"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 19 сәуірдегі № 101 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2023 жылғы 5 мамырдағы № 117 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 05.05.2023 № 117 (15.05.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурстарында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр А. Райымқұлова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2021 жылғы 19 сәуірдегі
№ 101 бұйрығымен бекітілді

"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеме түріндегі ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер заңнамаға сәйкес, осыған уәкілеттік берілген болса Комитеттің мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.

      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша, заңнамада белгіленген тәртіппен Төрағаның немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен ресімделетін шешімдерді қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрімен бекітіледі.

      8. Комитеттің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер үйі" ғимараты, №15-кіреберіс.

      9. Комитеттің толық атауы: "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті" мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

      12. Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттемелерді орындау мәнінде Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.

      Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен кiрiстер әкелетін қызметтi жүзеге acыpу құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.

2-тарау. Комитеттің мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Мақсаттары:

      1) электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, мемлекеттік рәміздер салаларында басшылықты жүзеге асыру, салааралық үйлестіруге қатысу және архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) құзыреті шегінде Комитетке жүктелген өзге де міндеттер.

      14. Функциялары:

      1) мемлекеттік рәміздер, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер салаларындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру;

      2) Комитетпен реттелетін салаларда нормативтік құқықтық және құқықтық актілерді, сондай-ақ келісімдерді, меморандумдарды және шарттарды әзірлеу;

      3) Комитетпен реттелетін салаларда халықаралық шарттарды әзірлеу және жүзеге асыру, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және халықаралық iс-шараларда мемлекеттiң мүдделерiн бiлдiру және Комитет құзыретіне жататын мәселелер бойынша олардың жұмысына қатысу;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Комитетпен реттелетін салаларда нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингін жүзеге асыру;

      5) архивтік құжаттарды, архив қорлары мен коллекцияларын Ұлттық архив қорының құрамына жатқызу, сондай-ақ оларды оның құрамынан шығару туралы шешім қабылдау;

      6) заңнамада белгіленген жағдайларда және тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды жасау, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;

      7) архив ісі саласындағы республикалық мемлекеттік мекемелердің қызметін қамтамасыз ету;

      8) мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік емес ұйымдар әзірлеген, сақтау мерзімдері көрсетіле отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде қалыптасатын құжаттардың салалық (ведомстволық) тізбелерін келісу;

      9) Ұлттық архив қорының құжаттары және оны жинақтау көздері туралы мәліметтерді қамтитын Мемлекеттік қор каталогін жүргізу және "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың сұрау салуларын қанағаттандыру үшін Мемлекеттік қор каталогінің ақпаратына қолжетімділікті және пайдалануды қамтамасыз ету;

      10) Ұлттық архив қорының құжаттарын орталықтандырылған мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз ету;

      11) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге уақытша әкетуге рұқсат беру;

      12) тиісті жергілікті атқарушы органдармен келісілген Ұлттық архив қорының жинақтау көздерінің тізімдерін бекіту;

      13) тарихи және өзге де құндылығы жоқ және практикалық маңызын жойған құжаттарды сақтау мерзімдері мен жою тәртібiн белгілеу;

      14) автоматтандырылған архивтік технологияларды әзірлеу мен енгізуді ұйымдастыру, Ұлттық архив қорының құжаттары бойынша ақпараттық желі және деректер қорын құру;

      15) басқа мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, басқа мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларының сұрау салулары бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік архивтерінен шығатын архивтік анықтамалар мен архив құжаттарының көшірмелеріне апостиль қою;

      16) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын тұрақты сақтауға басқа мемлекеттерге беру;

      17) Ұлттық архив қорын және құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қорын қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      18) шетелдердегі Қазақстан Республикасының тарихы жөніндегі архив құжаттарын жинау және елге қайтаруды жүргізу;

      19) Ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың сұрау салулары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін басып шығаруды және пайдалануды ұйымдастыру;

      20) Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      21) Қазақстан Республикасының Ұлттық архивін, орталық мемлекеттік архивтерді толықтыру көздерінде электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер бөлігінде сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      22) электрондық құжат айналымы және электрондық архивтер, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелеріне салааралық ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылық ету;

      23) архив ісін жүргізу саласында жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және әдістемелік басшылық етуді жүзеге асыру;

      24) мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесін құру, сондай-ақ құрамы мен ол туралы ережені әзірлеу және бекіту;

      25) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Министрлік реттейтін салаларда заттай нормаларды әзірлеу;

      26) Комитет құзыретіне жататын мәселелер бойынша стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу;

      27) мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі қағидаларын және оны іріктеу өлшемшарттарын әзірлеу;

      28) құзыретіне сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету кезінде тұтынушылардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету;

      29) мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;

      30) ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын әзірлеу;

      31) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының мәтінін пайдалану (орналастыру, орнату) қағидаларын әзірлеу;

      32) мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды іске асыру жөніндегі қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылдарды жүзеге асыру;

      33) Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

      34) Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттау іс-шараларын жүзеге асыру;

      35) тиісті салаларда Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      36) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

      37) алып тасталды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 06.05.2021 № 138 бұйрығымен.
      38) алып тасталды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 06.05.2021 № 138 бұйрығымен.

      39) қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі cараптама комиссиясын құру, сондай-ақ құрамын және ол туралы ережені бекіту;

      40) орталық сараптамалық-тексеру комиссиясын құру;

      41) Ұлттық архив қорының құжаттарын басып шығару қағидаларын бекіту;

      42) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес тәуекелді бағалау өлшемшарттарын, тексеру парақтарын әзірлеу;

      43) Республикалық меншіктегі тарих пен мәдениеттің деректі ескерткіштерін қорғауды, оларды сақтауды және пайдалануды қамтамасыз ету;

      44) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 06.05.2021 № 138 бұйрығымен.

      15. Құқықтары мен міндеттері:

      1) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіпте құқықтық актілерді қабылдау;

      2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты және материалдарды сұрату және алу;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау;

      4) Комитеттің жанынан консультативтік-кеңесші органдарды құру;

      5) Комитеттің құзыреті шегінде конкурстарды, фестивальдарды, конференцияларды, семинарлар және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

      6) архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласының дамуына үлес қосқан тұлғаларды мемлекеттік наградаларға ұсыну туралы ұсыныстар енгізу;

      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      16. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Комитет Төрағасы жүзеге асырады.

      17. Комитет Төрағасы лауазымға Қазақстан Республикасының Министрімен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәртіпте тағайындалады және лауазымынан босатылады.

      18. Төрағаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Министрліктің аппарат басшысымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет Төрағасының өкілеттігі:

      1) Министрге құрылым бойынша ұсыныстар береді;

      2) Министрліктің аппарат басшысына Комитеттің штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді;

      3) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      4) заңнамада белгіленген тәртіпте Комитет қызметкерлерін (Комитет Төрағаларының орынбасарларын қоспағанда) қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) Министрліктің аппарат басшысына Комитет Төрағасының орынбасарларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, сондай-ақ көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізеді;

      6) Комитет Төрағаларының орынбасарларын қоспағанда Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақы беру, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;

      7) Министрліктің келісімі бойынша ведомстволық бағынысты ұйымның бірінші басшысын заңнамамен белгіленген тәртіпте қызметке тағайындайды;

      8) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды, Комитет қызметкерлері орындауға міндетті тапсырмалар береді;

      9) заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитет атынан өкілдік етеді;

      10) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      11) өз құзыретіне жататын өзге мәселелер бойынша шешім қабылдайды.

      Комитет Төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Комитет Төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамамен қарастырылған жағдайларда жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болады.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитеттің, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті" мемлекеттік мекемесінің ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      2. "Орталық мемлекеттік архив" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      3. "Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      4. "Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      5. "Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архиві" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      6. "Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы" республикалық мемлекеттік мекемесі;

      7. "Геральдикалық зерттеулер орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады