Қостанай облысы әкімдігінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 204 "Қостанай облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламентін бекіту туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қостанай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 4 тамыздағы № 325 қаулысы

      Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қостанай облысы әкімдігінің "Қостанай облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламентін бекіту туралы" 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 204 қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қостанай облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Қостанай облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов

  Қостанай
  облысы әкімдігінің
  2023 жылғы 4 тамыздағы
  № 325 қаулысына
  қосымша
  Қостанай
  облысы әкімдігінің
  2021 жылғы 28 сәуірдегі
  № 204 қаулысымен
  бекітілген

Қостанай облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қостанай облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті Қостанай облысы әкімі аппаратының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау тәртібін регламенттейді.

      2. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды (бұдан әрі – қабылдау) Қостанай облысы әкімі аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде (бұдан әрі – қоғамдық қабылдау бөлмесі), сондай-ақ азаматтарды қабылдау орталықтарында мына лауазымды және өзге де адамдар жүзеге асырады:

      1) Қостанай облысының әкімі және оның орынбасарлары;

      2) Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы және оның орынбасарлары;

      3) Қостанай облысы әкімі аппараты құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;

      4) облыс әкімі аппаратының қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті өзге қызметкерлері.

      3. Азаматтарды қабылдау орталықтарында мемлекеттік органдардың регламенттерінде белгіленген тәртіппен орталық мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау жүзеге асырылады.

      4. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдері Қостанай облысы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті басшыларының қабылдауына келіскен жағдайда оларды көрсетілген лауазымды адамдар олар жүгінген күні қабылдауды жүргізеді.

2-тарау. Қостанай облысы әкімінің аппаратында, сондай-ақ азаматтарды қабылдау орталықтарында жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібі

      5. Қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкерлер күн сайын жұмыс күндері, түскі үзілісі бар жұмыс уақытында "электрондық үкімет" веб-порталындағы немесе "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесiндегі электрондық құжат, қағаз форматтағы, оның ішінде қолма-қол келіп түсетін не қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкеріне ауызша нысанда айтылған жолданымдар, сондай-ақ қоғамдық қабылдау бөлмелерінің сall-орталықтарына келіп түскен өтінімдер негізінде қабылдауға жазылуды жүргізеді.

      6. Мәселенің мәні баяндалмаған жеке қабылдау туралы жолданым қаралмайды, бұл туралы арыз иесіне хабарланады.

      7. Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

      Егер жеке қабылдау туралы өтініші бар жолданым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, ол туралы арыз иесіне көрсетіледі және оны Кодекстің талаптарымен сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзім белгіленеді.

      Белгіленген мерзімде Кодекстің талаптарына сәйкес келтірілмеген жеке қабылдау туралы өтініші бар жолданым қайтарылуға жатады.

      8. Осы Регламенттің 2-тармағында көрсетілген адамдардың қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылдауы әкім бекіткен кестеге сәйкес айына кемінде бір рет жүргізіледі.

      Облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына сәйкес халықпен кездесулерді өткізгеннен кейін де азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді.

      9. Осы Регламенттің 2-тармағында көрсетілген адамдардың азаматтарды қабылдау орталықтарында қабылдауы Регламентке қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қостанай облысының әкімі бекіткен кестеге сәйкес айына кемінде бір рет жүргізіледі.

      10. Лауазымды адамның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), қабылдау күндері көрсетілген қабылдау кестелері мемлекеттік және орыс тілдерінде қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, азаматтарды қабылдау орталықтарының үй-жайларында көпшілікке көрінетін жерлерге ілінеді, сондай-ақ Қостанай облысы әкімдігінің ресми сайтында орналастырылады.

      11. Қостанай облысы әкімі орынбасарларының қабылдауы әкімнің тиісті тапсырмасы бойынша бекітілген кестеден тыс, қабылдау өткізілетін күні көрсетіле отырып, жүзеге асырылуы мүмкін.

      12. Қабылдаудың алдында жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі (бұдан әрі – арыз иесі) өзінің жеке басын куәландыратын құжатты, ал басқа тұлғалардың атынан жүгінген кезде – олардың мүдделерін білдіру өкілеттігін растайтын құжаттарды көрсетеді.

      13. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі.

      Қажет болған жағдайда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау аудармашының қатысуымен жүргізіледі.

      Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдауда берген жолданымдары, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда оларды қараудың өзгеше қағидалары көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.

      14. Қабылдау жүгіну кезегі тәртібімен жүргізіледі. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, еңбек ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер, "Алтын Қыран", "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" ордендерімен марапатталған адамдар кезектен тыс қабылданады.

      15. Арыз иесінің келісімімен облыс әкімінің және оның орынбасарларының қабылдауы бейнеконференцбайланыс арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      16. Пандемиямен немесе жеке тұлғалардың және заңды тұлғалар өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты басқа да жағдайларға орай шектеу шаралары енгізілген жағдайда қабылдау бейнеконференцбайланыс арқылы ғана жүзеге асырылады.

      17. Қабылдауға жазылу мына жағдайларда:

      1) облыс әкімінің құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша;

      2) әкімшілік органның, лауазымды адамның жолданымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты әкімшілік іс бойынша шешімі бар болса;

      3) сол нысана туралы және сол негіздер бойынша сол адамға қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот актісі бар болса;

      4) әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымды қайтарса;

      5) әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесінен жолданымды кері қайтарып алуды қабылдаса, жүзеге асырылмайды.

      18. Уақытша еңбекке жарамсыздық, қызметтік іссапар және басқа да жағдайлардың себебі бойынша қабылдау жүргізу мүмкін болмаған жағдайда қабылдаушы адам қабылдауға жауапты қызметкерді жеке қабылдау өткізілгенге дейін кемінде 2 (екі) жұмыс күні бұрын немесе қабылдау өткізілетін күні хабардар етеді.

      19. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде және азаматтарды қабылдау орталықтарында қабылдау күні қосымша жолданымдар мен басқа да ілеспе құжаттарды ресімдеуге (қажет болған жағдайда) көмектесетін заң консультанттары, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер (волонтерлерді қабылдау күндері ғана тартуға болады) тартылуы мүмкін.

      20. Азаматтарды қабылдау орталықтарының және Қостанай облысы әкімі аппараттарының тиісті қызметкерлері қабылдау өткізген кезде басқа да мүдделі органдар өкілдерінің қатысуы, егер көтерілетін мәселе олардың құзыретіне қатысты болса, қамтамасыз етіледі.

      21. Басқа мүдделі органдар өкілдерінің қабылдауға қатысуы туралы сұрау салу жіберілгеннен кейін, арыз иесі 2 (екі) жұмыс күні ішінде жіберілген сұрау салу туралы және қажет болған жағдайда қабылдауға жазылу туралы жолданымды қараудың ұзартылғаны туралы хабардар етіледі.

      22. Басқа мүдделі органдардың бірлесіп қабылдауға қатысудан бас тарту фактілері туралы ақпарат 2 (екі) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына жіберіледі.

      23. Қабылдау арыз иесінің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.

      24. Қабылдау барысында қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлері қабылдауға қатысу үшін жергілікті мемлекеттік органның, облыс әкімі аппаратының қызметкерлерін қабылдауға қатысуға шақыра алады немесе тиісті лауазымды адамдармен қабылдау уақыты мен орнын келісе алады.

      25. Қабылдау нәтижелері жолданым немесе тапсырмалар бойынша қабылдау барысында қабылданған шешімді көрсете отырып, оларды орындаудың нақты мерзімдері көрсетіліп хаттамаланады. Хаттамалық тапсырмалар жолданымдарға қоса тіркеледі.

      26. Азаматтарды қабылдау дербес деректер мен мемлекеттік құпияларды не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қорғау туралы талаптарды сақтай отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

3-тарау. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау мәселелері жөніндегі жолданымдарды тіркеу және қарау тәртібі

      27. Қабылдауға жазылу туралы келіп түскен барлық жолданымдарды қоғамдық қабылдау бөлмесінің және азаматтарды қабылдау орталығының қызметкерлері электрондық құжат айналымы жүйесінде не "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесінде олар келіп түскен күні тіркейді және жолданымдардың қаралуына бақылауды жүзеге асыратын жауапты қызметкерге (бұдан әрі – жауапты қызметкер) алдын ала қарау үшін жібереді.

      28. Жауапты қызметкер Қостанай облысы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің және азаматтарды қабылдау орталықтарының қатысуымен материалдарды жинап, талдағаннан кейін Қостанай облысы әкімінің атына қабылдау күнін белгілеу немесе бас тарту туралы ұсыныспен анықтамалық ақпаратты қабылдау басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын дайындайды.

      29. Қабылданған шешімнің қорытындылары бойынша Бөлім облыс әкімі және оның орынбасарлары қабылдайтын тұлғалардың тізімін қалыптастырады және оны қабылдау кестесіне енгізу үшін қоғамдық қабылдау бөлмесіне жібереді.

      30. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің және азаматтарды қабылдау орталықтарының жауапты қызметкері бекітілген қабылдау кестесіне тізімдерді кезектілік тәртібімен бөледі.

      31. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің және азаматтарды қабылдау орталықтарының жауапты қызметкері жолданым тіркелген кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде арыз иесіне қабылдау уақыты мен күні көрсетілген жауапты жолдайды.

      32. Барынша пысықтауды талап ететін күрделі мәселе болған жағдайда, Бөлімнің қорытындысы негізінде арыз иесіне жолданым тіркелген кезден бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын қарау мерзімін ұзарту туралы хат жіберіледі.

      Жолданымды қарау мерзімі мемлекеттік орган басшысының немесе облыс әкімінің немесе олардың орынбасарларының уәжді шешімімен ақылға қонымды мерзімге, бірақ арызды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттілігіне байланысты екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы арыз иесі жолданымды қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      33. Қоғамдық қабылдау бөлмесі және азаматтарды қабылдау орталығы уәкілетті қызметкерлерінің лауазымды адамдар мен олардың орынбасарларының қабылдауды ұйымдастыруы үшін қажетті материалдарды ұсыну, қабылдауды өткізу практикасын талдау және жинақтап қорыту туралы талаптары орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдері аппараттарының орындауы үшін міндетті болып табылады.

      34. Қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей арыз иесіне тыңдау рәсімін жүргізу үшін бас тарту туралы алдын ала шешім жобасы жіберіледі.

      Қабылдаудан бас тартылған жағдайда тыңдау рәсімі Кодекстің 73-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін.

      35. Тыңдау рәсімін ұйымдастыру және өткізу тәртібі Кодекстің 66, 73 және 74-баптарының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

4-тарау. Қабылдау қорытындысы бойынша тапсырмалардың орындалуына бақылауды жүзеге асыру

      36. Қабылдау қорытындысы бойынша дайындалған хаттамалық тапсырмаларды бақылауды тікелей Бөлім жүзеге асырады.

      37. Арыз иесіне түпкілікті уәжді жауап қабылдаудан келіп түскен жолданымды бақылаудан алу үшін негіз болып табылады.

      38. Қабылдау барысында арыз иесі берген жолданымдар "жеке қабылдаудан" деген белгі қойылып, электрондық құжат айналымы жүйесінде немесе "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесiнде тіркеледі.

      39. Қабылдаудан түскен жолданымды бұған дейін қараған қызметкерге тапсыруға жол берілмейді.

      40. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің және азаматтарды қабылдау орталығының қызметкерлері тұрақты негізде арыз иелерінің қанағаттану деңгейіне мониторинг жүргізіп, консультация алған және жеке қабылдауға жазылудан бас тартқан арыз иелеріне телефон байланысы арқылы іріктеп сауалнама жүргізуі тиіс

      41. Бөлім облыс әкімі аппаратының мүдделі құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп, мыналарды:

      1) өткізілетін қабылдаулар шеңберінде Қостанай облысы әкімі мен оның орынбасарларының жұмысын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді;

      2) қабылдауға тартылған жауапты лауазымды адамдардың, оның ішінде басқа да мүдделі органдардың жауапты лауазымды адамдарының қатысуын;

      3) арыз иесімен кері байланысты (қажеттілікке қарай);

      4) қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, азаматтарды қабылдау орталықтарының шеңберінде жұмыс істейтін сall-орталықтардың, оның ішінде төтенше жағдай, төтенше ахуал режимдерін, эпидемиологиялық сипаттағы карантиндік шараларды енгізумен, техногендік авариялармен және халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де апаттармен байланысты шектеу шаралары қабылданған жағдайда үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

      42. Қоғамдық қабылдау бөлмелері және азаматтарды қабылдау орталықтары жұмысының нәтижелері туралы тұрақты негізде (тоқсанына кемінде бір рет) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратын хабардар ету қажет.

      Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыстарының нәтижелері тоқсанына кемінде бір рет Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне ұсынылады.

  Қостанай
  облысы әкімі
  аппаратының лауазымды
  адамдарының жеке
  тұлғаларды және
  заңды тұлғалардың
  өкілдерін жеке
  қабылдауының
  регламентіне
  қосымша
  Бекітемін
  __________________________
  Қостанай облысының әкімі

Қостанай облысы әкімдігі басшылығының азаматтарды қабылдау кестесі

Мемлекеттік органның атауы

Азаматтарды қабылдауды жүргізетін тұлғаның Т.А.Ә.

Азаматтарды қабылдауды жүргізетін тұлғаның лауазымы

Азаматтарды қабылдау күні мен уақыты

Мемлекеттік органның, ұйымның орналасқан жері

Байланыс телефоны, электрондық мекенжайы














Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады