Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің зерттеулер, консалтингтік қызметтер құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 28 мамырдағы № 277 бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің зерттеулер, консалтингтік қызметтер құнын айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында оның орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Министр С. Нұрбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім
министрінің
2025 жылғы 28 мамырдағы
№ 277 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің зерттеулер, консалтингтік қызметтер құнын айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің зерттеулер, консалтингтік қызметтер құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және бюджеттік сұранымды қалыптастыру кезінде бюджет қаражаты есебінен зерттеулер мен консалтингтік қызметтер құнын айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтанушылық зерттеу – зерттеу нысанасын жан-жақты талдаумен сипатталатын әлеуметтік процестер мен құбылыстарды зерделеуге, сондай-ақ оларды кейіннен орын алған проблемаларды шешуде пайдалану үшін анық деректер алуға бағытталған зерттеу;

      2) зерттеулер – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері тиісті ғылыми әдістермен және құралдармен жүзеге асыратын қолданбалы, іргелі, стратегиялық ғылыми зерттеулер;

      3) консалтингтік қызметтер – мемлекеттік органның қызметі процесінде туындайтын проблемаларды, мүмкіндіктерді айқындау және бағалау бойынша не жағдайды егжей-тегжейлі талдау бойынша; жұмыстың қаржылық және басқарушылық тиімділігін арттыру үшін одан әрі іс-қимылдарды түзету жөнінде тиімді ұсынымдар әзірлеу бойынша қызметтер (қызметтердің мынадай негізгі түрлері шеңберінде: басқарушылық консалтинг, әкімшілік-кадрлық консалтинг, қаржылық консалтинг, IT-консалтинг, заң консалтингі, мамандандырылған консалтинг, қорғаныс саласындағы консалтинг, техникалық консалтингтік қызметтер);

      4) талдамалық зерттеу – талдамалық әдістер негізінде экономиканың нақты сегментінде мемлекеттік міндеттерді шешу және мемлекеттік саясатты іске асыру үшін ұсыныстар әзірлеуге бағытталған зерттеу.

2-тарау. Зерттеулер мен консалтингтік қызметтер құнын айқындау тәртібі

      3. Зерттеулер, консалтингтік қызметтер құны зерттеу жүргізуге, консалтингтік қызмет көрсетуге тікелей қатысатын, тікелей және жанама шығыстар негізге алына отырып, мынадай формула бойынша айқындалады:

      Қ = ТШ + ЖШ, мұндағы

      Қ – зерттеулер, консалтингтік қызметтер құны;

      ТШ – тікелей шығыстар;

      ЖШ – жанама шығыстар.

3-тарау. Зерттеулер мен консалтингтік қызметтер құнын айқындауға арналған шығындардың түрлері

      4. Зерттеулер мен консалтингтік қызметтер құнына мынадай шығыстар енгізілмейді:

      1) ықтимал залалдарға резервтер қалыптастыру;

      2) өткен кезеңдердің өзге де қарыздары мен залалдарын жабу;

      3) демеушілік көмек;

      4) айыппұл, өсімпұл және тұрақсыздық айыптары.

      5. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:

      1) әкімшілік персоналды қоспағанда, зерттеулерді жүзеге асыратын және консалтингтік қызметтер көрсететін ұйымдар персоналының жалақысы;

      2) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, персоналды әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің аударымдары, зерттеу жүргізетін, консалтингтік қызмет көрсететін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;

      3) қосылған құн салығы;

      4) зерттеу жүргізетін, консалтингтік қызмет көрсететін персоналдың іссапар шығыстары (ел ішіндегі және (немесе) елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);

      5) сыртқы сарапшыларды тарту;

      6) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсетуге арналған материалдардың осы санын пайдалануды растайтын есептері бар материалдарды (шығыс материалдарын; кеңсе тауарларын; материалдық қорларды) сатып алу;

      7) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету үшін тікелей пайдаланылатын жалға алу уақыты және (немесе) километражы көрсетілген көлік қызметтері;

      8) полиграфиялық шығыстар (бланкілік өнімдерді: сауалнамаларды, бағыттардың парақтарын, карточкаларды, есептерді, тест тапсырмаларын, үлестірме материалдарды тираждау, құжаттарды түптеу, тігу және өңдеу, оқу құралдарын, монографияларды басып шығару);

      9) курьерлік қызметтер (материалдарды тарату);

      10) конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу қажет болған жағдайда, тікелей зерттеу жүргізу, жалға берілетін үй-жайларда консалтингтік қызмет көрсету үшін жалдау ақысы;

      11) банктік қызметтер;

      12) ақпараттық-коммуникациялық қызметтер (плагиатқа, байланыс қызметтеріне талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін тексеруді қоса алғанда (қалааралық телефон келіссөздері, телефондар үшін абоненттік төлем, почта-телеграф шығындары, факс, электрондық пошта, интернет);

      13) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету үшін тікелей пайдаланылатын аударма беттерінің санын көрсете отырып, растайтын есептеулері бар аударма қызметтері.

      6. Жанама шығыстар көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) өзіндік құнына тікелей жатпайды және мынадай шығыстарды қамтиды:

      1) әкімшілік персоналдың жалақысы;

      2) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің аударымдары, жұмыс берушінің, әкімшілік персоналдың міндетті зейнетақы жарналары;

      3) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық, жер салығы және басқалар);

      4) әкімшілік персоналдың іссапар шығыстары (ел ішінде және (немесе) елден тыс жерлерге қызметтік сапарлар);

      5) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге қызмет көрсету және жөндеу;

      6) басқа да шығыстар (коммуналдық қызметтер, жеке меншіктегі үй-жайлары немесе ғимараттары болмаған жағдайда үй-жайларды немесе ғимараттарды жалға алу, өрт қауіпсіздігі және арнайы талаптарды сақтау, күзет қызметтері, аудиторлық қызметтер, нотариаттық қызметтер, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу).

      7. Жоспарланатын шығыстардың әрбір бабы ағымдағы қаржы жылы үшін қызметтер, жұмыстар көрсету туралы шарттардың көшірмесі ұсыныла отырып негізделеді, шарттар болмаған жағдайда сатып алынатын қызметтер мен жұмыстардың әрбір түрі бойынша отандық маркетплейстерден бағалар туралы кемінде 3 (үш) ұсыныс қоса беріледі.

      Маркетплейсте ақпарат болмаған жағдайда кемінде 3 (үш) прайс - парақ ұсынылады.

      Бұл ретте Тапсырыс беруші ұсынылған нұсқалардың ең төменгі құнынан аспайтын бағаға бағдарланады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады