"Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Науырзым ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 19 мамырдағы № 112 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Науырзым ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) көрсетілген Ереженің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Науырзым ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Науырзым ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Науырзым ауданының әкімі Қ. Әбішев

  Науырзым ауданы әкімдігінің
  2022 жылғы "19" мамырдағы
  № 112 қаулысымен
  бекітілген

"Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі) экономика, бюджеттік жоспарлау, бюджетті атқару салаларында басшылықты, жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бюджеттік есепке алуды және есептілікті жүргізуді жүзеге асыратын, сондай-ақ коммуналдық меншік объектілерін басқару саласында функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Науырзым ауданы экономика және қаржы бөлімінің ведомстволары жоқ.

      3. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 111400, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Науырзым ауданы, Қарамеңді ауылы, Шақшақ Жәнібек көшесі, 1.

      10. Осы Ереже "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімінің қызметін қаржылындыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) экономика, бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру, Қаржы және әлеуметтік-экономикалық реформалар мәселелері бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      2) республиканың, облыстың, ауданның даму стратегиясы шеңберінде өңірлік және индикативтік жоспарлау;

      3) Қазақстан Республикасының, облыстың, ауданның әлеуметтік–экономикалық дамуы негізінде алдағы жылдарға арналған аудан бюджетінің жобасын жасау;

      4) ауданның ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарын әлеуметтік қолдау жөніндегі республикалық бағдарламаларды іске асыруға қатысу;

      5) мемлекет мүддесі үшін коммуналдық мемлекеттік меншікті тиімді басқару;

      6) мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде Қостанай облысы Науырзым ауданының әкімдігі айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету;

      7) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      8) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаның оңтайлы және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету болып табылады.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      аудан әкімдігіне әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар енгізу;

      аудан әкімдігіне ауданның даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарын түзету бойынша ұсыныстар енгізу;

      өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;

      Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі мемлекеттік мекемесінің алдына қойылған міндеттерді орындауға байланысты мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен (келісім бойынша) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, кәсіпорындардан, лауазымды адамдардан ақпарат сұрату;

      жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің жергілікті бюджетті орындауы бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері талаптарының сақталуына, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың жергілікті бюджетке таза кіріс үлесін аударымдарының толықтығы мен уақтылығына, сондай-ақ коммуналдық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне кірістің есептелуіне бақылауды жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша секвестр белгіленетін бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша төлемдерді жүзеге асыруды тоқтата тұру;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де орталық органдардың, облыс әкімі мен әкімдігінің, сондай-ақ аудан әкімінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және мерзімінде орындау;

      қолданыстағы заңнама нормаларын сақтау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.

      15. Функциялар:

      1) ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы және орта мерзімді жоспарларын, бағдарламаларын әзірлеу;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің және аудан әкімдігінің бағдарламаларын, іс-қимыл жоспарларын іске асыру бойынша есептерді дайындау және бақылау;

      3) аудан экономикасының жағдайын талдау және даму бағдарламаларын әзірлеуге қатысу;

      4) Қостанай облысы Науырзым ауданының аудандық бюджеті туралы аудан мәслихатының шешімін іске асыру туралы аудан әкімдігі қаулысының жобасын әзірлеу;

      5) аудан қаржысын басқаруды жүзеге асыру;

      6) аудандық бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру;

      7) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің келісімі бойынша түсімдердің болжамды көлемдерін ескере отырып, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша төлемдерді жүзеге асырудың ай сайынғы кестесіне өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізу;

      8) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жылдық сомаларды қоса алғанда, түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жатады;

      9) аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғалардың мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен сенімгерлік басқаруға беру бойынша жұмыс жүргізу және міндеттемелердің орындалуына бақылауды жүзеге асыру;

      10) облыстың жергілікті атқарушы органының алдын ала келісімімен жекешелендіру жүргізілуі мүмкін аудандық коммуналдық мүлік объектілерінің тізбесі енгізілген аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіруге алдын ала келісім мәселелерін қарау;

      11) мемлекеттік коммуналдық мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру және коммуналдық мүлікке қатысты артық, мақсатына сай пайдаланылмаған мүлікті алып қою;

      12) коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен) аудандық коммуналдық мүлікті есепке алуды, сақтауды, бағалауды және одан әрі пайдалануды ұйымдастыру;

      13) аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асыру, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тарту;

      14) Науырзым ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын көрсету жөніндегі жұмыс бөлігінде "Дипломмен ауылға" бағдарламасын іске асыру;

      15) Қостанай облысы Науырзым ауданының әкімдігі айқындайтын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу;

      16) Тапсырыс беруші ұсынған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын тапсырма негізінде конкурстық құжаттаманы әзірлеу және бекіту;

      17) мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы хабарландыруды Мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыру;

      18) заңнамада көзделген жағдайларда тиісті бюджеттің кірісіне есепке жатқызуды қамтамасыз ету Не конкурс (аукцион) тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім берушіге қайтарады;

      19) заңнамада көзделген жағдайларда әлеуетті өнім берушілерді Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қоюларды сотқа жіберу;

      20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттігі

      16. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі басқаруды бөлім басшы жүзеге асырады, ол "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі басшысын аудан әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      18. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі басшысының өкілеттіктері:

      1) "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді;

      2) "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі бойынша бұйрықтар шығарады;

      3) заңнамаға сәйкес "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      4) "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің өкілеттіктері мен міндеттерін айқындайды;

      5) заңнамада белгіленген тәртіппен "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады, оларды ынталандырады;

      6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес атқарушы органдарда және өзге де ұйымдарда "Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің атынан өкілдік етеді;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапты болады;

      8) өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады