Қостанай облыстық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қостанай облыстық мәслихатының "Қостанай облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" 2017 жылғы 15 наурыздағы № 138 шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:
Көрсетілген шешіммен бекітілген "Қостанай облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесі осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім қабылданған сәттен бастап күшіне енеді және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы | С. Ещанов |
Қостанай | |
облыстық мәслихатының | |
2023 жылғы "16" қаңтардағы | |
№ 276 шешіміне | |
қосымша | |
Облыстық | |
мәслихаттың | |
2017 жылғы 15 наурыздағы | |
№ 138 шешімімен | |
бекітілген |
"Қостанай облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. Жалпы ережелер
1. "Қостанай облыстық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мәслихат аппараты) Қостанай облыстық мәслихаты мен оның органдарын ұйымдық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, депутаттарға олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.
3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және Заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мәслихат аппараты мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Мәслихат аппараты егер Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттілік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңнамасында белгіленген тәртіппен Қостанай облыстық мәслихаты төрағасының (бұдан әрі – мәслихат төрағасы) өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индексі 110000, Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, № 66-үй.
10. Осы ереже Мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
11. Мәслихат аппараты қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен Мәслихат аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Мәслихат аппаратына заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
13. Мәслихат аппаратының жұмыс режимі Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына сәйкес жұмыс берушінің актісімен айқындалады.
2-тарау. Мәслихат аппаратының міндеттері мен өкілеттіктері
14. Міндеттері: Қостанай облыстық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ету.
15. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалармен азаматтық-құқықтық қатынастарға түсу, шарттар жасау және қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру;
мәслихат отырыстарына, комиссияларға, жұмыс топтарына, мәслихат органдары өткізетін іс-шараларға қатысу;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде өкілеттіктерді жүзеге асыру.
2) міндеттері:
мәслихат депутаттарының қызметіне әдістемелік басшылықты жүзеге асыру;
өз құзыреті шегінде мәслихат құзыретінің мәселелері бойынша мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрату және алу;
мәслихат аппаратының жүргізуіне қатысты мәселелер бойынша қызметтік хат жазысу;
мәслихат қарайтын құжаттарды дайындауға қатысуға мүдделі органдар мен ұйымдарды тарту;
Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
16. Функциялары:
мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;
мәслихаттың, оның органдарының және мәслихат депутаттарының қызметін құқықтық қамтамасыз ету;
мәслихаттың қарауына түскен шешімдердің жобалары бойынша жұмыс;
мәслихат депутаттарының заңнамада белгіленген құзыреттерді іске асыруына көмек көрсету;
мәслихат қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;
мәслихаттың басқа органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
мәслихат қызметін ақпараттық-коммуникативтік қамтамасыз ету;
мәслихат қызметін құжаттамалық қамтамасыз ету;
мәслихаттың кадр мәселелерін шешуді қамтамасыз ету;
мәслихат қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.
3-тарау. Мәслихат аппараты бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
17. Мәслихат аппаратына басшылықты Мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы (мәслихат төрағасы) жүзеге асырады.
Мәслихат аппаратының бірінші басшысы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жауапты болады.
18. Мәслихат аппаратының бірінші басшысын мәслихат сессиясында депутаттар арасынан депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайлайды және қызметінен босатады.
19. Мәслихат аппараты бірінші басшысының орынбасарлары болмайды.
20. Мәслихат аппараты бірінші басшысының өкілеттігі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді.
Мәслихат аппаратының бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктері "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
21. Мәслихат аппаратын "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Мәслихат аппаратының басшысы басқарады.
4-тарау. Мәслихат аппаратының мүлкі
22. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мәслихат аппараты өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату
25. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.