Бұланды аудандық мәслихатының 2018 жылғы 20 наурыздағы № 6С-21/7 "Бұланды ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 2021 жылғы 25 қарашадағы № 7С-12/3 шешімі

      Бұланды аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Бұланды аудандық мәслихатының 2018 жылғы 20 наурыздағы № 6С-21/7 "Бұланды ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6526 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген шешімімен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентінде:

      мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2 және 3-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "3-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.

      Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны Макинск қаласының, ауылдық округтер халқының жалпы санына байланысты айқындалады:

      1) 10 мың халыққа дейін - жиналыстың 5-10 мүшесі;

      2) 10-15 мың халық - жиналыстың 11-15 мүшесі;

      3) 15-20 мың халық - жиналыстың 16-20 мүшесі;

      4) 20 мыңнан астам халық - жиналыстың 21-25 мүшесі.

      3-2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.

      3-3. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы Регламенттің 3-2-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.";

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      Макинск қаласының, ауылдық округтер бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      Макинск қаласы, ауылдық округтерге бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда бюджетін түзетуді келісу;

      Макинск қаласының, ауылдық округтері коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі Макинск қаласы, ауылдық округтері аппараты әкімінің шешімдерін келісу;

      Макинск қаласының, ауылдық округтері бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында, жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      Макинск қаласының, ауылдық округтері бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      Макинск қаласының, ауылдық округтерінің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      Бұланды ауданы әкімімен ұсынылған Макинск қаласының, ауылдық округтері әкіміне кандидаттар ретінде тіркеу үшін Бұланды аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін Макинск қаласының, ауылдық округтері әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;

      Макинск қаласының, ауылдық округтері әкімдерін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.

      5. Жиналысты Макинск қаласы, ауылдық округтері әкімдері дербес не жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.

      Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды.

      Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.";

      6-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Макинск қаласының, ауылдық округтері аппараттары жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жиналыста Бұланды ауданы әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ жиналыста шақыруға Бұланды аудандық мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.";

      12-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Макинск қаласының, ауылдық округтердің әкімдеріне беріледі.";

      13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді Макинск қаласының, ауылдық округтері әкімдері қарайды және Макинск қаласының, ауылдық округтерінің әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.

      14. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдірген жағдайда, осы мәселелер осы Регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Макинск қаласының, ауылдық округтері әкімдерінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселе Бұланды ауданының әкімімен шешіледі.

      Макинск қаласының, ауылдық округтері әкімінің екі жұмыс күні ішінде Бұланды ауданының әкімінің және Бұланды аудандық мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.

      Заңның 11-бабында көзделген тәртіппен Бұланды аудандық мәслихатының таяудағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін бес жұмыс күні ішінде Бұланды ауданының әкімі шешім қабылдайды.".

      2. Осы шешiм оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихатының хатшысы Ш.Құсайынов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады