"Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 29 қаңтардағы № 87 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 124-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Риддер қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Риддер қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 25 шілдедегі № 621 "Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысының күші жойылсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау жетекшілік ететін Риддер қаласы әкімінің орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Риддер қаласының әкімі Д. Батырбаев

  Риддер қаласы әкімдігінің
2024 жылғы "29" қаңтардағы
№ 87 қаулысына қосымша

"Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Бөлім)Риддер қаласының аумағында кәсіпкерлік және туризм саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімөз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Бөлім ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Бөлім егер заңнамаға сәйкес оған уәкілеттілік берілсе, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Бөлім өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. "Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 071300, Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы, Семенова көшесі, 19.

      9. Осы ереже бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Риддер қаласының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

      11. Бөлімнің өкілеттіліктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады. Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіліктері

      12. Міндеттері:

      1) кәсіпкерлік қызметті қорғауды және қолдауды қамтамасыз етеді;

      2) қала аумағында кәсіпкерлік қызмет пен инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдай жасайды;

      3) жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасайды;

      4) туристтік қызметті дамыту үшін жағымды жағдай жасауға көмек көрсетеді.

      13. Өкілеттіктері:

      1. Құқықтары:

      1) Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қала басшылығының қарауына ұсыныстар енгізуге;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзырет шеңберінде бөлімнің қызметіне қатысты мәселелерді қарау және бірлесіп әзірлеу үшін қаланың жергілікті атқарушы органдарының басқа бөлімдерінің қызметкерлерін тартуға;

      3) бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңестер өткізуге бастамашылық жасаға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шеңберінде басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан, ұйымдардан және олардың басшыларынан, азаматтардан өз функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты сұратуға;

      2. Міндеттері:

      1) бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңес беру;

      2) заңды және жеке тұлғалар бұл туралы ресми сұрау салған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен ақпаратты ұсынуға міндетті;

      3) бөлімнің құзыретіне кіретін өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      14. Функциялары:

      1) кәсiпкерлiк пен туризмді қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатының iске асырылуын жүзеге асыру;

      2) кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізуге қатысуға үміткер кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеуді жүзеге асыру;

      3) қала аумағында кәсіпкерлікті және инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдай жасау;

      4) кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізу;

      5) кәсіпкерлікті және инновациялық қызметті қолдау инфрақұрылымының объектілерін құруды және дамытуды қамтамасыз ету;

      6) қала үшін маңызды жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік қолдаудың барлық түрлері бойынша ұсыныстар дайындау;

      7) мекеме құзыреті шегінде қала әкімі мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу;

      8) мемлекеттік органдар ұсынатын мәліметтерді негізге ала отырып, қаладағы кәсіпкерліктің қаржылық экономикалық жағдайы және дамуы туралы ақпаратты дайындау және талдау;

      9) құзыреті шегінде мәселелерді қарау кезінде барлық мемлекеттік органдарда мемлекет мүдделерін білдіру;

      10) қала аумағында туризмді дамыту туралы ақпарат жинауды, талдауды жүзеге асырады және облыстың жергілікті атқарушы органына ұсынады;

      11) қалалық туристік ресурстарды қорғау жөніндегі шараларды әзірлейді және енгізеді;

      12) қала аумағында туристік индустрия объектілерін жоспарлау және салу жөніндегі қызметті үйлестіреді;

      13) балалар жастар лагерлерінің, туристер бірлестіктерінің қызметіне және өз бетінше туризмді дамытуға жәрдем етеді;

      14) туристік ақпаратты, оның ішінде туристік әлеует, туризм объектілері және туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат береді;

      15) қаладағы туристік маршруттар мен соқпақтардың тізілімін жүргізеді;

      16) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;

3тарау. Мемлекеттік орган, алқалы органдардың бірінші басшыларының мәртебесі, өкілеттеліктері

      15. Бөлімнің басшылығын бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      16. Бөлімнің бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Риддер қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      17. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.;

      2) заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім қызметкерлерін көтермелеуді жүзеге асырады және тәртіптік жазалар қолданады;

      3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттамаларға қол қояды;

      4) Бөлім қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      5) мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда бөлімнің мүддесін білдіреді;

      6) Риддер қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген штат саны мен құрылымының лимиті шегінде бөлімнің штат кестесін бекітеді;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қажетті шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      8) ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Бөлім басшысының өкілеттіктерін орындауды ол болмаған кезеңде міндеттері жүктелген тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.

4тарау. Мемлекеттік мекеменің мүлкі

      18. Бөлім заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Бөлім мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады..

      19. Бөліммен бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      20. Егер заңнамада және осы Ережеде өзгеше белгіленбесе, бөлім өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      21. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады