"Әулиекөл ауданы әкімінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Әулиекөл ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 229 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Әулиекөл ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Әулиекөл ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      2. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Әулиекөл ауданы әкімдігінің интернет - ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Әулиекөл ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Әулиекөл ауданының әкімі Е. Теменов

  Әулиекөл
  ауданы әкімдігінің
  2021 жылғы "29" желтоқсан
  № 229 қаулысымен
  бекітілді

"Әулиекөл ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі) экономика, бюджеттік жоспарлау және өңірлік даму салаларындағы функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.

      3. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Бөлімнің заңды мекенжайы: 110400, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Әулиекөл ауылы, 1 Май көшесі, 44.

      10. Осы ереже Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне кәсіпкерлік субъектілерімен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) ауданның әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын тиімді іске асыруға ықпал ететін жоспарлау жүйесін дамыту;

      2) ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен басымдықтарын, стратегиясын әзірлеу.

      14. Өкілеттіктер:

      1) Құқық:

      экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің құзыретіне кіретін іс-шаралар кешенін орындау үшін талап етілетін мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан ақпарат сұрату, есептер және басқа да мәліметтер алу;

      тиісті мемлекеттік органдарға және лауазымды тұлғаларға экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің қызмет саласына қатысты тапсырмалар беру, олардың орындалуын бақылау;

      аудан әкімдігінің қарауына, аудан дамуының басымдықтары мен бағыттары бойынша, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте аудан бюджетін бекітуге, нақтылау және түзету бойынша ұсыныстар енгізу;

      бөлімнің құзыретіне кіретін стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына ұйымдастырушылық-әдістемелік, ақпараттық және өзге де көмек көрсету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да құқықтарды жүзеге асыру.

      2) Міндеттері:

      ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жүргізу;

      аудан аумағын дамыту бағдарламасын әзірлеу және мониторинг жүргізу;

      бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкестігін қарау, қорытындылар қалыптастыру және ауданның бюджет комиссиясына жолдау;

      кезекті жоспарлы кезеңге арналған аудан бюджетінің жобасын әзірлеу және бюджетті нақтылау мен түзету бойынша ұсыныстар енгізу;

      бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау және іріктеу, инвестициялық ұсыныстарға экономикалық қорытындылар дайындау;

      бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау;

      "Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұру үшін келген ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну" мемлекеттік қызметін көрсету;

      "Ауыл-Ел бесігі" арнайы жобасын жүзеге асыруды мониторингтеу;

      "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасының орындалуын мониторингтеу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялар:

      1) ауданның орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатының негізгі бағыттарын іске асыру;

      2) бюджеттік жоспарлау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) ауданның бюджеттік комиссиясының жұмысын ұйымдастыру;

      4) өңірлік даму саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      5) мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру;

      6) өз құзыреті шегінде гендерлік саясатты іске асыру;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Бірінші басшының мәртебесі, өкілеттігі мемлекеттік органның атауы

      16. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімін басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      17. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жұмысын ұйымдастырады және басқарады;

      2) экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттік шеңберін айқындайды;

      3) заңнамада белгіленген тәртіппен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің құрылымын, лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді, бұйрықтар шығарады, қаржылық құжаттарға қол қояды, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің қызметкерлері орындауға міндетті нұсқаулар береді;

      5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің атынан өкілдік етеді;

      6) мемлекеттік органның атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      7) тәртіптік жаза қолдану, көтермелеу және материалдық көмек көрсету мәселелерін заңнамада белгіленген тәртіпте шешеді;

      8) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын бекітеді;

      9) азаматтардың және заңды тұлғалар өкілдерінің жеке қабылдаудын жүргізеді, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      10) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бекітілген мүлік аудандық коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен айыруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады