"Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 10 ақпандағы № 28 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 4 қазандағы № 241 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 65-бабы 3-тармағына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексіне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 14 қыркүйектегі № 216 "Жергілікті атқарушы органдардың құрылымы мен штат санының лимиттері туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 13 шілдедегі № 163 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулысы негізінде, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 10 ақпандағы № 28 "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      жоғарыда көрсетілген қаулымен бекітілген "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов

  Шығыс Қазақстан
облысы әкімдігінің
2022 жылғы 4 қазанлағы
№ 241 қаулысына қосымша

"Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау, өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, жеке кәсіпкерлік, жер қойнауын пайдалану, сауда, туризмді дамыту, сыртқы байланыстар саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Басқарманың егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін және Қазақстан Республикасының заңнамасына көзделген басқа да актілермен шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 070019, Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Максим Горький көшесі, 40.

      9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметін каржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және Шығыс Қазақстан облысының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2 тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      1) қолданыстағы заңнамада белгіленген шекте индустриялық-инновациялық дамыту, өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, сауда, туризмді дамыту, сыртқы байланыстар саласында жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) экономиканың басым секторларын дамыту процесінде мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген көлемде оған жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажет құжаттарды, ақпарат пен материалдарды мемлекеттік органдар мен ұйымдардан сұрау және алу;

      басымдықтарды, тұжырымдамаларды, нормативтік материалдарды, мақсатты бағдарламаларды, талдау шолулары мен болжамдарды әзірлеуге қатысу үшін қажетті жағдайларда ғылыми қызметкерлер мен мамандарды тарту;

      облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша облыстық коммуналдық мүлік құрамындағы акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлестерін иелену мен пайдалану құқықтарын жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды және міндеттерді жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес функцияларды жүзеге асырады.

      14. Функциялары:

      1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатының iске асырылуын жүзеге асырады;

      2) жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдайлар жасайды;

      3) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту және индустриялық-инновациялық даму саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және оған жауапты болады;

      4) өңiрде шағын және орта кәсiпкерлiк пен инновациялық қызметтi қолдау инфрақұрылымы объектiлерiн құру мен дамытуды қамтамасыз етедi;

      5) жергiлiктi атқарушы органдардың жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерiмен, Ұлттық палатамен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      6) сараптама кеңесінің қызметін ұйымдастырады;

      7) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді;

      8) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

      9) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты жылжытуды жүзеге асырады;

      10) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты дамыту үшін жағдайлар жасайды;

      11) Шығыс Қазақстан облысының аумағында индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;

      12) өңірлік кәсіпкерлер палатасының қатысуымен Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлікті қолдау картасын әзірлейді;

      13) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтеріне, индустриялық-инновациялық жүйе субъектілеріне әдістемелік, консультациялық, практикалық және өзге де көмек көрсетуге құқылы;

      14) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға экономиканың басым секторларын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      15) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және өңірлік маңызы бар актілердің жобаларын әзірлеушілердің, өңірлік палатаның және басқа да мүдделі тұлғалардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;

      16) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептер ұсынады;

      17) реттеушілік әсерді талдау қорытындыларымен келіспеген жағдайда реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді;

      18) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуы туралы ақпарат береді;

      19) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін және кен іздеушілікке жер қойнауын пайдалану құқығын береді;

      20) қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, мемлекеттік меншіктегі темір жолдарды салу (реконструкциялау) және жөндеу үшін, сондай-ақ гидроқұрылыстар мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау және жөндеу үшін пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларды жазбаша рұқсат беру арқылы барлауға немесе өндіруге құқық береді;

      21) жер қойнауын пайдаланушылардың кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге, кен іздеушілікке лицензиялар және "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттар шарттарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      22) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру, кен іздеушілік жөніндегі операциялардың жүргізілуіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      23) жер қойнауын пайдаланушылардың кен іздеушілік лицензиясында және "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген кен іздеушілік шарттарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      24) пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салуды реттейді;

      25) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салуға рұқсат береді;

      26) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге берілген лицензиялар және кен іздеушілікке берілген лицензиялар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      27) жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің өтуіне рұқсат береді;

      28) жылжымалы мүлік кепілін тіркеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығының кепілін (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) тіркеуді жүргізеді;

      29) жер қойнауын пайдалануға берілген лицензиялардың реестрін жүргізеді;

      30) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобының жұмысын ұйымдастырады;

      31) жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының жұмысын ұйымдастырады;

      32) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге келісімшарттар бойынша комиссияның жұмысын ұйымдастырады;

      33) келесі жер қойнауын пайдалану келісімшарттары және (немесе) лицензиялары бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі зерттеу және жұмыс нәтижелерін қабылдау үшін комиссия құрады:

      қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған лицензиялар бойынша;

      қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар бойынша;

      кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар бойынша;

      жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензиялар бойынша;

      кен іздеушілікке арналған лицензиялар бойынша;

      уран өндіру жөніндегі келісімшарттардан басқа, Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттар бойынша;

      Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттар бойынша;

      жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, мемлекет меншігіндегі теміржолдарды, гидроқұрылыстар мен гидротехникалық құрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу мақсатында пайдалану үшін кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған рұқсаттар бойынша;

      Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, пайдалы қазбаларды барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша;

      34) заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауы (дайындауы), сақтауы, қайта өңдеуі және өткізіуі жөніндегі қызметтің басталғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асырады;

      35) сауда саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді;

      36) өз құзыреті шегінде сауда қызметі субъектілерінің қызметін реттеуді жүзеге асырады;

      37) Шығыс Қазақстан облысының аумағында сауда қызметіне қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды әзірлейді;

      38) халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтері бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      39) халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативіне қол жеткізу жөніндегі шараларды әзірлейді және іске асырады;

      40) көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      41) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      42) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      43) Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген сыйақы мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      44) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін бекіту бойынша ұсыныстар енгізеді;

      45) Шығыс Қазақстан облысы аумағында туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және үйлестіруді жүзеге асырады;

      46) Шығыс Қазақстан облысы аумағында халықаралық ынтымақтастық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және үйлестіруді жүзеге асырады;

      47) туристік қызмет көрсету нарығына талдау жасайды және Шығыс Қазақстан облысы аумағында туризмнің дамуы туралы қажетті мәліметтерді туризм жөніндегі уәкілетті органға береді;

      48) облыстық туристік ресурстарды қорғау жөніндегі шараларды әзірлейді және енгізеді;

      49) Шығыс Қазақстан облысы аумағында туристік индустрия объектілерін жоспарлау және салу жөніндегі қызметті үйлестіреді;

      50) балалар мен жастар лагерлерінің, туристер бірлестіктерінің қызметіне және өз бетінше туризмнің дамуына жәрдем көрсетеді;

      51) туристік қызмет субъектілеріне туристік қызметті ұйымдастыруға байланысты мәселелерде әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;

      52) халықтың жұмыспен қамтылуын ұлғайту шарасы ретінде туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлікті дамытады және қолдайды;

      53) туристік ақпарат, оның ішінде туристік әлеует, туризм объектілері мен туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат береді;

      54) туристік ақпарат орталығын құрады;

      55) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес туроператорлық қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;

      56) гидті (аудармашы-гидті) кәсіптік даярлауды ұйымдастырады;

      57) уәкілетті органмен келісу бойынша туристік саланы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;

      58) туристтік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді;

      59) Шығыс Қазақстан облысының аумағында халықаралық ынтымақтақстық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және үйлестіруді жүзеге асырады;

      60) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3 тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері (бар болса)

      15. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      16. Басқарманың бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      17. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      2) Басқарма қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелейді және тәртіптік жаза қолданады;

      3) Басқарманың бұйрықтарына қол қояды;

      4) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, Басқарманың қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      5) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді, сот, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарда Басқарманың мүдделерін білдіруге сенімхаттар береді;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қажетті шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      7) ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы.

      "Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады