"Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 тамыздағы № 420 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 211 бұйрығы

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 тамыздағы № 420 бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр С. Нұрбек

  Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім
министрінің
2025 жылғы 28 сәуірдегі
№ 211 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім
министрінің міндетін
атқарушының
2023 жылғы 17 тамыздағы
№ 420 бұйрығына
қосымша

Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормалары

      1. Базалық қаржыландыру ғылыми инфрақұрылым мен мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге, мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ғылыми ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жетекші ғалымдарының, әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналының еңбегіне ақы төлеуге, сондай-ақ ғылыми-техникалық қызметін ақпараттық сүйемелдеуге арналған базалық қаржыландыру нормалары бойынша шығыстарды қамтиды.

      2. Ғылыми инфрақұрылым мен мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге арналған шығыстар мыналарды қамтиды:

      1) коммуналдық қызметтерге (су, газ, электр энергиясы, жылу, кәріз, желдету) ақы төлеу;

      2) байланыс қызметтеріне және әмбебап байланыс қызметтеріне ақы төлеу;

      3) үй-жайларды жалға алу;

      4) көлікті жалға алу;

      5) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар;

      6) негізгі құралдарға жататын тауарларды сатып алу, өзге тауарларды сатып алу шығындары, өзге де ағымдағы шығындар мен көрсетілетін қызметтер, күзет (жеке және заңды тұлғалардың объектісін және (немесе) мүлкiн, оның iшiнде оны тасымалдау кезiнде күзету) шығындары, күзет сигнализациясына арналған шығындар;

      7) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметте пайдаланылатын негізгі құралдардың тозуы (амортизация), ғимаратты, жабдықты ағымдағы жөндеу.

      Аталған шығыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің:

      1) басқару органдарының ғимараттары үшін бекітілген үлестік нормалар бойынша "Бюджет қаражатынан қаржыландырылатын ұйымдар бойынша электр энергиясын, жылуды, ыстық және суық суды және басқа да коммуналдық қызмет көрсетулерді тұтынудың нормативтері туралы" 1998 жылғы 2 қарашадағы № 1118;

      2) "Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды және олардағы мемлекеттік қатысу үлестерінің мөлшері қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін анықтауға мемлекетке мүмкіндік беретін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді оңтайландыру мақсатымен олардың әкімшілік шығыстарының мониторингін жүргізу тетігін анықтау туралы" 2003 жылғы 10 ақпандағы № 145 қаулыларында белгіленген нормативтерге ұқсас нормативтерге сәйкес айқындалады.

      3. Жетекші ғалымдардың, әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналдың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстарға мыналар жатады:

      сауықтыруға арналған жәрдемақылары;

      әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналдың өтемақы төлемдері.

      Жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар үшін аталған шығыстар "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына (бұдан әрі – № 1193 қаулы) сәйкес айқындалады.

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, коммерциялық емес акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін еңбекақы төлеуге арналған шығыстар да № 1193 қаулыға сәйкес айқындалады. Сонымен қатар, еңбекке ақы төлеу "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша серіктестіктер туралы", "Акционерлік қоғамдар туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз табыстары есебінен еңбекке ақы төлеуге жоспарланған қаражаттан тыс жүзеге асырылуы мүмкін.

      Жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеу қызметкерді толық жұмыс күнгі жұмыспен қамтыған жағдайда жүзеге асырылады.

      4. Ғылыми-техникалық қызметті ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі шығыстар нақты шығындар бойынша қалыптастырылады және бұқаралық ақпарат құралдарында материалдарды орналастыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қамтиды.

      5. Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес есептеледі.

      Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеу Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне сәйкес жүргізіледі.

      Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды есептеу және төлеу "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік аударымдарды есептеу және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлеу Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне сәйкес жүргізіледі.

      Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу және төлеу "Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады