"Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Түркістан облысы Жетісай ауданы әкiмдiгiнiң 2023 жылғы 11 шілдедегі № 542 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына, "Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексі" Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Кодексін іске асыру мақсатында, Жетісай ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      2. "Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыны Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялауға жіберуін;

      2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Жетісай ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Жетісай ауданының әкімдігінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 376 қаулысы жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі С.Мамытов

  Жетісай ауданы әкімдігінің
2023 жылғы 11 шілдедегі
№ 542 қаулысымен бекітілген

"Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі) жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мынадай ведомстволары бар.

      1) Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған "Балдәурен" күндіз болу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      2) Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған "Үміт ұясы" күндіз болу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      3) Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Асыл Қазына және Тең қоғам" әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      3. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі азаматтық құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өз құзіретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Жетісай ауданы әкімдігінің "Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген басқа да актілер қабылдайды.

      8. "Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғанының орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласы, Ш.Айманов көшесі №38 А үй, индекс 160500.

      10. Осы ереже Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.

      "Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылтайшысы Жетісай ауданы әкімдігі болып табылады.

      11. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі кәсіпкерлік субъектілерімен Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым- қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      - Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік бағдарламалар саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;

      - Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) Құқықтары:

      - мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мекеме мүдделерін білдіру;

      - өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрату және алу;

      - Қарамағындағы мекемелердің қызметін үйлестіру;

      - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар;

      2) Міндеттері:

      - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      - Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;

      - мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы көрсетуді қамтамасыз ету;

      - мекемелерге қатысты мемлекеттік басқару органының функцияларын жүзеге асыру;

      - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.

      15. Функциялары:

      1) аудан аумағында тұратын нысаналы топтарды және оларды қорғау жөніндегі әлеуметтік шараларды жыл сайын анықтап отырады;

      2) мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және қайырымдылық көмек көрсетуді ұйымдастырады;

      3) жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдеседі;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсетуді үйлестіреді;

      5) мекемелерден босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған, өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдарға Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтамасыз етеді;

      6) мекемелерден босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу жөніндегі шараларды қамтамасыз етеді;

      7) құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсетеді;

      8) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін басқада іс-шараларды жүзеге асырады;

      9) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      10) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, өз қарамағындағы субьектілерді құруды және олардың қызметін қамтамасыз етеді;

      11) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субьектілерді кадрмен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қызметкерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

      12) халықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттіліктеріне талдау жүргізуді қамтамасыз етеді;

      13) арнаулы әлеуметтік қызметтерді және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырады;

      14) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін дамыту жөнінде шараларды қабылдайды;

      15) жеке және заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      16) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік қағидалар негізінде әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын әзірлейді;

      17) өз құзіреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      18) бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй көмегін көрсетеді;

      19) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың профилактикасына, сондай-ақ аудан аумағында олардың зардаптарын барынша азайтуға және (немесе) жоюға қатысады;,

      20) әлеуметтік шиеленіске және еңбек жанжалдарының туындау тәуекелдеріне мониторингті жүзеге асырады;

      21) мемлекеттің кәмелетке толғандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асырады;

      22) еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу функцияларын жүзеге асырады;

3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      17. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.

      18. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.

      19. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) бөлімінің қарамағындағы ведомстволық бағынысты мекемелердің басшыларын тағайындайды және қызметінен босатады.

      2) Мекеме қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, бөлімге бағынысты мекемелердің орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      3) заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      4) бұйрықтар шығарады және Мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті нұсқаулар береді;

      5) қызметтік құжаттарға қол қояды;

      6) Мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      7) Мекеме қызметкерлерінің белгіленген саны және еңбекке ақы төлеу қоры шегінде штат кестелерін бекітеді;

      8) бюджеттік бағдарламалар әкімшісін және мекеменің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын бекітеді;

      9) өз құзыреті шегінде Мекеменің қаражаты мен мүлкіне иелік етеді;

      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату.

      24. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қарамағындағы ведомстволық ұйымдардың тізбесі:

      1. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған "Балдәурен" күндіз болу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      2. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған "Үміт ұясы" күндіз болу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      3. Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Асыл Қазына және Тең қоғам" әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады