Атырау облысы әкімдігінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 245 "Атырау облысы Дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесін құру туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Атырау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 26 мамырдағы № 119 қаулысы

      Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Атырау облысы Дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесін құру туралы" Атырау облысы әкімдігінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 245 қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Атырау облысы Дін істері басқармасы туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.

      2. "Атырау облысы Дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің орынбасары Н.Б.Таушовқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі С. Шәпкенов

  Атырау облысы әкімдігінің
2022 жылғы 26 мамырдағы
№ 119 қаулысына қосымша
  Атырау облысы әкімдігінің
2013 жылғы 26 маусымдағы
№ 245 қаулысымен бекітілген

"Атырау облысы Дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Атырау облысы Дін істері басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Атырау облысы бойынша дін саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Басқарманың орналасқан жері: 060010, Атырау облысы, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 үй.

      9. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді Басқарманың орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      1) азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру мен іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      2) азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын іске асыру және діни бірлестіктердің және миссионерлердің қызметі саласында болып жатқан үдерістерді жан-жақты және объективті зерделеу.

      3) азаматтардың діни сенім бостандығына және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау құқықтарын қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;

      4) діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      тиісті ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, кәсіпорындардан және басқалардан ақпараттар мен құжаттарды сұратуға және алуға;

      өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға;

      қызметтің бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдар (жұмыс топтарын, комиссиялар, кеңестер) құруға;

      Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылықтарға қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша жергілікті деңгейде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

      азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

      терроризм және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайды.

      14. Функциялары:

      1) өңірдегі діни ахуалды зерделеп, оған талдау жүргізеді;

      2) өңірде жұмыс істеп тұрған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеуді және талдауды жүргiзедi;

      3) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнінде ұсыныстар енгiзедi;

      4) құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметiне тыйым салу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

      5) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекіту бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы діни бірлестіктер берген хабарламаларды қарайды;

      6) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасатын жерін айқындау, сондай-ақ үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетеді;

      7) діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтардың тізімдеріне тексеру жүргізуді қамтамасыз етедi;

      8) миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуді жүргізеді;

      9) экстремизмнен сақтандыруға бағытталған келесі алдын алу шараларын іске асырады: қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылды жүзеге асыру, тиісті аумақтарда құрылған діни бірлестіктер мен миссионерлердің қызметін зерделеуді жүзеге асыру, олар туралы деректер банкін жасау, өңірлік деңгейде ақпараттық-насихат іс-шараларын жүзеге асыру, өңірдегі діни ахуалды зерделеу мен талдау жүргізу;

      10) облыс аумағында терроризм профилактикасы, сондай-ақ терроризм салдарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

      11) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3. Басқарма басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      16. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      17. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмысына басшылық жасайды және оған жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      2) мемлекеттік органдар, сот пен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      3) өзінің орынбасарлары мен Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      7) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған тиісті шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      8) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарып, өзінің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      9) Заңнамаға сәйкес Басқарма мемлекеттік басқару органы болып табылатын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. Басқарманың мүлкі

      18. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      19. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      20. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      21. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады