ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 15.05.2023 бастап қолданысқа енгізіледі.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 2 наурыздағы № 52 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарды қамтамасыз етсін:
1) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберу;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру;
3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдау.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2023 жылғы 15 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы |
Е. Еркінбаев |
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет және Министрлік тиісінше) туристік қызмет, ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі салаларында басшылықты жүзеге асырады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тілінде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Егер оған сәйкес уәкілеттік берілсе, Комитеттің мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы ретінде қатынасуына құқығы бар.
6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Комитеттің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, № 8 үй, "Министрліктер үйі" ғимараты, 15-кіреберіс.
9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті" мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Комитеттің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері
13. Мақсаттары:
1) туристік қызмет саласындағы, ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
2) туристік қызмет, ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі саласындағы басшылықты, салааралық үйлестіруді және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру;
3) құзыреті шегіндегі Комитетке жүктелген өзге де міндеттер.
14. Құқықтары мен міндеттері:
1) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен құқықтық актілер қабылдауға;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
3) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;
4) мемлекеттік қызмет алушылардың мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы хабардар болуын қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау жөніндегі уәкілетті органға, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргізу үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға тиісті ақпарат беруге қатысу;
6) мемлекеттік қызмет алушылардың шағымдары мен өтініштерін қарау;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;
8) осы Ережеге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитетке жүктелген функцияларды уақтылы және сапалы орындау;
9) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
15. Комитет функциялары:
1) Комитетпен реттелетін салалардағы нормативтік-құқықтық актілерді және құқықтық актілерді, келісімдерді, меморандумдарды және шарттарды әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану тәжірибесін жинақтау және оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
2) өз құзыреті шегінде туристік қызмет саласындағы халықаралық шарттарды әзірлейді, жасасады және орындайды, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және халықаралық іс-шараларда мемлекеттің туризм саласындағы мүдделерін білдіреді және олардың жұмысына қатысады;
3) мүдделi министрлiктермен және басқа да атқарушы органдармен бiрлесiп, туристердiң қорғалуы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
4) Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-3-бабында көзделген Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі субъектілерінің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету;
5) Министрліктің Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің функцияларын жүзеге асыратын заңды тұлғаны айқындау бойынша конкурсты өткізуі;
6) туристiк салаға инвестициялар тарту жөнiндегi бiрыңғай саясатты қалыптастыруға және iске асыруға қатысу;
7) туристік қызмет саласындағы салааралық және өңіраралық үйлестіруді, туристік қызметті жүзеге асыратын отандық, шетелдік және халықаралық туристік, қоғамдық және басқа да ұйымдармен және тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру;
8) техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе отырып, туристік қызмет саласындағы стандарттау аясындағы қызметті реттеу;
9) Қазақстан мен оның туристік мүмкіндіктері туралы ақпаратты халықаралық туристік нарықта және мемлекет ішінде, оның ішінде туристік қызмет саласындағы республикалық және халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу жолымен тарату;
10) туристiк қызметтi жүзеге асыратын тұлғаларды және туристердi уақытша болатын елдегi (жердегi) ықтимал қауiптер туралы хабардар ету;
11) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес турагенттердің, гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының қызметті бастағаны туралы хабарлама берген мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;
12) туроператордың шығу туризм саласындағы туристі міндетті сақтандыру шартын жасау жөніндегі міндеттерді орындауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
13) Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
14) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы заңнаманың белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;
15) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап-арыздар беру;
16) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша әрекеттерді жүзеге асыру туралы Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің шешімін келісу;
17) "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңына және Қазақстан Республикасының "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңнамасына сәйкес ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
18) ойын бизнесін ұйымдастырушы ұсынатын есептілікті жинауды және талдауды жүзеге асыру;
19) өзі айқындайтын тәртіппен ақпаратты жүйелі түрде жинауды және интернет-ресурстардың мазмұнын интернет-казино белгілерінің болуы - болмауы тұрғысына талдауды жүзеге асыру;
20) тотализаторлар мен букмекер кеңселері кассаларының тізілімін жүргізеді;
21) лицензиардың электрондық тізілімін жүргізу;
22) ойын бизнесін ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын сақталуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
23) ойын бизнесін ұйымдастырушының "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын әзірлейді;
24) ойын бизнесін ұйымдастырушының есептілікті ұсыну нысанын, ойын бизнесін ұйымдастырушы ұсынатын есептілікті жинауды және талдауды жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу;
25) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін әзірлеу;
26) туристік қызмет саласындағы әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанды әзірлеу;
27) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын, тексеру парақтарын әзірлеу;
28) туристік қызмет көрсетуге арналған үлгілік шартты әзірлеу;
29) туризм саласындағы мамандарды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптарды әзірлеу;
30) Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын турагенттік қызметтің басталуы, гид, экскурсовод және туризм нұсқаушысының қызметі туралы хабарламаға қосымша үшін мәліметтер нысандарын әзірлеу;
31) Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризм саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі функцияларын жүзеге асыратын заңды тұлғаны айқындауы бойынша конкурс өткізу қағидаларын әзірлеу;
32) тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техника сатып алу бойынша кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу;
33) кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларын әзірлеу;
34) Қазақстан Республикасының аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуеде тасымалдау кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау қағидаларын әзірлеу;
35) әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау қағидаларын әзірлеу;
36) кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу;
37) туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізушінің орнын қоспағанда, отыруға арналған сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу;
38) туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу;
39) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
40) туроператорлық қызметке қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу;
41) лотереяларды өткізу қағидаларын әзірлеу;
42) туристерді орналастыру орындарын жіктеу қағидаларын әзірлеу;
43) туристік көрсетілетін қызметтер ұсыну қағидаларын әзірлеу;
44) туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу;
45) басым туристік аумақтарды қалыптастыру, олардың жұмыс істеу және оларды басқару қағидаларын әзірлеу;
46)туристендіру картасын әзірлеу;
47) салалық, субъектілік және объектілік қағидаттар бойынша Қазақстан Республикасындағы туризм бағыттарының сыныптауышын қалыптастыру;
48) ұлттық туристік брендтер тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу;
49) туризм инфрақұрылымын салу және жетілдіру жөніндегі қызметті үйлестіру;
50) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына күтіп-ұстау кезінде шығынның бір бөлігі өтелетін санитариялық-гигиеналық тораптар тізбесін қарастыру;
51) туристік саланы дамыту бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру;
52) әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығынын субсидиялау;
53) ақпаратты қабылдау, есепке алу және сақтау, сондай-ақ салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылық жасауды жүзеге асыратын мемлекеттік органды қоса алғанда, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге адамдарға беру қағидаларын белгілеу;
54) ақпаратты жүйелі түрде жинауды жүзеге асыру және интернет-ресурстардың мазмұнын интернет-казино белгілерінің болуы мәніне талдауды жүзеге асыру;
55) мөлшерлемелерді есепке алу орталығын жүргізуді жүзеге асыру;
56) Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
57) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа функцияларды жүзеге асыру.
3-тарау. Комитет Төрағасының қызметін ұйымдастыру кезіндегі мәртебесі мен өкілеттігі
16. Комитетті басқару Комитет Төрағасымен жүзеге асырылады, ол Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапкершілікті атқарады.
17. Комитет Төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Комитет Төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және босатылатын орынбасарлары болады.
19. Комитет Төрағасының уәкілеттілігі:
1) Министрліктің Аппарат басшысына Комитеттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсынымдар ұсынады;
2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерін, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
3) өз құзыреті шегінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғамайтын бұйрықтар шығарады;
4) заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады (Комитет Төрағасы орынбасарларын қоспағанда);
5) Комитет қызметкерлерінің іс-сапары, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемақы мен сыйлықақы төлеу, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді (Комитет Төрағасы орынбасарларын қоспағанда);
6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және басқа ұйымдарда Комитеттің атынан әрекет етеді;
7) Комитеттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға дербес жауапкершілікті артады;
8) оның құзыретіне жататын басқа мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Комитет төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындайды.
4-тарау. Комитеттің мүлігі
21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) пен Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитет өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
25. Комитеттің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
"Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы" Акционерлік қоғамы.