"Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 29 шілдедегі № 146 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары А.К.Утегуловқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Ғ.Есқалиев

  2022 жылғы 29 шілдедегі № 146
Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің қаулысымен
бекітілген

"Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1 – тарау. Жалпы ережелер

      1. "Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары болмайды.

      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекiтiледi.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: индексі 090000, Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Қ.Аманжолов көшесі, 75.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі

2-тарау. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      астық нарығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      өсімдіктерді қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдарда, сотта Басқарманың мүддесін білдіреді;

      өз құзыреті шегінде шарттар, келісімдер жасайды.

      2) міндеттері:

      Батыс Қазақстан облысының аумағында ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу, дамудың негізгі бағыттары жөніндегі ұсыныстарды облыс әкімдігінің және әкімінің қарауына енгізеді;

      мемлекеттiк органдардың, лауазымды тұлғалардың, ұйымдар мен азаматтардың келісімі бойынша, белгiленген тәртiппен Басқарманың алдына қойылған міндеттерді орындаумен байланысты мәселелер жөніндегі ақпаратты сұратады және алады;

      агроөнеркәсіптік кешен, астық нарығы, асыл тұқымды мал шаруашылығы, тұқым шаруашылығы, өсімдіктер карантині мен өсімдіктерді қорғау саласында мемлекеттік саясатты жүргізуге қажетті іс – шараларды өткізу және ұйымдастыру үшін, сондай-ақ өзге де жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті ақпараттарды сұратады.

      15. Функциялары:

      Қазақстан Республикасының "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңына және осы саладағы басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес агроөнеркәсіптік кешен субъектілерiн мемлекеттiк қолдау жөнiнде ұсыныстар әзiрлейді;

      агроөнеркәсiптiк кешенді дамыту саласындағы мемлекеттiк техникалық инспекцияны жүзеге асырады;

      агроөнеркәсiптiк кешен салаларын мамандармен қамтамасыз ету, агроөнеркәсiптік кешен кадрларын даярлау, қайта даярлау және олардың бiліктілігін арттыруды ұйымдастыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;

      шығарылатын өнiм түрлерi бойынша өңiрлiк көрмелер, жәрмеңкелер ұйымдастырады;

      "Агроөнеркәсіптік кешендегі үздік кәсіп иесі" конкурсын ұйымдастырады;

      агроөнеркәсiптiк кешен өнiмiнің саудасы бойынша көтерме базарларды ұйымдастырады;

      азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйі, бағалардың және агроөнеркәсіптік кешен өнімдері нарықтарының мониторингін жүргізеді;

      азық-түлік тауарларын сатып aлу бағдарламаларына қатысушыларды анықтау жөнiндегi комиссиялардың жұмысын ұйымдастырады;

      өңірдің агроөнеркәсіптiк кешен саласындағы инновациялық тәжiрибенi тарату және енгізу жөнiндегі іс-шараларды жүзеге асырады;

      жоғары сыныпты асыл тұқымды малды сатып алу, күту және өз төлi есебінен кең ауқымда өсiру үшін мал басын молықтыратын төл өсiрудi ұйымдастырады;

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындаған тізбе мен тәртіпке сәйкес зиянды организмдерге қарсы күрес жөнінде іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз етеді;

      тиісті өңірде азық-түлік тауарлары қорларын есепке алуды жүргізеді және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органға есептілік ұсынады;

      агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру кезіндегі комиссияның бір бөлігінің және қарыздарын сақтандыру кезіндегі сақтандыру сыйақыларының бір бөлігінің орнын толтыруды жүзеге асырады;

      агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде шеккен шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыруды жүзеге асырады;

      кепілдендірілген сатып алу бағасы және сатып алу бағасы белгіленетін, сатып алынатын ауылшаруашылық өнімі субсидияларының нормативін әзірлеуді жүзеге асырады;

      қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім шығаруы үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялауды жүзеге асырады;

      ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одақтарының ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ішкі аудитін жүргізуге арналған шығындарын субсидиялауды жүзеге асырады;

      мыналар:

      агроөнеркәсіптiк кешен салаларына инвестициялар мен екiншi деңгейдегi банктердің кредиттерiн тарту;

      бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi қалыптастыру және дамыту, оларды жаңғырту және сапа менеджментiнiң халықаралық жүйесiне көшiру үшiн жағдай жасау;

      мамандандырылған мал шаруашылығы қожалықтарының өсуi үшiн жағдай жасау бойынша iс-шаралар әзiрлейді;

      бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жобалардың тізбесін жасайды;

      агроөнеркәсiптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк жүйесiнiң жұмыс iстеуi мен дамуы үшін жағдай жасайды;

      ішкі және сыртқы азық-түлiк нарықтарындағы ахуалды зерделейді және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің тиісті ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      агроөнеркәсіптік кешеннің жай-күйi мен дамуы туралы ақпаратты агроөнеркәсіптiк кешендi дамыту мәселелерi жөнiндегі уәкілеттi мемлекеттiк органдарға береді;

      әкімшілік-аумақтық бірліктің азық-түлікпен қамтамасыз етілу теңгерімін жасайды;

      азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану үшін мамандандырылған ұйымдардан қызметтер сатып алуды жүзеге асырады;

      ауыл шаруашылығы малын, техниканы және технологиялық жабдықты сатып алуға кредит беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды жүзеге асырады;

      агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды жүзеге асырады;

      өсiмдiк шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау бойынша шараларды жүзеге асырады;

      ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету үшін азық-түлік астығын өткізу кезінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияның шеккен шығыстарын өтеуді субсидиялауды жүзеге асырады;

      ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;

      акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауды жүзеге асырады;

      асыл тұқымды малдың мемлекеттік тіркелімін жүргізеді және басып шығарады;

      республикалық палаталардың және мал шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын ескере отырып, көрсетілген мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты шегінде асыл тұқымдық өнiмге (материалға) арналған субсидияларды бөледі;

      бекітілген нысандар бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы деректердің есебін жүргізеді;

      асыл тұқымды малдың, оның ішінде тектік қоры шектеулі тұқымдардың тектік қорын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған іс-шараларды субсидиялауды жүзеге асырады;

      астық қолхаттарын беру арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;

      табиғи-климаттық жағдайларды және нарық конъюнктурасын ескере отырып, астық өндірісі құрылымын оңтайландырады, астық өндірудің, сақтаудың және өткізудің жаңа озық технологияларын жетілдіреді және енгізеді;

      бюджеттік бағдарламаларға сәйкес отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұқым, минералдық тыңайтқыштардың және пестицидтердің құнын арзандатуды жүзеге асырады;

      ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне қажеттіліктерін уақтылы қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдауын жүзеге асырады;

      астық қабылдау кәсіпорындарына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады:

      Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданылуын тұтастай немесе жекелеген операцияларды жүзеге асыру бөлігінде алты айға дейінгі мерзімге тоқтатуды жүзеге асырады;

      Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес астық қабылдау кәсіпорындарының астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу, астықты сақтау, астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларының сақталуына бақылау жүргізеді;

      Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасының бұзылуы туралы нұсқамалар береді, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды;

      әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінде астық нарығын мониторингтеуді жүзеге асырады;

      астық қауiпсiздiгi мен сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      "Астық туралы" Заңының 28-бабының 2-тармағында көзделген негіздер болған кезде астық қабылдау кәсіпорнынан астықты көліктің кез келген түрімен тиеп жөнелтуге тыйым салады;

      астық қолхаттары тізілімінің деректеріне сәйкес астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу және астықтың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау тұрғысынан астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін инспекциялауды (тексеруді) жүзеге асырады;

      астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу және мерзімінен бұрын аяқтау туралы сотқа арыз береді;

      астық нарығына қатысушылардың астығының нақты бар-жоғы мен сапасын және оның есепті деректерге сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады;

      астықтың сандық-сапалық жай-күйіне бақылау жүргізеді;

      астық қолхаттарын ұстаушыларға астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару жөніндегі комиссияның құрамына енгізу үшін кандидатуралар ұсыну туралы хабарлама жібереді;

      астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      уәкілетті органның қарауына элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарының элиталық тұқымдарды өндіру мен өткізу көлемі жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      тұқым шаруашылығы субъектілеріне уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті куәлік бере отырып, оларды аттестаттауды жүргізеді;

      рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізеді;

      облыс бойынша тұқымдар баланстарын жасайды;

      ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органға ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы саласындағы қажетті ақпарат беруді қамтамасыз етеді;

      құзыреті шегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сақтандыру және ауыспалы тұқым қорларын қалыптастыруына жәрдемдеседі;

      бастапқы, элиталық тұқым шаруашылығын жүргізу және ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын жаппай көбейту схемалары мен әдістері бойынша ұсыныстар енгізеді;

      сұрыптық және тұқымдық бақылауды, сұрыптық егiстіктердi байқаудан өткiзуді, топырағын бағалауды, зертханалық сұрыптық сынақтарды, тұқым сапасына сараптама жүргізу тәртібінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      тиісті аумақта тұқым ресурстарының мониторингін жүзеге асырады;

      Қазақстан Республикасының "Тұқым шаруашылығы туралы" Заңының 6-1 бабының 12) тармақшасына сәйкес айқындалатын квоталар шегінде субсидиялауға жататын тұқымдарды өткізудің шекті бағасын белгілеу бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      субсидиялауға жататын тұқымдардың әрбір түрі бойынша жыл сайынғы квоталарды:

      тұқым шаруашылығы саласында аттестатталған әрбір субъект үшін – бірегей тұқымдар бойынша;

      әрбір әкімшілік-аумақтық бірлік үшін – элиталық тұқымдар бойынша айқындайды;

      субсидияланған бiрегей және элиталық тұқымдардың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;

      байқаудан өткiзушiлер мен тұқым сарапшылары кадрларын даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;

      ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi тұқымдарының сұрыптық және егістік сапасына сараптама жүргiзу жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспектордың ұсынысы негізінде:

      субъектiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыруға құқығын куәландыратын аттестаттау туралы куәлігінің қолданысын;

      тұқымдардың сұрыптық және егістік сапаларына сараптама жүргiзу жөніндегі қызметті тоқтата тұрады;

      мыналар:

      пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіру (формуляциялау);

      пестицидтерді (улы химикаттарды) өткізу;

      пестицидтерді (улы химикаттарды) аэрозольдық және фумигациялық тәсілдермен қолдану жөніндегі қызметті лицензиялайды;

      карантинді объектілердің таралуының есебін жүргізеді және уәкілетті орган мен мүдделі тұлғаларға ақпарат береді;

      мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау объектілерінде осы объектілердің иелері – жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізуін ұйымдастырады;

      уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша тиiстi аумақтарда карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндi аймақты белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы шешiм қабылдауды жүзеге асырады;

      Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасайды;

      жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына есеп береді;

      өз құзыреті шегінде мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін бiлдiредi;

      еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      бөлім басшыларының міндеттерін анықтайды;

      стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді; 

      Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

      өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік және қаржы құжаттамасына қол қояды;

      бөлімдердің ережелерін бекітеді;

      шарттар жасасады;

      сенімхаттар береді;

      мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз Басқарманың мүддесін білдіреді;

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;

      Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      облыс әкімдігі мен әкімінің актілері мен тапсырмаларын орындайды;

      өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

      қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;

      жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалайды.

4-тарау. Басқарманың мүлкі

      21. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады