Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кен-металлургия саласы, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кеңес туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 қазандағы № 659 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасында кен-металлургия саласының, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалану тұрақтылығы мен оларды тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан кен-металлургия

      саласы, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Кеңес туралы ереже;

      2) Кеңестің құрамы бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын

      қажетті шараларды қабылдасын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 3 қазандағы
№ 659 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кен-металлургия саласы, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кен-металлургия саласы, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасында кен-металлургия саласын, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология мен жер қойнауын пайдалануды тұрақты және тиімді дамыту мақсатында құрылады.

      2. Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Кеңес өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Кеңес туралы осы ережені басшылыққа алады.

2. Кеңестің міндеттері мен құқықтары

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының кен-металлургия саласын, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалануды дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша;

      2) Қазақстанның кен-металлургия саласында жұмыс істейтін шетелдік және отандық инвесторлармен өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстарды тұжырымдау болып табылады.

      5. Кеңестің белгіленген тәртіппен және өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:

      1) Қазақстан Республикасының кен-металлургия саласын, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалануды дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуге;

      2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын қалыптастыруға;

      3) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша қажетті ақпаратты сұратуға;

      4) осы Ереженің 4-тармағында белгіленген міндеттерді іске асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, консультанттарды тартуға;

      5) Кеңестің құзыреті шеңберінде оның тиімді қызметін жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Кеңесті қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру

      6. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      7. Кеңесті Кеңес төрағасы басқарады. Кеңес төрағасы:

      1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

      3) Кеңес отырыстарын өткізу орнын және уақытын айқындайды;

      4) жылына 1 рет, есепті жылдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президентіне Кеңестің жұмысы туралы баяндайды;

      5) кен-металлургия саласын, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалануды дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша Кеңес қабылдаған ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізеді.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын төраға тиісті өкілеттіктерді беретін орынбасары орындайды.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 568 Жарлығымен.

      8. Кеңес мүшелері:

      1) Кеңес отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Кеңес отырысына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға құқылы.

      9. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, Кеңес төрағасы айқындайтын мерзімдерде, бірақ жарты жылда кемінде бір рет өткізіледі. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің тікелей қатысуымен өткізіледі және оның мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып саналады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 20.10.2017 № 568 Жарлығымен.

      10. Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болып табылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.02.2019 № 862 Жарлығымен.

      11. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен бұрын қабылданған шешімдер негізінде Кеңес отырыстарын өткізу үшін тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады;

      2) Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен олар бұрын қабылдаған шешімдер негізінде отырыстың күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      3) Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалуына мониторингті жүзеге асырады;

      4) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

      5) Кеңестің хаттамалық шешімдерін ресімдеуді және келісуді жүзеге асырады;

      6) Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап екі апта ішінде Кеңес мүшелеріне және қажет болған жағдайда басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарға хаттаманың көшірмесін және өзге де қажетті материалдарды жібереді.

      12. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады, оған Кеңестің отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қояды.

      13. Кеңестің шешімдері қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.

4. Кеңестің қызметін тоқтату

      14. Кеңестің қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негіз болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 3 қазандағы
№ 659 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кен-металлургия
саласы, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер
қойнауын пайдалану жөніндегі кеңестің
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 17.09.2014 № 911 Жарлығымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 14.03.2017 № 446; 20.10.2017 № 568; 26.02.2019 № 862; 01.06.2019 № 57; 28.10.2019 № 195 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары немесе әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, хатшы

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі

      "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазгеология" ұлттық геологиялық барлау компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады