"Бас әскери прокуратура" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 33 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2017 жылғы 3 қарашадағы № 126 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Бас прокурорының 03.11.2017 № 126 бұйрығымен.

      Әскери прокуратура органдарының қызметін ұйымдастыруды бұдан әрі жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Заңының 11 бабының 4) тармақшасын, 18 бабын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Бас әскери прокуратура" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылдың 26 қарашасындағы №148 "Бас әскери прокуратура" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы" бұйрығы жойылсын.

      3. Бас әскери прокуратура:

      1) Қазақстан Республикасының "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Заңымен көзделген шараларды қабылдасын;

      2) осы бұйрықты прокуратура органдарының жүйесіне жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Бас әскери прокурорға жүктелсін.


      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2017 жылдың 27 наурыздағы
№ 33 бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Бас эскери прокуратура" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Бас әскери прокуратура" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі мәтін бойынша - Бас әскери прокуратура) қызметін реттейді, оның міндеттерін және функцияларын айқындайды.

      2. Бас әскери прокуратураның қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Бас әскери прокуратура ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шоттары болады.

      4. Бас әскери прокуратураның облыстарда және Астана, Алматы қалаларында - өңірлік және гарнизондық әскери прокуратураларда аумақтық бөлімшелері болады.

      5. Бас әскери прокуратураның мәртебесі облыстық прокуратураның мәртебесіне теңестіріледі.

      6. Бас әскери прокуратура өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға кіреді, Қазақстан Республикасының заңнамаларымен көзделген тәртіпте мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынас тарапын білдіруге құқығы бар.

      7. Бас әскери прокуратураның заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, "Есіл" ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 14-үй.

      8. Бас әскери прокуратураның толық атауы -"Бас әскери прокуратура" мемлекеттік мекемесі.

      9. Бас әскери прокуратураны қаржыландыру және материалдық- техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаттары есебінен жүзеге асырылады.

      10. Бас әскери прокуратураның құрылымын және штатын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.

      11. Осы Ереже Бас әскери прокуратураның құрылтайшылық құжаты болып табылады.

2. Бас әскери прокуратураның міндеттері мен функциялары

      12. Бас әскери прокуратура заңның үстемдігін қамтамасыз ету, заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту мүддесінде мемлекет атынан әрекет етеді.

      13. Бас әскери прокуратура өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды орындайды:

      1) заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарының және басқа құқықтық актілердің қолданылуын қадағалауды жүзеге асырады:

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, оған ведомстволық бағынысты әскери бөлімдерінің, мекемелерінің және кәсіпорындарының қызметінде;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, оған ведомстволық бағынысты әскери бөлімдерінің және мекемелерінің қызметінде;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының, оған ведомстволық бағынысты әскери бөлімдерінің және мекемелерінің қызметінде;

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Объектілерді қорғау қызметінің (Республикалық ұлан), оған ведомстволық бағынысты әскери бөлімдерінің және мекемелерінің қызметінде;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қарсы барлау және әскери полиция органдарының қызметінде;

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдарының қызметінде;

      Қазақстан Республикасының "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" және "Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы" заңдарын қолдану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа әскерлері мен әскери құралымдарын материалдық қамтамасыз ету, соның ішінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысы арқылы мәселелері бойынша меншік нысанына қарамастан өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметінде;

      қару-жарақтарды, әскери техникаларды, ок-дәрілерді және жарылғыш заттарды әзірлеумен, өндірумен, сатумен және жоюмен айналысатын меншік нысанына қарамастан кәсіпорындар қызметтерінде.

      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери барлау және әскери полиция органдарының, Ұлттық ұланның әскери полициясы органының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әскери-тергеу органдарының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады;

      3) әскери қызметшілерге, әскери жиындарда болған уақытында запастағы азаматтарға, сондай-ақ Қарулы Күштерде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери кұрамаларында өздерінің қызметтік міндеттемелерін орындауға немесе әскери нысандар орналасқан жерлерде қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға байланысты азаматтық қызметшілерге катысты қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады;

      4) азаматтық және әкімшілік істер бойынша, әскери прокурорлардың бастамалары бойынша қозғалған не аумақтық немесе мамандандырылған соттар олардың қатысуымен, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша сотта өкілдік етуді жүзеге асырады;

      5) әскери немесе аумақтық соттар әскери прокурорлардың қатысуымен, соның ішінде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша қаралған қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады;

      6) әскери полиция органдары гауптвахталарындағы, теңіз кемелері капитандарының, шекара жасақтары бастықтарының айқындаған орындарындағы адамдардың ұсталуы, әскери қызметшілерге қатысты жазалардың атқарылуы, түзеу мекемелерін күзету бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қызметінің, бақылау қызметінің және сотталғандарды айдауылдау заңдылығының сақталуына, сондай-ақ әскери трибуналдармен сотталған азаматтардың жаппай саяси қуғын-сүргіндерінен ақталуына қадағалауды жүзеге асырады;

      7) заңмен белгіленген тәртіпте және шектерде қылмыстық қудалау;

      8) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша халықаралық шарттар, ведомствоаралық келісімдер және олардың хаттамалары негізінде басқа мемлекеттердің әскери прокуратуралары органдарымен ынтымақтастықты қамтамасыз ету;

      9) жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру және әскери прокуратура органдарында олардың жай-күйін бақылау;

      10) әскери прокуратура органдарында қару-жарақтар мен оқ-дәрілердің айналымын ұйымдастыру және бақылау;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамаларымен жүктелген өзге де функциялар.

3. Бас әскери прокуратураның мүлкі

      14. Бас әскери прокуратура оқшауланған мүліктерін жедел басқару құқығына ие.

      15. Бас әскери прокуратураға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатқызылады.

      16. Бас әскери прокуратураның өзіне бекітілген мүлікті өз еркімен аластатуға немесе өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

4. Бас әскери прокуратураның қызметін ұйымдастыру

      17. Бас әскери прокуратураға Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры 5 жыл мерзімге тағайындайтын Бас әскери прокурор басшылық жасайды.

      18. Бас әскери прокурордың орынбасарлары, соның ішінде бір бірінші орынбасары болады. Бас әскери прокурордың орынбасарларын, өңірлік және гарнизондық прокурорларды лауазымдарға Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тағайындайды және лауазымдардан босатады.

      19. Бас әскери прокурор:

      1) басшылықты ұйымдастырады және әскери прокуратура органдарының қызметін бақылауды қамтамасыз етеді, оларға жүктелген міндеттердің орындалуына дербес жауапкершілікте болады;

      2) Бас әскери прокуратураның басшы лауазымды тұлғаларының арасындағы міндеттемелерді бөледі;

      3) өзінің құзыреті шегінде бұйрықтар, өкімдер және нұсқаулар шығарады, өзіне бағынысты лауазымды тұлғалар қабылдаған Конституцияның және Қазақстан Республикасы заңнамаларының нормаларына қайшы келетін бұйрықтардың күштерін жояды;

      4) Қазақстан Республикасының әскери басқару және қылмыстық қудалау органдары Үйлестіру кеңесіне басшылық жасайды;

      5) әскери прокуратура органдарының қызметі туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына хабарлайды;

      6) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, шетел мемлекеттерінің әскери прокуратурасы органдарымен өзара қатынастарда Бас әскери прокуратураны білдіреді;

      7) әскери прокуратура органдарының кадрларын іріктеуді, орналастыруды, тәрбиелеуді және біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;

      8) әскери қызметке шақырту, әскери прокуратура органдарында әскери қызметтен өту, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының номенклатурасына кіретін қызметтерді есептемегенде, Бас әскери прокуратураның және төмен тұрған әскери прокуратуралардың қызметкерлерін қызметке тағайындау, қызметтік ауыстыру және қызметінен босату туралы шешімдер қабылдайды;

      9) әскери құрамның алғашқы әскери атағын есептемегенде, әділет капитанына дейінгі әскери атақ; береді;

      10) белгіленген тәртіпте Бас әскери прокуратураның, өңірлік және гарнизондық әскери прокуратуралардың қызметкерлерін марапаттау мәселелерін, оларға материалдық көмек көрсету, тәртіптік жазалар тағайындау және алып тастау мәселелерін шешеді;

      11) Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына әскери прокуратура органдарын материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді;

      12) әскери прокуратура органдарын ұстауға бөлінген қаржылай қаражаттарды бөледі;

      13) әскери прокуратура органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы және прокурорлық этика нормаларын сақтау бойынша жұмыстарды қамтамасыз етеді;

      14) белгіленген тәртіпте тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасайды;

      15) Бас әскери прокуратураның құрылымдық бөлімшелері, өңірлік және гарнизондық әскери прокуратуралар туралы ережелерді бекітеді;

      16) консультативтік-кеңесу органдарын, соның ішінде комиссиялар мен жұмыс топтарын құрады;

      17) мемлекеттік құпиялардан тұратын мәліметтердің қорғалуын ұйымдастырады, әскери прокуратура органдарында құпиялылық режимін, мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша тиісті іс-шаралардың уақтылы дайындалуын және жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді;

      18) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      20. Бас әскери прокурор болмаған жағдайда оның міндеттемелерін Бас әскери прокурордың тапсырмасы бойынша оның орынбасарларының бірі атқарады.

      21. Әскери прокуратура органдарының қызметтерін үйлестіруді, прокурорлық қадағалаудың және кадрлармен жұмыстың неғұрлым маңызды мәселелерін қарауды қамтамасыз ету, олар бойынша келісілген шешімдер қабылдау үшін Бас әскери прокуратурада алқа құрылады.

      Бас әскери прокуратура алқасының құрамы, әскери прокуратура органдарында алқа мәжілістерінің, жедел және ақпараттық отырыстарын өткізу тәртібі Бас әскери прокурордың құқықтық актілерімен белгіленеді.

5. Бас әскери прокуратураны қайта құру және тарату

      22. Бас әскери прокуратураны қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады