"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Әулиекөл ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.
2. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Әулиекөл ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Әулиекөл ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі | Е. Теменов |
Бекітілген | |
Әулиекөл ауданы | |
әкімдігінің 13 қаңтар 2022 жылғы | |
№ 5 қаулысымен |
"Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - Қостанай облысы Әулиекөл ауданы әкімдігінің 20.09.2024 № 168 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Жалпы ережелер
1. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай–ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеме ұйымдық–құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай–ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан кіреді.
5. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық–құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
6. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілерімен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. "Әулиекөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штаттық санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері - индексі 110400, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Әулиекөл ауылы, Саржетім Қарабалуан батыр көшесі, 26.
9. Осы Ереже мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.
10. Мекеменің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.
11. Мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен Мекеменің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері
12. Міндеттері:
1) халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
13. Өкілеттіктер:
1) құқықтары:
мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Мекеменің мүдделерін білдіру;
өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрату және алу;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар;
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;
Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімдігінің және аудан әкімінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;
мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы көрсетуді қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.
14. Қызметтері:
1) қолданыстағы заңнамаға сәйкес халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бюджет қаражатының қажеттілігін болжау;
2) ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асыру;
3) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ету мақсатында мансап орталығымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
4) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету;
5) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға (отбасыларға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы шешім шығару;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну;
8) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету саласындағы мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру;
9) тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік көмектің өзге де түрлерін тағайындау және төлеу;
11) коммерциялық емес (үкіметтік емес) ұйымдармен өзара іс-қимыл;
12) жұмыс орындарын босату және қысқарту тәуекелдері бар ұйымдардың мониторингін жүзеге асыру;
13) қарттарға, жалғыз тұратын азаматтарға және мүгедектігі бар адамдарға үйде қызмет көрсету жұмысын ұйымдастыру;
14) халық арасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қажеттілікке талдау жүргізу;
15) өз құзыреті шегінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
16) 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығындағы кезеңде кемінде 6 ай жұмыс істеген адамдарға жұмыс өтілін белгілеу үшін арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;
17) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу үшін арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендерге жеңілдіктер мен өтемақылар алу құқығын растайтын куәліктер беру;
18) өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамдардың (отбасылардың) өтініштерін қарау және әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындылар шығару бойынша арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;
19) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындайтын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органның функцияларын жүзеге асыру;
20) аудандағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;
21) жеке және заңды тұлғалардың, бөлім басшысының және бөлім басшысының орынбасарының өтініштерін қабылдауды, тіркеуді және есепке алуды жүзеге асыру, заңнамада белгіленген мерзімдерде қарау және олар бойынша қажетті шараларды қабылдау;
22) өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды (адамдарды) ерте анықтау және қолдауды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты үйлестіруді жүзеге асыру;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттігі
15. Мекемеге басшылықты Мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
16. Мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
17. Мекеменің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
18. Мекеменің бірінші басшысының өкілеттігі:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мекеме қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
3) бұйрықтар шығарады және Мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті нұсқаулар береді;
4) қызметтік құжаттарға қол қояды;
5) Мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
6) Мекеме қызметкерлерінің белгіленген саны және еңбекке ақы төлеу қоры шегінде штат кестелерін бекітеді;
7) Мекеменің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын бекітеді;
8) өз құзыреті шегінде Мекеменің қаражаты мен мүлкіне иелік етеді;
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
19. Мекеменің бірінші басшысы өз орынбасарының өкілеттілігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
Мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.