Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттарын айқындау туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 310 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңын басшылыққа алып, "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары айқындалсын.

      2. "Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулының Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты басшысына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Н. Төреғалиев

  Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2023 жылғы "___" __________
№ "___" қаулысына
қосымша

Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағы, 3) тармақшасының негізінде әзірленді және Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 37) тармақшасына сәйкес жалақы-қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасы мен жағдайларына, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерге байланысты еңбегі үшін сыйақы.

      3. Мемлекеттік басқару органы – жарғыға сәйкес коммуналдық мемлекеттік мекеменің уәкілетті органы болып табылатын тиісті саладағы мемлекеттік мекеме.

      4. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеуге арналған бюджет қаражаты мемлекеттік ұйымды қаржыландыру жоспарында әрбір қаржы жылында көзделуге тиіс.

2 тарау. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу шарттары

      5. Ынталандырушы үстемеақылар персоналды ынталандыру және білікті кадрлар құрамын сақтау мақсатында белгіленетін төлемдер болып табылады.

      6. Осы қаулыда көрсетілген бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде, " Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысында көзделген материалдық көмектің және ынталандырушы төлемдердің бұрыннан бар түрлеріне қосымша төлемдер болып табылады.

      7. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеу қызметкерлердің еңбегін ынталандырудың өзге түрлерін (лауазымдарды қоса атқарғаны үшін сыйлықақылар, қосымша ақылар, үстеме ақылар, қамту аймағын кеңейткені үшін, үстеме ақылар және т. б.) төлеуді тоқтату үшін негіз болып табылмайды.

      8. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеу күнтізбелік жыл ішінде жүзеге асырылады.

      9. Ынталандырушы үстемеақылар еңбекақының негізгі көрсеткіштерін, бюджет мүмкіндіктерін талдауға негізделе отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда жыл сайынғы негізде қайта қаралуы мүмкін.

      10. Жергілікті бюджет бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлемдерін қаржыландыру көзі болып табылады.

      11. Мемлекеттік басқару органы ведомстволық бағынысты ұйымның бірінші басшысының ұсынысы негізінде ведомстволық бағынысты ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылардың мөлшерін белгілейді.

3-тарау. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу тәртібі

      12. Мемлекеттік басқару органы ынталандырушы үстемеақылардың белгіленген мөлшерінің негізінде қосымша бюджет қаражатына қажеттілікті қалыптастырады және бюджеттік өтінімді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жібереді.

      13. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жергілікті бюджеттен ынталандыру үстемелерін төлеуді жүзеге асыру үшін қажетті бюджет қаражатын көздейді және бюджет жобасын Батыс Қазақстан облысының мәслихатына жібереді.

      14. Уәкілетті орган ынталандырушы үстемеақылардың мөлшерін белгілегеннен кейін коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы қызметкерлерге ынталандырушы үстемеақылар төлеу туралы бұйрық шығарады.

      15. Коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде өз қызметкерлеріне еңбек және/немесе атқарушылық тәртіпті бұзған жағдайда ынталандырушы үстемеақы төлеуді тоқтату туралы бұйрық шығарады

      16. Ынталандырушы үстемеақылар Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысына, басшының орынбасарына, заңгерге, психологқа, бөлім басшыларына, дінтанушыларға және инспекторларға төленеді.

      17. Ынталандырушы үстемеақылар қызметкер сынақ мерзімінде болған кезеңде төленбейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады