Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің "Көрікті Сайрам" коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру туралы

Жаңа

Түркістан облысы Сайрам ауданы әкiмдiгiнiң 2023 жылғы 10 қазандағы № 389 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Мемлекеттік мүлік тұралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасының Әділет Министірінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 1202 "Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекемені қоспағанда, мемлекеттік мекеменің үлгі жарғысын (жалпы ережесін) және Мемлекеттік кәсіпорынның үлгі жарғысын бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 15813 тіркелген) сәйкес, Сайрам ауданы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің "Көрікті Сайрам" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылсын.

      2. "Көрікті Сайрам" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің уәкілетті органы болып "Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі белгіленсін.

      3. Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің "Көрікті Сайрам" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жарғысы осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      4. "Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі (Б.Бейсембаев) заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      1) Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің "Көрікті Сайрам" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыны аудан әкімдігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Сайрам ауданы әкімінің орынбасары М.Оразалиевке жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімінің міндетін атқарушы А. Өсербаев

  Сайрам ауданы әкімдігінің
2023 жылғы 10 қазандағы
№389 қаулысымен бекітілген

Сайрам ауданық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық,
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің
"Көрікті Сайрам" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
ЖАРҒЫСЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Сайрам аудандық тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің "Көрікті Сайрам" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі –мемлекеттік мекеме) функцияларын жүзеге асыру үшін мекеме ұйымдық құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес мекеме болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеменің түрі: коммуналдық.

      3. Мемлекеттiк мекеме Сайрам ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 10 қазандағы № 389 қаулысымен құрылды.

      4. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Сайрам ауданының әкімдігі (бұдан әрі – Құрылтайшы) болып табылады.

      5. Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай-ақ оған байланысты мемлекеттік мекеменің мүлкіне қатысты құқық субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган "Сайрам ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Уәкілетті орган) болып табылады.

      6. Мемлекеттік мекеменің атауы:

      Сайрам аудандық тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің "Көрікті Сайрам" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      7. Мемлекеттік мекеменің мекен жайы:

      Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылы, Әйтеке би көшесі н/с, индекс: 160800.

2-тарау. Мемлекеттік мекеменің заңдық мәртебесі

      8. Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес теңгерімі, банкте шоттары, мемлекеттік тілде өзінің атауы жазылған мөрі және мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері болады.

      9. Мемлекеттік мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

      10. Мемлекеттік мекеме өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiнің иелігіндегі ақшамен жауап бередi. Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша әкімшілік-аумақтық бірлік тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауапты болады.

      11. Мемлекеттік мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелері, олардың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде міндетті тіркелгеннен кейін, күшіне енеді.

3-тарау. Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні мен мақсаттары

      12. Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні Сайрам ауданы бойынша абаттандырылған нысандарды және аудандық мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміндегі мүліктерді күтіп ұстау болып табылады.

      13. Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты Сайрам ауданы бойынша ауданның мемлекеттік заңды тұлғаларына бекітілген нысандарды (мүліктерді) күтіп ұстау, елді мекендер аумақтарын абаттандыру жұмыстарын жүргізуге байланысты әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыру болып табылады.

      14. Мемлекеттік мекеме осы мақсаттарға жету үшін келесі қызмет түрлерін жүзеге асырады:

      1)аудандық заңды тұлғалардың теңгеріміндегі ғимараттар мен нысандарды күтіп-ұстау;

      2)аудан әкімшілігі өткізетін іс-шараларды ұйымдастыруға жәрдемдесу;

      3)аудан аумағындағы елді мекендерде орнатылған балалар және спорт алаңшаларын, стадиондарды күтіп-ұстау жұмыстарын ұйымдастыру;

      4)су басудың алдын алу мақсатында салынған ирригациялық жүйелерді күтіп-ұстау;

      5)аудан аумағындағы елді мекендердегі қоқыс жинауға арналған қоқыссалғыштарды күтіп ұстау;

      6)елді мекендердегі жер асты және жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін күтіп ұстау;

      7)аудан аумағындағы елді мекендердегі аяқ жолдар мен қоршауларды күтіп ұстау;

      8)аудандық заңды тұлғалардың теңгеріміндегі нысандарды қысқы маусымға дайындық кезінде сығымдау және қазандықтарды жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру;

      9)аудан аумағындағы елді мекендердегі көпқабатты тұрғын үйлерге және орталық көшелерге орнатылған декоративті жарықшамдарды күтіп ұстау;

      10)аудан аумағындағы тарихи және мәдени мұраны күтіп ұстау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      11)аудан аумағында белгіленбеген орындарда ретсіз сауда жасаушылармен жұмыс жүргізу;

      12)аудан аумағында ретсіз орналастырылған жарнамаларды реттеу жұмыстарын ұйымдастыру;

      13)Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен аудандық заңды тұлғалардың теңгеріміндегі ғимараттардың, нысандардың ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу;

      14)аудын аумағындағы елді мекендердегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын, көшелердің санитарлық тазалығын және бей берекет жиналған қоқыстарды жинауды ұйымдастыру;

      15)аудын аумағындағы жолдардың және елді мекендердегі көшелердің бойындағы ағаштарды санитарлық қысқарту, қураған ағаштарды кесу, әктеу, гүлдер, жасыл желектi бұталарды отырғызу, суғару және шөп ору жұмыстарын жүргізу;

      16)аудын аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған қоқыс алаңшаларын және қоқыссалғыштарды күтіп ұстау және қоқыс алаңшасы маңының тазалығын қамтамасыз ету;

      17)аудан аумағындағы елді мекендердегі көше атауы жазылған тақтайшаларды және көше бағыттағыш тақтайшаларды күтіп ұстау;

      18)аудан аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелерін санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, күтіп ұстау;

      19)аудан аумағындағы автожолдар мен көшелерде орналасқан жарықтандыру құралдарын күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру;

      20)аудандық коммуналдық меншіктегі автотұрақтарды күтіп ұстау;

      21)аудандық коммуналдық меншіктегі суағарлар, гүлзарлар, субұрқақтар және су сорғыш құралдарын жөндеу, күтіп ұстау;

      22)аудандық коммуналдық меншіктегі саябақтарды күтіп ұстау;

      23)автобус аялдамаларының санитарлық тазалығын ұйымдастырып, күтіп үстау;

      24)аудандық коммуналдық меншіктегі бағдаршамдарды күтіп ұстау;

      25)аудандық автокөлік жолдарда және елді мекендердегі көшелерде белгілерді, жаяу жүргіншілер өткеліндегі сызықтарды сызуды ұйымдастырып, күтіп ұстау;

      26)көше бойындағы көрнекі құралдар, билбордтарды күтіп ұстау;

      27)аудандық маңызы бар автокөлік жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып, күтіп үстау;

      28)пробация қызметінен ұсынылған жазалаудың осы түріне сотталған адамдардың қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қоғамдық жұмыстарды орындауын ұйымдастыру;

      29)ауданның коммуналдық мемлекет меншігіндегі зираттар мен өзге де жерлеу орындарын күтіп-ұстау және олардың тазалығын қамтамасыз ету;

      30)көпірлер мен жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу;

      31)жол бойындағы аркаларды күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу.

      15. Мемлекеттiк мекемеге осы жарғыда бекiтiлген өз қызметiнiң мәнi мен мақсаттарына сай келмейтiн қызметтi жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмiлелер жасауға тыйым салынады.

      16. Мемлекеттiк мекеме қызмет мақсаттарына қайшы жасалған мәмiле, Қазақстан Республикасының шектеулi заңдарында немесе құрылтай құжаттарында не басшының жарғылық құзыретiн бұза отырып, жасалған мәмiле тиiстi саланың уәкiлеттi органының, жергiлiктi атқарушы органының шешiмiмен, немесе мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның не прокурордың талабы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.

4-тарау. Мемлекеттік мекемені басқару

      17. Мемлекеттiк мекеменi жалпы басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      18. Уәкілетті орган заңнамада белгіленген ретпен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1)құрылтайшыға мемлекеттік мекемеге мүлікті бекіту бойынша ұсыныстарды береді;

      2)мемлекеттік мекеменің жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      3)мемлекеттік мекеме мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      4)құрылтайшыға мемлекеттік мекеменің жарғысын бекітуге, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныстар береді;

      5)мемлекеттiк мекеменiң басқару органдарының құрылымын, құрылуы тәртiбi мен өкiлеттiк мерзiмiн, мемлекеттiк мекеменiң шешiмдер қабылдау тәртiбiн анықтайды;

      6)мемлекеттік мекеме басшысының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны лауазымынан босату негіздерін айқындайды;

      7)мемлекеттік мекеменің құрылымы мен шекті штаттық санын бекітеді;

      8)мемлекеттік мекеме басшысының ұсынымы бойынша оның орынбасарын (орынбасарларын) лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      9)жылдық қаржы есептілікті бекітеді;

      10)мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға, мемлекеттік мекемеге берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде олар сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге жазбаша келісімін береді;

      11)құрылтайшыға мемлекеттік мекемені қайта құруға немесе таратуға ұсыныс береді;

      12)осы жарғының және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      19. Мемлекеттiк мекеме басшысы Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкiлеттi органмен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      20. Мемлекеттiк мекеменiң басшысы мемлекеттiк мекеме жұмысын ұйымдастырады және басшылық етедi, уәкiлеттi органға тiкелей бағынады және мемлекеттiк мекемеге жүктелген мiндеттер мен олардың өз функцияларын жүзеге асыруына жеке жауапты болады.

      21. Мемлекеттiк мекеменiң басшысы дара басшылық қағидаты бойынша әрекет етедi және мемлекеттiк мекеме қызметiнiң барлық мәселелерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы жарғыда айқындалатын өз құзыретiне сәйкес дербес шешедi.

      22. Мемлекеттік мекеме басшысының мемлекеттік мекемемен жарғылық емес қызметті жүзеге асыруға бағытталған әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауапкершілікке әкеледі.

      23. Мемлекеттік мекеменің басшысы Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген тәртiппен:

      1)мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2)мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүдделерін білдіреді;

      3)шарттар жасайды;

      4)сенімхаттар береді;

      5)мемлекеттік мекеменің іссапарларға, тағылымдамаға, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқытуға және қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатудың өзге де түрлеріне байланысты тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      6)банк шоттарын ашады;

      7)барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      8)уәкілетті орган тағайындайтын қызметкерлерден басқа, мемлекеттік мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      9)мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көтермелеу және жазалау шараларын қолданады;

      10)өз орынбасарының (орынбасарларының) және мемлекеттік мекеменің өзге де басшы қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктер аясын айқындайды;

      11)сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуына дербес жауапты болады;

      12)оған Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы жарғымен және уәкілетті органмен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

5-тарау. Мемлекеттік мекеме мүлкінің құрылу тәртібі

      24. Мемлекеттік мекеме мүлкін құны оның теңгерімінде айқындалатын заңды тұлғаның активтері құрайды. Мемлекеттік мекеменің мүлкі мыналардың:

      1) оған меншік иесі берген мүлік;

      2) өз қызметі барысында сатып алған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері есебінен құрылады.

      25. Мемлекеттік мекеме дербес иеліктен шығаруға немесе оған бекітілген мүлік пен оған смета қаражаты бойынша бөлінген мүлікке өзгеше тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

      26. Егер Қазақстан Республикасының заңдарымен мемлекеттiк мекемеге кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 161-бабының 2-тармағында көзделген салаларында мемлекеттік мекемелер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, мұндай қызметтен алынған ақша тиісті бюджеттің есебіне жатқызылады.

      27. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, мемлекеттiк мекеменiң қызметi жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

      28. Мемлекеттiк мекеме бухгалтерлiк есеп жүргiзедi және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептiлiк ұсынады.

      29. Мемлекеттiк мекеменiң қаржылық-шаруашылық қызметiн тексеру және ревизияны Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген тәртiппен уәкілетті орган жүзеге асырады.

6-тарау. Мемлекеттік мекемедегі жұмыс тәртібі

      30. Мемлекеттік мекеменің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

7-тарау. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      31. Мемлекеттiк мекеменiң құрылтай құжаттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі.

8-тарау. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату шарттары

      32. Мемлекеттiк мекеменi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, құрылтайшының шешімімен жүргізіледі.

      33. Мемлекеттік занды тұлға, заңнамалық актілермен басқа да негіздер бойынша таратылуы мүмкін.

      34. Таратылған мемлекеттiк мекеменiң мүлкiн жергiлiктi атқарушы орган қайта бөледi.

      35. Мемлекеттiк мекеме таратылған жағдайда мемлекеттік мекеменің қаражаты жергілікті бюджет кiрiсiнiң есебiне жатқызылады.

9-тарау. Мемлекеттiк мекеменiң филиалдары мен өкiлдiктерi туралы мәлiметтер

      36. Мемлекеттiк мекеменiң филиалдары мен өкiлдiктерi жоқ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады