Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы елордасының аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 18 қазандағы № 502-2237 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2023 жылғы 20 қазанда № 1358-01 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 9-бабының 26) тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы елордасының аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыны Астана қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласының әкімі Ж. Қасымбек

  Астана қаласы әкімдігінің
2023 жылғы 18 қазандағы
№ 502-2237 қаулысына
қосымша

Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы елордасының аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтерді көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы елордасының аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтерді көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 9-бабының 26) тармақшасына сәйкес әзірленді және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалардың және меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалардың (бұдан әрі – жеке және заңды тұлғалар) Қазақстан Республикасы елордасының аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтерді көрсету тәртібін белгілейді.

      2. Сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсететін объектілер Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау, азаматтардың денсаулығы, қоршаған ортаны қорғау, өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуі тиіс.

      3. Елорда аумағында медициналық қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың қызметін өз құзыреті шегінде Астана қаласының әкімдігі үйлестіреді.

      4. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы киім – жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардан қорғауға арналған киім, аяқ киім, бас киім, қолғап, өзге де жеке қорғаныш құралдары;

      2) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;

      3) денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) медициналық көмек – дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда, халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;

      5) медициналық қызметтер – денсаулық сақтау субъектілерінің нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту немесе паллиативтік бағыты бар іс-қимылдары;

      6) пациент – медициналық көмек көрсетуді қажет ететін ауруының немесе жай-күйінің болуына немесе болмауына қарамастан, медициналық көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға;

      7) ішкі сауда субъектici – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ішкі сауданы жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      8) тауар – сатуға немесе айырбастауға арналған, айналымнан алынбаған кез келген еңбек өнiмi;

      9) тұтынушы – жеке, отбасында, үй ішінде және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға ғана арналған тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе соларды сатып алу ниеті бар не тапсырыс беретін, сатып алатын және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға;

      10) сауда объектiсi – тауарларды сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысу жүргізуге арналған және пайдаланылатын жабдықпен арнайы жарақтандырылған ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, орын-жай немесе орын-жайдың бiр бөлiгi, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;

      11) қоғамдық тамақтану объектісі – тамақ өнімдерін тұтынуға арналған орындарды ұсынумен оларды өндіру, қайта өңдеу, өткізу және тұтынуды ұйымдастыру объектісі;

      12) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының міндетін атқарушы – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 30 наурыздағы № 123-НҚ (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 32162 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген ақпараттық жүйеде тіркеу қағидаларында көзделген нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсететін персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдық-реттелген жиынтығы;

      13) денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты – жеке тұлғаның біліктілігін және клиникалық немесе фармацевтикалық практикаға немесе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметке дайындығын қоса алғанда, оның денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік қызметке дайындығын растайтын белгіленген үлгідегі құжат.

2-тарау. Сауда қызметтерін ұсыну тәртібі

      5. Елорда аумағындағы сауда қызметтері ішкі сауда объектілерінде: сауда объектілерінде және қоғамдық тамақтану объектілерінде Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ұсынылады.

      6. Сатушы сауда қызметін жүзеге асыру және сауда қызметтерін көрсету кезінде өзінің бейіні мен мамандануын ескере отырып, санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, өртке қарсы талаптарды сақтайды.

      7. Сатушыда тауарларды сату орнында сақтау және өткізу кезінде олардың сапасы мен қауіпсіздігін сақтау жөніндегі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететін қажетті орын-жай, жабдықтар мен мүкәммал, сауданың тиісті шарттары болады.

      8. Сатушы "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қолдануға рұқсат етілген өлшеу құралдарын жарамды күйде ұстайды.

      9. Негізгі қызмет түрі ірі сауда объектілерінде, сондай-ақ сауда базарларында сауда орындарын жалға (пайдалануға) беру, осындай объектілердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және олардың жұмысын ұйымдастыру болып табылатын жеке кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар ішкі сауда субъектілерінің "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауын қамтамасыз ете отырып, осы талаптарды олардың аумағында қызметін жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісімен жасалған шартқа енгізеді, сондай-ақ "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:

      1) ірі сауда объектісінің, сауда нарығының ішкі сауда субъектілері мен олардың әкімшілігі қызметкерлері үшін оның жұмыс режимін қамтитын жұмыс регламентін бекітеді;

      2) ішкі сауда субъектілеріне сауда объектілері мен сауда инфрақұрылымына тең қолжетімділік береді;

      3) ірі сауда объектілері, сауда нарықтары ішкі сауда субъектілеріне ұсынатын қосымша қызметтердің тізбесін (бар болса) бекітеді;

      4) ішкі сауда (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізетін) субъектілерінің назарына сауда объектілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті рұқсат етілетін бөлшек сауда бағаларының мөлшерін жеткізеді;

      5) ақпараттық жүйеде тіркеледі, оған қол жеткізе алады және өз қызметін ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырады;

      6) ақпараттық жүйеде жалдау шарттарын жасасады немесе оларға өзгерістер енгізеді;

      7) сауда инфрақұрылымын құрады және жаңғыртады;

      8) ірі сауда объектісінің, сауда нарығының аумағында көтерме және бөлшек сауданы сату аймақтарын шектейді;

      9) сауда базарларында олардың аумағында техникалық жағдайлар болған кезде автодүкендерден сауданы ұйымдастырады;

      10) сауда орнын жалға алу (пайдалану) үшін төлемді ақпараттық жүйе арқылы қолма-қол ақшасыз тәсілмен не екінші деңгейдегі банктер арқылы төлеуге шот жазу жолымен қабылдауды қамтамасыз етеді.

      10. Азық-түлік тауарларын өткізуді және қоғамдық тамақтандыру қызметтерін ұсынуды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен медициналық қарап-тексеруден және гигиеналық оқытудан өткен сауда объектілері мен қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметкерлері жүзеге асырады.

      11. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы міндетті түрде мыналарды қамтуы тиіс тауар (жұмыс, қызмет) туралы ақпаратты ұсынады:

      1) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауы;

      2) ұсынылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) түрлері мен ерекшеліктері;

      3) егер тауар (жұмыс, қызмет) техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда және өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау рәсіміне жататын жағдайда сәйкестік белгісі;

      4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтыну қасиеттері туралы, өнімнің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтер, сондай-ақ "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен жекелеген аурулар кезінде оларды қолдануға қарсы көрсетілімдер туралы мәліметтер;

      5) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 23 мамырдағы № 230 бұйрығымен бекітілген Органикалық өнімді өндіру және оның айналымы қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 13875 болып тіркелген) сәйкес өнімді органикалық өнімге жатқызу туралы мәліметтер;

      6) тауар құрамы, тамақ өнімдеріне қатысты - тағамдық қоспалардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының, тағамға биологиялық белсенді қоспалардың құрамы, оның ішінде болуы мен саны туралы мәліметтер;

      7) генетикалық түрлендірілген организмдерді қолдану арқылы алынған (немесе) тамақ өнімдері туралы мәліметтер, егер тамақ өнімдерінің құрамында оның мөлшері 0,9 және одан да көп пайыз болған жағдайда. Бұл ретте "Осы өнімде генетикалық түрлендірілген организмдер бар" деген сөздер жеке тұрған сөйлеммен, оралған өнімдер үшін – жапсырмада, оралмаған өнімдер үшін – өнім туралы ақпаратта көрсетілуі тиіс;

      8) дайындаушының тауар белгісі;

      9) тауарды шығарған ел;

      10) теңгедегі құны және тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу шарттары;

      11) кепілдік мерзімінің болуы немесе болмауы;

      12) егер бұл тауарлардың ерекшелігінен талап етілсе, тамақ өнімдерін дайындау жөніндегі ұсынымдар;

      13) тауарды дайындау күні мен орны, қызмет ету мерзімі және (немесе) жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі, егер олар тиісті тауарды сақтаудың әдеттегі шарттарынан өзгеше болса не сақтаудың арнайы шарттарын талап етсе, тауарды сақтау шарттарын көрсету, сондай-ақ көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының қажетті іс-әрекеттері және орындалмаған кезде ықтимал салдары туралы мәліметтер, егер тауар көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндірсе немесе мақсатына сай пайдалануға жарамсыз болып қалса;

      14) сатушының (дайындаушының, орындаушының) атауы (фирмалық атауы), орналасқан жері (заңды мекенжайы), сатушы (дайындаушы) тұтынушыдан және тауарға жөндеу және техникалық қызмет көрсетуді жүргізетін шағымдарды қабылдауға уәкілеттік берген жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің) орналасқан жері;

      15) жұмысты орындайтын (қызмет көрсететін) нақты адамға нұсқау және егер бұл жұмыстың (қызметтің) сипатына қарай маңызды болса, ол туралы ақпарат;

      16) музыкалық шығармаларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсету кезінде фонограммаларды, аудиовизуалды жазбаларды пайдалануына нұсқау;

      17) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) массасының шамасы (нетто), көлемі, саны және (немесе) жиынтықтылығы;

      18) тауарды тиімді және қауіпсіз қолданудың мақсаты мен шарттары туралы мәліметтер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұтынушыға ұсыну үшін міндетті болып табылатын не тұтынушы мен сатушы (дайындаушы, орындаушы) арасында жасалған шартта көзделген өзге де мәліметтер.

      Егер тұтынушы сатып алатын тауар пайдаланылған болса немесе ондағы кемшілікті жойса, тұтынушыға бұл туралы ақпарат берілуі керек. Мұндай тауарды сатып алған жағдайда кемшіліктің болуы туралы мәліметтер сатып алу фактісін растайтын құжатта көрсетілуі тиіс.

      12. Сатушы (дайындаушы) "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айырбастауға немесе қайтаруға жатпайтын тиісті сападағы азық-түлік емес тауар туралы уақтылы хабарлайды.

      13. Ішкі сауда субъектісі сауда қызметін жүзеге асыру кезінде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 19-тарауында көзделген тәртіппен және жағдайларда фискалдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолданады.

      14. Өзіне-өзі қызмет көрсету тәсілімен тауарларды сату кезінде сауда объектілерінің әкімшілігі сауда объектісі шегінде тауарларды тасымалдауға арналған себеттердің, арбалардың және басқа да құралдардың болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ сатып алу кезеңінде сатып алушының заттарын уақытша сақтауға арналған арнайы орындарды қарастырады.

      15. Ақпарат тұтынушының назарына қазақ және орыс тілдерінде тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілетін ілеспе құжаттамада, тұтыну ыдысында, қаптамада, затбелгілерде немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен жеткізіледі.

      16. Санаттар бойынша қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметін жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 11148 болып тіркелген) сәйкес белгіленеді.

      17. Базардағы сауда қызметтерін сатушылар арнайы жабдықталған сауда қатарлары мен орындар, сондай-ақ базар аумағында орналасқан дүкендер, дүңгіршектер, шатырлар арқылы ұсынады.

      Базар аумағында нарық жоспары, барлық қажетті объектілер: сауда қатарлары, анықтамалық бюро, зертхана, санитарлық тораптар, бақылау таразылары, базар аумағындағы құқық қорғау органдарының бөлмелері және сауда қатарларына, тамақтану пункттеріне, бақылау таразыларына, автобус аялдамалары мен шығуларына бағыттар көрсетілген стендтер орналастырылады.

      Сауда қатарларында орындарды, үстелдерді және тауарды сатуға арналған өзге де құрылғыларды орналастыруды санитариялық-эпидемиологиялық және өртке қарсы талаптардың сақталуын, сондай-ақ сатушылар мен тұтынушылар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуді ескере отырып, базар әкімшілігі айқындайды.

      18. Тамақ өнімдерін базарларда сату Қазақстан Республикасының Сауда қызметі және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.

      19. Базарлар әкімшілігі сатушының (дайындаушының, орындаушының) "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауын қамтамасыз ете отырып, осы талаптарды базар аумағында қызметін жүзеге асыратын сатушымен (дайындаушымен, орындаушымен) жасалған шартқа енгізеді.

3-тарау. Ойын-сауық сипатындағы қызметтерді ұсыну

      20. Ойын-сауық сипатындағы қызметтерін жеткізушілер:

      1) қолжетімді жерлерде келушілер үшін ойын-сауық сипатындағы көрсетілетін қызметтер, жұмыс режимі және келу ережелері туралы ақпараты бар стендтердің болуын;

      2) Қазақстан Республикасының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау, Қазақстан Республикасындағы тілдер, алкоголь және темекі өнімдерін жарнамалау және өткізу саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды;

      3) ойын-сауық сипатындағы қызметтер көрсететін объектілерге, автокөлік құралдарының тұрағына арналған аумақтар мен алаңдарға іргелес орын-жайлар ішінде қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді.

4-тарау. Қонақ үй қызметтерін ұсыну тәртібі

      21. Қонақ үй қызметтерін жеткізушілер өз қызметін туристік қызмет, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға және стандарттауға сәйкес жүзеге асырады.

      22. Қонақ үй ғимараты (не қонақ үй орналасқан ғимараттың бір бөлігі) қонақ үйдің атауын, жұмыс тәртібін және автокөлік құралдарының тұрағына арналған алаңдарды қазақ, орыс және қажет болған жағдайда ағылшын тілдерінде көрсете отырып, жарықтандырылатын немесе жарықтандырылатын ақпараттық белгілермен қамтамасыз етіледі.

      23. Қонақ үй қызметтерін жеткізушілер Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2008 жылғы 11 қарашадағы № 01-08/200 бұйрығымен бекітілген Туристерді орналастыру орындарын сыныптау ережесіне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 12221 болып тіркелген) сәйкес қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

      24. Қонақ үйде тұрудың тәртібі мен шарттары қонақ үй қызметтерін жеткізуші белгілейтін қонақ үйде тұру ережелерімен анықталады.

      25. Персоналдың функционалдық міндеттерін қонақ үй әкімшілігі тиісті нұсқаулықта белгілейді.

5-тарау. Медициналық қызмет көрсету тәртібі

      26. Елорда аумағында медициналық қызметтерді "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес денсаулық сақтау субъектілері ұсынады.

      27. Денсаулық сақтау жүйесі денсаулық сақтаудың мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларынан тұрады.

      28. Денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілері болып табылады.

      29. Денсаулық сақтаудың мемлекеттік секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, мемлекеттік меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ сот медицинасы (сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық) саласындағы сараптамаларды жүзеге асыратын әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер мен ұйымдардан тұрады.

      30. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардан тұрады.

      31. Жеке тұлғалар "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты, тиісті мамандық бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі және медициналық қызметке лицензиясы болған кезде жеке медициналық практикамен айналысады.

      32. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізуді дәріхана қоймаларында көтерме саудада өткізуге тиісті лицензия алған не "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен медициналық бұйымдар қоймасы арқылы қызметінің басталғаны туралы хабарлаған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен айналысу саласындағы субъектілер жүзеге асырады.

      33. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізуді дәріханаларда, дәріхана пункттерінде, жылжымалы дәріхана пункттерінде бөлшек саудада өткізуге тиісті лицензия алған не "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен оптика және медициналық бұйымдар дүкендері арқылы қызметінің басталғаны туралы хабарлаған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен айналысу саласындағы субъектілер жүзеге асырады.

      34. Дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен айналысу саласындағы субъектілер "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес тиісті дәріхана практикасының талаптарын сақтайды.

      35. Дәрілік заттарды көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен айналысу саласындағы субъектілер "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес тиісті дистрибьюторлық практиканың талаптарын сақтайды.

      36. Медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері:

      1) уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді;

      2) барынша дәлелденген тиімділігі мен қауіпсіздігіне ие профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдістерін қолдануды;

      3) төтенше жағдай, әскери жанжал және терроризм актісі жағдайларында жұмысқа дайындығын;

      4) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың, сондай-ақ кәсіптік аурулардың профилактикасы, алдын алу, диагностикалау, емдеу және медициналық оңалту жөніндегі іс-шараларды жүргізуді;

      5) адамдарға медициналық көмектің нысандары мен түрлері туралы анық ақпарат беруді;

      6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді және гигиеналық нормативтерді сақтауды;

      7) денсаулық сақтаудың басқа субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау және өз қызметіндегі сабақтастықты;

      8) "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және қызмет ерекшелігінің талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген нысандар мен тәртіппен бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізу және есептер беруді;

      9) ақпарат беруді (шұғыл хабарлама) қамтамасыз етеді:

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық аурулар, улану жағдайлары туралы;

      медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға жүкті әйелдердің, босанған әйелдердің, босанған әйелдердің туғаннан кейін күнтізбелік қырық екі күн ішінде қайтыс болу, оларға жоспарлы медициналық көмек (бастапқы медициналық-санитариялық және мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, медициналық көмек) көрсету кезінде пациенттердің кенеттен қайтыс болу жағдайлары туралы;

      азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға төтенше жағдайлардың туындау қатері және (немесе) медициналық-санитариялық салдарларының туындауы туралы;

      ішкі істер органдарына жаңа жарақаттар, жаралар, жүктілікті жасанды түрде тоқтатуды заңсыз жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар жағдайлары туралы жүгінген адамдар туралы мәліметтер.

      37. Медициналық көмек:

      1) тәулік бойы медициналық бақылау мен емдеуді көздемейтін амбулаториялық жағдайларда, оның ішінде тәулік бойы стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде;

      2) тәулік бойы медициналық байқауды, емдеуді, күтімді, сондай-ақ тамақтанумен төсек-орын беруді көздейтін стационарлық жағдайларда, оның ішінде емдеу басталғаннан кейінгі бірінші тәулік ішінде тәулік бойы байқауды көздейтін "бір күн" терапиясы мен хирургиясы жағдайларында;

      3) тәулік бойы медициналық байқауды және емдеуді талап етпейтін және төсек-орын бере отырып, күндізгі уақытта медициналық байқауды және емдеуді көздейтін стационарды алмастыратын жағдайларда;

      4) үйде: медицина қызметкерін, мобильді бригаданы шақыру, медицина қызметкерлерінің белсенді патронажы, үйде емдеуді ұйымдастыру кезінде (үйдегі стационар);

      5) санаторий-курорттық ұйымдарда;

      6) медициналық ұйымнан тыс: жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылған жерде және қашықтықтан медициналық қызмет көрсету кезінде көрсетіледі.

      38. Науқас:

      1) профилактика, диагностика, емдеу процесінде лайықты қарау, өзінің мәдени және жеке құндылықтарына құрметпен қараумен;

      2) қандай да бір кемсітушілік факторлардың ықпалынсыз тек қана медициналық критерийлер негізінде айқындалатын кезектегі медициналық көмекпен;

      3) шұғыл және кезек күттірмейтін көмек көрсету жағдайларын қоспағанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсететін дәрігерді немесе медициналық ұйымды таңдаумен, ауыстырумен;

      4) денсаулық сақтау ұйымында аудио - және (немесе) бейнебақылау және жазба жүргізіліп жатқандығы туралы хабарлаумен;

      5) медициналық технологиялардың қазіргі деңгейі мүмкіндік беретін дәрежеде азапты жеңілдетумен;

      6) ақпарат алу (ықтимал тәуекел мен артықшылықтар, ұсынылатын және баламалы емдеу әдістері туралы деректер, емдеуден бас тартудың ықтимал салдары туралы мәліметтер, пациентке қолжетімді нысанда диагноз, емдеу іс-шараларының болжамы мен жоспары туралы ақпарат, сондай-ақ оны үйіне шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептерін түсіндіру) және өз денсаулығының жай-күйі туралы тәуелсіз пікір және консилиум өткізумен;

      7) көру және (немесе) есту қабілеті бұзылған адамдар үшін; тағайындалатын дәрілік затқа; оған медициналық қызмет көрсететін медицина қызметкерлеріне қолжетімділігі ескеріле отырып, өздерінің құқықтары мен міндеттері, көрсетілетін қызметтер, ақылы қызметтердің құны және қосымша ақы төлеу мөлшері, оларды ұсыну тәртібі туралы ақпарат алумен;

      8) емдеу-диагностикалық рәсімдерді жүргізу кезінде оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартумен қамтамасыз етіледі.

6-тарау. Өзге де қызметтерді ұсыну тәртібі

      39. Қағидалардың мақсаттары үшін өзге де қызметтерге шаштараз, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, моншалардың (сауналардың), массаж кабинеттерінің, ломбардтардың, химиялық тазалаудың, тұрмыстық аспаптарды жөндеудің, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станцияларының, автожуулардың, автотұрақтардың, автожанармай құю станцияларының қызметтері жатады.

      Жоғарыда аталған қызметтерді көрсету кезінде сатушылар:

      1) санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, өртке қарсы қағидаларда көзделген талаптарды ескере отырып, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын;

      2) жұмыс ерекшелігіне сәйкес жұмыс орындарын қажетті арнайы жабдықтармен жарақтандыруын;

      3) орын-жайларды көрсетілетін қызметтер туралы тұтынушылар үшін қажетті қолжетімді, анық ақпаратпен жарақтандыруын;

      4) тұтынушыларға білікті мамандармен қызмет көрсетуін;

      5) лауазымын, тегін және атын көрсете отырып, қызметтік төсбелгілері (бейдждері) бар арнайы киімде қызмет көрсетуін;

      6) қабылданған тапсырыстарды және "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын орындау мерзімдерінің сақтауын қамтамасыз етеді.

      ____________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады