"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 40-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Т.Рысқұлов аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қоса беріліп отырған "Жамбыл облысы Т.Рысқұлов аудандық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Т.Рысқұлов аудандық мәслихат аппаратының басшысына жүктелсін.
3. Осы шешім қол қойылғаннан кейін күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мәслихат төрағасы | Е. Абуталипов |
Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының 2023 жылғы 04 қазанында № 9-11 шешімімен бекітілген |
"Жамбыл облысы Т.Рысқұлов аудандық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Жамбыл облысы Т.Рысқұлов аудандық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мәслихат аппараты) Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.
3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мәслихат аппараты ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы мемлекеттік тілінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Т.Рысқұлов аудандық мәслихаты төрағасының өкімдерімен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, құлан ауылы, Жібек жолы көшесі 75, пошталық индекс 080900.
10. Осы ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
11. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Мәслихат аппараты кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
"Жамбыл облысы Т.Рысқұлов аудандық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің миссиясы - мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ету.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан ақпарат, анықтамалар, есептер, шешімдер жобалары, нормативтік құқықтық актілер жобаларының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтер сұрату;
аудандық мәслихат шешімдерінің енгізілген жобалары бойынша қажетті келісулер және өткізілетін сессиялардың, тұрақты (уақытша) комиссиялардың отырыстарының күн тәртібі мәселелері бойынша өзге де құжаттамалар сұрату;
мәслихат депутаттарынан олардың қызметі жөніндегі мәселелері бойынша мәліметтер, ақпаратар сұрату;
мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін, аудандық мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерді пысықтауға қатысуға тарту.
2) міндеттері:
аудандық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық, материалдық-техникалық қызметін қамтамасыз ету;
аудандық мәслихат қабылдайтын шешімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін қамтамасыз ету;
аудандық мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметі туралы халықтың хабардар болуын қамтамасыз ету;
аудандық мәслихаттың және оның органдарының бақылау функцияларын іске асыруды қамтамасыз ету;
аудандық мәслихаттың сессияларының және тұрақты комиссиялардың отырыстарының хаттамаларының жүргізілуін қамтамасыз ету;
депутаттардың сауалдарын және депутаттық ұсыныстарды уақытылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге сауалдар жіберу;
аудандық мәслихатқа жолданған жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің орындалу мерзімі мен нәтижелеріне бақылауды жүзеге асыру;
аудандық мәслихаттың ақпараттық жүйесін жетілдіру;
15. Функциялары:
аудандық мәслихат депутаттарына ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдау қызметтерін көрсету;
аудандық мәслихаттың қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілер жобаларының және басқа да шешімдер жобаларының қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін бақылау;
аудандық мәслихат қабылдаған нормативтік құқықтық актілердің мониторингін жүзеге асыру;
аудандық мәслихат қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілерді жариялау;
аудандық мәслихаттың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығындарды анықтау, іссапар шығындарын өтеу, депутаттарды қажетті кеңсе құралдарымен және депутаттық қызметті жүзеге асыру үшін өзге де тауарлармен қамтамасыз ету;
келіп түскен ақпаратты, атқарушы органдар басшыларының есептерін жинау, талдау, депутаттардың алдында өз қызметі туралы есеп беретін мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері туралы анықтамаларды дайындау;
мәслихаттың ресми сайтын аудандық мәслихаттың қызметі туралы қажетті ақпаратпен толықтыру;
Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды жоспарлау;
аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жіберу.
3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Аудандық мәслихат аппаратын басқаруды Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының төрағасы жүзеге асырады, ол мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Аудандық мәслихаттың төрағасы тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн лауазымды адам болып табылады. Оны мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшiлiк даусымен мәслихат сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихаттың төрағасы мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiне сайланады.
18. Аудандық мәслихат төрағасының орынбасарлары жоқ.
19. Аудандық мәслихат төрағасының өкілеттіктері:
1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етедi, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;
2) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;
3) мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегі жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;
5) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтiнiштердiң қаралуын бақылайды;
6) мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
7) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;
8) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;
9) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңның (бұдан әрі - Заң) 24-бабының 1-тармағына сәйкес әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселеге бастамашылық еткен мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;
10) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;
11) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестiреді;
12) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;
13) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихат регламенті мен шешімінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Аудандық мәслихаттың төрағасы болмаған кезде оның өкілеттігін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.
20. Мәслихат аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға сайланатын және лауазымнан босатылатын мәслихат төрағасы басқарады.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мәслихат аппаратының өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.