"Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 19 қыркүйектегі № 3076 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 124-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Өскемен қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы қоса берілген Ереже бекітілсін.

      2. "Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 24 мамырдағы № 386 "Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы" қаулысының күші жойылсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау жетекшілік ететін Өскемен қаласы әкімінің орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Өскемен қаласының әкімі Ж. Омар

  Өскемен қаласы әкімдігінің
2023 жылғы 19 қыркүйек
№ 3076 қаулысымен бекітілген

"Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы
Ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Бөлім) жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімнің мынадай ведомстволары бар:

      1) Өскемен қаласы әкімдігінің "Үлбі" халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) Өскемен қаласы әкімдігінің "Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Бөлімнің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Шәкәрім даңғылы, 149/10, пошта индексі 070002.

      10. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты:

      арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілердің арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсынуы;

      мемлекеттік қызмет көрсету;

      мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсету және қайырымдылық көмек көрсетуде үйлестіру;

      халықты әлеуметтік қорғау, халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсету;

      мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі қызметін үйлестіру және өзара іс-қимылын ұйымдастыру арқылы іске асыруды қамтамасыз ету;

      2) Бөлімге ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін үйлестіру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен Бөлімге жүктелген өзге мақсаттар.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде ведомстволық бағынысты мекемелердің орындауы үшін міндетті бұйрықтар, нұсқаулықтар, актілер шығару;

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан өз міндеттері мен функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жоғары тұрған органдарға ұсыныстар енгізу;

      өз құзыреті шегінде халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша лауазымды адамдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзырет шеңберінде бөлімнің қызметіне қатысты мәселелерді қарау және бірлесіп әзірлеу үшін қаланың жергілікті атқарушы органдары мен ұйымдарының қызметкерлерін тарту;

      Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңестер өткізуге бастамашылық жасау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген өзге құқықтарды жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, сондай-ақ осы Ережені сақтау;

      көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету;

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға қажетті ақпаратты ұсыну;

      әзірлеушісі бөлім болып табылатын әкімнің және әкімдіктің нормативтік құқықтық актілеріне құқықтық мониторингті жүзеге асыруға және оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу не олардың күші жойылды деп тану бойынша уақтылы шаралар қабылдау;

      барлық ұйымдарда өз құзыреті шегінде басқарманың мүддесін білдіреді және олардың құқықтарын қорғау;

      жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) Бөлімнің құзыретіне кіретін әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету;

      2) қаладағы жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау және облыстың жергілікті атқарушы органын хабардар ету;

      3) облыстың жергілікті атқарушы органдарына халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары бойынша ұсыныстар енгізу;

      4) өңірлік жұмыспен қамту картасын және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру;

      5) ұлттық жобалар, облыстың даму жоспарлары, өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асыру;

      6) кәсіпкерлік бастаманы дамыту арқылы облыстық маңызы бар қаланың жұмыс орындарын құруды қолдау;

      7) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында облыстың жергілікті атқарушы органдарына адамдарды ерікті түрде көшіру үшін елді мекендерді айқындау жөнінде ұсыныстар енгізу;

      8) жұмыс орындарын босату және қысқарту тәуекелдері бар ұйымдардың мониторингін жүзеге асыру;

      9) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ету мақсатында еңбек ұтқырлығы орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау;

      10) қарауындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді құру және олардың қызметі;

      11) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілердің арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсынуы;

      12) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді кадрмен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қызметкерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;

      13) халықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттіліктеріне талдау жүргізу;

      14) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау жөніндегі қызметтерді орналастыру;

      15) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін дамыту жөнінде шаралар қабылдау;

      16) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;

      17) мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсету және қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіру;

      18) жеке бағдарламаға сәйкес мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды санаторий-курорттық емдеуді қамтамасыз ету;

      19) мүгедектігі бар адамдарды жеке бағдарламаға сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;

      20) жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедек адамдар үшін жеке көмекшіні, жеке бағдарламаға сәйкес есту қабілеті нашар адамдар үшін жестау тілі маманын қызметтермен қамтамасыз ету;

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша шараларын ұсыну;

      22) әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қатысты мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның, бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Бөлімді басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лаузымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысының орынбасарлары болады, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Бөлім қызметінің мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы ережеде айқындалатын оның құзыретіне сәйкес шешеді;

      2) Бөлімнің жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне басшылықты жүзеге асырады, Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мекеме қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мекеме қызметкерлерін көтермелеуді, материалдық көмек көрсетуді, оларға тәртіптік жаза қолдануды жүзеге асырады;

      5) мекеме қызметкерлерінің өкілеттіктерін айқындайды және лауазымдық нұсқаулықтарды бекітеді;

      6) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      7) Бөлімнің перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарларын бекітеді; 8) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңестер шақырады;

      9) барлық ұйымдарда бөлімнің мүдделерін білдіреді;

      10) азаматтардың жеке қабылдауын жүргізеді;

      11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Бөлімнің өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Бөлімді қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады