"Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 8 шілдедегі № 133 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Мемлекеттік-мүлік-туралы" Заңдарын басшылыққа ала отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 6 қаңтардағы №7 "Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" және 2018 жылғы 11 желтоқсандағы №287 "Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 6 қаңтардағы №7 "Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы"мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулылары жойылсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Т.Ж.Меңдіғалиевқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Ғ. Есқалиев

  Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2022 жылғы 8 шілдедегі
№ 133 қаулысымен бекітілген

"Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы"
мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық -құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарманың, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 090000, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Х.Чурин көшесі, 116.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілермен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс,егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      Батыс Қазақстан облысының аумағында сәулет, қала құрылысы, құрылыс қызметі саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;

      Басқарма Батыс Қазақстан облысының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында инспекциялау, лицензиялау, аттестаттау жөніндегі міндеттерді жүзеге асырады.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгіленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпарат сұрату және алу;

      техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалардан танысу үшін осы құрылыс бойынша қажетті жобалау және атқарушылық техникалық құжаттаманы, сондай-ақ тиісті жобалардың сараптама қорытындысын сұрату және олардан алу;

      салынып жатқан объектілер конструкцияларының және қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының жобаның және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігіне зертханалық сынақтар жүргізу үшін тәуелсіз зертханаларды тарту құқығы беріледі;

      2) міндеттері:

      салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендерге кедергісіз бару және оларда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарын жедел инспекциялауды жүргізу;

      құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіле басталғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін, осы хабарлама алынған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей объектілер мен кешендерге бару;

      мемлекеттік нормативтерді бұзуға және (немесе) бекітілген жобалардан (жобалық шешімдерден) ауытқуға жол берілгендігі анықталған жағдайда мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы жол берілген бұзушылықтарды тапсырысшының (құрылыс салушының) және (немесе) мердігерлік құрылыс-монтаждау ұйымының (кәсіпорнының) белгіленген мерзімде жоюы туралы нұсқама шығарады;

      мемлекеттік нормативтерді бұзуға және (немесе) бекітілген жобалардан (жобалау шешімінен) ауытқуға жол берілгендігі анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы барлық субъектілермен орындауға міндетті нұсқамалар береді және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырады;

      15. Функциялары:

      1) Қазақстан Республикасынын Кәсіпкерлік кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңына сәйкес тексеру нысанында және өзге де нысандарда сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыру;

      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында лицензиар функцияларын жүзеге асыру;

      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру;

      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;

      5) салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан және пайдалануға берілген объектілердің мониторингі;

      6) жойылмайтын бұзушылықтарға жол берген, не жол берілген бұзушылықтарды белгіленген нормативтік мерзімде жоймаған заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген шараларды қолдану;

      7) техникалық және авторлық қадағалаулар қызметіне бақылауды жүзеге асыру;

      8) объектiлерді салу кезінде тапсырыс берушiнiң (меншік иесiнiң) техникалық және авторлық қадағалауларды ұйымдастыруына және жүзеге асыруына бақылауды жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады және басқарады, Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

      2) Басқарма бөлімдері басшылары мен қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;

      3) сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;

      4) Басқарманың қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      5) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарманың қызметкерлерін ынталандыру, материалдық көмек көрсету, оларға тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      6) Басқарманың бөлімдері туралы ережелерді, қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      7) өз құзыреті шеңберінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;

      8) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді;

      9) гендерлік саясат мәселелері жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;

      10) белгіленген тәртіппен қаржы-экономикалық және шаруашылық қызмет мәселелерін шешеді, бюджет қаражатының тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылайды;

      11) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің, бағдарламалар жобаларының және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады