Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2013 жылғы 1 тамыздағы № 199 "Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 60 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 65-бабы 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2021 жылғы 21 қазандағы № 159-нқ бұйрығына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2013 жылғы 1 тамыздағы № 199 "Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы" қаулысына (2017 жылғы 21 қыркүйектегі № 242 қаулысымен енгізілген өзгерістерді есепке алып) мынадай өзгеріс енгізілсін және бекітілсін:

      көрсетілген қаулыға қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап жиырма күнтізбелік күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Н.С. Жұмаділовке жүктелсін.

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов

  Шығыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2022 жылғы "14" наурыздағы
№ 60 қаулысына
қосымша
  Шығыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2022 жылғы "14" наурыздағы
№ 60 қаулысымен
бекітілген

"Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) облыс аумағында құрылыс, сәулет және қала құрылысы қызметін мемлекеттік реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ тілінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Басқарманың егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін және Қазақстан Республикасының заңнамасына көзделген басқа да актілермен шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 070004, Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 27.

      9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және Шығыс Қазақстан облысының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, онда кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      1) адамның мекендейтін және тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыру, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамыту;

      2) облыс аумағында құрылыс, сәулет және қала құрылысы қызметін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүргізу.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген көлемде өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      ведомстволық бағынысты ұйымдарды құру, қайта құру және тарату жөнінде ұсыныстар енгізу;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес функцияларды жүзеге асырады.

      14. Функциялары:

      1) аумақтарда қала құрылысын жобалаудың (облысты немесе оның бір бөлігін аудандық жоспарлау жобасының) кешенді схемасын, облыс аумағындағы елді мекендердің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарларын іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;

      2) сәулет, қала құрылысы, құрылыс, құрылыс индустриясының өндірістік базасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қаланың бас жоспарының жобасын кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну үшін облыстық мәслихаттың қарауына енгізу;

      4) облыстық мәслихат мақұлдаған, халқының есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыру және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну;

      5) ведомстволық бағынысты әкімшілік-аумақтық бірлік аумақтарында қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларын), сондай-ақ қалалық мәслихаттар мақұлдаған, халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалаларды дамытудың бас жоспарларының жобаларын облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну;

      6) облыстық мәслихатқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ведомстволық бағынысты әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын белгілеу немесе өзгерту жөнінде қала құрылысынан туындайтын факторларға байланысты ұсыныстар енгізу;

      7) республикалық маңызы бар қалалардың оларды облыс аумақтары, резервтік аумақтар, қала маңындағы аймақ, сондай-ақ заң арқылы қала ықпал ететін аймаққа жатқызылған өзге де аумақтар есебінен дамыту бөлігіндегі бас жоспарларының жобаларын келісу;

      8) облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларын келісу;

      9) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысының өзгерістері туралы халыққа хабарлап отыру;

      10) елді мекендердің бекітілген бас жоспарларын (қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын, жоспарлау жобаларын) дамыту үшін әзірленетін қала құрылысы жоспарларын (егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, құрылыс жобаларын) бекіту және іске асыру;

      11) құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды салу, кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау туралы ұсыныстар енгізу;

      12) облыс аумағында сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау мемлекеттік органдарының жұмысына жәрдемдесу;

      13) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгізу үшін белгіленген тәртіппен ақпарат және (немесе) мәліметтер беру;

      14) халқының есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру;

      15) халықаралық және республикалық деңгейлердегі жарыстарды өткізуге арналған спорттық ғимараттарды жобалауға техникалық ерекшеліктері мен техникалық тапсырманы аккредиттелген республикалық спорт федерацияларымен келісу;

      16) жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын объектілердің және кешендердің құрылысының жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаларын қарау және бекіту;

      17) ведомстволық бағынысты аумақта объектілер мен кешендердің салынуы белгіленген объектілердің (реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, күрделі жөнделуі) мониторингін жүзеге асырады;

      18) өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды қалыптастыру және дамыту үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасау бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктерінің, қаладағы аудандар әкімдерінің жұмысын үйлестіреді;

      19) "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесін жүргізуді және толықтыруды қамтамасыз етеді;

      20) облыстық коммуналдық меншік объектілерін және облыстық маңызы бар әлеуметтік-мәдени объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша тапсырысшы болады;

      21) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй құрылысында үлестік қатысу объектілерін салу қатысушыларының қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;

      22) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен өзара қатынасты және серіктестікті жүзеге асырады;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

      24) жеке және заңды тұлғалар берілген габариттер, есептік қуат, технологиялық процестер, функционалдық мақсаты бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасында нормалары жоқ өзге де ерекше жағдайлар бойынша өзіндік параметрлері (сипаттамалары, қасиеттері) бар объектілерді жобалауы кезінде арнайы техникалық шарттарды келісімдеу.

3 тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі және құзыреті

      15. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      16. Басқарманың бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      17. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2) барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді, сот, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік (мемлекеттік емес) органдарда Басқарманың мүддесін білдіруге сенімхаттар береді;

      3) шарттар жасасады;

      4) Басқарманың барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      5) заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      6) Басқарма қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелейді және тәртіптік жаза қолданады;

      7) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, Басқарма қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қажетті шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;

      10) ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      11) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады