"Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2022 жылғы 21 қарашадағы № 230 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Ш. Жетпісбайға жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Д. Сатыбалды
      А.Ш. Жетпісбай
      Ә.Е. Тұрғымбеков
      С.А. Қалқаманов
      А.С. Сабитов
      Қ.Ә. Қайыпбек
      А.Б. Тасыбаев

  Түркістан облысы әкімдігінің
2022 жылғы 21 қарашадағы
№ 230 қаулысына қосымша

"Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарма құрылымы және штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданы, 32 көшесі, ғимарат 20, пошталық индексі 161200.

      10. Басқарманың құрылтайшысы Түркістан облысы әкімдігі болып табылады.

      11. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Мақсаттары:

      1) автомобиль жолдары және жол шаруашылығы, автомобиль көлігі салаларында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру;

      2) жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және жол шаруашылығы салаларындағы іс-шаралар жоспарларын іске асыру;

      3) экономиканың және тұрғындардың автомобильмен тасымалдауға және өзге де жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге деген мұқтажын қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау;

      4) өз құзіреті шегінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;

      5) жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен облысаралық тасымалдауларға байланысты жұмысты үйлестіру және реттеу;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген басқа да міндеттерді атқарады.

      15. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Басқармаға жүктелген функцияларын орындау үшін белгіленген тәртіпте тиісті мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, кәсіпорындардан қажетті мәліметтерді, деректерді алу мақсатында мемлекеттік органдармен, өзге де ұйымдармен өзара әрекеттеседі;

      Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сот органдарына жауапкер немесе талапкер болады;

      2) міндеттері:

      Түркістан облысы аумағында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдау.

      16. Функциялары:

      1) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастыру;

      2) елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілеріне дейін облыстық маңызы бар кірме автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау;

      3) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының желісін, елді мекендер көшелерін басқару;

      4) Түркістан облысының коммуналдық меншігіндегі жолдарды және жол кәсіпорындарын басқару;

      "4-1) коммуналдық меншіктегі әуеайлақтарды (әуежайларды) пайдалануды және күтіп-ұстауды қамтамасыз ету;

      4-2) жол органымен келісу бойынша жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында, елді мекендердің көшелерінде автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату;

      4-3) автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмысын ұйымдастыру қағидаларында айқындалған тәртіппен жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында, елді мекендердің көшелерінде автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      4-4) әлеуметтік маңызы бар ауданаралық (қалааралық облысішілік) және қала маңындағы теміржол қатынастары бойынша жолаушыларды тасымалдау жөніндегі қызметтерге бағалардың (тарифтердің) шекті деңгейлерін белгілеу";

      4-5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, деректерді басқару жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;

      5) облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекендердің көшелерін салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуін ұйымдастыру;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының жұмыстары мен қызметтер көрсетуін қаржыландыру;

      7) жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін өтеусіз уақытша пайдалануға беру бойынша облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу;

      8) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттарын әзірлейді және облыс әкімдігіне бекітуге ұсынады;

      9) елді мекендердің көшелерін күтіп ұстау, ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу кезінде орындалатын жұмыстар түрлерінің сыныптамасын әзірлейді және облыс әкімдігіне бекітуге ұсынады;

      10) жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға кiрме жолдарды және жалғасатын жолдарды салуды келіседі;

      11) сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуінде орналастыруды келісу;

      12) облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында жол бойындағы сервис объектілерін ұйымдастыру және дамыту;

      13) автомобиль жолдары жөнінде уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбелерін әзірлейді және облыс әкімдігіне бекітуге ұсынады;

      14) аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының тiзбелерiн келіседі;

      15) автомобиль жолдары жөнінде уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып, облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерін әзірлейді және облыс әкімдігіне бекітуге ұсынады;

      16) аудандық автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерін келіседі;

      17) облыстық маңызы бар жолдарда жол жүрiсiн реттеудің техникалық құралдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, енгiзу және күтiп ұстау жөнiндегi барлық жұмыс түрлерінің орындалуын және оларды бақылауды қамтамасыз етеді;

      18) жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) тасымалдаулар маршруттарын және қозғалыс кестелерін бекітеді;

      19) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық автомобильмен тасымалдау маршруттарын және жүру кестелерін заңнамада белгіленген тәртіппен келісу;

      20) автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметті бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;

      21) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен және ұлттық стандарттармен белгіленген талаптарға сәйкес болған кезде автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің тізіліміне енгізу;

      22) заңда белгіленген тәртіппен автовокзалдар, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдау;

      23) жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық), автомобильмен тасымалдау маршруттарының тiзiлiмiн жүргiзу;

      24) жолаушылар көлiгiн дамытудың кешендi схемасын және жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзiрлеу;

      25) жолаушыларды ауданаралық (облысішілік қаларалық) қатынастарда әлеуметтiк мәні бар тасымалдауларды жүзеге асыру кезіндегі тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауды жүзеге асыру;

      26) халықаралық және республикаiшiлік қатынастарда қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiн арнайы даярлау жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабарлама берген жеке және заңды тұлғалардың тізілімін жүргізу;

      27) мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдану;

      28) облыс аумағында жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

      29) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;

      30) жолдарда жол жүрісін қалпына келтіру үшін жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жою;

      31) Қазақстан Республикасының "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңнамасына сәйкес автомобиль көлігі саласында лицензиялауды жүзеге асыру;

      32) шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды есепке алу;

      33) шағын көлемді өздігінен жүзетін кемелерді басқару құқығына куәліктер беру;

      34) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) тасымалдауды ұйымдастыру, сондай-ақ оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар өткізу;

      35) ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы теміржол қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдаудың ұйымдастыру туралы шешім қабылдау;

      36) әлеуметтік маңызы бар ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы теміржол қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау;

      37) ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы темір жол қатынастарды айқындау;

      38) төтенше жағдайлар туындаған кезде әлеуметтік маңызы бар теміржол тасымалдарын уақытша тоқтату туралы шешімдер қабылдау;

      39) интеллектуалды көлік жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге маманданушы ұйымдар құру жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу;

      40) жол-көлік оқиғаларынан болған ысыраптың және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бюджет шығындарының, сондай-ақ жолдардағы авариялық деңгейін азайту үшін қолданылатын шаралар тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру;

      41) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 07.06.2024 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 24.10.2024 № 218 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарманың бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен әкімдігінің, жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес Басқарма қызметкерлерін, сондай ақ, қарамағындағы ұйымдардың басшыларын және олардың орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес Басқарма қызметкерлерінің, Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың басшыларының міндеттері мен уәкілеттіктерін анықтайды;

      5) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      6) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарма мүддесін ұсынады;

      7) келісім-шарттар жасасады;

      8) сенімхаттар береді;

      9) банкте шоттар ашады;

      10) өз уәкілеттігі шегінде барлық Басқарма қызметкерлеріне және қарамағындағы ұйымдардың басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      11) Басқарма қызметкерлеріне және қарамағындағы ұйымдардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сыйақы шараларын белгілейді және тәртіптік жаза қолдана алады;

      12) Басқарма басшысы қаржы-шаруашылық қызметіне және мемлекеттік мекеме мүлкінің сақталуы үшін жеке жауаптылықта болады;

      13) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      21. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі, оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарманың және қарамағындағы ұйымдарды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдар:

      Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Оңтүстік жолдары" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны;

      "Түркістан халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамы".

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 07.06.2024 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады