Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 30 наурыздағы № 114-НҚ бұйрығы.

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Қаржы мониторингі субъектілерімен жұмыс жөніндегі департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрық қол қойылған кейін күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Ж. Элиманов

  Қазақстан Республикасының
Қаржылық мониторинг
агенттігі Төрағасының
2022 жылғы 30 наурыздағы
№ 114-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 18-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтерді Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:

      1) автоматтандырылған жұмыс орны (бұдан әрі – АЖО) – ақпаратты жасауды, жинауды, өңдеуді, жинақтауды, сақтауды, іздестіруді, таратуды және тұтынуды қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен;

      2) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      3) электрондық ақпараттық ресурстар – электрондық жеткізгіште және ақпараттандыру объектілерінде қамтылған электрондық-цифрлық нысандағы деректер;

      4) ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қатысушылар – Агенттік және осы Қағидаларға сәйкес Агенттікке өзінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беретін тиісті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      5) Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлiк ортасы (бұдан әрі – МО БКО) – "электрондық үкiмет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына кіретін және ақпараттық қауіпсіздіктің талап етілетін деңгейін сақтай отырып, мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілерінің жергілікті (Интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі;

      6) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 06.04.2023 № 89-НҚ бұйрығымен.

2. Ақпараттық жүйелерден және ресурстардан мәліметтер беру тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерінің ақпараттандыру объектілерінен мәліметтерді Агенттікке мынадай тәсілдермен:

      1) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес МО БКО арқылы ақпараттандыру объектілері деректер қорына Агенттіктің ақпараттық жүйелерін интеграциялау жолымен;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген тәсілмен мәліметтер беру мүмкін болмаған жағдайда, АЖО-ға рұқсат беру арқылы;

      3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тәсілмен мәліметтер беру мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салу және жауап беру режимінде МО БКО арқылы ақпараттандыру объектілері деректер қорына рұқсат беру жолымен;

      4) осы тармақтың 1) – 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен мәліметтер беру мүмкін болмаған жағдайда, қағаз жеткізгіште береді;

      5) осы тармақтың 1) - 4 ) тармақшасында көрсетілген тәсілдермен мәліметтерді беру мүмкіндігі болмаған жағдайда электрондық жеткізгіштерде (ақпаратты электрондық нысанда сақтауға, сондай-ақ оны техникалық құралдар көмегімен жазуға немесе тыңдатып-көрсетуге арналған материалдық жеткізгіш).

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 03.01.2024 № 1-НҚ бұйрығымен.

      4. Агенттікке осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерінен мәліметтерді ұсыну тәсілдерін іске асыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 3 қыркүйегіндегі № 909 қаулысымен бекітілген Меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру қағидаларын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін сақтай отырып қамтамасыз етіледі.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қол жеткізу шектелген ақпараттық ресурстардан мәліметтерді Агенттікке Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, осы тармақтың 5) тармақшасында көрсетілген тәсілмен береді.

      5. Ақпараттық жүйелерден және ресурстардан берілетін мәліметтерді және оларды беру мерзімін ақпараттық өзара іс-қимылға қатысушылар бірлесіп бекітілетін актіге сәйкес айқындайды.

      6. Ақпараттық өзара іс-қимылға қатысушылар осы Қағидалардың шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды және өз қызметінің процесінде алынған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың және оның сақталуының режимін қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады