"Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 23 ақпандағы № 73 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі № 2-к бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 13.09.2022 № 2-к бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 22 қазандағы № 984 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың көшірмелерін электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің интернет-ресурстарында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр А. Аймағамбетов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2021 жылғы 23 ақпандағы
№ 73 бұйрығымен
бекітілген

"Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Комитет) өзіне жүктелген функцияларды іске асыратын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, Комитеттің мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы ретінде қатынасуына құқығы бар.

      6. Комитет, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі бекітеді.

      8. Комитеттің заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер үйі" ғимараты, № 15 кіреберіс.

      9. Комитеттің толық атауы: "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті" мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысына шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-бөлім. Комитеттің мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Міндеттері:

      1) мемлекеттік тіл саясатын қалыптастыру және мемлекеттік тілді дамыту;

      2) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың Қазақстан Республикасының тілдер туралы заңнамасын іске асыру саласындағы қызметін үйлестіру;

      3) мемлекеттік тіл саясатын жүргізу, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруді қамтамасыз ету;

      4) халықты мемлекеттік тілге оқытуды және Қазақстан халқының тілдерін пайдалануды әдістемелік қамтамасыз ету;

      5) терминдердің бірыңғай пайдаланылуын және мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру мақсатында терминологиялық жұмыстарды жүйелендіру.

      14. Функциялары:

      1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік субъектілердің Қазақстан Республикасының тіл саясатын іске асыруын ведомствоаралық үйлестіру;

      2) тілдерді дамыту саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қызметін ақпараттық, әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

      3) Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасының орындалуын үйлестіру;

      4) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасау, тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзу;

      5) Комитет құзыреті шегінде тілдерді дамыту саласындағы құқықтық актілерді, келісімдерді, меморандумдарды және шарттарды әзірлеу және бекіту;

      6) Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіруді және қазақ тілін халықаралық ақпараттық кеңістікке интеграциялауды қамтамасыз ету;

      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және басқа да тілдерінің беделін арттыруға бағытталған ғылыми-тәжірибелік конференцияларды, дөңгелек үстелдерді және әдістемелік семинарларды ұйымдастыру және өткізу;

      8) тілдерді дамыту бойынша жергілікті атқарушы органдарға үйлестіру-әдістемелік көмек көрсету;

      9) республикалық терминология, сондай-ақ Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиялардың қызметін қамтамасыз ету;

      10) Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның жанындағы жұмыс топтарының (орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу) қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету;

      11) халыққа мемлекеттік тілді және үштілді білім беруді (қазақ, орыс, ағылшын тілдері) оқыту жұмыстарын үйлестіру, сонымен қатар этнос өкілдеріне ана тілдерін үйренуіне жағдай жасауды қамтамасыз ету;

      12) этностардың ана тілдерін оқыту мәселелері бойынша этно-мәдени бірлестіктер және қоғамдық ұйымдармен ықпалдастықты арттыру, тілдік ортаны қалыптастыру бойынша іс-шараларды іске асыру;

      13) мемлекеттік тілді үйретуге арналған заманауи мультимедиялық технологияларды пайдалана отырып әдістемелік құралдарды әзірлеу;

      14) ҚАЗТЕСТ – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша жұмыстарды үйлестіру;

      15) Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және аналитикалық зерттеулер жүргізу;

      16) Қазақстанда және шетелдерде қазақ тілін үйрету және ілгерілетудің "Абай институты" бағдарламасын жүзеге асыру;

      17) Комитет құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасты жүзеге асыру;

      18) тіл саясатын дамытуға және нығайтуға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және жүзеге асыру;

      19) қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі рөлін күшейтуге қажетті әдістемелік, ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз ету;

      20) терминологиялық жұмыстарды үйлестіру, терминдерді біріздендіру, терминологиялық қорды толықтыру;

      21) Қазақ тілінің ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусын әзірлеу;

      22) Комитет құзыретіне кіретін мәселелер бойынша стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және әзірлеуге қатысу;

      23) үйлесімді тілдік ортаны құру жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру;

      24) Комитет құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттау iс-шараларын жүзеге асыру;

      25) Комитетке қарасты ұйымдарға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) басшылықты жүзеге асыру;

      26) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      15. Құқықтары мен міндеттемелері:

      1) Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте өз құзыреті шегінде құқықтық актілерді қабылдау;

      2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты және материалдарды сұрату және алу;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау;

      4) Комитет жанынан консультативтік-кеңесші органдарды құру;

      5) Комитеттің құзыреті шегінде конкурстарды, фестивальдарды, конференцияларды, семинарлар және басқа іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

      6) тілдерді дамытуға еңбегін сіңірген тұлғаларды мемлекеттік наградаларға ұсынуға ұсыныс енгізу;

      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

3-бөлім. Комитет қызметін ұйымдастыру

      16. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Комитеттің төрағасы жүзеге асырады.

      17. Комитет төрағасын Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      18. Төрағаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Министрліктің Аппарат басшысымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттігі:

      1) Министрге Комитеттің құрылымы бойынша ұсыныстар береді;

      2) Министрліктің аппарат басшысына Комитеттің штат саны бойынша ұсыныстар береді;

      3) алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 17.08.2021 № 865-к бұйрығымен;
      4) алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 17.08.2021 № 865-к бұйрығымен;

      5) Министрліктің аппарат басшысына Комитет төрағасының орынбасарларын тағайындау мен қызметтен босату туралы, сондай-ақ оларды ынталандыру және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсынымдар енгізеді;

      6) алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 17.08.2021 № 865-к бұйрығымен;

      7) Министрлік басшылығымен келісе отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен ведомстволық бағыныстағы ұйым басшысын тағайындайды;

      8) өз құзіреті шегінде бұйрықтарға қол қояды, Комитет қызметкерлерінің орындауы міндетті нұсқаулар береді;

      9) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан әрекет етеді;

      10) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға дербес жауапты болады;

      11) мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға еңбек сіңірген тұлғаларға құрмет грамоталарын және алғыс хаттарды беру жөніндегі мәселелерді шешеді;

      12) өзінің құзіретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешім қабылдайды.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 17.08.2021 № 865-к бұйрығымен.
      20. Алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 17.08.2021 № 865-к бұйрығымен;

4-бөлім. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-бөлім. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      "Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады