"Қарасай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 19 қаңтардағы № 33-8 шешімі

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылдың 3 желтоқсанындағы "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" №704 Жарлығының 79-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына сәйкес, Қарасай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. "Қарасай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда бекітілсін.

      2. Қарасай аудандық мәслихатының 2022 жылғы 13 мамырдағы "Қарасай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережені бекіту туралы" № 19-4 шешімі жойылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Қарасай аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Қордай Әбілбековке жүктелсін.

      Қарасай аудандық мәслихатының төрағасы Б. Айнабеков

  Қарасай аудандық мәслихатының 2023 жылғы "_19_" қаңтардағы № 33-8 шешіміне қосымша

1-тарау. Жалпы ережелері

      1. "Қарасай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мәслихат аппараты), Қарасай аудандық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.

      3.Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мәслихат аппараты мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қарасай аудандық мәслихаты төрағасының өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 040900, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Абылайхана көшесі №213.

      10. Мекеменің атауы:

      толық:

      мемлекеттік тілде: "Қарасай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі.

      орыс тілінде: Государственное учреждение "Аппарат Карасайского районного маслихата".

      қысқаша:

      мемлекеттік тілде: "Қарасай аудандық мәслихатының аппараты" ММ.

      орыс тілінде: ГУ "Аппарат Қарасайского районного маслихата".

      11. Осы ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      13. Мәслихат аппараты кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер мәслихат аппаратына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Мақсаттары:

      1) аудандық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының тиімді қызметін қамтамасыз ету;

      2) аудандық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының, ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз ету;

      3) аудандық мәслихаттың және оның органдарының бақылау функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету.

      15. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан жоспарланып отырған аудандық мәслихаттың сессияларының және тұрақты (уақытша) комиссиялардың отырыстарының күн тәртібіндегі мәселелер, бойынша ақпаратты сұрау;

      депутаттардың сауалдарын және депутаттық ұсыныстарды уақытылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге сауалдар жіберу;

      2) міндеттері:

      1) аудандық мәслихатына жолданған заңды және жеке тұлғалардың өтініштерінің орындалу мерзімі мен нәтижесін бақылауды жүзеге асыру;

      2) аудандық мәслихат сессияларын және тұрақты комиссиялардың отырыстарын хаттамалауды қамтамасыз ету.

      16. Функциялары:

      1) мәслихат депутаттарына ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдау қызметтерін көрсету;

      2) аудандық мәслихаттың қарауына енгізілген нормативтік құқықтық актілердің және өзге де шешімдер жобаларының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келуін қадағалау, аудандық мәслихатпен қабылданған нормативтік құқықтық актілерге мониторинг жүргізу;

      3) аудандық мәслихаттың қызметін қамтамасыз ету шығындарын айқындау, іс-сапар шығындарын өтеу, депутаттарды қажетті кеңсе құралдарымен және депутаттық қызметті атқару үшін өзге де тауарлармен қамтамасыз ету;

      4) аудандық мәслихаттың және оның органдарының қызметі туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды ұйымдастыру, аудандық мәслихат қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілерді жариялау;

      5) түскен ақпаратты, атқарушы органдар басшыларының есептерін жинақтау, талдау, талдау материалдарын әзірлеу;

      6) мәслихаттың ресми сайтын аудандық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметі туралы қажетті ақпаратпен толықтыру;

      7) аудандық мәслихат аппараты қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылатылуын және қайта даярлануын қамтамасыз ету;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен мәслихат аппаратына жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      9) тұрақты және уақытша комиссиялардың отырыстарына қатысу, депутаттарға шешімдердің жобаларын, комиссиялардың қорытындылары мен мәслихат шешімдерін дайындау мәселелерінде көмек көрсету;

      10) мәслихаттың нормативтік-құқықтық сипаттағы шешімдерін ресімдеу және әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге ұсыну.

      Мақсаттар мен өкілеттіктерді іске асыру мемлекеттік органдар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттер шегінде жүзеге асырылады.

3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Мәслихат аппаратына басшылықты мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын мәслихаттың төрағасы жүзеге асырады.

      18. Мәслихат төрағасының сессиясында депутаттар арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен сайлайды және қызметінен босатады.

      19. Аудандық мәслихат төрағасының орынбасарлары болмайды.

      20. Аудандық мәслихат төрағасының өкілеттігі:

      1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етедi, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;

      2) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;

      3) мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;

      4) мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегі жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;

      5) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтiнiштердiң қаралуын бақылайды;

      6) мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      7) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;

      8) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;

      9) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселеге бастамашылық еткен мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;

      10) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;

      11) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестiреді;

      12) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;

      13) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi;

      14) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңында, Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихат регламенті мен шешімінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды;

      Аудандық мәслихат төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 5-тармағына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      21. "Қарасай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мәслихат төрағасы қызметке тағайындалатын және қызметтен босататын мәслихаттың аппарат басшысы басқарады.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкінің болу мүмкін.

      Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мәслихат аппараты, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады