Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 4 шілдедегі № 129 "Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Атырау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі № 183 қаулысы

      Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 4 шілдедегі № 129 "Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      қосымшада:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.

      2. "Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау "Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің басшысына жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі С. Шәпкенов

  Атырау облысы
әкімдігінің 2023 жылғы
"21" қыркүйектегі № 183
қаулысына қосымша
  Атырау облысы
әкімиятының 2016 жылғы
4 шілдедегі № 129 қаулысымен
бекітілген

"Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Аппарат) мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Аппарат өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Аппарат мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Аппарат азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Аппарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Аппарат өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Аппарат басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Аппараттың құрылымы мен штат санының лимиті ҚазақстанРеспубликасыныңзаңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Аппараттың орналасқан жері: 060010, Атырау облысы, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 үй.

      9. Осы ереже Аппараттың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Аппараттың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Аппаратқа кәсіпкерлік субъектілерімен өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді Аппараттың орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Аппаратқа заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Аппараттың мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      облыс әкімі мен әкімдігінің қызметін ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Аппаратқа жүктелген өзге де міндеттерді орындау.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардан, облыстың жергілікті атқарушы органдарынан және орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;

      барлық меншік нысанындағы кәсіпорындардан, мекемелер мен ұйымдардан белгіленген шектерде қажетті ақпаратты, құжаттарды, өзге де материалдарды, облыс әкімі мен әкімдігінің, сондай-ақ Аппараттың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұратуға;

      қолданыстағы заңнамалық актілерде және осы Ереженің функцияларында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтау;

      Аппаратқа жүктелген функциялардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      Аппаратқа келіп түскен өтініштерді қарау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттер.

      14. Функциялары:

      1) тиiстi адамдарды мемлекеттiк наградалармен марапаттау, оларға құрметтi және өзге де атақтар беру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзудi ұйымдастыру;

      2) тиiстi мәслихатқа "Облыстың құрметтi азаматы" атағын беруге ұсыныс енгiзудi ұйымдастыру;

      3) аудандық және қалалық әкiмдiктер мен әкiмдер жұмысын үйлестiру;

      4) аудандардың және Атырау қаласының әкiмдерi арқылы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылды ұйымдастыру;

      5) облыстың басқару схемасын облыстық мәслихаттың бекiтуiне енгiзудi ұйымдастыру;

      6) қалалық, аудандық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың штат санының лимитiн белгiлеудi және оны Атырау қаласының және аудандардың әкiмдiктеріне жеткiзудi ұйымдастырады;

      7) "Облыстың құрметтi азаматы" атағын беру ережелерiнiң жобасын әзiрлеудi және оны мәслихаттың бекiтуiне ұсынуды ұйымдастырады;

      8) терроризмге қарсы комиссиялар арқылы облыстың аумағында терроризм профилактикасы, сондай-ақ терроризм салдарларын барынша азайту және (немесе) жою жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады;

      9) ұлттық қауiпсiздiк органдарымен және iшкi iстер органдарымен келiсу бойынша облыстың тиiстi аумағында орналасқан террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң тiзбесiн әзiрлеудi және бекiтудi ұйымдастырады;

      10) әкiмдік іс қағаздарын жүргiзу және әкімдікке түсетiн хат-хабарларды өңдеу;

      11) облыс әкімдігі қаулыларының, әкімнің шешімдері мен өкімдерінің жобаларын сараптамадан өткізу;

      12) облыс әкімдігі мүшелерінің, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының ұсыныстары бойынша облыс әкімдігі мәжілістерінде қарау үшін материалдар дайындауды, күн тәртібін жасауды, тоқсан сайынғы мәселелер тізбесін дайындауды ұйымдастыру;

      13) сот органдарында әкім мен Аппараттың мүдделерін білдіру және қорғау, әкім мен Аппараттың атынан талап арыз және талап арызға қарсы пікір беруге, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық шағым келтіруге, әкім мен Аппараттың атынан барлық процессуалдық әрекет жасау;

      14) бұқаралық ақпарат құралдарында облыс әкімінің және әкімдігінің қызметін жариялау;

      15) облыстық құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері жөніндегі отбасылық-демографиялық саясат, мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссиялар, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдар басшыларының бос тұрған әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасуға үміткерлерді іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиялар қызметін қамтамасыз ету;

      16) Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметтің, Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Президенті Әкімшілігі мен Үкіметі Аппараты басшыларының актілерінің, тапсырмаларының, облыс әкімдігі қаулыларының, облыс әкімінің шешімдері мен өкімдерінің, облыс әкімінің, оның орынбасарларының және Аппарат басшысының тапсырмаларының орындалуына ішкі бақылауды жүзеге асыру;

      17) құпия іс жүргізуді, арнайы байланыс, хат-хабарларды өңдеу, құпиялық режимін қамтамасыз ету;

      18) Аппаратта гендерлік теңдікті нығайту бойынша тиісті шараларды жүзеге асыру;

      19) әкімдікке, әкімге, оның орынбасарларына және Аппаратқа жолданған жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, хабарларын, үн қосуларын, ұсыныстарын, сұрау салуларын қабылдау, тіркеу есепке алу және қарау;

      20) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Заңының 15-бабына сәйкес ішкі аудитті жүзеге асырады;

      21) оған заңнамамен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3. Аппарат басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Аппаратты басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Аппаратқа жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      16. Аппарат басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      17. Аппарат басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Аппарат басшысының өкілеттіктері:

      1) Аппаратқа жүктелген мақсаттарды iске асыруды ұйымдастырады;

      2) өз құзыретi шегiнде Аппараттың құрылымдық бөлiмшелерiнiң жұмысын ұйымдастырады, үйлестiредi және бақылайды;

      3) Аппараттың құрылымы мен штат кестесiн, оның құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi бекiтедi;

      4) аппараттағы "Б" корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн мемлекеттiк лауазымдарға тағайындайды және мемлекеттiк лауазымдардан босатады;

      5) Аппараттың тәртiптiк және конкурстық комиссияларының қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      6) қызметтiк тәртiптiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      7) еңбек қатынастары мәселелерi жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған жұмыскерлердi қоспағанда, Аппараттың мемлекеттiк қызметшiлерiн iссапарға жiберу, оларға демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, оларды даярлау, қайта даярлау, бiлiктiлiгiн арттыру, көтермелеу, үстемеақылар белгiлеу мәселелерiн шешедi;

      8) еңбек қатынастары мәселелерi жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған жұмыскерлердi қоспағанда, Аппараттың мемлекеттiк қызметшiлерiнiң тәртiптiк жауаптылығы мәселелерiн шешедi;

      9) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етедi;

      10) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдары қабылдаған шешiмдердiң орындалу барысын бақылайды;

      11) мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      12) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      Аппараттың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      19. Аппараттың басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Аппараттың мүлкі

      20. Аппарат заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Аппарат мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Аппаратқа бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Аппарат өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қарамағындағы мекемелердің тізбесі

      1. "Атырау облысы әкімдігінің іс басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      2. "Атырау облысы әкімі аппаратының Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады