Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Атырау облысы әкімдігінің 2017 жылғы 23 мамырдағы № 125 "Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген "Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережеде:
14-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"14. Функциялары:
1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының орындалуын қамтамасыз етеді;
3) адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;
4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарын қоспағанда, денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне мониторинг пен бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
5) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады;
6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялайтын) препараттарды, медициналық бұйымдарды сатып алуды және сақтауды жүзеге асырады;
7) медициналық бұйымдарды, санитариялық көлікті, сондай-ақ мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына күрделі жөндеу жүргізуге көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастырады;
8) өңірді денсаулық сақтау саласындағы кадрлармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес мемлекеттік медициналық ұйымдарды күтіп-ұстауды және пайдалануды қамтамасыз етеді;
10) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары үшін денсаулық сақтау саласындағы коммуналдық заңды тұлғалардағы клиникалық базаларды береді;
11) төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде тегін медициналық көмек көрсетуді, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
12) денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады және үйлестiредi;
13) гигиеналық оқытуды, саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды насихаттау мен қалыптастыруды ұйымдастырады;
14) халыққа әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың таралуы туралы ақпарат береді;
15) жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп репродуктивтік денсаулықты сақтау және отбасын жоспарлау, ойынқұмарлықтың (лудоманияның) қауіптілігі мәселелері бойынша жастармен ақпараттық-түсіндіру жұмысын, консультативтік жұмысты жүзеге асырады;
16) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау мәселелері бойынша халықаралық және үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды;
17) статистикалық әдіснама талаптарын сақтай отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде денсаулық сақтау саласындағы ведомстволық статистикалық байқауды жүзеге асырады;
18) әскери қызметтің мүддесінде Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық куәландырудан өткізу үшін құрылатын медициналық комиссиялардың дербес құрамын әзірлеп, бекітеді және олардың қызметін ұйымдастырады;
19) уәкілетті органға денсаулық сақтау жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын орындау бойынша, сондай-ақ денсаулық сақтаудың негізгі сандық және сапалық көрсеткіштері бойынша тоқсан сайынғы есепті ұсынады;
20) уәкілетті органға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде денсаулық сақтау жүйесінің қызметін жақсарту жөнінде, оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, ана мен баланы қорғау және әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша бағдарламаны іске асыру жөнінде ұсыныс енгізеді;
21) уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын кадрмен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
22) халыққа профилактикалық екпелерді ұйымдастырады және жүргізеді;
23) сотталғандарды жазасын өтеуден босатуға негіз болып табылатын аурулардың тізбесі бойынша медициналық куәландырудан өткізу үшін арнаулы медициналық комиссия құрады;
24) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
25) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде ұсынылатын медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді әзірлейді және бекітеді;
26) уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдарды қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік заңды тұлғалардағы корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі қызметті үйлестіруді және мониторингтеуді жүзеге асырады;
27) уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдарды қоспағанда, үкіметтік емес ұйымдар үшін, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін азаматтардың денсаулығын сақтау саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылуын мониторингтеу және нәтижелерін бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асырады;
28) уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарындағы адамдарды күтіп-бағуға бақылауды жүзеге асырады;
29) коммуналдық заңды тұлғалар болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін қамтамасыз етеді және үйлестіреді;
30) саламатты өмір салтын ынталандыру жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастырады;
31) денсаулық сақтау ресурстарын тиімді жоспарлау мен пайдалануды қамтамасыз етеді;
32) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдайды;
33) халықтың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
34) қан мен оның компоненттерінің ерікті өтеусіз донорлығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
35) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге шығатын Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына облыстың жергілікті өкілді органы айқындайтын тізбе бойынша ел ішінде жол жүру ақысын төлейді;
36) жас мамандарды әлеуметтік қолдау және ұстап қалу шараларын қоса алғанда, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын кадрмен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;
37) денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етедi;
38) денсаулықты нығайтуға, аурулардың профилактикасына, саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға қажетті іс-шараларды жүзеге асырады;
39) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді қоса алғанда, халыққа медициналық көмек көрсетуді, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың профилактикасын және емделуін ұйымдастырады;
40) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда, медициналық көмек көрсетуді, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың профилактикасын және оларды емдеуді ұйымдастырады;
41) туберкулезбен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтарын мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы сот шешімінің орындалуына жәрдемдеседі;
42) фармацевтикалық білімі бар маман болмаған жағдайда, ауылдық елді мекендерде амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы көмек, мамандандырылған медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункттері және жылжымалы дәріхана пункттері арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізуді жүзеге асыру үшін медициналық білімі бар мамандарды оқытуды жүргізеді;
43) ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) ерікті өтеусіз донорлығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
44) әскери қызметтің мүддесінде Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық комиссияларды құрады және олардың қызметін қамтамасыз етеді;
45) денсаулық сақтау ұйымдарының желісін дамытуды және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын орындауды жүзеге асырады;
46) денсаулық сақтау жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы іс-шаралардың және Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесі шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;
47) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуіне бақылауды ұйымдастырады;
48) денсаулық сақтау саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
49) мүмкіндігі шектеулі балаларды ата-анасының немесе өзге заңды өкілдерінің келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға жіберуді қамтамасыз етеді;
50) уәкілетті органмен келісу бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарын әзірлейді;
51) интерндер мен резидент-дәрігерлерге тұратын және медициналық көмек көрсететін орындарды беруді (егер денсаулық сақтау ұйымы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы бар басқа елді мекенде орналасқан жағдайда) қоса алғанда, интерндер мен резидент-дәрігерлерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің денсаулық сақтау ұйымдарына орналастыру үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді;
52) медициналық қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жаратуды ұйымдастырады;
53) тиісті саладағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар басшысының, оның орынбасарларының, бас (аға) бухгалтерінің лауазымдық айлықақыларының мөлшерін, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесін белгілейді;
54) Қазақстан Республикасының заңнамасында облыстардың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.".
2. "Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы ол алғашқы жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | С. Шәпкенов |