"Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Қостанай қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 1 ақпандағы № 193 қаулысы

      Қостанай қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Қостанай облысы Қостанай қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 29 мамырдағы "Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы "Қостанай қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 6 сәуірдегі № 979 қаулысына толықтыру енгізу туралы" қаулысының күші жойылсын.

      3. Қостанай облысы Қостанай қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 6 сәуірдегі № 979 "Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысының күші жойылсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

      Әкім Қ. Ахметов

  Қостанай
  қаласы әкімдігінің
  2022 жылғы "01" ақпан
  № 193 қаулысымен
  бекітілген

"Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мемлекеттік мекеме) ішкі саясат саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеменің ведомстволары жоқ.

      3. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (олар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және өз атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Мемлекеттік мекеме, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Мемлекеттік мекеме өз құзыретінің мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мемлекеттік мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Пушкин көшесі 98, индексі 110000.

      10. Осы Ереже мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Мемлекеттік мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен өкілеттік болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады. Егер мемлекеттік мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) өңірде ішкі саяси тұрақтылықты, халық бірлігін және қоғамды топтастыруды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру;

      3) мемлекеттік мекеменің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің, қала әкімінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету;

      4) өңірде Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының, Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларының, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың және басқа да стратегиялық құжаттардың негізгі басымдықтарын түсіндіру мен насихаттауды қамтамасыз ету;

      5) діни және басқа да коммерциялық емес қоғамдық бірлестіктермен байланысты және өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті шаралар қабылдайды және дербес жауапты болады;

      7) бөлім қызметінің саласына қатысты мәселелер бойынша тапсырмалар береді, олардың орындалуын бақылайды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өткізетін іс-шараларға қатысады;

      14. Өкілеттіктер

      1) құқықтары:

      1) ішкі саясат бағдарламалары бойынша жұмыстарды, тауарларды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы болады;

      2) діни сенім бостандығы құқығын одан әрі іске асыру, сондай-ақ Қостанай қаласының аумағында тұратын барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін еркін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

      3) мемлекет пен азаматтық қоғамның, билік пен оппозицияның сындарлы диалог тетіктерін қалыптастыру;

      4) патриоттық сана-сезімді, азаматтық жауапкершілікті арттыруға, белсенді қоғамдық ұстанымды қалыптастыруға, жас таланттарды анықтауға және қолдауға бағытталған жас ұрпақпен өзара іс-қимылдың тиімді моделін әзірлеу;

      5) қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының шығармашылық және кәсіби өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті шаралар қабылдайды және дербес жауапты болады;

      7) бөлім қызметінің саласына қатысты мәселелер бойынша тапсырмалар береді, олардың орындалуын бақылайды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өткізетін іс-шараларға қатысады;

      2) міндеттері:

      1) мемлекеттік органдардан, кәсіпорындар мен ұйымдардан мемлекеттік мекеменің функцияларын орындау үшін қажетті ақпарат пен мәліметтерді қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзімде сұратады және алады;

      2) ішкі саясат саласындағы жұмыстар мен іс-шараларды жүргізуге шарттар жасасады;

      3) өз қызметі туралы ақпаратты таратады;

      4) мемлекеттік басқару органдарының қарауына өз құзыреті шегінде мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      5) қолданыстағы заңнамамен берілген өзге де құқықтарды пайдаланады;

      6) мемлекеттік мекеме өз құзыреті шегінде ішкі саясат саласындағы қалалық бөлімдердің жұмысын үйлестіре алады. Осы мақсатта бөлім қала әкімін зерделеу және ақпараттандыру үшін олардан деректер мен ақпаратты сұратуға құқылы;

      7) ұлттық, мемлекеттік және өзге де мерекелерді, қоғамдық-саяси іс-шараларды дайындау және өткізу.

      15. Функциялары:

      1) мемлекеттік мекеме жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында оның қызметінің бағыттары бойынша ішкі бақылауды жүзеге асырады;

      2) саяси партиялардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді;

      3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің Қостанай қаласының мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) бақылауды жүзеге асырады;

      4) өңірдегі діни ахуалға зерделеу және талдау жүргізеді;

      5) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырады;

      6) Қостанай қаласы әкімдігінің нормативтік құқықтық және нормативтік емес актілерінің жобаларын дайындайды;

      7) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;

      8) заңнамада белгіленген тәртіппен "әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 418-бабының 1-1-тармақтарында, 489-1-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру.

3. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Мемлекеттік мекемеге басшылықты мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының өкілеттіліктері:

      1) мемлекеттік мекеменің жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды;

      2) өз өкілеттіктерін іске асыру процесінде қала әкіміне және жетекшілік ететін қала әкімі орынбасарына есеп береді;

      3) мемлекеттік мекеменің басшысы жеке-дара әрекет етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Ережемен айқындалатын өз құзыретіне сәйкес мемлекеттік мекеме қызметінің мәселелерін дербес шешеді;

      4) мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      5) барлық ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүдделерін білдіреді;

      6) заңдарда белгіленген реттер мен шектерде мүлікке билік етеді;

      7) шарттар жасасады ;

      8) сенімхаттар береді;

      9) қаржылық құжаттарға бірінші қол қою құқығына ие болады;

      10) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;

      11) мемлекеттік мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      12) заңнамаға сәйкес мемлекеттік мекеменің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      13) еңбек қатынастарының мәселелері өзінің құзыретіне жатқызылған мемлекеттік мекеменің қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жазалар қолданады және көтермелеу шараларын қолданады;

      14) қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      15) әкімдік актілерінің жобаларын дайындау кезінде оның "құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нормативтік емес құқықтық акт немесе нормативтік құқықтық акт болып табылатынын-табылмайтынын айқындайды;

      16) әзірлеуші органы мемлекеттік мекеме болып табылатын әкімдіктің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу, қабылдау және кейіннен мемлекеттік тіркеу барысына тікелей бақылауды жүзеге асырады;

      17) жобалардың уақтылы, сапалы әзірленуіне, ресімделуіне және әкімдікке белгіленген мерзімдерде ұсынылуына, сондай-ақ жобалардың мәтіндерінің мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі түпнұсқалылығына дербес жауапты болады;

      18) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмысқа дербес жауапты болады;

      19) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен, қала әкімдігімен, әкіммен, оның орынбасарларымен және қала әкімінің аппаратымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

4. Мемлекеттiк органның мүлкi

      19. Мемлекеттік мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Мемлекеттік мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.

      20. Мемлекеттік мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттiк органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады