Атырау қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 15 қазандағы № 2234 "Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесін қайта атау туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Атырау облысы Атырау қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 943 қаулысы

      Атырау қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Атырау қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 15 қазандағы № 2234 "Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесін қайта атау туралы" қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      қосымшада:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.

      2. "Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қала әкімінің міндетін атқарушы Е. Умаров

  Атырау қалалық әкімдігінің
2022 жылғы "29" сәуірдегі
№ 943 қаулысына қосымша
  Атырау қалалық әкімдігінің
2020 жылғы "15" қазандағы
№ 2234 қаулысымен бекітілген

"Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Заңды тұлғаның толық атауы: "Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі.

      Заңды тұлғаның қысқаша атауы: "Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" ММ (бұдан әрі - Бөлім).

      Бөлім Атырау қаласы аумағында мәдениеттің әлеуметтік жүйесін дамыту, мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту, дене шынықтыру және спорт саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімнің ведомстволары жоқ.

      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, банкте шоттары, бланкілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік мекеменің атауы жазылған мөрі бар.

      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Атырау қаласы, С. Сауырғалиев көшесі, № 1 құрылыс, пошталық индексі - 060003.

      10. Осы ереже бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

      12. Бөлімнің кәсіпкерлік субъектілерімен бөлімнің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер бөлімнің заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) Атырау қаласы аумағында мәдениеттің әлеуметтік жүйесін дамыту;

      2) мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту;

      3) Атырау қаласы аумағында дене шынықтыру және спортты дамыту мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыру;

      14. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары:

      өз құзіреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұратуға және алуға;

      өзінің құзіреті жатқызылған мәселелер бойынша сотта талапкер және жауапкер болуға құқығы бар;

      2) Бөлімнің міндеттері:

      қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнама нормаларын сақтау;

      қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа міндеттерді орындауға.

      15. Бөлімнің функциялары:

      1) Бөлім қызметінің бағыттары бойынша оның жұмыс өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асырады;

      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асырады;

      3) Бөлімнің құзыретіне кіретін мемлекеттік қызмет көрсету бойынша тиісті нормативтік құқықтық актілер әзірлейді;

      4) өз құзыретi шегiнде тиiстi салада мемлекеттiк мүлiктi басқару бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады, тиісті салада мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi бекітеді;

      5) тиісті саладағы коммуналдық мемлекеттік мекеме мен мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының жергілікті бюджеттен қаржыландыру жоспарларын бекiтедi;

      6) тиісті саладағы коммуналдық мемлекеттік мекеме мен мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның филиалдар мен өкiлдiктер құруына келiсiм бередi;

      7) Құрылтайшымен келiсiм бойынша коммуналдық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

      8) кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру, даярлау және қайта даярлау бағдарламасын бекiтуге және үйлестiруге, олардың қызметiн әдiстемелік қамтамасыз етуге, семинарларды, басқа да оқыту түрлерін және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт мамандарының тәжiрибе алмасуын ұйымдастырады;

      9) мәдениет, дене шынықтыру және спорт объектілерінің материалдық-техникалық базасын құру және нығайту, олардың инфрақұрылымын дамыту;

      10) мемлекеттік тәртіптің, еңбек заңдылығының және қауіпсіздік техникалары ережелерінің сақталуына бақылау жасау;

      11) мүдделі ведомстволық ұйымдармен бірлесіп іс–шаралар ұйымдастырып, өткізу;

      12) мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларын дамытудың өңірлік бағдарламаларын дайындауға және іске асыруға қатысады;

      13) бағынысты мәдениет және спорт мекемелерінің қызметін басқарады;

      14) қалалық мәдени, спорттық көпшілік іс-шаралардың жұмыс жоспарын әзірлеуді және іске асыруды қамтамасыз етеді;

      15) қаланы мерекелік, қоғамдық маңызды және мәдени-көпшілік іс-шараларға безендіру;

      16) ақпараттық және мәдени-сауық жұмыстарының негізі ретінде кітапхана ісінің дамуы мен сақталуын, мекемеге қарасты кітапханалардың кітап қорларын жинақтау үшін қаржылардың орталықтандырылуын қамтамасыз ету, кітапханаларды көркем әдебиет шығармаларымен және жас ұрпақтарды тәрбиелеуге арналған оқу құралдарымен жабдықтау;

      17) қаланың мәдениет Үйлерінде көремөнерпаз ұжымдарын дамытуға ықпал жасау және әдістемелік басшылық ету;

      18) клуб мекемелерінің даму және сақталуын қамтамасыз ету;

      19) ұлттық, мемлекеттік, мерейтойлық және кәсіби мерекелерді өткізу бойынша бұқаралық шараларды ұйымдастыру;

      20) қаладағы мәдениет және спорт мекемелерінің штаттық кестесін бекітеді және әдiстемелiк және ұйымдастырушылық басшылық жасайды;

      21) кітапханаларды жинақтау үшін қорды орталықтандыруды, мекемелерге саздық аспаптарды, жабдықтар мен мүліктерді сатып алады;

      22) алтын кітап қорын мемлекеттік қорғау, кітапхана қорларын әдеби шығармалармен және жасөспірімдерге арналған оқу-тәрбиелеу әдебиеттерімен толықтырады;

      23) мәдениет үйлеріндегі көркемөнерпаздар, халықтық ұжымдар және үйірмелер шығармашылығының дамуына ықпал етеді;

      24) мәдениет мекемелерін кадрлармен толықтыру, кадрларды дайындау және олардың біліктілігін көтеру бойынша шаралар қабылдап, белгіленген тәртіп бойынша қызметкерлерді аттестациялайды, оларға тарифтік-біліктілік санаттарын белгілейді;

      25) жергілікті маңызы бар тарих, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін есепке алу, қорғау және пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      26) Қазақстан Республикасы тілдер туралы заңдары мен белгіленген талаптардың бұзылуын жою жөнінде ұсыныстар береді, тиісті органдарға Қазақстан Республикасы тілдер туралы заңдарының бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарға әкімшілік шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізеді;

      27) көрнекі ақпаратты дұрыс жазу бойынша консультациялық түсіндіру жұмыстарын үйлестіру;

      28) облыстық маңызы бар қала көшелеріне және елді-мекендердің құрамдас бөліктерінің атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;

      29) Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заңдардың орындалуына бақылау жасауды жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту, сондай-ақ Атырау қаласында тұратын халықтар тілдерінің дамуының өңірлік бағдарламаларын әзірлейді және жүзеге асырады;

      30) мәдениет және тіл саясатын жүзеге асыру мәселелері бойынша, сондай-ақ Бөлімнің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша жергілікті ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      31) дене шынықтыру және спорт бірлестіктерімен бірлесіп қала деңгейінде спорттық-көпшілік іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ олардың, облыстық, қалалық жарыстарға дайындығын және қатысуын қамтамасыз етеді;

      32) спорт түрлері бойынша қала құрама командаларын дайындайды және олардың қалалық, облыстық жарыстарға шығуын қамтамасыз етеді;

      33) қала аумағында бұқаралық спорт пен спорттың ұлттық түрлерін дамытады;

      34) спорттық разрядтар мен санаттарды беру мәселесін шешеді;

      35) мүдделi ведомстволармен, қоғамдық ұйымдармен бiрлесе отырып, спорт резервiн дайындау жұмыстарын жүргiзеді, олардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, спорттық клубтар мен мектептер желісiн дамытуды үйлестiреді;

      36) дене шынықтыру және спорт саласындағы жетiстiктердi, салауатты өмiр салты принциптерiн насихаттайды;

      37) спорт түрлері бойынша қалалық жарыстарды ұйымдастырады және өткізеді;

      38) спорт жарыстары мен жиындарын өткiзу ережелерiн бекітеді;

      39) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына қолжетімділікті, дене шынықтыру және спорт салаларындағы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы мемлекеттік қызмет тұтынушыларына ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді;

      40) қалалық спорттық жарыстардың, басқада шаралардың жеңімпаздарын, спорттық мекемелердің қызметкерлерін, бапкер ұстаздар құрамын спорттық медальдармен, белгілермен, дипломдармен, грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапаттау мәселелерін белгіленген тәртіп бойынша шешеді;

      41) Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Бөлімді басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол бөлімнің жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.

      19. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) қала әкімі аппаратының бөлімдерінен, дербес бөлімдерінен,ауылдық округ әкімдері аппараттарынан ақпараттар, анықтамалар және басқа да қажетті материалдар сұрату;

      2) Қала әкімдігінің отырысына және басқа да мәжілістерге қатысу;

      3) Бөлім қызметкерлерін, бөлімге бағынысты мемлекеттік мекемелердің басшыларын Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес жұмысқа қабылдау және босату, марапаттау немесе жазалау шараларын қолдану;

      4) қызметкерлерге тапсырмаларды бөлу және оның орындалуын қадағалау;

      5) бөлімнен шығатын бұйрықтарға, басқа да шығыс құжаттарына қол қою;

      6) басқа да өзінің құзіреті шегіндегі мәселелерді өздігінен шешуге құқы бар.

      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, бөлімнің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бөлімнің қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі:

      1) "Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      2) "Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" мемлекеттік мекемесі;

      3) "Бұқаралық спортты дамыту спорт клубы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады