БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 5 қазандағы № 554 бұйрығының;
2) "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылдың 5 қазандағы № 554 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 2 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны мемлекеттік және орыс тілдерінде электрондық нысанда Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Көлік министрі |
М. Қарабаев |
Бұйрығымен бекітілген |
"Қазақстан Республикасы Көлік министрлiгiнiң Автомобиль жолдары комитетi" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінiң Автомобиль жолдары комитетi" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрi - Комитет) автомобиль жолдары саласында басшылықты жүзеге асырады.
2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң актілеріне, өзге де нормативтiк құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы қазақ тiлінде көрсетілген мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
5. Комитет заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Комитет өз құзыретiнің мәселелері бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Комитеттің басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Комитеттiң орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, "Транспорт Тауэр" ғимараты.
9. Комитеттiң толық атауы:
қазақ тілінде – "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетi" республикалық мемлекеттiк мекемесі;
орыс тілінде – Республиканское государственное учреждение "Комитет автомобильных дорог Министерства транспорта Республики Казахстан".
10. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерімен Комитеттiң өкілеттіктері болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысынан шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық актілермен кіріс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда мұндай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджеттiң кірісіне жiберiледi.
2-тарау. Комитеттің міндеттері, құқықтары мен міндеттемелері, функциялары
13. Комитеттің міндеттері:
1) автомобиль жолдары мен жол қызметі саласында бірыңғай мемлекеттік және ғылыми-техникалық саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
2) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желісін құру және дамыту жөніндегі қызметті үйлестіру;
3) автокөлiк жолдарын дамытуды, сақтауды, жөндеудi және күтiп ұстауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын жол қызметiн басқару;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол саласын қаржыландыру көздері мен мөлшерін анықтау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
5) автомобиль жолдарын дамыту және пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуға қатысу;
6) жол саласында инвестициялық және әлеуметтік саясатты іске асыру;
7) жол қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу;
8) Қазақстан Республикасының экономикасы мен қорғаныс қабілетін нығайту міндеттеріне сәйкес жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын дамытуды мемлекеттік жоспарлау;
9) жобалау саласында қабылданған нормалар мен ұлттық стандарттардың, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп-ұстау кезiнде талап етiлетiн сапаның сақталуын қамтамасыз ету;
10) автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтiп ұстау мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде және Қазақстан Республикасының Министрінің бұйрықтарында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
14. Комитеттің құқықтары мен міндеттемелері:
1) заңнамада белгіленген тәртіпте Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпаратты және материалдарды сұратады және алады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды енгізеді;
3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге іс-шаралар өткізеді;
4) қызметтің жетекшілік ететін бағыттары бойынша консультациялық-кеңесші органдар (жұмыс топтары, комиссиялар, кеңестер) құру жөнінде ұсыныстарды енгізеді;
5) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартады;
6) Комитетке жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін сақтайды;
8) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндіруді жүзеге асырады;
9) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және мемлекеттік органдардың ресми сұрау салуы бойынша қажетті материалдар мен анықтамаларды өз құзыреті және заңнама шегінде ұсынады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық соттарда Комитеттің мүдделерін білдіреді;
11) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолдана отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасайды және істерді қарайды;
12) Комитеттің теңгерімінде тұрған мемлекеттік меншікті сақтауды қамтамасыз етеді;
13) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізеді;
14) бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасайды және Министрлікке ұсынады;
15) Комитеттің персоналды басқарудың тұтас жүйесін қалыптастырады; Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттарды толық, уақтылы және тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді;
16) мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізеді;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.
15. Функциялары:
1) Комитеттің құзыреті шегінде реттеу және іске асыру функцияларын жүзеге асыру және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысу;
2) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау, диагностикалау, паспорттау және аспаптық зерттеп-қарау жөніндегі жұмыстарды іске асыру мен қаржыландыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
3) автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау жөніндегі жұмыстарға жұмсалатын шығындарды қаржыландырудың ғылыми негізделген нормативтерін әзірлеу;
4) автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;
5) автомобиль жолдары саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды бекіту;
6) автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу және жол автивтерін басқару кезінде орындалатын жұмыс түрлерінің сыныптамасын бекіту;
7) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын мемлекеттік есепке алуды жүзеге асыру;
8) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттарын, тізбесін, олардың атаулары мен индекстерін, оның ішінде қорғаныстық мақсатта пайдаланылатын автомобиль жолдарының тізбесін әзірлеу және бекіту;
9) мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде Ұлттық операторды қаржыландыру;
10) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін қаржыландыру;
11) халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуін ұйымдастыру;
12) жобалау саласында қабылданған нормалар мен ұлттық стандарттардың, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп-ұстау кезiнде талап етiлетiн сапаның сақталуын қамтамасыз ету;
13) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын және ақылы автомобиль жолдарын (учаскелерін) жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
14) жол дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
15) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары жол инфрақұрылымы қауіпсіздігінің мониторингі жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
16) автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жасау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру жатады;
17) жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуін ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
18) автомобиль жолдарын, қорғаныстық маңызы бар жолдарды пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;
19) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын жөндеуді, күтіп-ұстауды және жол қызметін басқаруды қаржыландыру нормативтерін әзірлеу және бекіту;
20) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртiбi мен шарттарын әзірлеу және бекiту;
21) астананың, республикалық маңызы бар қалалардың көшелерін, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу мен күтіп-ұстауды қаржыландыру нормативтерін бекіту;
22) автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу және бекіту;
23) автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
24) автомобиль жолдары жол инфрақұрылымы қауіпсіздігінің мониторингі қағидаларын әзірлеу және бекіту;
25) жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер құнын айқындау, сондай-ақ автомобиль жолдарының жол активтерін басқару әдістемесін әзірлеу және бекіту;
26) автомобиль жолдарының (көпiр өткелдерiнiң) учаскелерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беру жөнiндегі ұсыныстарды, оларды пайдалану тәртібі мен шарттарын, олармен жүрiп өту үшiн мөлшерлемелердің мөлшерiн әзiрлеу;
27) халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу, диагностикалау және паспорттау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес автожол саласының нормативтік-техникалық базасын жетілдіру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
28) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылдау;
29) меншік нысандарына қарамастан, жол секторының жұмыс істеу тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, сондай-ақ жол қызметіндегі ұлттық стандарттарды, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жөніндегі және облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басым өлшемшарттарын әзірлеу;
30) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекара бөлімдерінің (бөлімшелерінің) ғимараттары мен құрылысжайларын, сондай-ақ Мемлекеттік шекара арқылы автомобиль өткізу пункттерін жобалауды және салуды ұйымдастыру;
31) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының қызметін үйлестіру;
32) автожол саласын ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту және сүйемелдеу бойынша ұйымдастыру.
3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру кезіндегі Комитет төрағасының мәртебесі және өкілеттіктері
16. Комитетті басқаруды Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты басшы жүзеге асырады.
17. Комитеттің төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
18. Комитеттің төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
19. Комитеттің төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
20. Комитеттің төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4-тарау. Комитеттiң мүлкi
21. Комитетте заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкінің болуы мүмкін.
Комитет мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қарастырылады.
22. Комитетке бекітілген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Комитеттің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
"Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" акционерлік қоғамы;
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы;
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.