Күзет қызметі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы N 85 Заңы.

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтіні бойынша "жеке кәсіпкерлер", "жеке кәсіпкерлік", "жеке кәсіпкер", "жеке кәсіпкерге", "жеке кәсіпкердің", "жеке кәсіпкерлердің" деген сөздер тиісінше "дара кәсіпкерлер", "дара кәсіпкерлік", "дара кәсіпкер", "дара кәсіпкерге", "дара кәсіпкердің", "дара кәсіпкерлердің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 04.07.2008 № 53-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағындағы күзет қызметінің құқықтық негіздерiн белгілейдi, күзетті және күзет қызметiн жүзеге асыратын субъектілердің мәртебесi мен өкілеттігiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Күзет қызметі ұғымы

      1. Заңды тұлғалардың жеке адамдардың өмiрiн, денсаулығы мен мүлкін, сондай-ақ заңды тұлғалардың мүлкін құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғау қызметін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруы (күзет қызметін көрсетулері) күзет қызметі деп ұғынылады.

      2. Осы Заңның күші жеке күзет ұйымдарына, жеке күзетшілерге, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың күзет бөлімшелеріне, мемлекеттік органдардың ведомстволық күзет бөлімшелеріне қолданылады. Осы Заңның күші, егер ішкі істер органдары туралы Қазақстан Республикасының заңдарында, Президенті мен Үкіметінің актілерінде өзгеше көзделмесе, ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелеріне қолданылады.

      3. Осы Заңның күші, егер заңдардан өзгеше туындамаса, азаматтар мен заңды тұлғалардың денсаулық сақтау саласына, санаткерлік меншікке, мемлекеттік құпияларға, коммерциялық құпияларға байланысты өзге де игіліктері мен заңды мүдделерін қорғауға қолданылмайды.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

1-1-бап. Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілер

      1. Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілер; стратегиялық маңызы бар және жарғылық капиталында акцияларының бақылау пакетін (қатысу үлестерін) мемлекет тікелей немесе жанама түрде иеленетін заңды тұлғаларға тиесілі экономика салаларының объектілері мемлекеттік күзетілуге жатады.

      Мемлекеттiк күзетiлуге жататын объектiлердi күзетудi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары, iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет бөлiмшелерi, Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдары жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілерді айқындау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілердің тізбелерін Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өздерінің өкілеттіктеріне сәйкес бекітеді.

      3. Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілердің бірінші басшылары Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын талаптарға сәйкес олардың инженерлік-техникалық нығайтылуын қамтамасыз етуге міндетті.

      4. Күзет қызметiн көрсету саласында бәсекелестiк ортаны қалыптастыру мақсатында осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген тізбеге енгізілмеген объектілерді күзетуді жеке күзет ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалармен жасалған шарттардың негiзінде жүзеге асыра алады.

      Ескерту. Заң 1-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі), өзгеріс енгізілді - ҚР 13.02.2012 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының күзет қызметі саласындағы заңдары

      Күзет қызметін жүзеге асырудың құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттар және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi құрайды.

3-бап. Күзет қызметiнiң мiндеттерi

      Күзет қызметiнiң негiзгi мiндеттерi:

      1) жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығын қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғау;

      2) жеке және заңды тұлғалардың мүлкiн құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғау болып табылады.

4-бап. Күзет қызметiнiң принциптерi

      1. Күзет қызметi заңдылықтың конституциялық принциптерiне, адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын құрметтеу мен сақтауға, сондай-ақ жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерiн ескеруге негiзделедi.

      2. Күзет қызметiн жүзеге асыру үшiншi тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға тиiс.

5-бап. Күзет қызметiн лицензиялау және оны жүзеге асыруды шектеу

      1. Күзет қызметі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын тәртіппен, осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып лицензиялануға жатады. Күзет қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ заңды тұлғаларға күзет қызметтерін көрсетуге тыйым салынады.

      Iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет бөлiмшелерi жүзеге асыратын күзет қызметi лицензиялауға жатпайды.

      2. Күзет қызметінің субъектілері мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнаманың талаптарын сақтай отырып, тәжірибе алмасу, өз мамандарының біліктілігін арттыру, қазіргі заманғы техникалық құралдар мен технологияларды енгізу және пайдалану мақсатында күзет қызметі саласындағы шетелдік компанияларды тартуға құқылы.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердiң күзет ұйымдары қызметiне тыйым салынады.

      4. Шетелдiк заңды тұлғалардың, шетел қатысатын заңды тұлғалардың, шетелдiктердiң, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың:

      1) күзет қызметiнің барлық түрін жүзеге асыруға;

      2) жеке күзет ұйымдарын құруға немесе олардың құрылтайшылары (қатысушылары) болуға;

      3) сенiмгерлiк басқарудағы жеке күзет ұйымын ұстауға;

      4) алып тасталды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.02.2002 № 297, 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Күзет қызметiн жүзеге асыру кезiнде терiс пиғылды iс-әрекеттерден мемлекеттiк кепiлдiктер және күзет ұйымдарының күзетшi қызметiн атқаратын қызметкерлерiн сақтандыру

      1. Күзет қызметi субъектiлерiнiң қызметтi жүзеге асыруы кезiнде мемлекет азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепiлдiк бередi және оны қамтамасыз етедi.

      2. Күзет қызметiн құқық тәртiбi мен адамгершiлiк негiздерiне көрiнеу қайшы келетiн мақсаттарға жету үшiн жүзеге асыруға жол берiлмейдi.

      3. Күзет қызметiн жүзеге асырушы адамның iс-әрекеттерi арқылы құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған адам ондай адамнан тиiстi түсiндiрмелер мен ақпарат талап етуге құқылы, сондай-ақ мұндай iс-әрекетке сотқа және заңдарда белгiленген тәртiппен басқа мемлекеттiк органдарға шағым жасауға құқылы.

      4. Күзет қызметiн жүзеге асыратын және үшiншi тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзған адам жәбiрленушiге келтiрiлген материалдық және моральдық зиянды заңдарға сәйкес өтеуге мiндеттi.

      5. Күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілер қызметкерлерінің, оның iшiнде олардың қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысуы кезiнде өмірі мен денсаулығына зиян келтірумен байланысты тәуекелдерді сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлері туралы заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.05.2007 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңдарымен.

2-тарау. Күзет қызметінің субъектілері және олардың сыныптамасы. Мамандандырылған оқу орталықтары

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Күзет қызметiн жүзеге асыратын субъектiлер

      Күзет қызметiн жүзеге асыратын субъектiлерге:

      1) Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет бөлiмшелерi;

      2) жеке күзет ұйымдары;

      3) - 5) алып тасталды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

8-бап. Күзет қызметiн жүзеге асыратын субъектiлердiң мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылы

      1. Күзет қызметiн жүзеге асыратын субъектiлер мемлекеттiк органдарға заңдармен жүктелген мiндеттердi орындауда осы мемлекеттiк органдарға жәрдемдесуге мiндеттi.

      2. Күзет қызметiн жүзеге асыратын субъектiлер құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар және әскери құралымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жедел-iздестiру, қарсы барлау, тергеу немесе күзет іс-шараларын жүргiзген кезде қаруды уақытша тапсыру туралы талапты қоса алғанда, мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң барлық заңды талаптарын орындауға мiндеттi.

      3. Күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілер терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар қызметкерлерінің талап етуі бойынша терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген аймақтағы күзет қызметін тоқтата тұруға міндетті.

      4. Күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілер ішкі істер органдарының сұрау салуы бойынша, жүзеге асырып отырған қызметінің Қазақстан Республикасының күзет қызметі саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы ақпарат береді.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 08.01.2013 № 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет бөлiмшелерiнiң күзет қызметiн жүзеге асыру ерекшелiктерi

      1. Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері мемлекеттік мекеме болып табылады және Заңның 1-1-бабының 1-тармағында көрсетілген объектілерді ғана күзетуді жүзеге асырады.

      2. Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын Тізбеге енгізілген жеке тұлғаларға шарттық негізде күзет қызметтерін көрсетеді.

      3. Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері көрсететін қызметтер үшін бағаларды уәкілетті орган бекітеді.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.02.2012 № 556-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Жеке күзет ұйымының құқықтық мәртебесi және жеке күзет ұйымының күзетші лауазымын атқаратын жұмыскеріне қойылатын талаптар

      Ескерту. 10-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Өзiнiң кәсiпкерлiк қызметi ретiнде күзет қызметтерiн көрсететiн коммерциялық ұйым жеке күзет ұйымы болып табылады. Жеке күзет ұйымының, хабарлама жасау тәртібінің шарттарын сақтаған жағдайда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, өзге кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.

      2. Жеке күзет ұйымы күзет қызметін жарғының және заңды тұлғалардың күзет қызметін жүзеге асыруына арналған лицензияның негізінде жүзеге асырады.

      3. Жеке күзет ұйымының күзетшi қызметiн атқаратын қызметкерiнде күзет қызметiн жүзеге асыруға арналған лицензияның болуы талап етiлмейдi.

      4. Жеке күзет ұйымының күзетшiсi қызметiне Қазақстан Республикасының 19 жасқа толған және күзетшiнiң арнайы даярлығынан (күзетшiнi оқытудың арнаулы курсынан) өткен азаматтары қабылдана алады.

      5. Алып тасталды - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Жеке күзет ұйымының күзетшiсi лауазымын:

      1) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтары (аурулары) бар, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған;

      2) қылмыс жасағаны үшiн сотталғандығы бар;

      3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлімі бабының тиісті бөлігінде көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      3-1) күзетші лауазымына қабылданғанға дейін бір жылдың ішінде немесе осы лауазымда болған кезеңде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған, сондай-ақ күзетші лауазымына қабылданғанға дейін бір жылдың ішінде немесе осы лауазымда болған кезеңде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      4) бұрын күзетші болып жұмысқа қабылданғанға дейiн бiр жыл iшiнде немесе осы лауазымда болған кезеңде Қазақстан Республикасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 149, 434, 436, 438, 439, 440, 443, 450, 453, 462, 463, 464, 469, 470, 476, 477, 478, 479, 481, 482, 483, 484, 485, 486, 487, 488, 489, 490, 494, 495, 496, 504, 506, 653, 654, 658, 659, 665, 667, 669, 670, 673, 675-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған;

      5) мемлекеттiк, әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әдiлет органдарынан үш жылдан аз уақыт бұрын теріс себептермен босатылған;

      6) бұрын осыған ұқсас лауазымды атқарып, үш жылдан аз уақыт бұрын Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9), 10), 11), 12), 15), 16) және 17) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шарты бұзылған адам атқара алмайды.

      7. Жеке күзет ұйымының басшысы үшiн оның жеке күзет ұйымының күзетшi қызметiн атқаратын қызметкерлерiне қойылатын талаптарға сәйкес болуы мiндеттi талап болып табылады.

      8. Жекеше күзет ұйымы күзетшiнi ол қызметтiк мiндеттерiн атқаруы кезiнде оның жеке басын және жекеше күзет ұйымының күзетшiсi екендiгiн куәландыратын белгiленген үлгiдегi құжатпен қамтамасыз етуге мiндеттi. Жекеше күзет ұйымы күзетшiсi құжатының нысаны мен үлгiсiн уәкілетті орган айқындайды.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.02.2002 № 297, 04.07.2008 № 53-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 29.12.2010 № 372-IV (Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі), 10.07.2012 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 24.12.2012 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-1-бап. Мамандандырылған оқу орталықтары мен олардың филиалдарына қойылатын талаптар

      1. Жеке күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру уәкілетті орган айқындайтын, заңды тұлғалар болып табылатын мамандандырылған оқу орталықтарында жүргізіледі.

      1-1. Мамандандырылған оқу орталықтары мен олардың филиалдарына қойылатын талаптар мыналардың:

      1) сабақтар жүргізу үшін санитариялық нормаларға сәйкес келетін үй-жайлардың;

      2) атыс даярлығы бойынша сабақтар жүргізу үшін атыс тирінің:

      заңды тұлғалар үшін – меншік құқығында;

      филиалдар үшін – меншік құқығында не жалға алу шартымен;

      3) оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларында көзделген арнаулы және техникалық құралдардың;

      4) тиісті теориялық, практикалық білімдері және өзінің кәсіптік құзыреті саласында практикалық дағдылары бар және күзет қызметі саласында кәсіптік жұмыс тәжірибесін жинақтаған, мамандарды оқыту процесіне тартылып жүрген оқытушылардың болуын көздейді.

      Жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларын уәкілетті орган бекітеді.

      2. Мыналар:

      1) осы Заңның 10-бабының 6-тармағында көрсетілген адамдар;

      2) шетелдік заңды тұлғалар, шетел қатысатын заңды тұлғалар, шетелдіктер, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар мамандандырылған оқу орталықтары мен олардың филиалдарының құрылтайшылары (қатысушылары), басшылары бола алмайды.

      3. Мамандандырылған оқу орталықтарының қызметі:

      1) таратылған, қайта ұйымдастырылған жағдайларда;

      2) сот шешімі бойынша тоқтатылады.

      Ескерту. 2-тарау 10-1-баппен толықтырылды - ҚР 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Жеке күзетшiнiң құқықтық мәртебесi

      Ескерту. 11-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

12-бап. Күзет бөлiмшесiнiң құқықтық мәртебесi

      Ескерту. 12-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

13-бап. Мемлекеттiк органдардың ведомстволық күзет бөлiмшелерiнiң құқықтық мәртебесi

      Ескерту. 13-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

13-1-бап. Жеке күзет ұйымында күзетшi лауазымын атқаратын жұмыскердiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Жеке күзет ұйымында күзетші лауазымын атқаратын жұмыскердiң құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, еңбек шартына және осы Заңға сәйкес айқындалады.

      2. Жеке күзет ұйымында күзетшi лауазымын атқаратын жұмыскер:

      1) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруда, оның iшiнде ойын-сауық мәдени-бұқаралық және спорттық-бұқаралық iс-шараларды өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарына жәрдем көрсетуге;

      2) қылмыстық және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;

      3) құқық бұзушылықтардың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер аталған мақсаттарға өзгеше тәсілдермен қол жеткiзу мүмкiн болмаса, дене күшiн және басқа да құралдарды қолдануға құқылы. Бұл ретте осы үшiн қажеттi шараларды шектен асыруға жол берiлмеуге тиiс;

      4) заңдарда көзделген жағдайларда қылмыстық немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап алуға және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жеткiзуге құқылы. Қажет болған кезде, ұстап алынған адамда қару, сондай-ақ өзге де қауiптi және (немесе) айналымына тыйым салынған заттар бар деп ұйғаруға негiздер болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұстап алынған адамның киiмiн қарап-тексеруге және аталған заттарды Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына немесе өзге де мемлекеттiк билiк органына беру үшiн алып қоюға;

      5) құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан, жол-көлiк оқиғаларынан, дүлей зiлзаладан және өзге де төтенше жағдайлардан зардап шеккен жеке тұлғаларға медициналық және өзге де көмек көрсетуде жәрдемдесуге;

      6) жеке тұлғалардан қоғамдық тәртiптi сақтауды талап етуге құқылы.

      3. Жеке күзет ұйымында күзетшi лауазымын атқаратын жұмыскер:

      1) азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға;

      2) өзіне белгілі болған дайындалып жатқан не жасалған құқық бұзушылық фактiлерi туралы Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарына дереу хабарлауға;

      3) аумағында қару, оқ-дәрілер және жарылғыш заттар бар күзетілетін объектілерден күзет дабылының қосылғаны туралы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына дереу хабарлауға;

      4) заңнамада көрсетiлген жағдайларда жеке тұлғалардың талап етуi бойынша өзінің күзет қызметi субъектiсiнің күзетшісі екенін растайтын куәлiгiн көрсетуге;

      5) құқық бұзушылық профилактикасы субъектiлерiне жәрдем көрсетуге;

      6) қылмыстық немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн ұстап алынған жеке тұлғаларға мәжбүрлеу шараларын қолданылу негiздерiн түсiндiруге мiндеттi.

      Ескерту. Заң 13-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі); жаңа редакцияда – ҚР 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. Күзет қызметінің түрлері және күзет қызметін құқықтық ресімдеу

14-бап. Күзет қызметтерiн көрсету түрлерi

      Лицензиялануға тиiстi күзет қызметiн күзет қызметiнiң субъектiлерi мынадай қызметтер көрсету:

      1) жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау;

      2) жеке және заңды тұлғалардың объектісін және (немесе) мүлкiн, оның iшiнде оны тасымалдау кезiнде күзету;

      3) күзету тәсiлдерi мен құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан заңды қорғану бойынша кеңестер беру және ұсынымдар дайындау нысанында жүзеге асырады.

      Жеке күзет ұйымында күзетшi қызметiн атқаратын қызметкерлер ерiктi түрде қоғамдық тәртiптi сақтауға тартылады.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 28-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

15-бап. Күзет қызметiн жүзеге асыру тәртiбi

      1. Күзет қызметтерiн көрсету шарт (күзет қызметiн көрсету жөнiндегi шарт) негiзiнде жүзеге асырылады. Күзет қызметтерiн көрсету шартын жасасу, орындау, тоқтату тәртiбi, шарт бойынша тараптардың жауапкершiлiгi азаматтық заңдарға сәйкес, осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып анықталады.

      2. Алып тасталды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

      3. Iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет қызметi бөлiмшелерiнiң күзет қызметiн жүзеге асыру тәртiбiнiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

      4. Жеке күзет ұйымдарында күзетшi қызметiн атқаратын қызметкерлер күзет қызметiн өздерiнiң күзет қызметi субъектiсiнің күзетшісі екенін бiлдiретiн нысанды киiм киіп жүзеге асырады.

      Нысанды киім үлгілерін және оны киіп жүру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

      Жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау жөніндегі қызметтер көрсету күзет қызметі субъектісіне тиесілілігін білдіретін нысанды киімсіз жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2008 № 53-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 05.07.2011 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-1-бап. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібі

      1. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызмет хабарлама жасау тәртібін сақтаған жағдайда жүзеге асырылады.

      2. Хабарлама жасау тәртібі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету қызметін жүзеге асыратын субъектілер осы Заңның 15-2-бабында белгіленген талаптарға сай келуге тиіс.

      4. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметке мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган осы қызмет түрімен айналысу үшін хабарлама берген субъектілердің тізілімін жүргізеді.

      Ескерту. 3-тарау 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 10.07.2012 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-2-бап. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын талаптар

      1. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар:

      1) заңды тұлға маманының жұмыс саласына сай келетін жоғары немесе орта техникалық білімінің;

      2) күзет дабылы құралдарын баптауды, оларға техникалық қызмет көрсетуді және монтаждалатын жабдықтың техникалық жай-күйін тексеруді жүзеге асыру үшін жабдығы бар үй-жайлардың (немесе оларды жалға алу шартының) болуын көздейді.

      2. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қойылатын талаптар:

      1) жұмыс саласына сай келетін жоғары немесе орта техникалық білімінің;

      2) күзет дабылы құралдарын баптауды, оларға техникалық қызмет көрсетуді және монтаждалатын жабдықтың техникалық жай-күйін тескеруді жүзеге асыру үшін жабдығы бар үй-жайлардың (немесе оларды жалға алу шартының) болуын көздейді.

      3. Күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оған техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың басшылары, жұмыскерлері, жеке тұлғалар психикалық ауруына байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрмайтын, заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы жоқ не қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігі бабының тиісті бөлігінде көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған Қазақстан Республикасының азаматтары болуға тиіс.

      Ескерту. 3-тарау 15-2-баппен толықтырылды - ҚР 10.07.2012 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Күзет қызметiн көрсету туралы шарт

      1. Күзет қызметтерiн көрсету туралы шарт бойынша орындаушы тапсырыс берушіге тараптардың келісiмімен айқындалған күзет қызметтерiн осы шартта белгiленген тәртiпте, көлемде және ақыға көрсетуге мiндеттенедi.

      2. Күзет қызметтерiн көрсету туралы шарт бойынша орындаушы ретінде мынадай күзет қызметі субъектілері (осы Заңда қойылатын талаптарды ескере отырып) әрекет етуге құқылы:

      1) iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет бөлiмшелерi;

      2) жеке күзет ұйымдары;

      3) алып тасталды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

      3. Күзет қызметтерiн көрсету туралы шарт бойынша тапсырыс беруші ретiнде жеке және заңды тұлғалар әрекет етуге құқылы.

      4. Күзет қызметiн көрсету туралы шартта:

      1) орындаушының күзет қызметiн көрсету лицензиясының нөмiрi мен оның берiлген күнi көрсетiле отырып, уағдаласушы тараптар туралы мәлiметтер;

      2) орындаушының мiндеттерi көрсетiле отырып, көрсетiлетiн күзет қызметiнің түрлерi;

      3) шарттың объектiсi туралы мәлiметтер;

      4) шарттың мерзiмi мен жасалған күнi;

      5) тараптардың жауапкершiлiк шаралары болуға тиiс.

      5. Күзет қызметтерiн көрсету туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Күзет қызметтерiн көрсету туралы шарттың жазбаша нысанда жасалуын сақтамау оның жарамсыз болуына әкеп соғады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі); 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Күзет бөлiмшелерi қызметiнiң негiзi

      Ескерту. 17-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

17-1-бап. Күзет қызметiн жүзеге асырумен байланысты шектеулер

      1. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары мен азаматтарының күзет қызметiмен айналысатын бiрнеше ұйымның бiр мезгiлде құрылтайшысы, қатысушысы және (немесе) меншiк иесi болуға құқығы жоқ.

      2. Жеке күзет ұйымы қызметкерлерiнiң санын өз мiндеттерiн орындауға қажеттi адам саны нормативiнен асыруға болмайды. Адам саны нормативiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

      Адам санын нормативтен асыру лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соғады. Уәкiлеттi орган (лицензиар) жеке күзет ұйымы қызметкерлерiнiң саны лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған күннен бастап күнтiзбелiк қырық күн iшiнде адам саны нормативiнің талаптарына сәйкес келтiрiлмеген жағдайда лицензиатты лицензиясынан айыру туралы арызбен сотқа жүгiнедi.

      3. Жеке күзет ұйымы күзеттен басқа өзге де қызметтi жүзеге асыратын ұйымның еншiлес кәсiпорны бола алмайды. Жеке күзет ұйымының құрылтайшысы (қатысушысы) үшiн қызметтiң осы түрi негiзгi болуға тиiс.

      Мыналар:

      1) құрылатын ұйым өздеріне қатысты күзет қызметтерiн көрсететiн ұйымдардың құрылтайшылары не лауазымды адамдары;

      2) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      3) қылмыс жасағаны үшiн соттылығы бар азаматтар, сондай-ақ құрылтайшылардың (қатысушылардың) құрамында көрсетiлген адамдар бар заңды тұлғалар;

      4) құрылатын ұйым өздеріне қатысты күзет қызметтерiн көрсететiн заңды тұлғалар және солармен аффилиирленген заңды тұлғалар;

      5) қоғамдық бiрлестiктер жеке күзет ұйымының құрылтайшылары (қатысушылары) бола алмайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде және екінші бөлігінің 1) және 4) тармақшаларында белгіленген тыйым салулар күзет ұйымдарын құру құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен берілетін ұлттық компаниялардың жеке күзет ұйымдарын құру жағдайларына қолданылмайды.

      Ұлттық компаниялар құрған күзет ұйымдарының үшінші тұлғаларға күзет қызметін көрсетуге құқығы жоқ.

      4. Жеке күзет ұйымдарының басшыларына және олардың күзетшi қызметiн атқаратын қызметкерлерiне:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттiк органдардың айрықша құзыретiне жатқызылған процессуалдық және өзге қызметтi жүзеге асыруға;

      2) құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң өкiлеттiктерiн иемденуге;

      3) құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң заңды қызметiне кедергi келтiруге;

      4) адам мен азаматтың ар-намысын және абыройын түсiретiн не құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектейтiн әрекеттер жасауға тыйым салынады.

      5. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жалпы негіздерден басқа, күзет қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысы мынадай:

      1) жалғыз құрылтайшы осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;

      2) жалғыз құрылтайшының және (немесе) заңды тұлғаның орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаған;

      3) жалғыз құрылтайшыға іздеу жарияланған жағдайларда, тоқтатыла тұрады.

      Лицензияны тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылған кезде оның қолданысы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде қайта басталады.

      Күзет қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру (қайтарып алу) сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жалпы негіздерден басқа, күзет қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтату алдын ала тоқтатыла тұрмай мынадай:

      1) жалғыз құрылтайшы соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;

      2) жалғыз құрылтайшының Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;

      3) жалғыз құрылтайшыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;

      4) жалғыз құрылтайшыға қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайларда, жүзеге асырылады.

      Ескерту. 17-1-бап жаңа редакцияда көзделген - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-тарау. Күзет қызметі субъектілерінің қару және арнаулы құралдар пайдалануы

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

18-бап. Жекеше күзет ұйымдарын қарумен және арнаулы құралдармен жарақтандыру шарттары

      Ескерту. 18-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Жекеше күзет ұйымдары өздерiнiң күзетшi қызметiн атқаратын жұмыскерлерін олар өздерінің қызметтiк мiндеттерiн жүзеге асыруы кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаруландыруға құқылы.

      2. Тиiстi лицензия алғаннан кейiн жекеше күзет ұйымдарының өнiм берушi заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтiк тегiс ұзын ұңғылы және қысқа ұңғылы қару, сондай-ақ жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қару мен электрлi қару, арнаулы құралдар сатып алуға құқығы бар. Жекеше күзет ұйымдары жұмыскерлерiнiң пайдалануына арналған қарудың түрлерiн, үлгiлерiн, модельдерi мен санын, сондай-ақ арнаулы құралдар тiзбесiн уәкілетті орган бекітеді.

      Өз қызметін магистральды теміржол желілері, магистральды құбыр тораптары мұнай өңдеу өндірісі және атом энергиясы саласында жүзеге асыратын ұлттық компаниялар құрған күзет ұйымдарын қоспағанда, жекеше күзет ұйымдарына қызметтік ойық ұзын ұңғылы және қысқа ұңғылы қаруды сатып алуға және пайдалануға тыйым салынады.

      3. Сатып алынған қару тиiстi iшкi iстер органында оның сатып алынған күнiнен бастап бiр апта мерзiмде тiркелуге жатады. Қаруды тiркеу кезiнде қаруды сатып алудың заңдылығын растайтын құжаттар негiзiнде бұл қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге бес жыл мерзiмге рұқсат берiледi.

      Рұқсаттың нысанын рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      4. Жеке күзет ұйымының күзетшісі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаруды және арнаулы құралдарды сақтау мен алып жүру құқығына рұқсат алуға тиіс.

      5. Объектiлердi күзету және патрульдеу үшiн қызметтiк иттер пайдаланылуы мүмкiн.

      6. Күзет ұйымдарының басшылары заңдарда белгiленген тәртiппен қаруды күзетшi қызметiн атқаратын штаттағы қызметкерлерге олардың қызметтiк мiндеттерiн атқаруы кезеңiне бередi. Қару қызметкерлер тиiстi даярлықтан өткен соң берiледi.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.02.2002 № 297, 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

19-бап. Күзет қызметi субъектiлерiнiң қаруды және арнаулы құралдарды қолдануының шарттары, негiздерi мен тәртiбi

      1. Күзет қызметiн жүзеге асыру барысында арнаулы құралдар мен қызметтiк қаруды осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана қолдануға рұқсат етiледi.

      2. Жеке күзет ұйымдары күзетшiлерiнiң қару мен арнаулы құралдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте:

      1) күзетiлетiн объектiге немесе оның қызметкерлерiне шабуылдарды тойтару үшiн;

      2) күзетiлетiн адамға шабуылды тойтару үшiн;

      3) құқық бұзушыларды ұстап алу үшін, оның ішінде егер олар қарсылық көрсетсе, оларды iшкi iстер органдарына апару үшiн, егер олар қашып кетуi немесе айналасындағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп пайымдауға жеткіліктi негiздер болса;

      4) жануарлардың шабуылынан қорғану үшiн;

      5) дабыл сигналдарын беру немесе көмекке шақыру үшiн;

      6) қажеттi қорғаныс және аса қажеттiлiк жағдайларында қолдануға құқығы бар.

      Арнаулы құралдар мен қаруды осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерінде көзделмеген мақсаттарда қолдануға тыйым салынады.

      Арнаулы құралдарды немесе қаруды өзге мақсаттарда, сондай-ақ өз өкiлеттiктерiнен, қажеттi қорғаныс шегiнен асыра пайдалануға жол берген адам Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.

      Арнаулы құралдарды немесе қаруды өз өкiлеттiгiнен, қажеттi қорғаныс шегiнен асыра қолдану жеке күзет ұйымы күзетшiсi құжаттарының күшiн жоюға әкеп соғады.

      3. Арнаулы құралдар мен қызметтiк қаруды қолдану алдында олар қарсы қолданылуы мүмкiн адамдарға бұл туралы анық ескертiлуге тиiс.

      4. Қарулы не топтасып шабуыл (зорлық-зомбылық) жасаған жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық адамдарға, жасы белгiлi немесе айқын болған жағдайда кәмелетке толмағандарға қатысты қызметтiк қару мен арнаулы құралдарды қолдануға тыйым салынады.

      5. Қызметтiк қару қолданылатын барлық жағдайларда айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшiн шаралар қолданылуы, iшкi iстер органдары мен прокуратураға жиырма төрт сағат iшiнде хабарлануы қажет.

      6. Жеке күзет ұйымдарының күзетшiлерi арнаулы құралдар мен қызметтiк қаруды қолдануға байланысты жағдайлардағы өз мiндеттерiн орындауға жарамдылығы жөнiнде мерзiмдi тексеруден өтiп тұруға мiндеттi.

      7. Күзет қызметiнiң субъектiлерi өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындауы кезiнде келтiрген зияны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық жауапты болады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.08.2002 № 346, 17.07.2009 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 29.12.2010 № 372-IV (қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. Қорытынды ережелер

20-бап. Мемлекеттік бақылау

      1. Қазақстан Республикасының аумағында күзет қызметін, мамандандырылған оқу орталықтарының қызметін, сондай-ақ күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган мен оның аумақтық құрылымдық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

      2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды уәкілетті орган мен оның аумақтық құрылымдық бөлімшелері күзет қызметінің субъектілеріне (объектілеріне), мамандандырылған оқу орталықтарына және күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысатын субъектілерге бармай, олардың қызметі туралы әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы жүргізеді.

      4. Бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, күзет қызметінің субъектілеріне, мамандандырылған оқу орталықтарына және күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысатын субъектілерге бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың нәтижелері бойынша уәкілетті орган немесе оның аумақтық құрылымдық бөлімшелері анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру және оларға әкімшілік жүктемені азайту бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары болып табылады.

      5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау уәкілетті органда, уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық құрылымдық бөлімшелерінде бар деректерді:

      1) осы Заңның 8-бабының 4-тармағына сәйкес ағымдағы және сұрау салынатын ақпаратты;

      2) сұрау салу арқылы уәкілетті ұйымдар мен мемлекеттік органдардан алынған мәліметтерді;

      3) әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді өзара салыстыру арқылы жүргізіледі.

      6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, күзет қызметінің субъектісіне, мамандандырылған оқу орталығына, күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысатын субъектіге бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсыным жіберіледі.

      7. Ұсыным күзет қызметінің субъектісіне, мамандандырылған оқу орталығына және күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысатын субъектіге жеке өзіне қолын қойғызып немесе оны жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген ұсыным мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – ұсынымда алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – тапсырысты хатпен пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабардар етілген күннен бастап;

      3) электрондық тәсілмен – уәкілетті орган немесе оның аумақтық құрылымдық бөлімшелері сұрау салған кезде күзет қызметі субъектісінің, мамандандырылған оқу орталығының, күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысатын субъектінің хатта көрсетілген электрондық мекенжайына уәкілетті орган немесе оның аумақтық құрылымдық бөлімшелері жөнелткен күннен бастап табыс етілген болып саналады.

      8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.

      9. Күзет қызметінің субъектісі, мамандандырылған оқу орталығы, күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысатын субъект ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсынымды жіберген уәкілетті органға және оның аумақтық құрылымдық бөлімшесіне ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

      10. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне қосу арқылы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау тағайындауға алып келеді.

      11. Күзет қызметінің субъектілеріне, мамандандырылған оқу орталықтарына, күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысатын субъектілерге бармай профилактикалық бақылау жылына кемінде бір рет жүргізіледі.

      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

21-бап. Күзет қызметiнiң субъектiлерiн, мамандандырылған оқу орталықтарын есепке алу

      Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық құрылымдық бөлiмшелерi күзет қызметiнiң барлық субъектiлерiн, мамандандырылған оқу орталықтарын, сондай-ақ лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру немесе олардан айыру туралы деректердi бiрыңғай есепке алуды жүзеге асырады.

      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Күзет қызметi саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау

      Қазақстан Республикасының аумағында күзет қызметi саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды заңда белгіленген шекте және нысандарда Қазақстан Республикасының прокуратурасы және оның аумақтық органдары жүзеге асырады.

      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 02.01.2021 № 405-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап. Күзет қызметімен, мамандандырылған оқу орталықтарының қызметімен, сондай-ақ күзет дабылы құралдарын монтаждаумен, баптаумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен айналысатын субъектілердің жауаптылығы

      Осы Заңда көзделмеген күзет ұйымдарын, мамандандырылған оқу орталықтарын, күзет дабылы құралдарын монтаждауды, баптауды және оларға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдарды құру немесе олардың қызметі, сондай-ақ осы қызмет түрлерін тиісті рұқсаттарды алмай немесе осы Заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 22.12.2016 № 28-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады