1996 жылғы 27-28 маусымда Әкiмдердiң республикалық кеңесiнде Қазақстан Республикасының Президентi қойған мiндеттердi iске асыру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының 1996 жылғы 30 шiлдедегi N 8 Өкімі

      1996 жылғы 27-28 маусымда Әкiмдердiң республикалық кеңесiнде Қазақстан Республикасының Президентi қойған мiндеттердi iске асыру мақсатында: 

      1. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де орталық атқарушы органдары, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi 1996 жылғы 1 қыркүйекке дейiн "Елiмiздiң даму қорытындылары және атқарушы өкiметтiң орта мерзiмдi перспективаға арналған негiзгi мiндеттерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң меморандумынан және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 27-28 маусымда Әкiмдердiң республикалық кеңесiнде жасаған баяндамасынан туындаған мiндеттердi орындау жөнiнде нақты iс-шараларды әзiрлейтiн болсын.

      2. Облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi: 
      - Әкiмдердiң республикалық кеңесiнде айқындалған мiндеттердi орындау жөнiнде ағымдағы жылдың IҮ тоқсанында облыстық семинар-кеңестер әзiрлеп, өткiзетiн болсын; 
      - селолық округтер, поселкелер мен ауыл әкiмдерiнiң жергiлiктi жерлерде мемлекеттiк саясатты жүргiзудегi ролiн және олардың экономикалық реформаларды жүзеге асыру, әлеуметтiк саладағы iстiң жағдайы мен қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету үшiн жауапкершiлiгiн арттыру жөнiнде шаралар қолдансын.

      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң аппараты бiр ай мерзiмде "Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары туралы" , "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы" заңдардың жаңа редакцияларының жобаларын әзiрлеудi аяқтап, Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзсiн.

      4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Жоғары экономикалық кеңес 1997 жылғы 1 шiлдеге дейiн қажеттi зерттеулер жүргiзсiн. Қазақстанның 2025 жылға дейiнгi кезеңге арналған даму стратегиясын әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынсын.

      5. Облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi 1996 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша құралған зейнетақылар мен жәрдемақылар төлеу жөнiндегi берешектi жою жөнiнде қосымша шаралар қолдансын.

      6. Облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де атқарушы органдары мемлекеттiк нышандары қолданған кезде "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандары туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 24 қаңтардағы Конституциялық заң күшi бар Жарлығының талаптарын қатаң басшылыққа алатын болсын. 
      Халықтың, айрықша жастардың бойына патриотизм мен мақтаныш, мемлекеттiк нышандарды қастерлеу сезiмдерiн сiңiру жөнiндегi жұмысты табанды жүргiзсiн.

      7. Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң заң және құқықтық сараптама мәселелерi жөнiндегi бөлiмi, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi 1996 жылғы 1 қазанға дейiн "Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей құқықтық оқуды ұйымдастыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 21 маусымдағы қаулысының, "Қазақстан Республикасы Конституциясының мүлтiксiз сақталуы мен орындалуын қамтамасыз ету, оның қағидаларын насихаттау жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 24 сәуiрдегi өкiмiнiң орындалу барысына талдау жасасын, осы жұмыстағы атүстiлiктi жою және қоғам өмiрiнде заңның үстемдiгiн бекiтудi қамтамасыз ету, азаматтардың бойында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Мемлекет басшысының актiлерiне құрмет сезiмiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн.

      8. Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк қызмет және кадр саясаты бөлiмi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi мен Үкiметi аппаратының басқа да бөлiмдерiмен, облыстардың және Алматы қаласы әкiмдерiмен бiрлесе отырып, "Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау және олармен жұмысты ұйымдастырудың тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 12 шiлдедегi Жарлығына сәйкес 1997 жылдың 1 қаңтарына дейiн iс үстiндегi кадр резервiн қайта қарайтын болсын, бұл орайда оған кәсiби тұрғыда неғұрлым даярланған мемлекеттiк қызметшiлердi, кәсiпкерлiк құрылымдардың өкiлдерiн, жас ғалымдарды, экономикалық және заң бiлiмi бар мамандарды енгiзуге ерекше назар аударсын.

      9. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiнiң iшкi саясат бөлiмi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Қазақстан Халықтары ассамблеясының Атқарушы хатшылығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi ұлтаралық татулықты одан әрi нығайту және қоғамда тұрақтылықты сақтау жөнiнде қоғамдық-саяси iс-шаралар өткiзудi практикада қолдансын.

      10. Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң iшкi саясат бөлiмi, Ұйымдастыру-бақылау бөлiмi, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының мүлтiксiз сақталуы рухында саяси және әлеуметтiк тұрақтылықты нығайту жөнiнде өкiлдi органдармен, саяси партиялармен және қоғамдық бiрлестiктермен тығыз iс-қимылды қамтамасыз етсiн.

      11. Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгi, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi "Елiмiздiң даму қорытындылары және атқарушы өкiметтiң орта мерзiмдi перспективаға арналған негiзгi мiндеттерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентi Меморандумының негiзгi қағидаларын насихаттауды қамтамасыз етсiн, мемлекет саясатын жете ұғындырсын, сондай-ақ республика аймақтарында экономикалық, әлеуметтiк және құқықтық реформаларды өткiзу жөнiндегi оң практиканы кеңiнен түсiндiрсiн, барлық деңгейлердегi атқарушы органдардың қызметiнде орын алып отырған кемшiлiктер мен лауазымды адамдардың қызмет бабын асыра пайдалану фактiлерiн жариялы етсiн.

      12. Осы өкiмнiң орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Ұйымдастыру-бақылау бөлiмiне жүктелсiн. 

       Қазақстан Республикасының
      Мемлекеттiк хатшысы

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады