Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Рудный қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 7 ақпандағы № 139 қаулысы. Күші жойылды - Қостанай облысы Рудный қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 1 наурыздағы № 191 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Рудный қаласы әкімдігінің 01.03.2024 № 191 қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Рудный қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      2) ресми жарияланғанынан кейін осы қаулыны Рудный қаласы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастырылуын;

      3) жоғарыда көрсетілген Ережені заңнамада белгіленген тәртіппен аумақтық әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Рудный қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Рудный қаласының әкімі Қ. Испергенов

  Рудный қаласы әкімдігінің
  2022 жылғы "7" ақпандағы
  № 139 қаулысымен
  бекітілген

Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Рудный қаласы әкімдігінің "Рудный қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Ауыл шаруашылығы бөлімі) ауыл шаруашылығы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Ауыл шаруашылығы бөлімінің ведомстволары жоқ.

      3. Ауыл шаруашылығы бөлімі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Ауыл шаруашылығы бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Ауыл шаруашылығы бөлімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Ауыл шаруашылығы бөлімі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Ауыл шаруашылығы бөлімінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 111500, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Рудный қаласы, Ленин көшесі, 95 құрылыс.

      10. Осы Ереже Ауыл шаруашылығы бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Ауыл шаруашылығы бөліміне кәсіпкерлік субъектілерімен Ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер ауыл шаруашылығы бөліміне заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) ауыл шаруашылығы өнімдері мен қайта өңдеу өнімдерінің ішкі нарығына мониторинг жүргізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының мониторингін жүргізу;

      2) ауыл шаруашылығы өндірісін әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық және индикативті жоспарларын әзірлеу, іске асыру;

      3) мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және техникалық және ауыл шаруашылығын қамтамасыз етуге жағдай жасау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау және цифрландыру, тепе-теңдік негізде қайта өңдеуші кәсіпорындармен әріптестік экономикалық өзара қарым-қатынастар;

      4) аграрлық секторда реформаларды жүзеге асыру, саланы қаржылық сауықтыру, жедел экономикалық өсу және ауыл шаруашылығы өндірісінің экспорттық әлеуетін арттыру үшін инвестициялар тарту;

      5) бәсекеге қабілетті жоғары сапалы тамақ өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру үшін жағдайларды қамтамасыз ету, оларды қайта өңдеу мен өткізуге жәрдемдесу;

      6) мемлекеттік саясат шараларын қолдану арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      7) ауыл шаруашылығы өндірісінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      8) стандарттар мен регламенттерге сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.

      14. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары:

      өз құзыреті шегінде уәкілетті органдардан ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрату және алу;

      заңды тұлғалармен және азаматтармен шарттар жасасу, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарды иемдену, сотта талапкер және жауапкер болу;

      Ауыл шаруашылығы бөлімі құзыретінің мәселелері бойынша қала әкімі және әкімдігі қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстар енгізу;

      қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      2) Міндеттері:

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, облыс және қала әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және мерзімінде орындау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыреті шегінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға міндетті;

      агроөнеркәсіптік кешен саласында кредиттеуді, субсидиялауды дамытуды жүзеге асыру;

      қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) азық-түлік тауарлары бағаларына мониторинг жүргізу;

      2) өз құзыреті шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      3) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру;

      5) азық-түліктің ішкі ресурстарына қатысты азық-түлік қауіпсіздігі жағдайының мониторингі;

      6) азық-түлік тауарларының облыстық тұрақтандыру қорының өнімін өткізу бөлігінде "Тобыл ӘКК" акционерлік қоғамымен өзара іс-қимыл жасау;

      7) ауыл шаруашылығы саласындағы ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасын іске асыру;

      8) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру;

      9) егіс алаңдары, дақылдардың шығымдылығы мен жалпы жиналымдары туралы деректерге мониторинг жүргізу, ауыл шаруашылығы құралымдарының ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиясының сақталуына мониторинг;

      10) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жүргізу құқығына куәліктер беру;

      11) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды сенімхат бойынша басқаратын адамдарды тіркеу;

      12) тракторлар және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдер, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдер, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналар үшін тіркеу құжатын (телнұсқасын) және мемлекеттік нөмірлік белгі беру;

      13) тракторлардың және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдердің, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерінің, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерінің, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналардың кепілін мемлекеттік тіркеу;

      14) тракторларға және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерге, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелеріне, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдеріне, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарға ауыртпалықтың жоқ (бар) екендігі туралы ақпарат беру;

      15) Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес басым дақылдардың, оның ішінде көпжылдық екпелердің өндірісін субсидиялау;

      16) Ауыл шаруашылығы бөлімінің негізгі қызметінің мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

      17) ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен қайта өңдеуді дамыту жоспарларын, болжамдарын әзірлеу, мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасын және инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу;

      18) Рудный қаласының аумағын дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шараларды орындау;

      19) азық-түлік тауарлары қорларын есепке алуды жүргізу және облыстың жергілікті атқарушы органына есептілікті ұсыну;

      20) мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру бойынша алдын ала есептерді дайындау және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің статистикалық есептілікті уақтылы ұсынуын бақылау;

      21) отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін дамыту үшін кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы субъектілеріне микрокредит беру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру;

      22) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау, сондай-ақ инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау бағыттары бойынша қажетті субсидиялар көлемдерін қаржыландыру жоспарын әзірлеу;

      23) ауыл шаруашылығы саласында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру;

      24) республикалық, облыстық және қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру, өткізу және сүйемелдеу;

      25) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Ауыл шаруашылығы бөлімін басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Ауыл шаруашылығы бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Ауыл шаруашылығы бөлімінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Ауыл шаруашылығы бөлімінің бірінші басшысының орынбасарлары жоқ.

      19. Ауыл шаруашылығы бөлімінің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдарда Ауыл шаруашылығы бөлімінің мүддесін білдіреді;

      2) Ауыл шаруашылығы бөлімі атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      3) Ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, Ауыл шаруашылығы бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына дербес жауапты болады;

      4) Ауыл шаруашылығы бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті емес шараларды қабылдау үшін дербес жауапты болады;

      5) бұйрықтар шығарады, қаржылық құжаттарға қол қояды, қызметкерлер орындауға міндетті нұсқаулар береді;

      6) қызметтік құжаттамаға қол қояды;

      7) заңнамада белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      8) Ауыл шаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің лауазымдарына лауазымдық нұсқаулықтарды бекітеді;

      9) заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолдану, еңбекақы төлеу қорын үнемдеу шегінде көтермелеу және материалдық көмек көрсету мәселелерін шешеді;

      10) белгіленген еңбекақы төлеу қоры және жұмыскерлер саны шегінде штат кестесін, міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын, Ауыл шаруашылығы бөлімінің құрылымын бекітеді;

      11) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      12) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ауыл шаруашылығы бөлімінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Ауыл шаруашылығы бөлімінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      21. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Ауыл шаруашылығы бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Ауыл шаруашылығы бөлімі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Ауыл шаруашылығы бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады