Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" Заңының 7-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына, 18-бабы 8-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 18 ақпандағы "Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы" №183 қаулысына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы "Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы" № 72 бұйрығына сәйкес, Катонқарағай аудандық мәслихаты ШЕШТI:
1. 2023 жылы Катонқарағай ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне келесі әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерлері:
1) жүз еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы;
2) тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бір мың бес жүз еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит ұсынылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы | Д. Бралинов |