"Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы Жітіқара ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 272 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Қостанай облысы Жітіқара ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Жітіқара ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Жітіқара ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Жітіқара ауданының әкімі Н. Өтегенов

  Жітіқара
  ауданы әкімдігінің
  2021 жылғы 30 қарашадағы
  № 272 қаулысымен
  бекітілген

"Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі) мәдениет және тілдерді дамыту саласында мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ тілінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. "Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 110700, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Жітіқара ауданы, Жітіқара қаласы, 6-шағын ауданы, 66-үй.

      9. Осы ереже Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне кәсіпкерлік субъектілерімен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      1) жалпыұлттық мәдени-ақпараттық және тілдік ортаны нығайту;

      2) мемлекеттік органның құзыреті шегінде мәдениет және тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) мәдениетті дамытудың негізгі бағыттарын іске асыру, мемлекеттік тілді және басқа тілдерді серпінді дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлт бірлігін нығайту, жалпы мәдени құндылықтарды нығайту, мемлекет пен азаматтық сектор әріптестігінің тиімді жүйесін қолдау болып табылады.

      13. Өкілеттіктері:

      Құқықтары мен міндеттері:

      1) мәдениеттің кәсіпорындары мен мекемелерін ұстауға арналған бюджетті қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      2) мәдениеттің ведомстволық бағынысты кәсіпорындарына және мекемелеріне бюджеттік бөлінген қаржылардың сомасын анықтау;

      3) мәдениет және тілдерді дамыту саласында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың ұтымдылығын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу және іске асыру;

      4) мемлекеттік мекеме құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпараттық-сараптамалық материалдарды және құжаттарды әзірлеу;

      5) Қазақстан Республикасының "Мәдениет туралы", "Тіл туралы" Заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      6) ведомстволық бағынысты мекемелер мен кәсіпорындар мүлкінің сақталуы мен тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру;

      7) өзінің қызметтерін атқаруы үшін мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан қажетті ақпаратты сұратуға;

      8) мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған, мәдени-көпшілік іс-шараларды әзірлеу және өткізу мәселелері бойынша өзге де органдармен өзара іс-әрекет жасау;

      9) Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, аудан әкімдігінің мәжілісіне ұсыныстар енгізу;

      10) сотта талапкер және жауапкер болуға, сондай-ақ, заңнамаға қайшы келмейтін өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      11) құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша заңды және жеке тұлғаларға түсініктемелер беру;

      11-1) азаматтарды тіл қағидаты бойынша кемсітушілікке жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шеңберінде өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Жітіқара ауданы әкімдігінің 10.04.2024 № 87 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. Функциялары:

      1) жергілікті маңызды тарихи ескерткіштерді, рухани және материалдық мәдениетті пайдалану және қорғау, есепке алу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;

      2) ауданның мәдени-көпшілік ойын-сауық іс шараларын, сондай-ақ көріністерді, фестивальдарды және сайыстарды аудан ұйымдарының, мекемелердің және кәсіпорындардың арасында өткізуді жүзеге асыру;

      3) ауданның мәдени мемлекеттік ұйымдарына аттестациялау өткізу;

      4) мемлекеттік және өзге де тілдерді дамытуға бағытталған, аудандық деңгейдегі іс шараларды өткізу;

      5) аудан аумағындағы жұмыс істейтін этномәдени орталықтарға жәрдем беру және қолдау көрсету;

      6) ведомстволық бағынысты мекемелеріне әдістемелік және кеңестік көмек көрсету;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шеңберінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттігі

      15. Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылықты мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын жетекші жүзеге асырады.

      16. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      17. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының өкілеттігі:

      1) жұмысты ұйымдастырады және басшылық жасайды, қызметкерлердің міндеттері мен өкілеттік шеңберін айқындайды;

      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметкерлерді қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады және қызметкерлерге орындауға міндетті нұсқаулар береді;

      4) заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      5) мемлекеттік органның атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де ұйымдармен барлық өзара қарым-қатынастарда мемлекеттік органның атынан өкілдік етеді;

      7) белгіленген еңбекке ақы төлеу қоры және жұмыскерлер саны шегінде мемлекеттік органның міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарын, құрылымы мен штат кестесін бекітеді;

      8) азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүргізеді, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамамен белгіленген мерзімдерде қарайды, олар бойынша қажетті шараларды қабылдайды;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шеңберінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      18. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      19. Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      20. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      21. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      22. "Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ведомстволық бағынысты ұйымдары болып табылады:

      1) "Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Жітіқара аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) "Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Тілдерді оқыту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) "Жітіқара ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Аудандық Мәдениет сарайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады