"Қазақстан Республикасының 1994 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетi туралы" Қазақстан Республикасы Заңын күшiне енгiзу жөнiнде

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Қаулысы 1994 жылғы 14 шiлде N 138-ХIII

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi қаулы етедi:
      1. "Қазақстан Республикасының 1994 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Z941000_ жарияланған күннен бастап күшiне енгiзiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне:
      - нарық бағасы бойынша сатылатын бензинге салық салуды енгiзуге; өз балансында тұрғын үй қоры жоқ заңды тұлғалардан алынатын жергiлiктi салыққа; қымбат бағалы металдармен операциялар жасаудан түсетiн түсiмдерге қатысты бөлiгi бойынша "Қазақстан Республикасындағы салық жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгiзу туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қарауына енгiзу;
      - Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiмен бiрлесе отырып қысқа мерзiмдi бағалы қағаздарды /қазыналық вексельдердi/ аукциондық негiзде сатуды жүзеге асыру;
      - "Қазақстан Республикасындағы салық жүйесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңы бұзылып қабылданған салық салу және кедендiк баж бойынша жеңiлдiк беруге қатысты шешiмдердiң күшiн жою туралы мәселенi қарау;
      - Экономиканы қайта құру қорының қаржысын бөлген кезде 1994-1995 жылдардағы жылыту маусымына әзiрлiкке байланысты басым бағыт ретiнде халық шаруашылығының энергетикалық және мұнай-газ саласы объектiлерiнiң шығындарын анықтау;
      - жергiлiктi бюджеттер қаражаты есебiнен отынмен жабдықтайтын ұйымдардың табысы аз азаматтарға сұйық және қатты отынды жеңiлдiкпен беруге байланысты шығындарын өтеудi қарастыру;
      - бөлiнген қаржы мен субвенцияларды республика аймақтары арасында бөлу қағидаттарын екi ай мерзiм iшiнде айқындап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң келiсуiне енгiзу;
      - республикалық бюджет шығыстарының құрылымын қарап, оның құрамында жалпы республикалық мәнi бар барлық шығыстарды қарастыру;
      - республиканың жоғары оқу орындары бойынша қабылдау жоспарын кезең-кезеңмен /1994-1995 оқу жылдарынан бастап/ қысқарту /20 процент/ туралы мәселенi қарау және оларды шарттық негiзде кадрлар даярлауға көшiру;
      - елшiлiктер аппаратының адам санын және оларды ұстауға арналған шығыстарды тәртiпке келтiру;/
      - 1995 жылға арналған бюджеттен Қазақстан Республикасының шет елдердегi сауда өкiлдiктерiн ұстауға арналған шығыстарды шығарып тастау туралы мәселенi қарау;
      - "Қазақстан Республикасының 1994 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетi туралы" Қазақстан Республикасы Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын оның 1994 жылғы 9 ай iшiндегi атқарылу қорытындылары бойынша өзгерiстер мен толықтыруларын ескере отырып әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне табыс ету;
      - халықтың табысы аз топтарын әлеуметтiк қорғау мақсатында бюджеттiң кiрiс бөлiгiндегi айқындалған резервтердi және шығыс бөлiгiн қайта бөлудi ескере отырып, "Қазақстан Республикасының 1995 жылға арналған мемлекеттiк бюджетi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзiрлеуге 1994 жылғы қыркүйектен бастап кiрiсу;
      - сыртқы қарыздарды алуға арналған мемлекетаралық келiсiмдерге келiсу мен оларды бекiту тәртiбiн әзiрлеу және оны Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне қарауға табыс ету тапсырылсын.
      3. Жоғарғы Кеңестiң Бақылау Палатасына Экономиканы қайта құру қоры қаражатының, алынған және сыртқы экономикалық қызметке, шетел инвестицияларын пайдалануға бағытталған қаражаттың, сондай-ақ мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруден алынатын қаражатты пайдалану тиiмдiлiгiн тексеру тапсырылсын.
      4. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi "Қазақстан

Республикасының 1994 жылға арналған нақтыланған республикалық
бюджетi туралы" Заңды жүзеге асыру жөнiнде қажеттi шаралар
қолдансын, сондай-ақ бұрын қабылданған шешiмдердi соған 
сәйкестендiретiн болсын.
     Қазақстан Республикасы
   Жоғарғы Кеңесiнiң Төрағасы 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады