия арасындағы жүктер ағынын өткізу үшін пайдалану орынды болып табылады, бұл көлік компанияларының бюджеті мен Қазақстанның мемлекеттік бюджеті кірісінің артуына ықпалын тигізеді. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі жүктер транзитінің көлемін 25 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр, ал транзиттен түсетін жалпы кіріс 1,5 миллиард АҚШ долларды құрайды.

      Қазақстандағы көліктің негізгі кемшіліктерінің арасында тасымалдауды жеткіліксіз ұйымдастыруды, көлікте ескірген технологияларды пайдалану мен көлік қызметтері сервистерінің төмен деңгейін атап өтуге болады. Дамыған елдерде көлік ағындарын оңтайландыру, олардың оңтайлы өзара іс-қимылынан пайданың көп бөлігін қамтамасыз ететін логистика Қазақстанда дамудың бастапқы деңгейінде.

      Бұл жағдайда Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасында жүктердің транзитін қамтамасыз ететін қазіргі көлік инфрақұрылымын, сондай-ақ дамыған мемлекеттердің көліктік ықпалдастығына қатысу деңгейі үшін жауап беретін халықаралық және ішкі жолаушылар тасымалын қалыптастыруы қажет.

      Міндеті: АКТ енгізу арқылы көлік қызметтерінің қолжетімділігін, қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін дамыған көлік инфрақұрылымын құру.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) көлік инфрақұрылымы кәсіпорындарында Интернетке КЖҚ қамту деңгейі 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 100 %;

      2) НЖЖ-мен жарақтандырылған жолаушылар және жүк көлігінің үлесі 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 100 %;

      3) билеттерді сату электрондық форматта жүзеге асырылатын маршруттардың (рейс, бағыт) үлесі 2017 жылы - 40 %, 2020 жылы - 100 %.

      Қол жеткізу жолдары

      Көлікті дамытудың негізгі бағыттары көлік инфрақұрылымының төрт негізгі құраушысының тиімділігі мен ықпалдастығын арттыру болады: теміржол, автомобиль, әуе және су.

      Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін мынадай шешімдерді іске асыру көзделеді:

      1. Мыналарды қамтамасыз ететін НЖЖ енгізу:

      1) көліктің әртүрлі түрлерін мониторингтеу және басқару;

      2) азаматтар мен ұйымдарға өңірде көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөнінде нақты уақыт ауқымында ақпаратты ұсыну;

      3) көлікте қылмыстық және төтенше жағдайлар орын алған жағдайда шұғыл әрекет ету қызметтеріне ақпаратты жедел түрде ұсыну.

      2. Мынадай міндеттерді орындауға бағытталған ЗКЖ-ны енгізу:

      1) көлік ағындарының параметрлерін мониторингтеу;

      2) жол қозғалыстарын реттеу және ұйымдастырудың техникалық құралдарын басқару;

      3) жол қозғалысы қағидаларын бұзушылықтарды фотобейне тіркеу;

      4) арнайы көліктерді басқару (арнайы көліктің борт жүйелерін біріктіреді (маршруттандыру, ақпараттандыру, шешім қабылдауды қолдау және басқалары), төтенше жағдайларға тиімді жауап беру үшін арнайы көлікті байланыс құралдарымен, ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етеді, төтенше жағдайлар аумағында экипаждың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және басқалары);

      5) шығарындыларды бақылау (олар туралы мәліметтерді жинайды және аталған мәліметтерді басқарады);

      6) логистика және көлікті басқару (жүк тасымалдарын басқаруды қамтамасыз етеді);

      7) ақпараттық порталдар мен БАҚ-пен ықпалдасуды қамтамасыз ету (жол жүрісіне қатысушыларды қажетті маршруттық және басқа да ақпаратпен қамтамасыз етеді), сондай-ақ Интернетте қажетті ақпараттық интерфейстерді ұсыну, борттық құрылғылармен өзара ықпалдастықты қамтамасыз ету;

      8) тұрақтарды басқару (тегін және ақылы тұрақтарды басқару, тарифтерді дайындау, тұрақтар бойынша көлік құралдарын (бұдан әрі - КҚ) бөлу және бос орындардың болуы туралы хабарландыру);

      9) көлікті маршруттандыру (ағымдағы және болжамды жағдайды ескере отырып);

      10) КҚ басқару (транзиттік көлікті маршруттандыру, транзиттік көліктің қозғалысын жоспарлау (сервистің орнатылған деңгейін сақтау, мәселен, жолдағы уақыт), транзиттік көлікті басқару үшін қажетті борттық жабдықтарды біріктіру);

      11) коммерциялық көлікті бақылау (шекарадан өту, жүктің салмағын бағалау, қауіпті жүктерді тасымалдау кезіндегі экологиялық параметрлерді қосқанда, барлық маршрут бойынша көлік құралдарын сүйемелдеу);

      12) коммерциялық көлікті басқару (жол-көлік апаттарын тіркеу, жүктің қауіпсіздігі, жүргізушіні сәйкестендіру және басқалары, коммерциялық КҚ борттық жүйелерін біріктіреді);

      13) жүк және жолаушылардың автокөлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін сақтауды бақылау;

      14) т/ж, су және автомобиль көліктері саласындағы мәліметтерді бірыңғай деректер қорына шұғыл алу.

      3. Мүмкіндіктері шектелген адамдардың қажеттілігін ескеретін және көліктің аялдамаға келіп тоқтайтын уақыты, тізбесі, маршруттары мен осы жолмен жүретін қоғамдық көлік түрлері, жол жүру кестелеріндегі өзгерістер, жол жүру маршруттарындағы өзгерістер, жол жүру төлемдері тарифтеріндегі өзгерістер, қылмыстық және төтенше жағдайлардың орын алуы туралы ақпараттандыруды қамтамасыз ететін кешенді ақпараттық жүйесін енгізу.

      4. Қоғамдық көлікте және аялдамаларда дабыл түймесін басу арқылы ахуалдық орталық және төтенше жағдайлар қызметінің диспетчерін шақыру мүмкіндігі бар бейнебақылау жүйелерін енгізу.

      5. Ұтқыр құрылғылар арқылы билеттерді броньдау, жол ақысын төлеу жүйелерін енгізу.

      Агроөнеркәсіп кешеніндегі АКТ

      Агроөнеркәсіп кешені (бұдан әрі - АӨК) қоғам үшін өмірлік маңызы бар өнім өндіретін және аса үлкен экономикалық әлеует шоғырландырылған Қазақстан экономикасының құрамдас бөлігі болып табылады.

      Аграрлық саласы дамыған жетекші елдердің тәжірибесі олардың барлығының "технологиялық төңкерістен" өткендігін көрсетеді. Классикалық экстенсивті егін шаруашылығын нақты (прецизионды) егін шаруашылығы ығыстырады. Геоақпараттық технологиялар, көп операциялы энергияны үнемдеуші ауыл шаруашылығы агрегаттары, өсімдіктердің мол түсімді сорттарының селекциясы және жануарлардың жоғары өнімді тұқымын шығару кеңінен пайдаланылады.

      АКТ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ауа райы болжамы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы тәрізді пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етуде, сондай-ақ оларды жаңа технологиялар жөнінде хабардар етуде аса маңызды рөлге ие.

      Тиімді әрі бәсекеге қабілетті АӨК құру үшін дәстүрлі шығынды емес, инновациялық қорларды үнемдеуші АКТ-ны енгізуге, шаруашылықтың тиімділігін арттыруға, өндірілетін өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге нысаналы құралдарды жұмсау қажет.

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Ауыл шаруашылығының неғұрлым өткір проблемасы жалпы техникалық және технологиялық артта қалушылық, салаға АКТ-ны әлсіз енгізу болып табылады, ал ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізудің әлемдік тәжірибесі қазіргі күннің өзінде АКТ-мен тікелей байланысты.

      Қазіргі кезде ауыл шаруашылығында мынадай ақпараттық жүйелер қолданылады: "Е-Agriculture" агроөнеркәсіп кешені салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі, аграрлық саладағы электрондық сауда жүйесі, Электрондық астық қолхаттарының жүйесі. Ағымдағы жылы 12 рұқсат беру қызметі мен 4 лицензияны беруді автоматтандыру жүргізіледі.

      "Электрондық үкімет" порталы арқылы ауыл шаруашылығы саласында екі электрондық мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жалпы, осы салада жыл сайын шамамен 700 рұқсат беру құжаты беріледі, 2011 жылы берілген құжаттар саны 6 миллионнан асты.

      Сонымен қатар ауыл шаруашылығында мониторингтеу және сәйкестендірудің бірыңғай жүйелері дамымаған. Кеңістіктік ақпаратқа (карта, жоспарлар, сызбалар) байланысты мемлекеттік қызметтердің көбі автоматтандырылмаған. Кеңістіктік ақпараттар бір аумаққа әртүрлі нақтылықпен, түрлі әдістермен, әртүрлі байланыстыру арқылы және әрқилы деректемелермен бірнеше мәрте жасалады. Кеңістіктік тіркеуді республикалық және жергілікті деңгейдегі түрлі мекемелер жүргізеді. Деректердің бір ғана түрі бойынша тіркеу жұмыстарын түрлі органдар жүргізеді, бұл мемлекеттік қызметтерді көрсетудің мерзімі мен сапасына кері әсерін тигізеді.

      Міндеті: агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қазіргі заманға сай, біріктірілген және тиімділігі жоғары ақпаратты ортаны ұйымдастыру.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) интернет желісіне қолжетімділігі бар АӨК кәсіпорындарының үлесі 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %;

      2) АӨК қызметкерлердің компьютерлік сауаттылық деңгейі 2017 жылда - 70 %, 2020 жылда - 100 %.

      Қол жеткізу жолдары

      Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қазіргі заманға сай, біріктірілген, тиімділігі жоғары ақпаратты ортаны ұйымдастыру мақсатында мынадай іс-шаралар іске асырылады:

      1) прецизионды (нақты) егін шаруашылығын мониторингтеу және дамыту үшін әртүрлі мемлекеттік органдар пайдаланатын жер қоры туралы ақпаратты бір ізге салу мәселесін шешу бойынша ұсыныстарды қарастыру;

      2) ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыру жөніндегі ұсыныстарды қарастыру.

      АӨК саласында агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін электрондық-ақпараттық ресурстардың, жүйелердің және ақпараттық-телекоммуникациялық желілердің бірыңғай ақпараттық кеңістігін (АӨК-тұғырнама) құру жобасын іске асыру жалғастырылуда, сонымен қатар:

      1) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның аумақтық комитеттері пайдаланушыларының барлық нысаналы топтарының ақпараттық ресурстарын ақпаратты алудың және пайдаланудың бірыңғай ұжымдық жүйесі ретінде біріктіру - 100 % қамту;

      2) корпоративтік енгізудің барлық зияткерлік жүйелері шоғырландырылған супер-офис сыныбындағы автоматтандырылған жүйе құру - жүйелерді 100 % ықпалдастыру;

      3) барлық деректерді тиісті басқаруды қамтамасыз ету және апатты жағдайлар мен жұмыстағы басқа да ақаулар (көшу, жөндеу жұмыстары және т.б.) жағдайында операцияның жалғастырылуына кепілдік беру;

      4) ақпараттық деректердің барлық үлгілерін жіберудің бірыңғай кәбілді жүйесімен 99,9 % қамту.

      Энергия үнемдеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа арналған

      зияткерлік жүйелер

      Қазіргі уақытта энергия тұтынуды азайту және өмір сүру үшін қажетті барлық салалардың энергетикалық тиімділігін арттыру проблемасы бірінші кезекке шығуда. Қазіргі заманғы АТК-нің жоғары деңгейін және шетелдік тәжірибені ескере отырып, оларды халықтың тұрмыс-тіршілігінде тұрғын үй-коммуналдық жүйелердің жұмысында және энергиямен жабдықтауда қолдану тиімділігі зор екенін атап өткен жөн.

      Қазіргі заманғы тиімді тұрғын үй-коммуналдық жүйесі мен энергиямен жабдықтау жүйесін құрудың басты бағыты коммуналдық ресурстарды тұтыну деректерінің өлшемі мен оларды берудің зияткерлік жүйесін құру болуы тиіс.

      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Қазіргі уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (бұдан әрі - ТКШ) жаңғырту бағдарламасының шеңберінде күрделі қорды жаңғыртуға көп көңіл бөлінуде, алайда салада АТК қолдау мәселесі назардан тыс қалуда.

      ТКШ объектілерінде объектілерді диспетчерлеу деңгейі барынша төмен, инженерлік жүйелер тиімді бақыланбайды және басқарылмайды, әртүрлі штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде шұғыл әрекет ету проблемасы кездеседі.

      Коммуналдық төлемдерді жинаудың, өңдеу мен сақтаудың қазіргі жүйесі ашық емес, бұл өнім берушілерге деген сенімсіздікті тудырады және ең бастысы энергия және ресурс үнемдеуге ынталылық болмайды.

      Еліміздегі өнеркәсіп және тұрғын үй секторы бүгінде энергия сыйымдылығы бойынша Еуропалық одақ елдеріндегі осыған ұқсас көрсеткіштен бес есе жоғары. Мемлекеттік мекемелердің көбі (мектептер, ауруханалар және т.б.), сондай-ақ тұрғын үйлер тиімсіз энергия жүйелерімен жарақтандырылған және жаңартуды талап етеді.

      Міндеті: ТКШ саласында қызметтер көрсету сапасы мен АКТ енгізу есебінен энергия үнемдеу тиімділігін арттыру.

      Нысаналы индикатор:

      1) технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізген табиғи монополиялар субъектілерінің үлесі:

      сумен жабдықтау және су бұру саласында 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 80 %;

      жылумен жабдықтау саласында 2017 жылы - 20 %, 2020 жылы - 80 %;

      газбен жабдықтау саласында 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 50 %;

      2) электр қуатын коммерциялық тіркеуді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізген электр қуатымен жабдықтау саласындағы табиғи монополиялардың үлесі 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 90 %.

      Қол жеткізу жолдары

      ТКШ саласында қызметтер көрсету сапасын және АТК есебінен энергия тиімділігін арттыру мақсатына қол жеткізу үшін мынадай шаралар іске асырылатын болады.

      Мынадай міндеттерді шешу үшін сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау, жылумен жабдықтау және энергиямен жабдықтау жүйелерінде технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу:

      1) суды бұру, су-, жылу-, газ-, электр қуатымен жабдықтаудың сенімділігін арттыру;

      2) жабдықтау қызметінің мерзімін арттыру;

      3) техникалық қызмет көрсету шығындарын төмендету;

      4) энергияны тұтынуды төмендету;

      5) коммуналдық шығындарды тұтыну және оларды төлеуге жұмсалатын шығындарды нақты уақыт режимінде пайдаланушылардың бақылауы;

      6) сумен жабдықтау, суды бұру және жылумен жабдықтау желілеріне рұқсатсыз қосылуды болдырмау;

      7) инженерлік желілердің жай-күйін мониторингтеу және нақты уақыт режимінде ағынды жерлерді анықтау.

      Ғимаратты, құрылыстарды салу, инженерлік желілерді төсеу кезінде қазіргі заманғы энергия- және ресурс үнемдеуші шешімдерді міндетті қолдануды көздейтін нормативтік техникалық құжаттар әзірленеді (жаңартылады).

      Қазіргі заманғы энергияны үнемдеуші технологияларды өндіріс процесіне енгізу бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарын ынталандыру шаралары іске асырылады.

      Республиканың барлық қалаларында сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматты жүйесі енгізілетін болады.

      Экологиядағы және гидрометеорологиядағы АКТ

      Табиғи ресурстарды тиімсіз пайдаланумен және қоршаған ортаны ластаумен қатар жүретін өнеркәсіпті дамыту қоршаған орта