"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің 2017 жылғы 2 наурыздағы № 128 бұйрығы. Күші жойылды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 30 қаңтардағы № 55 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2019 № 55 бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 995 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндеті атқарушының 2016 жылғы 2 маусымдағы № 234 бұйрығының (2016 жылғы 17 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті мыналарды:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жіберуді;

      2) осы бұйрық бекітілгеннен кейін оның көшірмесін баспа және электронды түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек
     

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2017 жылғы 2 наурыздағы
№ 128 бұйрығына
1-қосымша

"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті" республикалық мемлекеттік
мекемесінің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыреті шегінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, тұрғын үй қатынастары, коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қалдықтармен (қатты тұрмыстық қалдықтарды қоспағанда) жұмыс істеу, елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру, (орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын қазандықтар мен жылу электр орталықтарынан басқа) жылумен жабдықтау саласында бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет ұйымдық-құқықтық нысаны мемлекеттік мекеме болып табылатын заңды тұлға, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, оның мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Комитеттiң құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы бекітеді.

      7. Комитеттің толық атауы:

      мемлекеттік тілде – "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      орыс тілінде – Республиканское государственное учреждение "Комитет по делам строительства и жилищно-коммунального хозяйства Министерства по инвестициям и развитию Республики Казахстан".

      8. Комитеттің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8 ғимарат, "Министрліктер үйі", 10-кіреберіс.

      9. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      11. Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.

      Егер Комитетке кіріс әкелетiн қызметтi жүзеге асыруға құқық берiлген болса, онда осындай қызметтен түскен кіріс республикалық бюджеттiң пайдасына жiберiледi.

2. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      12. Міндеті:

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, тұрғын үй қатынастары, коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қалдықтармен (қатты тұрмыстық қалдықтарды қоспағанда) жұмыс істеу, елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру, (орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын қазандықтар мен жылу электр орталықтарынан басқа) жылумен жабдықтау саласындағы, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      Функциялары:

      1) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне оларға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген функцияларды тиісінше орындау бөлігінде бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      2) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың оларға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген функцияларды тиісінше орындауын анықтау мақсатында объектіге бару;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында салынып жатқан (реконструкцияланатын, кеңейтілетін, жаңғыртылатын, күрделі жөнделетін) объектілердің мониторингін жүргізу;

      4) бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілер бойынша техникалық қадағалауды және техникалық зерттеп қарауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу;

      5) бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық күрделі объектілердегі ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп қарау бойынша техникалық қадағалау және сараптама жұмыстары жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізу;

      6) өз құзыреті шегінде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;

      7) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға нұсқамалар беру және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;

      8) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы белгіленген заңнаманың нормаларын, мемлекеттік нормативтік талаптарды, шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты бұзушыларға заңнамада көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;

      9) мемлекеттік құрылыс инспекторларын аттестаттауды жүргізу;

      10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында лицензиялардың және аттестаттардың тізілімін жүргізу;

      11) объектілер құрылысы жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізуге үміткер заңды тұлғаларды аккредиттеу;

      12) жобалау және құрылыс процесіне қатысушы инженерлік-техникалық жұмыскерлерді аттестаттау жөніндегі мемлекеттік емес аттестаттау орталықтарын аккредиттеу;

      13) аккредиттелген сараптама ұйымдарының тізілімін жүргізу;

      14) жобалау және құрылыс процесіне қатысатын инженерлік-техникалық жұмыскерлерді аттестаттау жөніндегі аккредиттелген мемлекеттік емес аттестаттау орталықтарының тізілімін жүргізу;

      15) жобалау және құрылыс процесіне қатысатын аттестатталған инженерлік-техникалық жұмыскерлердің тізілімін жүргізу;

      16) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізу;

      17) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аттестатталған сарапшылардың тізілімін жүргізу;

      18) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын әзірлеу;

      19) тиісті аядағы (саладағы) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін жүргізу;

      20) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның қызметін нормативтік-техникалық және әдіснамалық қамтамасыз ету;

      21) жобалау саласында қолданыстағы жаңа нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу және қолданыстағыларын қайта қарау бойынша ұсыныстарды енгізу;

      22) құрылыста жобалау және баға белгілеу мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен ынтымақтастық жасау;

      23) үлгілік жобалау құжаттамасын әзірлеуді және бекітуді ұйымдастыру;

      24) өз құзыреті шеңберінде жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын қарау, келісу және бекітуге дайындау;

      25) жобалардың мемлекеттік сараптамасына басшылықты жүзеге асыру;

      26) ғимараттар мен құрылыстардың үлгілік жобалары және үлгілік жобалық шешімдерінің тізбесін қалыптастыру және жүргізу;

      27) құрылыстағы баға белгілеу мен сметалық нормалар бойынша нормативтік құжаттарды әзірлеу және бекіту;

      28) құрылысқа енгізіліп жатқан жаңа технологияларды талдау арқылы қолданыстағы сметалық-нормативтік құжаттарды жаңарту;

      29) сметалық-нормативтік базаның ағымдағы жағдайын, құрылыс ресурстарына арналған ағымдағы бағаларды мониторингілеу және баға белгілеу шеңберінде ағымдағы бағалардың жинақтарын бекіту;

      30) мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен объектілердің құрылысы саласындағы баға белгілеу және экономика бойынша ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру;

      31) мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілердің құрылысына жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының Бірыңғай мемлекеттік электрондық банкін қалыптастыру;

      32) құрылыстағы жаңа технологиялардың Бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру, жүргізу және жүйелі түрде жаңарту;

      33) жұмыс жүргізу технологияларының тізбесін қалыптастыру және жүргізу;

      34) құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар тізбесін қалыптастыру және жүргізу;

      35) құрылыс материалдарының, бұйымдарының, жабдықтарының ағымдағы бағаларын мониторингілеу, өңдеу және талдау негізінде сметалық-нормативтік базаны жаңарту;

      36) технологиялық карталарды әзiрлеу, бекіту және қолданысқа енгізу;

      37) терможаңғыртуды ескере отырып, үлгілік көп пәтерлі үйлердің жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз ету.

      38) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларының, Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітетін өзге де қала құрылысы құжаттамаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру;

      39) мемлекеттік қала құрылысы кадастрын құру және оның жүргізілуін бақылау;

      40) аумақты дамытудың өңірлік схемаларын әзірлеу және келісу;

      41) мемлекеттік және өңіраралық маңызы бар аумақтарды қала құрылысына игеру кезінде аумақтарды және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жүргізу.

      42) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, тұрғын үй-коммуналдық саласында ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      43) өз құзыреті шегінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуді ұйымдастыру және олардың іске асырылуын жүзеге асыру;

      44) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, тұрғын үй-коммуналдық саласында орындалған, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар бойынша есептерді бекіту;

      45) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;

      46) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы, тұрғын үй-коммуналдық саладағы мемлекеттік нормативтерді әзірлеуді, бекітуді, қолданысқа енгізуді және жоюды ұйымдастыру;

      47) техникалық регламенттердi және ұлттық стандарттарды әзiрлеу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;

      48) объектілерді жобалауға арналған техникалық арнайы шарттарды қарау және келісу;

      49) өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша техникалық регламенттердiң, стандарттардың және өзге де құжаттардың қорларын жүргізу;

      50) стандарттар мен өзге де құжаттарды әзiрлеу жөнiндегi жоспарлар мен бағдарламаларды дайындау және iске асыру және оларды халықаралық нормалармен және талаптармен үндестiру;

      51) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік-техникалық құжаттардың тізбесін қалыптастыру және жүргізу;

      52) құрылыс конструкцияларының, бұйымдарының және құрылыс материалдарының тізбесін қалыптастыру және жүргізу.

      53) тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруға қатысу;

      54) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;

      55) тұрғын үй мәселелері бойынша мониторинг жүргізу, ақпарат жинау және оны қорытындылау;

      56) тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттік саясатты жақсарту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      57) үлескерлердің ақшасын тартуға берілген рұқсаттар туралы ақпаратты жинау.

      58) салааралық үйлестіруді қалыптастыруға және жүргізуге қатысу, елді мекендердің шекарасы (шектері) шегінде сумен жабдықтау және су бұру, жылумен жабдықтау (орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын қазандықтар мен жылу электр орталықтарынан басқа) саласында жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мониторинг және талдау жүргізу;

      59) мемлекеттік, салалық (секторлық) және өңірлік даму бағдарламаларын әзірлеуге және келісуге қатысу;

      60) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне, су бұру жүйесіне сарқынды суларды қабылдауға, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін техникалық пайдалануға мониторинг жүргізу;

      61) елді мекендердің шекарасы (шектері) шегінде сумен жабдықтау және су бұру, жылумен жабдықтау (орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын қазандықтардан мен жылу электр орталықтарынан басқа) саласында әдістемелік қамтамасыз ету;

      62) тиісті мемлекеттік органмен бірлесіп, тарифтерді (бағаларды, алымдардың мөлшерлемелерін) немесе олардың шекті деңгейлерін бекіту кезінде ескерілетін табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын (жобаларын) бекіту;

      63) ғимараттарды, құрылыстарды, құрылғыларды реконструкциялау, салу мақсатында әзірленетін және бекітілетін сәулет-құрылыс және өзге жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;

      64) жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды кредиттеу мен субсидиялауды жүзеге асыру.

      65) тұрғын үй қатынастары саласындағы жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және әдістемелік басшылықты жүзеге асыру;

      66) тұрғын үй қорының жай-күйін мониторингілеуді жүзеге асыру;

      67) тұрғын үй көмегін көрсету мониторингін жүзеге асыру;

      68) кондоминиум объектісін басқару органы мен түпкі тұтынушыларға коммуналдық қызметтерді жеткізуші нарық субъектілері арасындағы ынтымақтастықтың үлгілік шарттарын әзірлеу;

      69) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасын қолдану мәселелері бойынша ақпараттық-әдістемелік көмек көрсету.

      Комитет Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      13. Комитеттің құқықтарына мыналар жатады:

      1) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер шығару;

      2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, басқа лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      3) Қазақстан Республикасы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;

      4) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

      5) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша отырыстар, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге де іс-шаралар өткізу;

      6) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      14. Комитеттің міндеттеріне мыналар жатады:

      1) Комитетке жүктелген мiндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасы заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;

      3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер дайындау;

      4) Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне және мемлекеттік органдарға бұл туралы ресми сауал жолдаған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсыну;

      5) Комитеттің теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету;

      6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізу;

      7) белгіленген мерзімдерде бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасау және Министрлікке ұсыну;

      8) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттарды толық, уақтылы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу;

      10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      15. Комитет заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажет өкілеттіктерге ие.

      16. Төрағаны Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      17. Министрліктің Жауапты хатшысының бұйрығымен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Төраға Министрліктің басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

      19. Төраға Комитет қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау және өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

      20. Комитеттің төрағасы осы мақсаттарда:

      1) өзінің орынбасарларының және Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, сондай-ақ Комитеттің қызметкерлері орындау үшін міндетті нұсқаулар береді;

      4) мемлекеттік органдарда, өзге ұйымдарда Комитеттің өкілі болады;

      5) Комитеттің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларына жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртібін сақтауды, персоналды басқару қызметінің жұмысын және құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;

      6) Комитеттің қызметін қамтамасыз ету және өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алу өткізуді ұйымдастырады;

      7) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және босатады;

      8) іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, үстемақы мен сыйақы төлеу мәселелерін шешеді;

      9) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілік мәселелерін шешеді;

      10) Комитеттің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлейді және Министрлік басшылығының бекітуіне ұсынады;

      11) Комитеттің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

      12) өз құзыретіне жатқызылған басқа мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      21. Төрағаның орынбасарлары:

      1) өз құзыреті шегінде Комитеттің қызметін үйлестіреді;

      2) Төраға болмаған кезде Комитеттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      22. Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комитеттің атынан Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға Төраға және/немесе міндеттерді бөлуге сәйкес Төрағаның орынбасары қол қояды.

4. Комитеттің мүлкі

      23. Комитеттің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

      Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге мүлік есебінен қалыптасады.

      24. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      25. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзiне бекiтiлген мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығармайды немесе өзге де тәсiлмен иелік етпейді.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Комитеттің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      1. "Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны" ("Мемсараптама" РМК).

      2. "Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

      3. "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" акционерлік қоғамы.

      4. "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" акционерлік қоғамы.

      5. "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры" акционерлік қоғамы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады