"Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы әкімдігінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 569 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі А. Мұхамбетов

  Қостанай
  облысы әкімдігінің
  2021 жылғы 10 желтоқсандағы
  № 569 қаулысымен
  бекітілген

"Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мемлекеттік сатып алу басқармасы) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының функцияларын жергілікті атқарушы органның құзыреті шегінде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдары жоқ.

      3. Мемлекеттік сатып алу басқармасы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ретінде ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мемлекеттік сатып алу басқармасы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Мемлекеттік сатып алу басқармасының, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Мемлекеттік сатып алу басқармасы өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының бұйрықтарымен.

      8. Мемлекеттік сатып алу басқармасының құрылымы мен штат санының лимиті заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 110000, Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Қасымханов көшесі, 34.

      10. Осы Ереже Мемлекеттік сатып алу басқармасының құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Мемлекеттік сатып алу басқармасына кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік сатып алу басқармасының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.

      Егер заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету;

      2) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшалардың ұтымды және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      заңнамада белгіленген тәртіппен Мемлекеттік сатып алу басқармасының, оның ішінде соттарда құқықтары мен мүдделерін қорғауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      дамудың негізгі бағыттары, мемлекеттік сатып алу саласындағы, оның ішінде Қостанай облысының аумағындағы мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды қарауға енгізу;

      Мемлекеттік сатып алу басқармасының алдына қойылған міндеттерді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі ақпаратты белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, ұйымдардың және азаматтардың келісімі бойынша сұрату және алу;

      қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау.

      15. Функциялары:

      1) Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;

      2) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге тапсырыс беруші ұсынған тапсырмаларды қарайды;

      3) тапсырыс беруші ұсынған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын тапсырма негізінде конкурстық құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) әзірлейді және бекітеді;

      4) конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) құрамын айқындайды және бекітеді;

      5) конкурстық құжаттамаға (аукциондық құжаттамаға) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;

      6) мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы хабарландыру орналастырады;

      7) тапсырыс берушіге веб-порталда автоматты түрде тіркелген, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына конкурстық құжаттаманы және (немесе) конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) техникалық ерекшелігін алған тұлғалар тарапынан сұрау салулармен ескертулерді жібереді;

      8) әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа (аукционға) қатысуға өтінімдерін олардың біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, сондай-ақ "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көзделген шектеулердің болмауы тұрғысынан веб-портал арқылы қарайды;

      9) конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазын айқындайды;

      10) заңнамада көзделген жағдайларда тиісті бюджеттің кірісіне есептеуді қамтамасыз етеді не болмаса әлеуетті өнім берушіге конкурс (аукцион) тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады;

      11) заңнамада көзделген жағдайларда әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы сотқа талап-арыздар жібереді;

      12) Мемлекеттік сатып алу басқармасына жіберілген жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен оларға жауаптар береді;

      13) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастырады;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттігі

      16. Мемлекеттік сатып алу басқармасына басшылықты мемлекеттік сатып алу басқармасына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Мемлекеттік сатып алу басқармасының бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Мемлекеттік сатып алу басқармасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.

      19. Мемлекеттік сатып алу басқармасы бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) заңнамаға сәйкес мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      2) Мемлекеттік сатып алу басқармасының құрылымын, құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерін және қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      3) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Мемлекеттік сатып алу басқармасын білдіреді;

      5) бірінші қол қою құқығына ие;

      6) Мемлекеттік сатып алу басқармасының атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      7) Мемлекеттік сатып алу басқармасының жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылауға алады;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      9) Мемлекеттік сатып алу басқармасы қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      10) мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметкерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету шараларын қабылдайды және оларға тәртіптік жаза қолданады;

      11) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуді ұйымдастырады;

      12) қызметтік әдеп нормаларын сақтауды қамтамасыз етеді;

      13) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Мемлекеттік сатып алу басқармасының бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Мемлекеттік сатып алу басқармасының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мемлекеттік сатып алу басқармасының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Мемлекеттік сатып алу басқармасына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мемлекеттік сатып алу басқармасының өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Мемлекеттік сатып алу басқармасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады